Жұмахмет Жайлаубаев: ЖІГІТ ЖАСЫНДАҒЫ «ЖЕТІСУДЫҢ» ЖЕТІСТІГІ АЛДА
2020 ж. 02 мамыр
2112
0
Жерұйығы – Жетісуда орналасқан «Жетісу» телеарнасы тек ғана жергілікті халыққа ғана емес барша қазақстандықтардың игілігіне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан арна. Осынау теларнаның бас продюсері, бүгінде асқаралы алпысқа келіп отырған ел ағасы Жұмахмет Жайлаубаевпен тілдесудің сәті түскен еді.
– Жұмахмет аға, асқаралы алпысыңыз құтты болсын! Алпыстың асуынан асқанда өзіңізді қандай ой мазалады?
– Рахмет. Апам марқұм айтып отыратын «Елдестіретін елшің, емдейтін емшің болмаса да, тілеуіңді тілейтін тілекшілерің көп болсын» деп. Апамның тілегі қабыл болғанын осы күндері жақсы сезіндім. Әлеуметтік желіде құттықтағандар да, карантиндеміз бара алмадық деп хабарласқандар да, арнайы келіп шапан жауып кеткендер де көп болды. Осы күндері «асқаралы биікке шығуыңызбен» деген тілектер жиі айтылды. Шыныменде сондай биікке шыға алдым ба деген ой келеді. Алпыс жыл өмірімнің біраз бөлігін бос өткізіп алғаныма өкінемін. Сенека «Қанша адам менен озып кетіпті дегенде артымда да қанша адам ілесіп келеді дегенді қоса ойла» депті. Осы тұрғыдан қарасам мен шыққан биіктерге шыға алмай қалғандар да бар екен.
– Талдықорғанға қалай табан тіредіңіз? Өткенге бір сәт көз жүгіртсек...
1976 жылы он алты жасымда Талдықорған қаласына келдім. Қар аралас жауын жауып тұрған қараша айы болатын. Арман қуып келмедім, әпкем жетектеп алып келді. Ауылда мектеп бітірген соң тракторист болып еңбек жолын бастағам. Ол замандарда алғыс айту да, көңіл айту да, қуану мен қайғыру да арақсыз болмайтын. Көп ұзамай мен де сол арнаға түсетінім анық еді. Талдықорғанда «Фабрика бытового обслуживание» деген облыстық мекеме болды. Облыс көлеміндегі барлық быткомбинаттардың үстінен қарайтын. Сол мекемеде жеңгем есеп-қисап бөлімін басқарады екен. Мені директорына алып барып мына баланы фотографияға оқушы ретінде алайық деді. Аты есімде жоқ Шаяхметов деген кісі болатын «Мен қазақтарды алмаймын. Қазақтар істей алмайды» деді.Осы бір ауыз сөз менің тағдырыма көп әсерін тигізді. Шындығында істей алмайды емес , істетпейді екен. Барлық жерде өзге ұлт өкілдері. Орысшам «здрәстенің» ар жақ бер жағы. Жеңгемнің беделімен жұмысқа алындым. Жіберген жеріне бардым. Маған адам екен деп біреуі қарамады. Сан мәрте ауыл қайдасың деп тартып отырғым келді, бірақ директордың «қазақтар істей алмайды» деген сөзі намысымды қамшылап жұмысымды жалғастыра бердім. Үш айдан кейін атымды сұрады. Әрине Жұмахмет деп айту оларға ол кездері құранның аяттарын жаттаумен бірдей еді. «Атың қиын екен. Женя деп айтайық» деді. Ол кездері қазақтардың барлығы Коля, Боря, Саша, Гуля, Катя болып атын орысшалау мода болатын. Амал жоқ көндік. Кейіннен тіл табысып қазір кездесіп қалсақ туысқандар сияқты арқа жарқа болып қаламыз. Осы Талдықорған қаласында фотоательеде істеген ең бірінші қазақ фотогроф менмін деп бүгінде мақтанышпен айта аламын. Кейін телевидениеге оператор болып келгенімде осы жағдай тағы да алдымнан шықты. Бірақ мен он алты жаста емес едім. Қырықтың қырқасына шығып қалған кезім көп қинала қоймадым. Қырық төрт жасымда жоғары оқу орнына сырттай түсіп қырық сегіз жасымда диплом алдым. Алпысқа келгенде қандай ой мазалады деп отырсыз ғой. Алпысқа келуім коронавирус деген індеттің тарауымен қатар келіп қалды. Сондықтан көп мазалайтын мәселе осының төңірегінде. «Адамнан ағаттық кетпей Алладан азап жетпейді» деген бұрынғылардың сөзі бар. Сол ағаттық қайдан кетті деп ойланамын.
– Күні кеше ғана 20 жылдығын атап өткен «Жетісу» телеарнасының бүгінгі тыныс-тіршілігі, күні бүгінге дейін жеткен жетістіктері туралы тілге тиек ете отырсаңыз...
– Уақыттың құмдай сусып, сынаптай сырғып өтіп жатқаны телеарна қызметкерлеріне ерекше байқалады. Бір хабарды дайындап болғанда, екінші хабардың да уақыты тақалып қалады. Тарау-тарау тоқпақжал толқынның бірін бірі қуғанындай бір күнді бір күн қуалап, зымырап өтіп жатқан уақыт. Кейде бір материалыңды іздеп архивке барсаң, кеше ғана жасалған дүние сияқты көрінгенімен екі үш жыл өтіп кеткенін байқайсың. Сонда да бізге уақыт шексіз сияқты; күндер, айлар, жылдар өтіп жатқанына мән бермейміз. Тезірек хабарым дайын болса, тезірек демалысқа жетсек, тезірек жаз шықса т.б толып жатқан «тезірекпен» өз уақытымызды өзіміз қамшылып жүрдек пойыздай жүйткіп келеміз. Аттың жалында, түйенің қомында жүріп бірдеңе тындырғандай боламыз. Жиырма деген дүниеге келіп, етегін жауып, есі кіретін кезеңнен өтіп, шыңдауы қанған, қайрауы жетілген семсер секілді жарқылдап жүретін азаматтың жасы. Қазақтың үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін ерекше мінезі бар. Өзіме бұрғандығым емес, шындығында «Жетісу» арнасы бүгінде төрткүл дүниеге түгелдей болмаса да, исі қазаққа таң нұрындай танылған арна. Ал осы жиырма жылда мен не бітірдім? Азаматтық толысу, журналистік қалыптасу, кемелдену жолынан өте алдым ба? Ақыл, білім, ой, намыс деген рухани қарулармен қаруландым ба? Былай айтсам, мақтанып жатыр, олай айтсам, ақталып жатыр деген ой туындамас үшін бұл сауалдардың жауабын талғампаз көрерменнің өз ғұзырына қалдырайын. Өткенді үнемі мақтанышпен аңсап отыратын, ертеңіне кілең үміт артатындар мен өткеніне өкінішпен, ертеңіне күдікпен қарайтындар арамызда жетерлік. Менің де өкінішпен қарайтын, мақтанышпен еске алатын тұстарым аз емес. Дегенменде, ертеңіме деген сенімді жоғалтпадым. Сенім демекші, шығармашылық ортада жүріп, өзіне жалаң сеніп жардан құлағандарды да, жар құлағы жастыққа тимей ізденіс үстінде жүріп, мақсат сатыларынан өткендерді де көрдім. Талдықорған қаласы облыс орталығы статусынан айырылып, қала қалыпты тіршілігінен жаңылып, біраз ел үдере көшіп, үйлер қаңырап, есік терезесі қирап, түнде түгілі күндіздің өзінде үңірейіп, үрей шақырып тұратын тұста бейнекамерамды арқалап, телеарна деген тылсым дүниенің есігін аштым. 2001 жылы 14-сәуірде Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының бұрынғы ғимаратында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Талдықорған қаласына облыс орталығы статусын беру туралы жарлығына қол қойды. Тарихи сәттің куәсі болдым. Жақсы хабар сол сәтте ешбір ұялы телефонсыз бүкіл қала жұртшылығына тарап кетіпті. Театрдан шыққан кезде бір-бірін құттықтаған адамды көрдік. Одан бері де талай мерекелік шаралардың куәсі болдық қой.
Бірақ, дәл сол кездегідей шынайы қуанышты, еш жерден көре алмадым. Көп ұзамай қаланың тамырына қан жүгіріп, құрлыс жұмыстары қызу басталып кетті. Құрлыспен бірге ақпарат саласының жұмысы да қызды. 22 қыркүйек күні Алматыдан шыққан көш түс ауа Талдықорғанға жетті. Орталық алаңда ақсақалдар бата беріп, ақындар арнау айтып, әншілер ән салып, мың бұралған бишілер мерекенің көрігін қыздырды. Осы көшпен Алматыда іргесі қаланған «Жетісу» арнасы да келді. Үш редактор Н.Борсенко, З.Сайдильдина, Қ.Менаяқова және үш оператор В.Гудзь, М.Омаров және мен осы азғантай топпен жұмысты бастап кеттік. Алғашқы эфир 2-қазан күні сол кездегі «Дидар» деген қалалық арнадан шықты. «Мың шақырымдық жол алғашқы қадамнан басталады», – деп Конфуций айтқандай жиырма жылдан бұрын менің «Жетісу» арнасындағы алғашқы қадамым осылай басталды. Сол жылдар саяси, қоғамдық өзгерістерге толы болды. Талдықорған қаласы да біздің көз алдымызда феникс құсындай қайта туып, қайта жаралып, жаңарып жарқырады. Бүгінгі жаңалық ертеңгі тарих деп қарайтын болсақ, біздің ұжым күнделікті көпшілікке жеткізген жаңалақтарымен облыс тарихын таспада қалдырды. Еліңнің танылғаны еңсеңді көтеретініндей «Жетісу» арнасы жайлы жылы сөз естісек, мерейіміз өсіп қалады. Ондай сәттер әрине, көп. Бүгінгі күрделі адамның, күрбелте жан дүниесінің күнгейі мен теріскейін дөп басатын, көпшілікке беймәлім сырлы сезімдерінің сілемін айқара ашатын дүниелер күнделікті эфирден көрерменге жол тартып, сан алуан соқталы да саф ойларға қалдырып, көңіл көзін ашып көкжиегін кеңейтіп жүргені аңыз немесе дақпырт емес, өздеріңіз көріп жүрген шындық. «Адам мен өнер арасындағы достықтың жібіне күйкі тірліктің қарғалары қаз-қатар қонып алса, ол жіптің көп ұзамай үзілері хақ», – дейді Оралхан Бөкей. Бізде де күйкі тірліктің қарғалары жетерлік. Дегенмен, әншілікті Алла таңлайға беретініндей, мамандықты маңдайға беретінін ескере отырып, әріптестеріме өз мамандықтарыңызға деген махаббат жібін үзіп алмаңыздар деп тілек айтамын.
– Жұмахмет аға, бүгінгі ұлт зиялыларының көпшілігі телевизия саласындағы тілшілердің кейбірінің тілбұзарға айналғанын айтып кейіп жататынын жиі естиміз. Сала маманы ретінде осы мәселеге деген көзқарасыңызды білсек...
– Үлкен стадионға барып футбол ойынын көрдіңіз бе? Көрермендердің басым бөлігі ойыншыларға көңілдері толмай отырады. «Анаған пас бер, былай қарай теп, баспен ұр» деген сияқты ақыл айтқыштар да жетерлік. Сонда ойлайсың, «Япырмай алаңда жүгіріп жүргендер ең болмаса мына көрермендердің білетінін де білмейтін болғаны ғой» деп. Телеарнада солай. Көрерменнің бәрі керемет журналист, режиссер, оператор біз ғана дым білмейтіндерденбіз. Баяғыда Қызылқұмда бірнеше адамдар құдық қазып жатыр екен. Құдықтың ішіндегі екеуіне құдықтың сыртындағылар «Кетпенді былай шап, топырақты былай таста» деп ақыл айта беретін көрінеді. Сонда құдықтың ішіндегі біреуі «құдықтың сыртындағының барлығы ақылды» деп айтыпты. Кейде өзіңді құдықтың ішінде отырғандай сезінесің. Иә, сіз айтқан проблемалар телеарналарда бар. Бірақ соның себептері де бар. Мысалы, барлық облыс орталықтарындағы жоғары оқу орындарында кейінгі жылдары журналистика факультеті ашылды. Ақылы түрде. Солардың барлығында журналистиканы оқытатын білікті мамандар бар ма? Маманды айтпағанның өзінде сол студенттердің практикадан өтетін мүмкіндіктері қаншалықты? Барлық арналар рейтингке тәуелді. Содан барып журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «жұлдыздар» экранда қаптап кетті. Сөз еститін журналистер.
– Сіздің пікіріңізше бүгінгі қазақ журналистикасына не жетіспейді? Әлеуметтік желінің қарқынды дамуы, интернет сайттардың көптеп ашылуы баспасөздің дамуына кері ықпалын тигізіп отырған жоқ па?
– Кез келген қоғамның рухани өрісі мен өсуі адамдардың әрекет болмысы арқылы айқындалады. Журналист те, әлеуметтік желілердегі блогер де сол сан-салалы әрекеттің бір көрінісі. Желде салмақ жоқ, күш бар. Сол сияқты желдей ескен ақпарат саласында билік жоқ, бірақ күш бар. Сондықтан, ақпарат таратудың өзіндік жауапкершілігі болады. Блогерлерге байланысты айтсақ, біріншіден оларда жауапкершілік жоқ. Өмірлік тәжірибесі, белгілі деңгейде білімі жоқ болса да, пікір айтуға шетінен құмар. Ешкінің дауын атан түйе беріп сатып алатындар, сол арқылы ұпай жинап, тез танымал болғысы келетіндері де жетерлік. Көп жыл қалыптасқан ақпарат таратудың дәстүрлі жолы сақталмаса, «өзім қожа, өзім би» деп илеуі кем, иіні қанбаған, сын көз, парасат сүзгісі жетіспейтін дүниесін ақпарат кеңістігінде еркін таратып тыйым-тосқауыл көрмесе, «еркіндік» деп жүргеніміз көргенсіздікке ұласып кетеді. Нәтижесінде көпшілікті көргенсіздікке тәрбиелеу процесі басталады. Блогер біткеннің бәрі осындай деген ойдан аулақпын. Уақытқа тән әлеуметтік мәні бар шындықты тап басып, дөп көрсете алатындары да баршылық. Сағат Әшімбаев: «Мыңдарға, миллиондарға арнап кітап жазатын адамның ой-өріс, дүниетаным мен көзқарасы ең болмаса, жүзден биік тұруы керек», – дейді. Міне, осы қағида дәстүрлі журналистикада сақталған. Осы саладағылардың да барлығы күреңіне мініп, кемеліне толып жүрген жоқ, алайда жарым сөзге жарты әлемнің тағдырын сыйғызып жіберетін мықты журналистер бар. Ағысы қатты, аударысы көп мына дүбірлі дүниеде сөзден мәңгілік, сөз мәнісінен құдыретті еш нәрсе жоқ. Не жетіспейді дегенге келсек «Қарнымның ашқанына емес қәдірімнің қашқанына жылап отырмын» деген жетім баланың әңгімесі еске түседі. Иә материалдық жағдай қазан да май, шөміш те май еместігі белгілі. Дегенмен де, бізге жетпейтіні көтерліген мәселенің шешімі. Кешегі кеңес өкіметі тұсында ақпарат құралдарын төртінші билік деп айтатын. Есептесетін. Бүгінгі жағдай мүлдем басқа.
– Өзіңіз білетіндей, биылғы жылы Ұлы Абай атамыздың 175 жылдығы. Осынау айтулы дата аясында ел бойынша қандай ауқымды істер атқарылуы тиіс?
– Асқар Сүлейменов бір сөзінде: «Келер қазақтың да ішетін у мен балы – Абай» деп айтыпты. Сол у мен балдан біраз дәм татып жүрміз. Иран Ғайып ағамызбен болған бір сұхбатта Абай ғұмыр кешкен «...алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан, әурешілікті көре – көре келген » қоғамнан, дәуірден қаншалықты алыстадық деп сұрақ ойған едім. «Ешқандай алыстаған жоқпыз. Абайдың өлгені кеше ғой. Топырағыда кепкен жоқ қазақша айтқанда. Не өзгерді деп ойлайсыңдар. Сол баяғы сайлау, сол баяғы билікке талас, бір көзі ағып кеткен шындық, біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді. Ештеме өзгерген жоқ. Сіз әлемдегі бүкіл философтардың өмір туралы айтқандарын қараңыз. Сократтардың айтқан кезін, қазіргі кезді қараңыз. Қайсысы ескі, қайсысы жаңа. Қайсысы құнды сіз үшін. Техникалық ғылымда «точка зрения» деген болады. Сол сияқты заманға, қоғамға қай нүктеден қарайсың, соған байланысты. Мен былай айтам, келесі қонағың басқаша айтады. Сонымен бұл өзі өмір бақи таусылмайтын жыр» деп жауап беріп еді. Сондықтанда Абайды танып болдық деп айта алмас едім. Біз бір қырын танысақ кейінгі ұрпақ басқа қырынан таниды. Қазір біреулер Абай діншіл болған десе екіншісі діншіл болмаған деген сияқты әртүрлі бағытта айтыстар жүріп жатыр. Ол заңды. Өйткені, әркім өз деңгейінде көреді, әркім өз керегін іздейді. Егер біз Абайды әлемдік деңгейге шығарамыз десек Абай тек қазақтыкі деп киіз үйге қамап, етегіне қазық қағып қойғанды ұмытуымыз керек. Басқа ұлт та, басқа діндегілер де өз керегін алсын. Тұрсын Жұртбай: «Бізді қазақ ретінде түңілдіретін, қуат беретін немесе шапалақпен тартып жіберетін Абайдан басқа кіміміз бар?», – дейді.Біз де өз керегімізді алайық.
– «Жер жәннаты – Жетісу» деген сөз тіркесін жиі естиміз аға. Осынау өлкенің төрінде жүрген азамат ретінде Жетісудың ғажайып ғаламаты туралы оқырман қауымға айтып беріңізші...
– Қазақтың қай өңірі болмасын жері қасиетті, елі кәделі ғой. Әркімге өз туған өңірі жәннат. Біз де Жетісуымызды өзендермен өрнектелген, көлдерімен келбетті, тауларымен асқақты, адамарымен ардақты деп мақтанамыз. Сағымды құм даланы да, ну орманды да Жетісудан көре аласыз. Осы өңірден бойлап өскен кез келген танымал тұлғаны көрсеңіз бойындағы байсалдылықты, кеңдік пен парасаттылықты ықылым замандардан береке дарытып жатқан алып таулардан, туралықты қаз қатар тізіліп, көкке өрлеген түп-түзу қарағай-қайыңнан, қиыншылықтарды жеңе білетін жігерді биіктен құлап аққан сарқырамалар мен тасқынды өзендерден, тазалықты – қарасаң түбі көрінетін бастау бұлақтардан, нәзіктік пен талғампаздықты көктем шыға көздің жауын алатын алуан түрлі гүлдерден алғанын байқайсыз деп әркімнің өз туған топырағынан нәр алып өсетінін айтып жүрген жазушы ағаларымыз бар. «Жетісу – жер жәннаты» деген сөзбен бірге Жерұйық деген сөз көп жағдайда бірге айтылады. Асанқайғы бабамыз желмаясын желдіріп осы өңірден өткенде айтыпты деген көптеген әңгімелер бар. Оның басым бөлігі географиялық тұрғыда жер ерекшіліктеріне байланысты айтылған. Дегенменде, жердің ұйығы дегеніміз географиялық орналасуына байланысты емес. Ол елдегі тыныштық, адамдар арасындағы қарым-қатынас т.б. ізгіліктерге байланысты айтылған деп ойлаймын. Бізде осылардың барлығы бар.
– «Ер туған жеріне, ел туған жеріне» демекші, Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасының аясында Талдықорған қаласында қандай игі істер атқарылып жатыр?
– Қадыр ағамыздың «Айран болып ұйып келе жатып сүт болып төгіліп қалған» деген бір сөзі бар ғой. Сол сияқты Талдықорған қаласы тарихта бірнеше рет облыстық статусынан айырылып, қайта табысқан қала. Бұрынғыларын білмедім соңғы рет облыстық статусынан айырлағанын басымнан өткіздім. Өте қиын болды. Ел үдере көшті. Үйлер қаңырап бос қалды. Мекемелер жабылды. Сағат Әшімбаевтың «Қазақтың қасыретін білмей, қасиетін білу мүмкін емес» деген сөзі бар. Талдықорғанның сол құлдырауын көрмеген, қиыншылықтарды сезінбеген адам бүгінгі қаланың гүлденуіне нақты баға бере алмайды деп ойлаймын. Біз қаламыздың әрбір жаңа ғимаратына қуанамыз. Көшедегі әрбір гүлмен бірге өзіміз де гүлденіп жүреміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz
Арнайы «Қазақ үні» порталы үшін
Алматы облысы