Сөз ұстазы – Сағди
2020 ж. 23 сәуір
3082
0
Ирандық ұлы ақын Сағди Ширазидің өмірі мен шығармашылығы туралы бірер сөз
Ирандық күнтізбеде ордибеһешт айының бірі, сәйкесінше, сәуір айының жиырмасы күні Иранның танымал ақыны Сағди Ширазиді ұлықтау күні болып белгіленген. Осыған орай, ұсынылып отырған мақалада өлеңдері көптеген жаһандық қайраткерлер тарапынан айтылып жүрген әлем әдебиетінің теңдессіз тұлғаларының бірі туралы сөз қозғаймыз. Сағди Ширази қамари жыл санағы бойынша 600-610 жылдар аралығында Шираз қаласында дүниеге келген. Парсы тілді халықтарда «сөз ұстазы» аталып кеткен осы ұлы ақынның артынан қалған поэзиясы мен прозасы қазір әлемде танымал. Сағди Шираз қаласында бастапқы білімін алғаннан кейін Бағдадқа барып, Низамиеде оқуын жалғастырады. Сағди Ширази лексика, грамматика, теология, логика, илаһи хикмет және практикалық хикмет, әсіресе хикмет саласында аса шебер болған. Шейх оқуын аяқтағаннан кейін, сапарға шығып, әлемнің жер-жеріндегі түрлі қалаларда саяхаттап, тәлім беру және уағыз айтумен айналысады. Кейбір сарапшылар оның Үндістан, Сирия мен Хиджазға сапар жасағанын айтып, бұл сапардың шамамен 30 жылға созылғанын жорамалдап отыр. Сағди ақырында көптеген жылдар өтіп, тәжірибе жинағаннан кейін өз отанына Шираз қаласына қайтып оралады. Ол Ширазға қайтып келген кезде Абу Бакр ибн Саад билеп тұрған еді. Кейбір адамдардың пікірінше, ақын өзінің «Сағди» деген поэтикалық лақап атын осы патшаның есімінен алған-мыс. Сағди Ширазда өз шығармаларын жазып, оларды жинақтауға кіріседі. Ұлы ақынның поэзия және прозада жазылған көптеген шығармалары бар, оның ішіндегі ең танымалы - «Гүлстан» мен «Бустан» еңбектері. Сағди өзінің алғашқы қағаз бетіне түскен шығармасын, яғни, «Бустанды» ш.ж.с.б. 655 жылы сәйкесінше, 1276 жылы тәмамдады. «Сағди-нама» деп те аталып жүрген «Бустан» еңбегі Сағди әлемнің түрлі жерлерінде саяхаттап жүрген кезінде жазылған. Маснави қалыбында жазылған бұл шығарма қалыбы мен өлшемі тұрғысынан эпикалық болып табылады. Дегенмен, оның тақырыбы көбінесе ахлақ, тәлім-тәрбие, саясат пен қоғамдық мәселелерді қамтиды. Сағдидың поэзиясын әлемге танымал еткен ерекшеліктерінің бірі – шығармаларының түсінікті әрі қарапайым болуы. Бустан терең ахлақи түсініктерді қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізеді. Бұл құнды еңбек кіріспе және он баптан тұрады. Баптың әрбіреуі белгілі бір тақырыпқа арналған. Мысалы, кішіпейілділік, әділдік пен парасаттылық, барға шүкіршілік ету және т.б. Шамамен 4 мың бейттен тұратын Бустан туындысының әлемнің түрлі тілдерінде көптеген нұсқалары жарық көрді. Бустанды Сағдидің утопиясы сипатталған ахлақи әрі тәлім-тәрбиелік шығарма деп атауға болады. Сағдидің әлемге әйгілі келесі туындысы «Гүлстанды» көптеген адамдар парсы әдебиетінің ең ықпалды прозалық шығармасы санайды. Бустан жарық көргеннен бір жылдан кейін жазылған Гүлстан әлемнің әдеби жауһарларының бірі саналады. Бұл кітапты автор түсінікті қара сөзбен өлең жолдарымен араластыра отырып, жазған. Сағди кіріспе мен 8 баптан тұратын еңбегінде түрлі хикаяларды баяндау арқылы қоғамдық өмірдің жақсылықтар мен жамандықтарына оқырманның көзін ашады. Сағдидің Гүлстандағы әңгімелеу өнері барлық оқырманды өзіне баурап алып, оқыған адамды жалықтырмайды. Гүлстан, шын мәнісінде, Сағдидің өз дәуіріндегі қоғамының айнасы іспетті. Онда мәдени және қоғамдық жағдай Сағдидың өзіндік поэтикалық өнерімен бейнеленген. Гүлстанның «Падишахтардың сипаты» аталатын бірінші бабында айтылған «барлық адам бір ағзаның мүшелері және бір гауһардан жаралған» деген атақты өлең жолдары гуманитарлық мазмұнына байланысты бүкіл әлемнің назарына ілікті. Бұл өлең жолдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі кеңсесінің кіреберісінде насталиқ қарпімен жазылған. Коронавирус індеті кең етек алған бұл күндері әлемнің жоғары лауазымды тұлғалары Сағдидың осы адамгершілік, түсіністік пен бір-біріне көмек туралы өлеңін тілге тиек етуде. Даналық, қабілет, әлеуметтік, мистикалық және әдеби тәжірибенің қазынасы болып табылатын сөз ұстазы Сағди Ширази қамари жыл санағы бойынша 695 жылы дүниеден озды. Сағдидің кесенесі Шираз қаласында «Саадие» деп аталатын жерде орналасқан. Даулет шах Самарқанди «Тазкара әл-Шоара» еңбегінде былай деп жазады: «Сұлтандар, басшылар, үлемдер шейхті зиярат ету үшін осы мекенге келіп кетеді». Бұл мекен қазір - Сағдидің кесенесі, ирандықтар мен парсы мәдениеті мен әдебиетін жақсы көретін бүкіл әлем халықтарының зиярат ететін мекені. Балзия БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, Ирантанушы, парсы тілінің аудармашысы qazaquni.kz