Әлихан Баймен: КІТАПТЫҢ ҚЫЗМЕТІ
2020 ж. 28 сәуір
1748
0
Қайраткер ақын Қазыбек Иса оқыған кітаптарым туралы айту кезегін жолдаған соң, оларды тізбелегеннен көрі, кітаптың көп айтыла бермейтін қызметі және кітапқа байланысты Сіздерге қызық болуы мүмкін басқа да кейбір жәйттермен бөлісуді жөн көрдім.
Төмендегі төрт бес жыл бұрынғы суретімізде ортада 2013те Financial Times жыл кітабы деп таныған " The Great convergence" ("Ұлы конвергенция") және басқа да әлемдік қоғамдық ойға ықпалды кітаптардың авторы , 2005те Foreign Policy мен Prospect журналдары әлемнің 100 мықты интеллектуалының бірі деп атаған ,Ли Куан Ю заманында 2 рет Сингапурдың БҰҰ өкілі болып , 2004-2017 Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебін басқарған Кишоре Махбубани деген белгілі ойшыл , дипломат, ғалым тұр. Қазақстанның Мемлекеттік қызмет агенттігімен мектептің әріптестігін талқылай келе, Махбубани мырза екеуіміз бірте бірте өркениеттер, Азияның әлемдегі орны туралы әңгімеге ауыстық. Бір уақытта мен британдық тарихшы Нил Фергюсонның (Niall Ferguson) "Өркениет. Батыстың басқадан айырмашылығы қандай? " атты еңбегінде келтірілген бағамдар туралы ойыммен бөлісе бастаған ем, Махбубани дереу жұмыс столына барып сол кітаптың ағылшын нұсқасын алып келді де "екеуіміз бір кітаптарды оқиды екенбіз.Бұл бір ерекше белгі болды бүгін", деп әңгімені еркінірек жүргізіп, ерекше жылылық пен құрмет көрсетіп,ɵзiнiң кiтабын қолтаңба қойып сыйлады. Шынында да ортақ кітап оқығандар басқалардан бөлек оңаша әлемің бардай сезініп, жақын тұтатының да кітап құдыретінің бір көрінісіндей.
1973 Жезқазған облысы құрылып,жан жақтан қызметкерлер көшіп келе бастады. Менен екі жыл жоғары оқитын Әділхан ағаммен Балқаштан келген Мұстафин Бейбіт деген кластасы достасып кетті. Олар өзара көркем әдебиет алмасатын.Бірде "Джин Грин -неприкасаемый" атты Аксенов,Горчаков,Поженян бірлесе жазған кітапқа қызығып ем, Бейбіт марқұм (иә, өкінішке орай өте дарынды азамат отыз беске толмай өмірден ерте кетті) "мен Төлеу деген інішегіме уәде беріп қойып едім,оқып бітірген соң өзі әкеліп беред"деді. Бір аптадан соң Төлеу кітапты алып келіп,содан басталған таныстық өмірлік достыққа ұласты. Кітаптар төңірегіндегі пікіралмасулар Бекеңнің ағаммен ғана емес,менімен де дос болып кетуіне арқау болды.( Төлеумен жас кезіміз және Төлеу ағасы Бейбітпен түскен суреттері де төменде берілген) 1981 де институт бітіріп, жолдамамен инженер механик болып жүрген жерімнен ұстазымыз Ғибадулла Жәкенов марқұм ( асыл ағамыздың 70 жылдығына орай 2018 желтоқсанда өткен еске алу кеші туралы осы ФБ та Кенжеболат Жолдыбаев жазған ) кафедраға шақырып,әкем "айлықтан ұтылсаң да, ғылым жолына түскеніңді қалаймын",деп құптап,ғылыми мұғалімдік жұмысты енді бастап жүргенде қолыма абхаз жазушысы Баграт Шинкубаның "Кеткендердің тұяғы"атты романы тиді. Онсыз да Кеңес идеологиясы тұмшалап тастаған тарих ғылымы айта алмағанды бірте бірте айтып, қоғамдық сананың оянуына керемет әсер еткен Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділері “бастаған өз жазушыларымыздың тарихи романдарының әсерінде жүрген кезімде қазіргі Сочи жақта өмір сүріп,қысқа мерзімде тарыдай бытырап, жоқ болып кеткен убых атты халықтың тағдыры қатты әсер еткені сонша, мен тұңғыш рет бойды кернеген сезімімді өлең жолдары арқылы шығардым. Кітап орысша болған соң ба, өлең де орысша болып шықты. ...." За Кавказом, у Черного моря Жили гордые горцы-убыхи ... Жили мирно, влюблялись, смеялись И по пятницам молились у Бытхи..." деп басталатын жолдар поэзиямен әуестенуімнің басы болды. Кейін екі тілде де сезім иірімдерін өлеңмен жеткізуге талпынып, кейде аударма жасап та көрдік. Есімде, сексенінші жылдардың ортасында Мәскеуде оқитын қазақ қызының сұлулығына тәнті болып, танысқан сәтте "Балқадишаның" әнімен суырып салынған өз шумақтарымды арнадым. "Кіргеннен осынау кешті жарық қылдың. Жүректі сусап жүрген қанықтырдың. Ақ тамақ, үлбіреген ақша бетің ... Шіркін ай қанша адамды зарықтырдың ..." деп басталатын арнауымды айтып едім ,әлгі атыраулық сұлу қазақша сөйлемейді екен. Әңгімелесе келе өзін бiр малғұндардың қорлағанын,сондықтан еркек атаулыдан көңілі қалып, ешкімге сенбейтінін айтты.Содан менің есіме сол жылдары мәскеулік достарымыз кезек алып оқитын Жүрсін Ермановтың "Жанартау" жинағындағы "Сенім" өлеңі есіме түсіп "Если вдруг испытаний настанет пора, То я верю , опорой мне станет она... ....Даже верю в врага, что нарушит покой, А иначе,скажите,враг он какой?... "дейтін жолдары бар бір түнде жасалған аудармамды ертеңіне қолына ұстаттым. Кейін байланыс үзілді. Өз бақытын тапқан болар деп үміттенемін. 1992 жылы тұңғыш рет шет елге шықтым. Облыс әкімі орынбасары ретінде Жезқазғантүстіметалл бірлестігі қолдауымен жыл сайын облыстағы үздік оқушылар мен ағылшын пәні мұғалімдерін Британияда ағылшын тілін жетілдіруге апаратын жоба ұйымдастырдық.Сол сапарда басқа елдер мен мәдениеттерді түсінуде тек арнайы зерттеуге негізделген еңбектер ғана емес, көркем әдебиеттің орасан зор ықпалы бар екенінің дәлелі болатын күйді бастан өткіздім. Шет елде ешқашан болмаған маған тұңғыш келіп тұрған жерім Британияның қалалары мен табиғаты таңсық,адамдары бейтаныс болғанымен, ә дегеннен қоғамы мен қарым қатынас стилі ,тіпті кейбір жеке тұлғалар бұрын кездескен, таныстығым бардай сезілді. Оның себебі туралы ойлана келе мен Диккенс пен Конан Дойльден бастап, басқа да ағылшын жазушыларының көркем шығармаларының биік деңгейде жазылғаны сонша, оларды оқығанда өзің сол ортада жүргендей сезінгендіктен, көзбе көз танысқандай болып кететініңе тағы бір рет көз жеткіздім. Ал, елдер туралы арнайы жазылған кітаптардың ішінде маған қатты ұнап ,көп жағдайды тереңірек түсінудіргені Генри Киссинджердің " Қытай туралы " атты еңбегі. Қытаймен қарым қатынастың маңызын ескере, бұл кітап қазақшаға аударылатын тізімге енгені жөн. Ақпарат ,жаңалық жыл сайын еселенетін заманда өзіңе қажеттің бәрін оқып шығу мүмкін емес. Және бұл мəселе осы ғасырда ғана туындаған жоқ.Сонау 1980 -90 жылдары Нобель сыйлығының лауреаты ,интеллектуал ақын Иосиф Бродский көркем әдебиет,оның ішінде поэзия көлемі қарқынды ұлғайғандықтан оқырманға көмектесіп ,жол көрсетер әдеби лоцман қажет екенін бірнеше эсселерінде жазған еді. Тек әдебиет емес,басқа да мәтіндер мен қажет ақпарат теңдесі жоқ көлемде өскендіктен де болар жалпы адамзаттың ақпарат ,оның ішінде Ахаң айтқан тірнек өнері ғана емес, көрнек өнерімен танысуда бейне баянның үлесі көбеюде.Бір қарағанда бұл адам баласының жаңа технологиялық негіздегі жазуға дейінгі кезеңін де елестетеді. Сондықтан болар ,көптеген кітап экранда қойылды. Дегенмен ,Ремарк ,Пруст,Хэмингуей, Айтматовтың кейбір шығармалары сәтті фильмдерге айналғанмен,ал Стивен Кингтің кітабы негізінде қойылған "Шоушенктен қашу" әдеби түпнұсқадан асып түскенімен, оқырманның қиялын жетелей отырып еркін шарықтататын, көркем сөз өнеріне сүйсінуге мүмкіндік беретін кітаптың жөні әрдайым бөлек болып қала бермек. Содан да болар Маркес "Жүз жыл жалғыздығын" , ал Сэлинджер "Қара бидайдағы аулаушы" секілді өздерінің әлем әдебиеті алтын қорына кіретін шығармаларын экрандауға қарсы болды.Бірде Шыңғыс Айтматовтың бір шығармасының негізіндегі фильмнің тұсаукесеріне автордың жанында отырып қатысу бағы бұйырды. Әрине,өз сөзінде ұлы жазушы сыпайы түрде оң баға берді. Дегенмен, автор түгілі біздің өзіміздің екіұдай бағамызды алған фильмді көріп отырғанда Шыңғыс Төреқұлұлының жүзінен қандай күй кешкенін сезгендей болдым.
Қазіргі Ресей өмірі негізінде пьесалар жазып жүрген танымал ағылшын драматургі бес алты жыл бұрын Мәскеуде баспасөз өкілдерімен кездескенде бір жорналшы , ресей қоғамын түсінетіндей қанша аймаққа барғанын сұрады. Сонда ол " қоғамның біраз құндылықтарын түсіну үшін маған көше қозғалысының өзі едәуір жеткілікті ақпарат"деді. Сол секілді біздің оқығыштарымыз бен жазғыштарымыз құндылықтарды тереңірек түсінуге мән берсе,берері молырақ болар еді деп ойлаймын. Мысалы, кітап аз оқылады деп, Батыстың ықпалын айту әдетке айналған. Былтыр Вашингтон мен Сиэттлде кітап дүкендеріне барғанымда ,әрдайым аэропорттарда кітап сатып алғанда , зәулім сауда орталықтарындағы тегін кітапханаларды көргенде ол елдердегі кітап оқу ,баспа өнері мен ісінің деңгейіне тәнті боласың. Бізде де мемлекеттік тілде шығатын көркем әдебиет, фильмдер, баспа өнімдері, жалпы баспа кәсібіне мемлекеттік қолдау арнайы бағдарламасы қажет. Сол күндерге де жетуге жазсын!
Әлихан Баймен, Қазақ үні