Ерлігінің өзі газеттің нағыз «Қазақ үні» екендігін дәлелдеп тұр

Мұхтар ШАХАНОВ:

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ЖОЛЫНДА ЖАНЫН САЛҒАН БАСЫЛЫМ

Қазақтың ұлтшыл ақыны Қазыбек Иса басқаратын газеттің «Қазақ үні» аталуы қуанарлық жағдай. Бұл газет бұрыннан да ұлттық мүдделерде жанын салып, қарымды қайрат пен ерен ерлік көрсетіп келеді. Енді жаңа есім иеленген басылымды жаңа белестерден, нағыз шындық биігінен көрінетін, тарихымыз бен рухани саламызға терең тамыр жібере беретін  дара газет деңгейінде көргім келеді. Алаштың ақпарат әлеміндегі  айқын дауысты «Қазақ үні» бүкіл қазақтың үні бола берсін!   Дулат ИСАБЕКОВ:

 Қазақтың үнін бұдан да зор таныта беріңдер.

 Газеттің бұрынғы «Жас қазақ үні» деген атауы бір көргенде бір буынның ғана газеті, жастардың ғана үні сияқты болушы еді. Енді арада біраз жыл өтті.Бүгінде дауыстарың бар қазаққа жетіп, бар қазақтың мұңын мұңдайтын болғандықтан «Қазақ үні» болғандарың өте орынды болды  деп ойлаймын. Баяғыдан солай болуы керек еді деп, ұсыныс айтып жүретінбіз. «Қазақ үні» деген атауларың құтты болсын! Бүкіл қазақ сендердің дауыстарыңды есітіп, пікірлеріңмен санасатын болсын. Қалың қазақтың үнін бұдан да зор танытып, көкейтесті мәселесін, мұңы мен зарын бұдан да әрі тереңірек қозғай берулеріңе тілектеспін. Есейгендерің құтты бола берсін! Оқырмандарыңның бұдан да көбейетініне көзім жетеді. Алдағы уақытта да бүкіл қазақтың үнін танытатындарыңа сенімдімін. Дауыстарың асқақтай берсін!   Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері:

БОЯМАСЫЗ ШЫНДЫҚТЫ ЖЕТКІЗЕТІН БАСЫЛЫМ

Қазақ тіліндегі газеттің қай-қайсысы да қазақтың сойылын соғуы керек қой. Бірақ көбінің үні шықпайды. Үні шықса да, әлсіз шығады. Қазақ баспасөзінің көпшілігі мақтансүйгіш шенеуніктердің сөзін сөйлейтін болып кетті. Жолдауды қолдайық деп ауыл-ауылды аралап жүргенімен, кейбір шенеуніктер қолындағы бір жапырақ қағазын халыққа ежіктеп зорға оқып беріп жүр. Осындай нәрселерді  көптеген БАҚ  «бояп, сырлап» қайта-қайта беруден жалығар емес. Мұндай ақпараттар халықты жалықтырды. Сондықтан, бүгінгі халық тұщымды ақпаратты, байсалды пікірді, басылым беттерінен іздейтіні анық. Меніңше көзі ашық, көкірегі ояу жұрт  «Жас қазақ үнін» оқып жүр. Өйткені бұл газет боямасыз шындықты жеткізеді.  «Жас қазақ үні» газетін өзім істейтін институтта мұғалімдерге берсем, бірі-бірінен алып, іздеп жүріп оқиды. Себебі, көптеген сауалдарға жауап алады. Ең бастысы – ұлттың тілі, ұлттың діні, мәдениеті, экономикасы, тарихы туралы материалдар өте жақсы беріледі. Сонымен қатар өзекті мақалаларды оқырманның екі тілде де оқуына мүмкіндігі бар. Осы уақытқа дейін «Жас қазақ үні» болған газет енді бірте-бірте елдің үніне айналғандықтан, «Қазақ үні» деген атты иемденді. Бұл әрі үйлесімді де. Қадамдарың құтты бола берсін! Әрине, «Қазақ үні» деген атау өте үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. «Қазақ үні» жастың да, жасамыстың да ойынан шығатын тұтас қазақтың үні бола берсін. Еліміздің беделді бір газеті бола береді деп ойлаймын және оған сенімдімін де.   Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ, профессор:

Ерлігінің өзі газеттің нағыз «Қазақ үні» екендігін дәлелдеп тұр

Газеттің «Қазақ үні» деген жаңа аты құтты болсын! Бұл атауға газет бұрыннан-ақ лайықты болатын. Сондықтан да талай рет «Газет атын «Қазақ үні» деп өзгертпейсіңдер ме» деп ұсыныс айтқан едік. Енді «Қазақ үні» қалың қазақтың үнін жеткізуге бұрынғыдан бетер міндетті деп ойлаймын. Басылым бетінде баса назар аударылған мәселе – ұлттық мүдделер, мемлекеттік тіл мәселесі халықтың зор ықыласын аударуда. Қазақ тілінің тағдырына алаңдаған басылым, бұл тақырыпты тереңнен қозғау арқылы қазақ тілінің шын мәніндегі азат тіл болуына бір кісідей атсалысып келеді. Бұл ерлігінің өзі газеттің шынайы, нағыз  «Қазақ үні» екендігін дәлелдеп тұрғандай. Газеттің жаңа аты басылымының ұстанған, бағытына жоғарғы мазмұнды деңгейіне сай деп есептеймін. Газеттің оқылымы зор www.qazaquni.kz сайты да көпшілік көңілінен шығып келеді. Ендеше газеттің барша қызметкерлеріне шығармашылық табыстар тілеймін. Ұлтқа қызмет ету ең жоғарғы дәреже! Сондықтан да, алдағы уақытта да осы бағыттан таймай, ұлт үшін қызмет ете беріңіздер. «Қазақ үні»  барша қазақ даласын шарлай берсін. Таралым деңгейі де бұдан да кеңге қанатын жая берсін! Жаңа атау басылымға тек ғана жаңа жетістіктер мен дара қайрат ала келсін!