ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ КЕРЕК - Жетпісбай Бекболатұлы
2020 ж. 22 сәуір
2170
0
Тәуелсіздік алған күннен бастап қазақ тілінің мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген емес. Ана тілімізді еркін, кең көлемде қолданысқа енгізу алынбас қамалға айналды десек қателеспейміз.Қоғам белсенділерінің осы жөніндегі айғайына жоғары жақ құлағын бітеп алған секілді. Қазақ елі болғаннан соң қазақ тілінің мәртебесі ерекше болуы, дәрежесінің биік тұруы дау тудырмас ақиқат.Бірақ соны түсінбейтін, түсінсе де көптеген мемлекеттік қызметкерлердің мойындағысы келмейтіні де шындық. Қоғам қайраткері, белгілі ақын Қазыбек Иса бастаған бүгінгі бастама көпшіліктің қолдауын тауып жатқанын көріп отырмыз. Қолдаушылардың саны бір аптада жүз мыңға жетеғабыл болып қалды. Ол әлі де жалғасатынына сенімдімін, өйткені бұл әрбір қазақтың көкейінде жүрген маңызды мәселе. Тіл жанашыры ретінде қолдау көрсетіп, осы орайда мен де өз ойымды ұсынғанды жөн көрдім.
Тіліміздің ресми дәрежесі оның мемлекеттік мәртебесін көтеру арқылы бекітілуі керек және бұл бағытта игі ниетпен қатар нақты, практикалық іс-шаралар қолға алынуы тиіс. Қазақ тілінің мемлекеттік мекемелерде қолданысқа енуі өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына таман ұлттық қозғалыстың жаппай етек алып, билікке саяси талаптар қоюының әрі осының нәтижесінде арнайы заң қабылдануының арқасында мүмкін болды. Мәселен, Алматы қаласында 1990 жылдың басында мемлекеттік тілді енгізумен айналысатын аудармашы-редактор лауазымы белгіленіп, бұл қызметті таланты ақын, тәржімашы, Абайды француз тіліне аударған Ғалымжан Мұқанов атқарды. Ол шығармашылық жұмысқа ауысқан 1991 жылдың қарашасынан 1994 жылдың қарашасына дейін бұл міндет маған жүктелді. Қалалық әкімшілікке келер алдында облыстық газетте, «Жазушы» баспасында, ҚазТАГ-та аудармадан бірқауым тәжірибе жинақтап, сол кезгі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде журналистикадан дәріс оқығандықтан тілімізге мемлекеттік мәртебе берудің іс жүзіне асырылуына шенеунік емес, маман көзімен қараудың, білек сыбана араласудың сәті түсті. Қала басшысы Заманбек Нұрқаділовтің өкімдері мен шешімдерін, басқа да нормативтік-құқықтық актілерді аударудың тәртібі белгіленді, стиль мен терминология мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Мұнымен қатар қалалық әкімшіліктің алқа хатшысы Сапура Жүсіпова мен хаттама секторының меңгерушісі Мағрипа Құлсейітованың басшылығымен қаладағы аудан әкімшіліктеріне аудармашы маман іріктеліп, Алматы қаласы мен облысының жауапты қызметкерлеріне мемлекеттік тілді орнықтыру жөніндегі семинарлар өткізіліп тұрды. 1993 жылдың басында Алматы қаласында қазақ тілін мемлекеттік мекемелерде енгізу кестесі жасалып, баспасөзде жарияланғанды. Көп кешікпей «Лад» сияқты ұйымдар тарапынан қазақ тіліне қарсы шу көтеріліп, оның нәтижесінде Қарамановтың атақты қаулысы дүниеге келді. Сөйтіп, үлкен құлшыныспен басталған іске тосқауыл қойылды.
Осы түйткілдер көңілге кірбің түсіргені рас. Жалпы, тоқсаныншы жылдардың басындағы қазақ зиялыларының ұлттық құндылықтарды өмірге енгізуге деген ұмтылысы ересен-тін. Сол кездері 45-60 жастағы ағаларымыз бен апаларымыз ана тілімізде ғылым салалары бойынша жаппай оқулықтар жазып, сөздіктер түзді, ұлттық мейрамдарды халық болып тойлаудың басы-қасында жүрді. Олардың жанқиярлық еңбегі көп жағдайда еленбеді деуге болады. Бұл ретте жауырды жаба тоқымай, ресейшіл билік қазақ тілінің мемлекеттік функцияны толыққанды атқаруына бөгет жасағанын ашық айтуға тиіспіз. Қордаланып қалған мәселердің шешімдеріне қатысты ойларымды сол кездегі Үкімет төрағасының орынбасары Т.Жүкеевке қызметтік жазба түрде жөнелттім. Сонымен қатар 1994 жылғы 23 маусымда «Панорама» газетінде «Придание русскому языку государственного статуса преждевременно», 19 шілдеде «ЭкспресК» газетінде «Языковая политика: реальность, которая будет мстить!» деген проблемалық мақалалар жарияладым. Бірақ, баяғы жартас-бір жартастың кебі болды.
Міне, содан бері ширек ғасырдың жүзі болып қалыпты. Алайда, ахуал баяғы қалпында. Заңдар, өзге де нормативтік-құқықтық құжаттар орыс тілінде жазылады да әр мемлекетік мекемедегі аудармашы маман оларды қазақ тіліне тәржімалайды. Тіліміздің құжат айналымындағы мемлекеттік функцияларды толыққанды орындай алмауына міне, осы жағдай кінәлі деп ойлаймын. Іс қағаздарын екі тілде жүргізу жөніндегі талап қағаз жүзінде ғана орындалып, мекемелердегі аударма бөлімдері көпшіліктің көзін байлап келеді. Сондықтан бұл құрылымды таратып, іс-қағаздар тек қана қазақ тілінде жүргізілуі қажет.
Тығырықтан шығудың жолы мемлекеттік қызметке қазақ тілін еркін меңгерген кадрларды алу керек. Бұл талап кім-кімнің де құқығын шектемейді, қайта қазақ тілінің конституциялық мәртебесін жүзеге асырудың тиімді тетігі болып табылады.
Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің профессоры
Қазақ үні