Шардараның ескі мұраларын естен шығармайық...

 

Еліміз елдігін ұлықтап, жоғын түгендеп, жоғалтқанын қайта таба бастады қазіргі күні. Тарихымыз бен салт-дәстүрлеріміз жаңа қырынан қайта жазылып зерттелуі санамызды жаңғыртса, заттық мұраларымыз мақтанышымызға айналуда. Ал бұл әңгімемізді Шардара көлеміндегі мақтанышымызға айнала алмай, өз бағасын алуға үлгермей отырған көне тарихи жәдігерлер хақында өрбіткенді жөн көрдік. Себебі аймақтағы ескі қалашық орындары мен ескерткіштер бұзылып, жоғалып кету алдында тұр. Шардара ауданы Оңтүстік Қазақстан аумағын тіліп өтетін көне Сырдың оң жағалауынан бастап сол жағасында, сары дала Қызылқұмды жайыла орналасқан бірден-бір өлке болып табылады. Қазақстанның оңтүстігіндегі қақпа іспеттес Шардара аумағының тарихы тереңде жатыр. Оған дәлел өлкеден зерттеліп табылған көне ескерткіштер. Атап айтар болсақ, Шардара жерінің тарихи мұралары десе бірден еске түсетін баға жетпес Жаушықұм, Төребай тұмсық, Жамантоғай қорымдары, орта ғасырларда мәдениет пен сауданың ошағы Сүткент, Ұзын ата, Сейт төбе, Көксутөбе, Ақтөбе 1,2 қалашықтары, Шардара елді мекенінің орындары, қайталанбас ескі архитектуралық нышан Ұзын ата мазары. Аталған ескеркіштердің барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-60 жылдары зерттелумен шектелген. Алайда осы аймақтағы тарихымыздан сыр  шертетін, мәдениетімізді көрінісі саналатын көне археологиялық, мәдениет ескерткіштеріне бүгінгі таңда аз да болса көңіл бөлінуде ме? Оларды еске алып, зерттелуіне мән беретін жергілікті құзырлы орындар немесе арнайы мамандар бар ма? Аудан көлеміндегі көне археологиялық ескерткіштердің зерттелуіне қысқаша тоқталып кетер болсақ,  1900 жылы орыс зерттеуші-саяхатшысы Н.В. Руднев Сырдарияның сол жағалауында жүріп өткен барлау жұмыстары нәтижесінде Байырқұм, Сүткент т.б. ескерткіштер туралы мәліметтер берген еді. Шардара жеріндегі одан кейінгі арнайы зерттеу жұмыстары белгілі археолог ғалымдар А.Н. Бернштам мен Г.И. Пацевичтің қайраткерлігімен жалғасты. 1950-51 жылдары олар Шардара елді мекенін, Байырқұм, Сүткент, Сейт төбе, Ұзыната қалашықтарын зерттеп, жобасын қағазға түсірді. Аталған орта ғасырлық ескерткіштер есепке алынып, тарихи-топографиялық құрылымдары анықталғанымен, арнайы қазба-зерттеу жұмыстары мүлде жүргізілмеген. Шардара алқабындағы археологиялық ескерткіштердегі жаңа қарқындағы зерттеу жұмыстары 1959-63 жылдары Шардара су қоймасының салынуымен байланысты болды. Орыс ғалымдары Максимова, Мерщиев, Вайнберг, Левина қола, ерте темір дәуірі мен ерте орта ғасырларда тұрғызылған Жаушықұм, Ақтөбе, Төребай тұмсық, Жамантоғай секілді қорымдарды, Ақтөбе 1,2, Жаушықұмтөбе қалашықтарын ашып зерттеген еді.  Су астында қалған бұл мұралар туралы сол жылдары жоғарыда аталған ғалымдардың бірлескен «Ежелгі Шардара» атты баға жетпес еңбектері жарыққа шықты. Зерттелген қорымдар туралы ғалымдар ертеде бұл жерлерде мекен еткен тайпалар жөнінде көңілге қонымды деректер береді. Сонау көне дәуірден ескерткіштерді ғұн, қаңлы тайпалыры мекен еткендігін атап өткен. Қазіргі тарих-археология ғылымында әлі де шешімін толықтай таппаған бұл мәселелер ескерткіштердің зерттелмеуі нәтижесінде сол күйінде қалып отыр. Егер әки, көне мұраларымызда кешенді зерттеулер жүргізетін болсақ, теңдессіз жаңалықтарың ашылмауына кім кепіл? Бұл жер тарихын зерттеу арқылы ашылған жаңалықтар, шартарапқа атақты ел мақтанышына айналар ма еді? Бұған дейінгі, ауданымызбен шектес аймақтарда, тарихтағы жетіжар, қауыншы,  арыс мәдениеттері, атақты ашылымдар «Есік Алтын адамы» секілді әлемдік ғылыми жаңалықтар түпкілікті қажырлы еңбектің, тыңғылықты зерттеулердің арқасында белгілі болды. 2009 жылы Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің археолог-ғалымы Д. Тәлеев Сүткент қалашығының орталық бөлігінде барлау қазбасын жүргізді. Дегенмен бұл жұмыстар да кешенді зерттеу деуге келмейді. Сүткент қалашығы Ұлы жібек жолы бойындағы Сырдарияның сол жағалауындағы көлемі мен маңыздылығы жағынан да бірегей ескерткіш. Бұл дегеніміз Сүткент ерте кезеңнен мәдениет пен өркениеттің ошағы болғандығының аймағы. Әлі де болса қала қай кезеңнен толықтай өмір сүруін бастағандығы ғылымда белгісіз. Біршама ғалымдар, қалашықтың оғыз тайпаларымен байланыстырады. Бұлай бола қалған жағдайда, қазіргі бүкіл түркі жұртының мекені саналатын Қазақстан аумағы, түркілік идея тағы бір жаңалықпен толығар еді. Демек, Сүткент әлемдік тарихтың бір бөлшегі ретінде мақтанышымызға айналары сөзсіз еді. 2009, 2010 жылдары Сырдария университетінің бастамасымен белгілі археолог, т.ғ.д., профессор Мадияр Елеуов Шардара су қоймасы шайып жатқан Мақтарал ауданы территориясындағы Үтіртөбе қалашығында арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп құнды материалдар алды. Екі-үш жылғы зерттеумен тоқтаған Үтіртөбе қалашығы бүгінгі күні бұрынғы кейпіне қайта енді, су шайып, бұзылып, құрып барады. Шардара аумағында бүгінгі таңға дейінгі зерттеулер нәтижесінде 13 ортағасырлық қала, елдімекендермен қатар бірнеше көне қорымдар тобы, архитектуралық ескерткіш қатарына жататын мазар анықталып отыр.  Алайда бұл мәліметтер кезінде орыс ғалымдарының зерттеу жұмыстарының нәтижелерінде анықталғандары ғана. Бүгінгі күні белгісіз тағы да ескерткіштерді анықтау мақсатында барлау жұмыстары жүргізілуі қажет деп ойлаймын. Соның нәтижесінде әлі де белгісіз тарихи ескерткіштердің табылуы мүмкін. Оларды арнайы есепке алып сақтап қорғауға тиіспіз. Онсыз да Шардара аумағы өткен ғасырдың ортасынан бастап Оңтүстік Қазақстан территориясындағы суармалы егіншілікпен айналысатын негізгі аудандардың біріне айналған болатын. Егістік алқаптарының салынуы нәтижесінде ескеркіштердің көпшілік бөлігі мүлдем жойылып кетті. Онымен қоса стратегиялық нысан есептелетін «Шардара су қоймасының» астында бірнеше қала мен көптеген көне қорымдардың қалғандағы белгілі. Ендігі кезекте ең болмағанда барымызды сақтап қалуымыз керек қой. Бізге дейін ата-бабамыздан сақталып келген бұл мұраларды шамамыз келгенше болашақ ұрпаққа жеткізу сіз бен бізге аманат. Осы баға жетпес ескерткіштерімізді зерттеп, жаңғырту мен дәріптеу арқылы өскелең ұрпақтың да өз мәдени мұраларына деген қызығушылықтарын оятар едік. Қазіргі күні бұзылып жатқан әр төбенің тарихымыз үшін қандай маңызды екенін жастар түгілі қарапайым халық та ұғына бермейді. Табиғи-экологиялық апаттан бөлек, төбелердің көбісінің үстінде қазіргі заманғы зираттар тұрғызылған. Осынау мәселелерді облыстық, республикалық дәрежеде көтеріп, шешімін табуымыз қажет. Аудан басшысы, мәдениет басқармасы, ескерткіштерді қорғау инспекциясы, аудандық білім басқармасы облыстық құзырлы орындар мен оңтүстіктегі жоғары оқу орындарының көмегі негізінде аудан территориясындағы ескерткіштердің бірін университет, институттардың археологиялық оқу-зерттеу базасына айналдыру туралы ұсыныстар көтерсе, жергілікті жас ұрпақтың да өз жерінің тарихы мен мұраларына деген қызығушылығы артар ма еді деген ойдамыз. Мысалы, Жамбыл облысы, Шу ауданындағы ортағасырлық Баласағұн қалашығы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің зерттеу базасы. 1970 жылдардан бастап бұл нысанда ғалымдар мен қатар студенттер оқу-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Өз жеріміздің тарихын басқа біреу бізге ұлықтап бермейді ғой. Осы шаралар негізінде қызығушылығы артқан балалардың кейін осы аумақтың мол мәдени мұраларын зерттемесіне кім кепіл, қандай кедергі болады деп ойлайсыздар? Осындай заттай мәдени мұраларымыз – рухани мұралардың негізі. Демек, ұлттық сана мен білімділікті қалыптастырудың тағы бір факторы. Яғни, білім, ғылым, мәдениет пен тарих саласына жастарды тартудың негізгі құралдарының бірі. Осы күндері кездейсоқ немесе қазіргі кезде зират құрылыстарын салу барысында табылған ескі тарихи заттар орталықтанған жерге өткізілмейді, далада су не мал аяғы астында бұзылып жатады. Осы мәселерді қарапайым халық та ұғынуы тиіс, ол жерлерде бұрынғы елді мекендер мен қала орындары болған. Табылыған заттарды кез-келген адам мұражайларға тапсырулары тиіс. Көрсе көз тоймайтын көне жәдігерлер мұражай сөрелерінде тізіліп тұрса не деген байлық десеңізші. Біз жұмыс бабымен (мамандығым тарихшы-археолог М.П.) Қазақстанның біршама аймақтарында болдық. Тек қалаларында емес, тура сол аудан орталықтары мен шалғай ауылдарында. Сонда көргеніміз барған жерлердегі керемет мұражайлар. Бізде ауыл түгілі, Шардара қаласындағы мұражайдың күйі жұпыны. Кезіндегі аудан басшысы С. Ибадуллаевтың қайраткерлігімен тұрғызылған кішкентай мұражай сол қалпында тұр. Бүгінге дейін оның көлемінің үлкейіп, тарихи жәдігерлермен толысып жатқаны шамалы. Біле білсек өлке тарихымен шеттен келген кісілер, тіпті жергілікті жас ұрпақ мұражайдан көріп танысуы керек, сонымен мақтануы керек. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ сол мұражайды аудан халқының бірі білсе бірі білмейтін де шығар, кіріп көрмеген де шығар... ойбай ауданда туризм саласы ақсап тұр деп шулаймыз ау, бұл да келген жұртқа көрсетер бір мұра болып қалар еді, дамытсақ... Ауданымыздың қазіргі жаңа әкімі, осы өңірдің түлегі Камытбек Айтөреев осы мәселерді қаперінде ұстап, шешіп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Күйбең тіршіліктің соңында жүрген барлығымыз үшін бұл мәселелер маңызды болып көрінбеуі де мүмкін. Алайда, баршамыз өткенімізді, ата-бабаларымыздың аманат еткен мұрасын ұмытумызға хақымыз жоқ деп білемін. Сондықтан да, бір сәт бұл жайында да ойланып көрелік ағайын!

 

Мұсырманқұл Пердехан,

Астана қаласындағы

Түрік академиясында

ғылыми жоба орындаушы