Кітап карантинге қарсы: жаңа форматтағы кітапханалар

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Кітап карантинге қарсы: жаңа форматтағы кітапханалар» атты халықаралық онлайн-форум өткізді.

Онлайн-форумды өткізудің мақсаты: кітапхана саласының барлық мамандарына, ғалымдарға және қоғам қайраткерлеріне ұлттық құндылықтарды сақтау, қолдау, рухани-адамгершілік және мәдени аспектілерді, жаңа вирустың пандемиясы кезінде кітапхана жұмысының бағытын сақтау мәселелері бойынша пікірталастық кездесуге қатысуға мүмкіндік беру үшін ақпараттық және ғылыми-мәдени онлайн-алаң құру.

Бүгінгі таңда әлемді жаңа вирус пандемиясы жаулап алып жатқан шақта адамдар оқшаулануға мәжбүр болып отыр. Осы кезде кітап оқу адамның мәдени-ағартушылық белсенділігін арттырудың негізгі құралына айналуда. Қазіргі уақытта осы заманғы ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылатын қашықтан басқару режиміндегі кітапханалардың жұмысы үлкен маңызға ие.

Іс шараның модераторы болған педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы конференция қатысушыларына алғыс білдіре отырып, былай деді:

- Ұлы қазақ ақыны, философ, ойшыл Абай Құнанбайұлы «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деді. Бұл жоғары қасиеттер өмір бойы адамзат жинақтаған үздік әлемдік әдебиетті оқу арқылы ие болады. Бүгін әлемді жаңа вирустың пандемиясы жаулаған кезде, адамдарға өзін-өзі дамыту мен өзін-өзі жетілдіруге кітапхана мен оның ұлы кітаптары алғашқы көмекшісі болды деп айтуға толық себеп бар. Өйткені, қазір карантин кезінде барша адамзат қауымы жаппай кітап оқуға кірісіп кетті.

Дуда Вадим Вальеревич,

Ресей мемлекеттік кітапханасының Бас директоры

- Қашықтықта жұмыс істеудің бірнеше ерекше тәсілін таптық. Осындай қиын қыстау кезеңде де біз түрлі онлайн бастамалар бастап жатырмыз. Ресей мемлекеттік кітапханасы осы кезде қандай бастамалар ұсынады.

1. Біз қорымыздағы құжаттарды оқырмандарға жеткізуде тиімді тәсілді қолдандық. Бұл дегеніміз оқырманнан белгілі бөлімге өтінім келіп түседі, өтінімде көрсетілген кітап автоматты түрде сканерден өтіп оқырманның жеке кабинетіне келіп түседі. Осы тәсілмен біз күніне 700-800 кітапқа тапсырыс қабылдап ол кітаптарды оқырманға жеткіземіз. Осы схема бойынша жұмыс істеген өте тиімді деп танылып отыр, және тіпті карантиннен кейін де осы тәсіл арқылы жұмыс істеуді жалғастыра береміз. Осы жүйе арқылы ТМД елдері арасындағы электронды кітапханалар бірлесіп қызмет атқарамыз деп сенеміз.

2. Бұл сервис түрі біздің оқырмандарымыздың арасында өте танымал. Біздің электронды кітапханамызға келушілер саны былтырға жылға қарағанда 20-30 пайызға өскенін байқаймыз. Бұл электронды кітапханаға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

«Библио ночь» жобасы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналды. Бұл бағдарламаның басты мақсаты оқырмандардың кітапханаға келуінде екенін біз әрине түсінеміз. Бір жіл бұрын осы бағдарлама аясында кітапханаға 6 мыңнан астам оқырман келген еді, бізге сол кездегі ұзын сонар кезекте тұрған оқырмандар жетіспеді.

«Жеңістің 75 сөзі» марафонын бастадық. Бұл жерде Жеңіс туралы ой айту маңызды, осы марафон 1 миллион қаралым жинады. Біздің кітапханамызда 7 миллионға жуық кітап және периодикалық басылымдар қоры бар.

Пинтелей Елена,

Молдова Ұлттық кітапханасының Бас директоры

- Төртінші мамырдан бастап еліміздегі жағдай жеңілдеп кітапхана қалыпты жағдайдағы жұмысқа шығады деп ойлаймыз. Ұлттық кітапхана осы кезге дейін түрлі онлайн шаралар өткізді. Электронды каталог, ұжымдық каталог, цифрлы кітапхана қазір мәдени мұра қорларын ашуда, бұдан өзге де біздің кітапханамызда онлайн сервистер бар. Осы кезде біз жұмыста болуға тырысамыз, әсіресе әкімшілік қызметкерлер. Бірнеше қызметкерімізді еңбек демалысына жібердік. Қалған қызметкерлер қашықтықтан жұмыс істеп жатыр. Толыққанды жұмысқа шығып, оқырмандарымызбен қауышар сәтті асыға күтудеміз. Біздің оқырмандарымыз әрдайын телефон шалып кітапхананың қашан ашылатынын сұрап жатыр. Сұранысқа ие кітаптарды біз оқырманға бермес бұрын дезинфекция шараларын жүргізіп алуды жоспарлап отырмыз. Біздің библиографтар оқырмандармен тәулік бойы онлайн жұмыс істеп жатыр, сұраныс өте көп.

Біз Ұлттық кітапханамызда Қазақстанның мәдениет және әдебиет орталығын ашуға дайынбыз. Және бұл оқиға жақын арада орын алады деп сенемін.

Дезире де Стефано,

- Рим Ұлттық кітапханасы директорының халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары (Италия)

Барлық қиындықтарға қарамастан, кітапхана қызметкерлері өз пайдаланушылары үшін өте қысқа мерзімде сандық қызметтерді жауапкершілікпен ынтымақтасып, ұйымдастыра алды. Смарт жұмысымен байланысты мәселелерді жедел шеше алған IT-мамандардың атқаратын маңызды жұмысы туралы да ұмытпайық. Бұл вирус біздің күнделікті өміріміздің барлық аспектілерін тексерді. Кітапханашылар ретінде біз барлық уақытта қолдауды сұраған пайдаланушыларымызға жауап беруге тырыстық.

Енді кітапхананы ашу жақындағанда, біз жаңа шешімдерді тауып, жаңа қауіпсіздік талаптарын ескере отырып жаңа қызметтерді ойлап табуымыз керек. Кітапхана тірі организм ретінде өздерін қайта ойластыруы және біздің алдымызға осы жаңа және жаһандық жағдайды қоятын қажеттіліктерге жауап беруі тиіс.

Майзан Бинти Исмаил,

Малайзия Ұлттық кітапханасының Бас директоры

- Біздің электронды кітапханада 24 миллион кітап сақтаулы және оқырманға қол жетімді. Оқырмандар кітапқа онлайн тапсырыс берсе біз кітапты үйлеріне жеткізіп береміз. Карантин кезінде бізге 23 000 жаңа оқырман тіркелді. Бұл біздің санауымыз бойынша орташа есеппен санағанда әлдененше өсті.

Красимира Александрова,

«Св. Кирилл және Мефодия»Ұлттық кітапханасының директоры (Болгария)

- Кітапханалардың өмір сүруінің мәні кітапхана қызметін пайдалану қажеттілігінде болады және бұл кітап мұрасын қорғау мен қорғауға деген жауапкершілікпен тығыз байланысты. Коронавирус әсерінің көрінісін мұқият бақылап отырмыз.Бүкіл әлемдегі бүгінгі жағдай барлық кітапхана қызметкерлерінен өз міндеттерін үйден алыстан ең тиімді тәсілмен орындай отырып, өз қызметін қайта ойлауды талап етеді. Ең маңыздысы, бұл жағдайда жауапкершілікті сезіне отырып, біз біргеміз және ең жақсыға жету жолында бірігеміз.

Муратова Мухтарама,

Алишер Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасы, Халықаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі:

- Карантиндік режим өз интелектуалдық деңгейіңді көтеруге арналған уақыт. “Оқытудан оқымақ жақсы”-деп ақындарымыз айтқандай, қазір бізде оқуға үлкен мүмкіндік туып отыр. Төтенше жағдайға байланысты Өзбекстан Ұлттық кітапханасымен қоса, 14 кітапханалық ақпарат орталықтары онлайн режимде жұмыс жасауда. Кітапхана өз оқырмандарына жоғары деңгейде сапалы қызмет көрсету үшін барлық шараларды қолдануда. Бұл жағдай оқырмандар мен қызметкерлер үшін де шығармашылығында жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар, кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшаларында жоспар бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстанның Өзбекстандағы мәдени жылы кезінде “Қазақстанның мәдени және әдеби бірлестігі” құрылған болатын. Сол жерден мен үшін құнды болып саналатын Қазақстанның бірінші призиденті Н. Назарбаевтың тарихи авторлық шығармаларын табуға болады. Бұл кітаптарды оқыған сайын мен, тарихтағы тың дүниелермен танысып, қазақ халқының мәдениетіне қанығамын. Және соның арқасында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Халықаралық көрме кезінде еш қымсынбай, өзімді қазақтың қызы секілді сезіндім.

Попова Светлана Александровна,

Саха Республикасы Ұлттық кітапханасы кітапханалық-ақпараттық қызмет бөлімінің меңгерушісі:

- Қашықтықтан қызмет көрсетуге көшкен мезеттен бастап, біз, оқырмандарға тиімді қызмет көрсету үшін, жылдам шешімдер қабылдап, тез әрекет еттік. Кітапханашылардың барлығы цифрлық қызмет көрсетуде. Электронды кітапханада 33 мың кітап бар. Жалпы қорда 1000600 кітап. Электрондық жүйедегі статистика бойынша ең көп оқылатын кітаптар қатарына якуттық авторлардың шығармаларын жатқызамыз. Соңғы мәлімет бойынша көш басында Н. А. Лугиновтың еңбектері оқырман сұранысына ие.

Керим Тахиров,

Әзербайжан Ұлттық кітапханасының бас директоры

- Құрметті менің әлемдік әріптестерім! Сіздерді көріп тұрғаныма қуаныштымын. Бұл сынақтан да өтіп бәрімзге аман жолығуға жазсын. Бізде де онлай кітапхана жұмыс жасап жатыр. Электронды кітапхана оқырмандар көптеп тіркелуде. Бір ай көлемінде міне 600-3000 ға жуық адам тіркелген. Және кітап жеткізу қызметі де өз жұмысын бастады. Ол электроонды пошта арқылы іске асуда. Кітаптың аудионұсқалары да дайындалып, оқырмандардың еркін тыңдауына мүмкіндік мол.

Онлайн-форумға Ресей Федерациясы (Мәскеу, Санкт Петербург, Новосібір), Қытай Халық республикасы, Италия, Румыния, Болгария, Малайзия, Түркия, Якутия, Чуваш, Өзбекстан (Хорезм, Бұхара, Самарканд, Джизак, Науои, Әндіжан, Сырдария, Боз, Қашқадария, Наманған, Асақан, Жалақұдық, Қорғантелі, Қаракөл), Әзербайжан, Қырғызстан, Грузия, Удмуртия, Молдова мемлекеттерінің ұлттық кітапханалары мен Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханалары, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасы, Назарбаев Университетінің кітапханасы, Қазақстанның облыстық, аудандық, ауылдық кітапханалары, Нұр-сұлтан және Алматының орталықтандырылған кітапхана жүйесі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің оқу орындарының мамандандырылған кітапханалары қатысты.

Халықаралық форумның Онлайн-көрсетілімі ZOOM.us.платформасы негізінде және Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы Facebook парақшасында тікелей эфирде көрсетілді. Әлемнің 15 елінен қатысқан іс шарада ZOOM.us.платформасында 100 адам қатысып отырды. Конференция қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтті.

Онлайн-форумда кітапханалардың қашықтан жұмыс режимі, ақпараттық қызметтің құқықтық аспектілері, болашақ электрондық кітап, заңнамалық проблемалар мен бастамалар, карантин кезеңінде халықтың электрондық және баспа ақпаратына қол жеткізуін қамтамасыз ету мәселелері аясында кітапханалық-ақпараттық инфрақұрылым мен аралас облыстарды дамыту саласындағы соңғы жетістіктер мен инновациялар жарияланатын болады.