Теменов елордадағы жаңа театр құрылысы туралы айтты
2020 ж. 23 сәуір
1281
0
Қолым босағанда ылғи барып сыртынан қарап кетем. Қараймын да қуанам. Күн санап бой көтеріп, құлпыра түскен арудай әдемі. Бұл салынып жатқан жұмыстың көбі бітіп, азы қалған Қазақ театры. Көптен күткен арман - ғимарат. Тұрған орны да ғажап. Мына жанында Ұлттық өнер университеті де, тіке көз салсаңыз Ақ үйге тірелетін Аллея. Иә күні ертең-ақ Шабыттың студенттері, ұстаз- мұғалімдерінің асыға келетін - өнер ордасы. Бүгін де бардым... Әрі-бері ағылған жұмысшылар, беттерінде маскасы, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Осы карантин басталғанда " Апыр-ай не болар екен... Құрылыс тоқтап қала ма? " деген қорқыныш та болған. Сөйтсем қателескен екем... Шүкір... Мемлекетіміз қиындыққа қарамай құрылысты жүргізіп жатыр. Есіме түсті... 2018 жылы Астанада үш театрдың басшыларын Елбасы Н. Назарбаев шақырды. Ол кісінің уақыты тығыз, мыңдаған жұмысы бар дегендей... Алайда Нұрсұлтан Әбішұлының "Өнер ұжымдарының, соның ішінде театрдың өкілдерімен кездесем" деуі керемет болды. Жастар театрының көркемдік жетекшісі Н. Жақыпбай, М.Горький атындағы орыс театрының директоры Е. Хасенов және мен. Қасымызда 5-6 еліміздің қоғам қайраткерлері Қ.Сұлтанов, М.Алтынбаев, К.Сағадиев, қала әкімі Ә.Исекешов. Күн сәл-пәл салқындау болғанмен ЭКСПО-дағы алаңға жұрт өте көп жиналған. Ұлттық киім киген қыз жігіттер, бүркіт ұстаған аңшы, тазы жетектеген жігіттердің жүздері бал-бұл жанады. Анадайдан алтыбақан тепкен жастар. У-шу, теңіздей толқыған халық, күлкіге қаныққан қыз-жігіт. Астанада Наурызды қарсы алуға келген жұрт ерекше бір тойдың үстінде. Музыка ойнап Самарқанның көк тасы еритін күн- Наурызды Астаналықтар сағына тосқан екен. Біздер қазақ үйдеміз. Бір сәт есіктен Елбасы Н.Назарбаев кірді. Ашық-жарқын. Үстінде ұлттық қоңыр шапан, басында бөрік. Бәріміз шұрқырасып амандасып жатырмыз. Қал жағдай сұрасып "Наурыз құтты болсын" деп болғанда Елбасы "-Ал, Талғат театрдың көрермендері қалай?"- деді. Мен Елбасымен бұрыннан таныспын. Сонау 1990 жылы мені алғаш қабылдап, сол кезде өнер, кино жайлы әңгімелескені әлі есімде... Содан кейін де талай рет жүздескенім бар. Және Нұрсұлтан Әбішұлы ештеңе ұмытпайды. Бәрі жадында. Тура кеше көрген, кеше ғана сөйлескен жандай.
"Өте жақсы Нұраға"-дедім."Аптасына 6 рет спектакль қоямыз. Сенбі, жексенбі балаларға арналған қойылымдарымыз тағы бар, көрермендер сыймай жатады"- дедім.
"Үлкен залда қанша орындық- деп отсыңдар?- деді.
"600-650 болса" дедім. Әрине Елбасы бұл мәселемен талай рет айналысқан. Макетін де, эскизін де, тіпті ішіндегі техникалық жағдайынан да хабардар. Театрдың алғашқы эскизінде сыртқы колоналар жоқ екен. Сонда Нұр аға "Театрдың ішінде ұлттық нышан болу керек, ал сырты классикалық болғаны дұрыс" деген екен. Елордада әдемі ғимараттар жетерлік. Бірақ маған жақыны Астана-Опера мен Балет театры. Бұл ғимараттар Ұлттық мақтаныш, ұлттық Бренд. Уақыт өтер. Менің білетінім- бұл ғимараттар әлемдік сәулет өнеріндегі інжу-маржандардың қатарынан табылатыны хақ. Біздің театрдың сол санатқа кіретініне сенем. "650 дедің бе"
Елбасы маған жымиған.
- Саламыз- деді.- Көріп отырсың ғой. Әр нәрсенің уақыты болады. Енді бұйырса бастаймыз биыл.- деді. Қуанғаннан айқайлап, орнымнан тұрып кетуге шақ қалдым. Қандай ғажап қуаныш. Иә, бұл осы театрдың ашылуын армандап кеткен Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Әзірбайжан Мәмбетов бастаған аға буынның арманы болатын. Бұл сәтті біз көп күттік. Бұл үлкен қуанышты хабар болатын. Менің бүкіл өмірім тек өнермен байланысты. Бизнес дегенді мен білмеймін. Қолымнан келетіні кино түсіру, сценарий, пьеса жазу, спектакль қою ғана. Бірақ не түсірсем де, не қойсам да, менің алдымда тек жақсы дүние болса деп ойлаймын. Сосын осы өнер- театр мен кино жайлы толғанам... Өткен жылы 22 тамызда Президентіміз- Қасым-Жомарт Кемелұлы мені қабылдады. Ашық-жарқын, бір әдемі кездесу болды.Сондағы әңгіменің арқауы жаңа театр болған. Мен Президентке кіргенде жұрт секілді жеке басымның шаруасын айтқам жоқ. Әйтпесе " Пәтерім жоқ" деп жыламсырап отырсам маған жараспас. Мәселе артистердің әлеуметтік жағдайы, жалақысы, пәтері болды. Және осы мәселелерді қағазға түсіріп Қасым-Жомарт Кемелұлының қолына ұсындым. Көп ұзамай Президент қыркүйек айындағы Халыққа жолдауында, осы мәселелер яғни мұғалімде мен дәрігерлер, кітапханашылар мен театр артистерінің де жалақысы көтеру жайлы айтты. Бұл өте қуанышты хабар еді. Мен өткен жылы күзде Ош қаласындағы Халықаралық "Арт-Орда" театр фестиваліне қатыстым. Сонда Қазақстандық артистердің жалақысы өсетінін естіген қырғыз, өзбек, татар, түрік бауырлар маған қызыға да, қызғана қарағаны рас.
2019 жылы 21 қараша біздің Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ театрына Тұңғыш Президентіміз келді. В.Ежовтың "Тыраулап ұшқан тырналар" спектаклі Москвадағы халықаралық "Золотой Витязь" фестивалінде бас жүлде алса да, іштей қобалжығаным бар. Нұрсұлтан Әбішұлы спектакльді аса бір тебіреніспен көрді. Қатты риза болды. Ұлы Отан соғысы. Алғашқы махаббат. Әскери әндер. Талантты театр артистері. Спектакль біткен соң Елбасы ризашылықпен сахнаға көтерілді. Көрерменнің ыстық ықыласы шапалақ боп жаңғырды. Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа театрдың салынып жатқанын қуана жеткізді. " Бұйырса алдағы жылы жаңа ғимаратқа көшесіздер" дегенде залдағы көрерменнің шапалағы тоқтар емес. " Жаңа ғимаратқа бір-ақ барам деп едім, мына Талғат шақырған соң әдейі келдім. Мен оны бұрыннан білем" деген. Бұл біздің театр тарихындағы өте бір қуанышты да, ерекше күн еді.
1945 жылы Алматыда ТЮЗ ашылған. Жаңа ғимарат соғыс бітпей тұрған кезеңде бой көтерді. Бұл өнердің өміршеңділігі. Ұлы Отан соғысы басталғанда Алматыға «Мосфильм» мен «Ленфильм» эвакуацияланды. Артынша Алматы студиясымен қосылып, Біріккен Орталық киностудия құрылды. Бұл жерде «Иван Грозный», «Черевики», "Она защищает родину" және басқа да танымал картиналар түсірілді.Және бұл қиын кезеңдерде Қазақ өнері өркендемесе өшкен жоқ. Театр тарихында да талай тамаша дүниелер болды. Әсіресе Наталья Сац қойған Күләш Байсейітова ойнаған "Чио-Чио-Сан" операларымыз Қазақ өнерінің інжу-маржандарының бірі емес пе? Бұл тарих кешегі өткен қиын кезеңдердегі біздің рухымыздың асқақтығының белгісі.
Иә қазір карантин. Бұл тек біздің Елдің басына түскен нәубет емес, бұл Әлемге таралған- індет екені жұрттың бәріне мәлім. Апам жарықтық айтушы еді. " Бұдан жаман күнде де тойға барғанбыз." деп. Бұл да уақытша қиындық шығар. Әрине үйде қамалып отыру оңай емес. Жақындарыңмен әңгімелескенге, сүйікті жұмысыңмен айналысқанға не жетсін... Өз басым осы карантинді Мемлекет басшысы дер кезінде жариялады деп ойлаймын. Теледидардан қарасаңыз Америка, Англия, Франция, Испания, Италия көрші Ресейде де бұл індет тоқтар емес. Және өзгелермен салыстыруға да келмейді. Салыстырмай-ақ қояйық! Ал жаман ауру тезірек құрыса дейміз. Ең негізісі елдің еңсесі түскен жоқ. Қүдайға шүкір. Екі бас қалада екі күннен бері кейбір жұмыс орындары ашыла бастады. Көшеде машиналар да, адамдар да бар. Яғни Ел іргесі берік, жұртымыз тыныш. Тағы да шүкір дейсің.
Иә бұл күнде өтер кетер... Бұл індетті де жеңеріміз хақ. Тек Алладан ақ тілек. Еліміз осы кезеңнен аман-есен тезірек өтсе екен деймін. Және бір айтарым қаңқу сөзден, өсек-өтірікке алданбай Ел екенімізді көрсететін шақта бізге тек ауызбіршілік тілеймін. "Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, Алтау ала болса, ауыздағы кетеді"- деген мақал бар. Бізге дәл қазір бауырлар ауызбіршілік, амандық керек. Сөзімнің соңын Төлеген Айбергеновтың өлеңімен бітірейін:
Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ... бірақ...
Ешкімді де билетпей қайтармаймын.
Онда ортаға тасталар ұран сондай:
Қайта алмайды қартың да бір ән салмай,
Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,
дегендей алдымызда бір той бар, ол Өнер тойы, Өмір тойы... Сол тойға аман-есен жеткізуді жазсын!!!
Талғат Теменов,
Қазақ үні