САҒАТТЫҢ ЖҮРЕГІ
2020 ж. 05 мамыр
2399
0
Марқұм Сағат Әшімбаев жаңылыспасам 1991 жылы Тамыз төңкерісі орын алып жатқан күндері жүректен кетті. "Қазақтың ендігі тағдыры қандай болмақ?" деген уайымның тұңғиығына түсіп кетіп, қайта шыға алмай қалса керек.
"Сағат қайтыс болған соң медициналық тексеру жүргізу үшін ішкі органдарын ашып көрген хирургпен әңгімелестім. "Жүректен түк қалмаған, тура граната сияқты пәрше-пәршесі шығып жарылып кеткен" деді хирург" деп мұңайып еді, Шерағаң.
Ол сюжет Қазақ телевидениесінің алтын қорында сақтаулы жатуы да мүмкін.
Айтайын дегенім ол емес.
Айтайын дегенім... Ұлтты бұдан артық қалай өліп-өшіп сүйерсің!
Айтайын дегенім... Біздің замандастарымыздың да, ішінде өзім де бармын, жүрегін ашып көрер ме еді?!
Айтайын дегенім... Сағат Әшімбаевтың жүрегінің суреті маған ҰЛТ деген жазу сияқты болып көрінеді де тұрады.
Айтайын дегенім...
Сенаттың спикері болсын немесе болмасын, Мәулен Әшімбаевқа қандай қиын?! Оған жұрт спикер деп қарамайды, арда туған Сағат Әшімбаевтың ұлы деп қарайды.
Сағат Әшімбаев ұлтын қалай өліп-өшіп сүйсе, мына жұрт Мәулен Әшімбаевтан да сондай махаббат күтеді.Ал, махаббат жүректен шығады.
Ұлтты сүю үшін елдің бәріне бірдей "Парыз бен қарыз" деген хабар жүргізудің, "Парасатқа құштарлық" атты тамаша кітап жазудың қажеті жоқ шығар. Ұлтты үнсіз де сүюге болады.
Мәулен Әшімбаев Сенатқа Төраға болып сайланды дегенде менің ойыма неге екені белгісіз, Сағат Әшімбаев келді. Сексенінші жылдардың ортасы ауа, тоқсаныншы жылдардың басында Сағат Әшімбаев ұлт үшін ерекше қайрат көрсетіп еді ғой. Ол жылдар қазақтың тағдыры таразыға түсіп тұрған уақыт еді. Қазақтың қазіргі жағдайы ол кездегіден мың есе ауыр. Дәл осы кезде мемлекеттік қайраткер болып өмір сүру тағдыры оның ұлына бұйырыпты.
Жақсыдан қалған тұяққа Құдай абырой бергей! Енді бәрі өзіне байланысты.
Абай Балажан, Қазақ үні