Ң әрпінің таңбалануы жайында
2020 ж. 20 сәуір
1303
0
Қазір лингвист ғалымдарымыз неміс ғалымы В. Гумбольдтің: «Тілді байланыс құралы есебінен гөрі тағдыр мен пешене ретінде қарау керек»,-деген сөзін жиі еске алып жүр. Себебі, ғалым айтқандай, қазіргі уақыттағы қазақ тілі жазуының латын әліпбиіне көшуі тіліміздің болашақ тағдырын айқындайды. Біз үшін тіліміздің тағдыры жаңа қазақ әліпбиінің дұрыс түзілуімен тікелей байланысты. Сондықтан да осы уақытқа дейін қанша әліпби жобасы талқылауға түскенімен, бұл мәселенің нүктесі әлі қойылар емес.
Қазіргі таңда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары мен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдарының жобасындағы артықшылықтар осыған дейінгі пікір қайшылығының біразын оң бағытқа шешті. Дегенмен кейбір әріптердің таңбалануына, оның ішінде ң әрпінің латын графикасында таңбалануына қатысты әртүрлі пікір айтылып та, жазылып та жүр.
Қазақ жазуының латын әліпбиінде таңбалануын бекітіп беру бір күннің не бір жылдың жұмысы емес. Мысалы, түрікмен әліпбиі, оның ішінде ң әрпінің таңбасы бірнеше рет өзгерді. 1993 жылы ң әрпі алдымен ng-мен таңбаланды. Көп ұзамай ол тильдамен жазылатын Ññ түріне ауысты, ал 2000 жылдан бастап Ňň гачек диакритикалық белгісімен жазыла бастады. Өзбек әліпбиінде алғаш 1928-1940 жылдары Ŋŋ, ал 1993 жылы кирилден латынға көшкенде Ññ тильдамен жазуды таңдаса, қазіргі әліпбиінде ng әріп таңбасына тоқталып отыр. Ал қарақалпақ тілі латын әліпбиінде алдымен ң әрпін Ňň гачек диакритикалық белгісімен алса, қазір Ńń акутпен жазуға көшті. Интернетке арналған татар әліпбиінде аталған әріп таңбасы N' апострафпен алынды, яғни туыстас түркі елінің қайсысы болса да, ң әрпін таңбалаудың бірнеше нұсқасын жазу тәжірибесінен өткізіп, дұрыс деп тапқанын әліпбиде қалдырды.
Көпшілік талқылауынан өтіп жатқан жаңа қазақ әліпбиінің жобасында ң әрпінің таңбасына Ŋŋ алынған. Бірақ жобамен танысып, ұсыныс айтушылардың біразы басқа да пікір білдіріп жатыр. Олардың Ŋŋ таңбасын қолдамаудың себебі – оның түр сипатындағы өзгешелігінде. Ң әрпін Ññ тильда диакритикалық белгісімен беруді қолдаушылар Нн (Nn) әрпіне ұқсастығы үйренушілердің жылдам есте сақтауына көмектесетінін, көзшалымға жеңіл болатынын айтады. Біздіңше, бұл пікірді қуаттамауға себеп баршылық. Біріншіден, әліпбиде диакритикалық белгімен берілген әріптер онсыз да жеткілікті (Ә-Ä, Ө-Ö, Ү-Ü, Ғ-Ğ, Ұ-Ū, Ш-Ş). Ұлттық дыбыстарымызды жоғалтпас үшін, дыбысты бір ғана таңбамен белгілеу үшін диакритикалық белгіден бас тарта алмайтынымыз рас. Бірақ әріпті тұтас жазу мүмкіндігі болып тұрғанда, артық белгінің қажеті қанша?! Екіншіден, басқа тілдерде тильда диакритикалық белгісінің атқаратын қызметі бар. Мысалы, испан тілінде орыс тіліндегі жіңішке нь-ге жуық дыбысты білдірсе, португал тілінде мұрынжолды дауысты дыбысты білдіреді екен. Ал біздің тілімізде ң дыбысы үндесім заңына қарай жуан да, жіңішке де болып айтыла береді, сонымен бірге бұл дыбысты
мұрынжолды дауысты дыбыс қатарына да жатқыза алмаймыз. Үшіншіден, қазіргі таңда тілдік ортада ң-ды дұрыс дыбыстай алмай, н дыбысымен айту жиі кездеседі және бұл тіліміздегі сөздердің лексикалық мағынасына, орфоэпиясына үлкен кеселін тигізетіні сөзсіз. Жаңа қазақ әліпбиінде ң әрпін бір ғана диакритикалық таңба айырмашылығымен таңбалайтын болсақ, н мен ң дыбыстарын айыра алмайтын жазарман тек қана Nn әріп таңбасын қолдануды дағдыға айналдыруы мүмкін. Ал ол болашақта тіліміздің ерекшелігін танытатын төлсипатқа ие дыбысымыздан айырылып қалуымызға әкеліп соғатынын айтпасақ та белгілі.
Қорытар болсақ, жоғарыда айтылғандар тың жаңалық емес екені рас. Дегенмен ң дыбысын н дыбысынан дұрыс ажырата алу мүмкіндігі үшін, қолды үзбей, әріпті тұтас жазу қолайлылығы үшін, қолданыста қалыптасқан кирилдегі таңбалануынан аса алшақтығы болмағаны үшін жобадағы ң әрпіне Ŋŋ таңбасының алынғандығын қолдайтынымды білдіргім келеді.
Бақытгүл Ысқақ,
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына»
ұлттық ғылыми-практикалық орталығының
жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты