“ЖАН ТУЫСТЫҒЫН ЖОҒАРЫ ҰСТАҒАН АЗАМАТ”

 

 “ҚАН ТУЫСТЫҒЫНАН, ЖАН ТУЫСТЫҒЫН ЖОҒАРЫ ҰСТАҒАН АЗАМАТ”

немесе "Исабеков әлемі" жалғасуда

Фестивальдің соңын іле-шала 26 қазанда Астана қаласы­ның әкімі Иманғали Тас­ма­ғамбетовтың шақыруымен Конгресс-Холлда жазушы-драматург Дулат Иса­бековтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Исабеков әлемі» атты шы­ғармашылық кеш өтті. Қазақ мәдниетінің ошағы сана­латын Алматы қаласында басталған мереке астанамыз Астанада жалғасты. Бұның алдында ғана жазушы Төлен Әбдіковтің 70 жылдық мерейтойына орай шығармашылық кешін өткізген Астана жұртшылығы бұл жолы да сол ынта-ниеттерінен айнымай, Құрбан Айт мерекесімен тұспа-тұс келгеніне де қарамастан халық көп жиналды. Кешті Қазастанның Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты Тұңғышбай Жаманқұлов жүр­гізіп отырды. Фестиваль кезінде еш­қайсысы қара көрсетпеген Үкімет бас­шыларынан Мәдениет және Ақ­парат министрі Дархан Мыңбай мырза келіп, Президент Н.Назар­баевтың құттықтау хатымен кештің шымыл­дығын ашты. Мұнан кейін сөз алған Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұр­пейісов ағамыздың жарты сағаттық баяндамасы тыңдалды. Ауруханада емделіп жатқан ағамыздың бір күн бұрын дауысы да шықпай қалған екен. Бірақ жазушы інісіне деген ағалық құрметі дәрігерлерді бір күннің ішінде аяқтан тұрғызып, қолдарынан келер бар ем-домдарын жасатуға, сөйтіп ертеңіне келіп сахнада сап-сау күнін­дегідей баяндама оқуға жеткізді. Сөзі де, ісі де мығым Ә.Нұрпейісов ағамыз баяндамасын сонау 60 жылдары әде­биет әлеміне аяқ басқан жазушылары­мыздың бүгінгі күнге дейін жасаған нық қадамдары мен жаңалықтарына, асу белестеріне шолу жасай келіп, со­лардың ішіндегі жанына жақын тұ­татын, іні-жазушы Д.Исабековтің шы­ғармашылық әлемін, болмысын дара­лай талдап өтті. Әншейінде ұзақ-сонар баяндаманы тыңдауға құлқы соға бер­мейтін қарапайым жұртшылық тырп етпестен жазушының оқыған әрбір сөзінің астарына үңілді де отырды. Мұнан кейін Ш.Айманов атындағы АҚ «Қазақфильм» киностудиясы мен «Қазығұртфильм» киностудия­лары­ның бірігіп түсірген «Исабеков әлемі» атты деректі драмасының алғашқы көр­сетілімі болды. Фильмді бұған дейін «Абай» атты бес бөлімнен тұра­тын деректі драманы түсірген ре­жиссер Н.Садығұлов түсіріпті. Фильм­нің продюсері – С.Әбдіхалықов. Фильм формасы мен стилі жағынан өзі­міз көріп үйренген деректі фильм табиғатынан өзгеше екенін айта кету керек. Алматы қаласында өткен ха­лықаралық театр фестивалі Д.Исабе­ковтің драматургиясына саяхат есепті болса, ал Астана жұртшылығына ұсы­нылған аталмыш фильм жазушының балалық шағынан бастап драматург дәрежесіне жеткенге дейінгі өмір жолын шығармашылығымен байла­ныстыра отырып, «Бодау», «Тала­хан–186», «Дермене», «Гауһар тас», «Біз соғысты көрген жоқпыз», «Тір­шілік», «Сүйекші» сияқты басты-басты повесть-әңгімелерімен қатар «Әпке», «Бонапарттың үйленуі», «Мұрагерлер» сияқты драмалық шығармаларының да туылу тарихына автордың өмірде басынан өткерген оқиғаларымен бірге өріле отырып көрсетіледі. Фильмде сондай-ақ, бала Дулаттан студент, солдат Дулат, жазушы Дулат, драма­тург Дулатқа дейінгі жазушының әр жастағы бейнесін жас актерлердің ойнауынан көре аламыз. Жазушыны танығың келсе, шығармашылығын оқу керектігін, оның әрбір шығармасының әрбір бұлтарыс-қалтарыстарында өмірінің шындығы жататындығына куә боласыз. Фильм сонысымен де құн­ды. Өмірі мазмұнды адамның шы­ғармашылығы да, ол тудырған туынды­лары да сондай салмақты, қызғылықты болмақ. Фильмді тамашалап отырған көрерменнің де көңіл-күйі әрқилы толқу сәттерін басынан өткергенін байқап отырдық. Кештің келесі бөлімі ҚР Еңбек сі­ңірген қайраткері А.Үлкенбаева, Ха­лықара­лық фестивальдің жүлдегер­ле­рі Ү.Шетебаева, А.Шалқар, Мем­ле­кет­тік «Серпер» жастар сыйлығының лау­реаты Т.Асар, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері А.Жорабаева сынды елі­мізге белгілі әрі жазушының сүйіп тыңдайтын әншілері мен апалы-сіңілі сиқыршы Алтынай және Ләззат Бай­тоқановалардың концерттік бағдарла­маларымен ұласты.

«Дулат Исабеков феномені»

М.Әуезов атындағы ғылым акаде­миясы қазан айының 30-да «Дулат Исабеков феномені» атты тақырыпта ғылыми конференция өткізді. Кон­ференцияда Д.Исабековтің драмалық шығармаларына, оның ішінде 10-16 қазан аралығында өткен Халықаралық театр фестивалінде көрсетілген спек­такльдерге талдау жасалып, баян­да­малар оқылды. Филология ғылым­да­рының кандидаты, әдебиеттанушы А.Қалиева, Өнертану кандидаты М.Жақ­сылықова, Өнертану кандидаты А.Мұқан сияқты академияның ғылыми қызметкерлері баяндама, талдауларын жасап өтті. М.Әуезов атындағы акаде­миялық драма театрының көркем­дік жетекшісі, режиссер Е.Обаев сөз алып, Е.Біләл, Г.Шыңғысова сияқты актерлер «Жаужүрек» спектаклінен үзінді ойнап жалғастырды. Жазу­шы­лар Одағының «Драматургия» бөлімін басқарып отырған жазушы, драматург С.Балғабаев өз сөзінде «Исабеков әлемі» атты халықаралық театр фес­ти­валінің қазақ әдебиеті мен театрының тарихындағы елеулі оқиға екенін, осын­­дай іс-шараның болашақ жас драматургтерге шабыт беретінін айта кетті. Ғылым академиясының дра­матург шығармашылығына арнап «Д.Исабеков феномені» деген атпен өткізген ғылыми конференциясы театр­танушы, әдебиеттанушы жас ғалымдар мен студенттерге берері мол айтулы кеш болды.

Оңтүстік төріндегі  «Исабеков әлемі»

«Исабеков әлемі» атты керуен 9 қа­зан күні Шымкент қаласына, 10 қазан­да жазушының туған өлкесі Арыс қа­ласына да келіп жетті. Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қа­зақстан драма театрында өткен жазу­шының шығармашылық кеші Пре­зиденттің құттықтау хаты мен облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің сөзімен ашылды. Кешке жазушының қаламдас, замандас досы жазушы-драматург Төлен Әбдік те келіп, өзінің достық лебізін білдіріп өтті. Сондай-ақ, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қазыбек Иса «Исабеков әлемі» атты өлеңін, жазушы Мархабат Байғұт, сықақшы Көпен Әмірбек сын­ды іні-достары да сөз сөйлеп, өздерінің өлеңдерін арнап жатты. Оңтүстік жұртына да «Исабеков әлемі» атты деректі драма көрсетіліп, кеш соңында жазушының спектакльдеріндегі кейіп­керлері шығып, жазушыны бір құшақ гүлге көмкере сахнаға алып шық­ты. Кеш соңында жазушы Оң­түстік жұр­ты­на, оқырманына, облыс әкімшілігіне үлкен алғыс білдірді. Дәл осы күні кешкісін ОҚО әзіл-сықақ және сатира театрында Д.Иса­бековтің «Бонапараттың үйленуі» ат­ты спектаклінің көрсетілімі болды. Спектакльдің қоюшы-режиссері әрі театрдың көркемдік жетекшісі Мақсат Айтжанұлы жас та болса талантты әрі алғыр режиссер екенін байқатып өтті. Әзіл-сықақ театрының Ж.Ақшора бастаған Н.Әбдіжалил, Ғ.Қалыбаев, Н.Құлшынбаев, Г.Сазанбайқызы, М.Оразметов, Е.Тәшімбетов, Д.Абдиев, Ғ.Қаппаров сияқты жас актерлер құрамы актерлік ойнау шебер­лікте­рімен ерекше көзге түсті. Актерлердің ойнау шеберліктерінде әзіл-сықақ театрына тән ойынды, сөз ойнату, ым-ишараны көре алдық. Спектакль соңын­да сөз алған Д.Исабеков қойы­лым­ның көңілінен шыққанын, фести­вальден кейін сахнаны сағынып жүр­генін және фестиваль кезінде Санкт-Петербург театрының «Құстар фес­тивалі» қойылымынан соң орыны ой­сырап қалған олқы тұсын «Бонапа­рт­тың үйленуі» спектаклі толықтырып өткендей болғанын жасыра алмады. Қазақы әзілі мен юморы мол комедия­ны актерлар да өмірдің дәл өзіндей ойнап шығып, көрермендерді күлкіге қарық қылды. Арыс қаласы да туған топырағынан түлеп ұшқан Д.Исабеков сынды ар­дақ­ты азаматының мерейтойын тойлауға белсене кіріскен екен. Қалаға кіре бе­ріс тоғыз жолдың торабына саңлақ са­тирик, жазушы-драматург Садықбек Адымбековтің туылғанына 90 жыл және жазушы, драматург «Дулат Иса­беков 70 жаста» деп үлкен жарнама-тақтаға суреттерін іліп үлгеріпті. Қала­ның іші де жазушының мерейтойымен құттықтаған безендірулерге толы. Осы­дан-ақ қала әкімдігі мен ел-жұрты­ның жазушы ағаларының мерейтой­лық кешіне зор ықыласпен дайын­далып жатқандарын байқауға болады. Сайланғанына көп бола қоймаған Арыс қаласының жаңа әкімі Сейіт Ертай өзінің көрегендігін байқатып, інілік лебізбен жазушы ағасына арнап «Арыс ақиқаты» атты қалалық газетке «Қан туыстығынан жан туыстығын жо­­ға­­ры ұстаған азамат» деген тақы­рып­та мақала жазған екен. Тақыры­бы­ның өзі мазмұнын ашып тұрған мақа­ла­да Дулат ағасының шығармашылы­ғымен етене таныс екенін, Халық жа­зу­шысы Ә.Нұрпейісовтің, мәдениетта­нушы, сыншы Ә.Бөпежанованың, сыншы Ә.Меңдекенің жазған мақала­ларынан пікірлер келтіре отырып, өз ой топ­шы­лауын да жеткізеді. Сөз соңында Сейіт Ертай інілік жүрек­жарды тілегін «…Қал­ғыған қазағымыз­дың намысын қам­шылап, жаңа шығар­ма­лар жаза беріңіз. Сіздің тойыңыз – біздің тойы­мыз!» деп аяқтайды. Осын­дай қазақ­тың қара сөзінің қадірін бі­лер азамат басқарып отырған Арыс өңірінде руханиятқа, әдебиетке көңіл бөлмеу мүмкін де емес. Қала әкімі жұрт­шылық алдында әзілі жарасқан қаламдас, за­мандас Дулат Исабеков пен Төлен Әб­дік екі ағасын 70 жылдық мерейтойла­рымен құттықтап, шапан жапты. Алаш­тың тойындай өткізген кештің мазмұнында әсіре мақтау мен қолпаш­таудың ізі де байқалмады. Кішкентай бүлдіршіндердің топырлай кеп жазу­шы аталарын гүлмен көмкеріп сахнаға алып шығуы, әкімнің құт­тықтау хаты мен бөрікті шапандары, әсем әуендері кешті ажарландыра түс­се, «Исабеков әлемі» атты деректі фильм жалпы жұрт­ты өткенімен қа­уыштырып, көз­деріне жас алдырып, көңілдерін бір та­зартқан әдемі кешке ұласты. Шығар­маларынан орын алған («Бодау» әңгі­месіндегі) Тәкежаны мен Мәдені, Қамажайы мен Сафурасы, Молдарәсілі мен Омашы, Сүйекші­сі – бәрі де де­ректі драма арқылы өз ортасына қайта тіріліп келгендей күй­де қалды. Ауыл­дың аңғал да аңқау кем­пір-шалдары фильмдегі бала Дулат пен жас Дулатты «Япырма-ай, кезінде қа­лай түсіріп алған. Мынау шын Ду­латтың өзі ме?» деп таңырқасып жатса, енді бірі Зүл­пия жеңгесі мен Күләйнә, Бибіқали атты апаларының (Д.Иса­бековтің екі туған әпкелері) көз ал­дарына қайта тіріліп келгендей бейне­лерін көргенде еріксіз көз жастарына ерік беріп жат­ты. Мұның бәрі де фильмге деген жұрт­­­тың шын ықыласы мен берген ба­ғасы демеске лажың жоқ. Фильм біт­кеннен соң фильмге түскен ауыл бала­лары мен кейіпкерлері сахнаға шығып, жұртшылыққа таныс­тырылды. Бұдан өзге жазушының шығармаларындағы кейіпкерлер де шығып, авторға деген өз аттарынан арнау өлеңдерін оқып, жұртты ерекше толқытып жатты. Жа­зушы бақыты да бәлкім осы бір сәтімен құнды болар. Қаншама тағдырлардың галереясын оқырманына жайып сал­ған жазушы қа­ламы әлі де ақ парақтың бетіне сүр­леу сала беретініне сенеміз.

«Әпке» пьесасы мектеп сахнасында

Жазушының 70 жылдық мерей­тойы мектеп оқушыларының да на­зарынан тыс қалмады. Жақында Ал­маты қаласындағы «Айгерім» ықшам ауданының №149 жалпы орта мектебі жазушы ағамызбен шығармашылық кездесу кешін өткізді. Мектеп дирек­торы Манкеева Ғалия Қайырбекқызы сүйікті жазушылары Дулат Исабековті оқушыларымен бірге құшақ жая қарсы алып, салынғанына екі-үш жыл ғана болған жаңа ғимаратты аралатып шық­ты. Кейінгі жаңа үлгімен салынған мек­­теп ғимаратында оқушылар мен ұстаздарға қажетті мүмкіндіктің бәрі жасалған екен. Бұрынғы орыс-қазақ аралас мектебі бұл күнде қазақ бала­ларының санының артуына байла­нысты екі ғимаратта өз алдарына ен­шілері беріліп, таза қазақ мектебі бо­лып бөлініпті. 1200 балаға арнап салын­ған ғимаратта 2000-нан аса оқушы бі­лім алуда. Мектептегі оқу-білім, тәрбие жүйесі де жақсы қолға алынған екен. Соның бір дәлелі, мектепте оқушы­лар­дан құрал­ған театр үйірмесін де ашып үлгеріпті. Театрда Д.Исабековтің мек­теп бағдар­ламасындағы «Әпке» пьеса­сы сахнала­нып, мектеп көрер­мен­дері­не біраз уақыттан бері көр­сеті­ліп ке­леді екен. «Әпкенің» әр қойылы­мын көрген сайын көзіне жас алатын жазу­шы аға­мыз бұл жолы да Қама­жай­дың бауыр­ларының қамын ойлап, шыр-пыры шығып жүргенін көріп, сахнада іштей толқып, сезімін жасы­ра алмады. Қа­ма­жайдың ролінде ойна­ған Берік­бол­­қызы Еркежан есімді оқушы қыз қойы­­лым біткеннен соң да образ­дан шыға алмай, біраз уақытқа шейін көз жасына ерік берумен болды. Кештің екінші бөлімінде оқушылар жазушы ағаларына өз көкейлеріндегі сұрақтарын қойып сұхбаттасса, одан кейін сөз алған мектеп директоры Д.Исабековке алғысын білдіріп, сый-сияпатын көрсетіп жатты. Кеш соңы естелікке суретке түсіп, қолтаңба алу­мен жалғасты. Мектеп ұстаздарының елге белгілі ақын-жазушы, актер, режиссер сияқты ардақты азамат­та­рымен жиі-жиі кездесулер өткізіп тұ­руды дәстүрге айналдыруы оқушы­лар­дың есінде мәңгі қалар, әдемі есте­лік­терге толы бола бермек. Мұндай іс-шаралар оқушылардың шығарма­шы­лық қабілеттерін шындап, болашаққа деген қадамын нық басуға үлкен сабақ болмақ. Тәуелсіздіктің жас ұрпағы аға буынмен осылай қауышты.

Ақмоншақ АХМЕТ

                                         Жіптік, тіп-тік күйде жүзге жетіңіз!                                                                  (қаз-қалпында)

Дулат Көке! Ардақты әлеумет! Алғашқыда маған Дулат Иса­бековтің 70 жасқа толуына байла­нысты баяндама жасайсың,– деді бастықтар. Ертеңіне баяндамаға әуре бол­маңыз, керемет фильм көрсе­ті­леді. Сіз облыстағы жазатын жә­не жазбайтын оқырмандар мен көрермендер атынан 5-7 минөт­тен асырмай сөйлейтін болды­ңыз,– деді бастықтар. Біраз бұрын, 16 қазанда «Еге­мен Қазақстан» газетінде «Аға – досқа арзу хат» деген дүниеміз жа­­рияланған. Оны қайталағым жоқ. Бұл баяндама емес, аз ғана аял­­­дама. Бес-жеті минөттен асып кетпеу үшін жазбаша оқып тұр­мын. Исабековтің әдебиеттік әлемі­нің әлемиеттік әдебиетін әйдік биіктерге әлдеқашан шығандап шығып кеткені, Исабековтің дара драматургиясының дүниежүзілік дүрри гауһар деңгейге көтеріліп кеткені – мойындалған мәніс. Мұны кеше Астанадағы Кон­гресс-холлда ұлт әдебиетінің ұлы абызы Әбең – Ә.Нұр­пейі­сов ашық айтты. Бүгіндері 70-ке то­лып, 70-тен сәл-пәл асып жатқан бөлекше бұрынның ай­рық­шы­лық­тарын даралап, сара­лап көр­сетті. Әбең: «Әдебиетке жылымық деп аталған алпысыншы жыл­дар­дың бас кезінде келген ұрпақтың бір ерекшелігі – бұлар өздерімен бірге жаңаша тіл, жаңаша ойлау жүйесін, тіпті жаңаша бір эллегия алып келді. Соларымен де әде­- бие­­ті­­мізге серпіліс әкелді», – деді. Әбең, Әбдіжәміл ағамыз, тағы да бүй деді: «Рух сардарлары – саңлақ жазушыларға көрсетілетін құрмет, олимпиада батырларына көрсетілетін құрметтің шегіне де татымайды». Өте дұрыс айтты. Мына біз де кейде күрсініп: «Бәріне емес, әри­­не дара дарындарды Олим­пиада чемпиондарынан да артық бағалау керек қой», – деуші едік. Сөйтіп, Колумбияның ұлы жазу­шысы Габриель Гарсиа Маркес пен солардың спортшы Олим­пиа­дашыларын, Оңтүстік Афри­ка классигі Алекс Ла Гума мен ЮАР-дың Олимпиада чем­пион­дарын салыстыратынбыз. Кеше біз пақырыңыз оқта-текте Әбеңше ойлай алады екен­біз-ау деп мәздендік. Оқта-текте Астанаға барамыз. Пойызбен. Міндетті түрде үш әйел болады. Купеде. Олардың біреуі ме, екеуі ме, кей де үшеуі де Дулат Исабеков пен Төлен Әб­діковті білетін боп шығады. Айта бастайды. «Дерменені», «Гауһар­тасты», «Тіршілікті», «Сүйін­ші­ні», «Қарғынды», «Бонапарттың үйленуін», «Социализм зәулі­мін», «Әпкені», «Ескерткішті», «Мұ­рагерлерді», «Әпкені», «Оң қолды», «Парасат майданын», «Ғұмыр мен тұғырды». КазМУ-дің жанындағы әлеу­меттік зерттеу орталығының мә­лі­метіне қарағанда қазір қазақ­тардың 7-8 пайызы ғана көркем әдебиет кітаптарын оқиды екен. Дулат Исабеков пен Төлен Әб­дікұлы және осы кісілердің біраз дос құрдастарына бұл көрсеткіш жүрмейді. Астанадан немесе Алматыдан пойызбен қайтамыз. Міндетті түрде купеге үш әйел мінеді. Сәл­ден кейін не екеуі, не үшеуі Дулат пен Төленді білетін боп шығады. Оқыған. Кейіпкерлерін айта бас­тайды. Ара-арасында мені де ең болмаса бір мәрте айтса екен деп отырасың. Пендесің… Жақында «Исабеков әлемі» дейтұғын фестиваль өтті. Жеті күн бойы. Шет елдерден театрлар келді. Түркия, Болгария, Корея, Тәжікстан, Башқұртстан, Ресей… Бардық. Көрдік. Оның өзі – өзгеше жыр. Бес-жеті минөт бітіп барады. Болгария театры Дулат Исабековтің атақты «Актриса» рөлінде болгардың алтынсары түсті, алтынсары шашты актри­сасы ойнады. Бәрімізді баурап алды. Спектакль алдында «қазы екен деп, колбаса жеп қойдым ба, маған жоқ үйге қайтам ба, қай­дам» деп отырған Дулат Исабеков бір қарасаң, жайнап кеткен. «Ав­тора!», «Автора!» дегенде сер­гек­теніп, секіріп сахнаға шықты. Ал­тынсары түсті, алтынсары шаш­­­ты актриса ағатайымызды ары да сүйеді, бері де сүйеді. Көрермендер залында Нұр­ғайша жеңгеміз де отырған. Жай­барақат тіпті. «Алтынсары ак­три­са ағамыздан түк қалдырмады ғой», десек, Нұрғайша жеңгеміз: «Е, мейлі, сүйе берсін. Ол қыз да мен сияқты сары екен ғой», – дейді. Дүке! Аға – дос! Шығармаларыңызды оқыр­мандарыңыз, өзіңізді алтынсары, бидай өңді, қараторы, ақ­құ­ба, тағысын-тағы бүкіл әлемнің әдемі актрисалары сүйе берсін! Соғыстың басында туған Ду­лат, Төлен көкелер мықты. Жі­гіт­тердің жілік майы барда туғандар. Ал, біз 1945-жылғылар соғысқа жарамай, жасы асқан шал­дардың және жараланып қайтқан жауын­гер­лердің балдарымыз. Сіз­дер-дің өздеріңіз де, жазула­ры­ңыз да мық­ты. Жіптік, тіп-тік күйіңізде жүзге жетіңіз! Тете тәтелер, тетелес кө­келер! Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы, қоғам қайраткері