"АЛТЫН ДОМБЫРА" МҰХТАР НИЯЗОВҚА БҰЙЫРДЫ

Жақында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігінің тікелей бастамасымен «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ Астананың Конгрес холл сарайында «Біздің ел осындай!» атты респуб­ликалық ақындар айтысын өткізді. Айтысқа Қызылорда және Өскемен қалаларында өткен алғашқы және екін­ші айналымдарында топ жарған айтыс­керлер ғана қатысты. Екінші ерек­ше­лік – осы айтыста жеңімпаз атанған айтыскер «Алтын домбырамен» мара­пат­талды. «Алтын домбыра» Қазақ­с­тан Республикасы Ұлттық банкі­нің 999 про­балы 1 килограмм алтынмен аптал­ды. Бұл айтысқа халыққа кеңінен таны­мал Балғынбек Имашев, Сара Тоқта­мысова, Жандарбек Бұлғақов, Әсем Ережеқызы, Мейірбек Сұлтанхан және Мұхтар Ниязовтар қатысты. Жұп­­тар жеребе тастау арқылы анықта­лып, ақтық сынға көп ұпай жинаған Мейірбек Сұлтанхан және Мұхтар Ния­зов шықты. Айтысқа төрелік жасаған халық ақын­дары Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбеков, ақын Ақұштап Бақтыге­реева және Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткері, ақын, публицист Жүр­сін Ерман Мұхтар Ниязовты жеңімпаз деп тапты. Жеңімпаз Мұхтар Ниязовқа бас жүлде «Алтын домбырамен» қатар 3000000 теңге ақшалай сый­лық берілсе, екінші орын алған Мейірбек Сұлтан­ханға 1500000 теңге табысталды. Жан­дарбек Бұлғақов 1000000 теңге ақшалай сый­лықпен үшінші орынды иеленді. Қал­ған үш айтыскер 750000 теңге ын­таландыру сыйлығына ие болды. Атап өтетін негізгі жайт, жеңімпаз ақын «Алтын домбыраны» иелену үшін бұдан кейін өтетін республикалық айтыс­ты екі рет жеңіп шығуы қажет.