Мен Торғайлықпын!

13
2594

«Бәріміз де  қазақпыз.  Қазақ  болып  туылдық.  Қазақстанның  саяси-әкімшілік  аумағы  бойынша  жер -жерге бөлініп,ру- руға  бөлінуден  аулақ  болайықшы!  «Ұлым дейтін  ел болмаса, елім дейтін  ұл қайдан болсын» демекші, болар  баланың  бетін  қақпаңызшы.  Жас  жүрегіме  жара салмаңызшы.  Мені  де   көзінің  тірі  кезінде  есімі  аңызға айналған,өздеріңізге  есімдері  мен  ерен  еңбектері  кеңінен  таныс Өзбекәлі  Жәнібеков, Мырзабек  Төлегенов, Әсет  Ламашев  секілді кең  байтақ  республикамыздың  өзге  облыстарында  туылған  азаматтардай  қабылдаңызшы! Қазақты  қазақ  болып  сүйейікші?! Біле  жүріңіз, мен де  Торғайлықпын…»


 

Мен  жазиралы  Жетісу  өлкесінде  дүниеге  келіп, алғаш осы  өлкеде   сауат  ашып  жетілдім.  Мектепті  ойдағыдай  тәмамдаған соң  жан-тәніммен  сүйіп, ықыласым  ауып  қалаған  мамандығым  «сөз  өнері»  саласы  болды. Сол  өзім  армандаған  мамандықты  төрт  жыл  бойы  бүге-шүгесіне  дейін  меңгеріп  шығу  үшін  мемлекеттік  жолдамамен  киелі де  қасиетті  Торғай  өлкесіне  жөнелдім. Байырғы  Торғай  облысының  орталығы  болған, кешегі  кеншілердің  қаласы  атанған –Арқалық  өңіріндегі  білімнің  қара шаңырағы  Ыбырай  Алтынсарин  атындағы  педагогикалық  институттың  студенті  болып қабылдандым.

Мен  үшін  немесе  әдебиет  саласында  жүргендер  үшін  қарт  Торғай  өлкесінің  орны  ерекше.  Мен-бақыттымын! Жетісудай  жазиралы  өңірде  туылдым.  Қазыналы  Торғай  өлкесінің  топырағын  басу  бағыма  бұйырды. Торғай-сар  далада  мұнартылған,жоталанып, әр  жерге  шөккен  нардай, тіккен  киіз  үйдей  болып, әсем  табиғатпен  сәйкестік  тапқан  құмлы   өлке.

Қош! Сонымен  талай  тарланбоз  таланттар  дүниеге  келген  өлкедемін.  Білім  алудамын.  Тек  өз  мамандығым  бойынша  білім  алумен  шектеліп  қалмай, киелі  өлкенің  қызықты  да  тамыры  терең  тарихы  жайлы  қосымша  ізденіп, кітапхана  мен  мұражайларды  жиі  жағалап, құнды  деректерді  жинастырып, көнекөз  қариялармен  қоян-қолтық  араласып, шежірелі әңгімелерін  құмарта  тыңдадым. Тек  оқып, естіп  қана  қоймай, зерттеп  жүрген  нысандарымды  барып, өз көзіммен  көрдім. Таңғажайып  жерлерді  көрген  сайын, құлшынысым  артып, зерттеушілік  қабілетім  үдей  түсті.  Әрбір  тарихи  деректі  байыбына  барып, жан-жақты  қарастырдым. Жинастырған  мұрағат  құжаттарымның  нобайын  сызып,үлкен  кісілерге  көрсетіп, бағыт-бағдар  сұрастырдым.  Небәрі  бір  жылдың  ішінде  өзім  межелеген  жоспарды  орындадым. Жеке  қызығушылығымның  арқасында  қазыналы  өлкенің  бірсыпыра  тарихынан  хабардар  болдым.

Торғай  даласына  келген  кездеде  кітаптан  қол үзбей, жата-жастана  оқыдым.  Ең  алдымен  осы  өлкеден  түлеп  ұшқан  қаламгерлердің  еңбектерімен  біртіндеп  танысып, білгеніме  білмегенімді  қостым.  Керек  десеңіз,  әлгі  қаламгерлердің  біразымен  қантуыстық  емес, жантуыстық  әрі  шығармашылық  қарым-қатынас  ортатып та  үлгердім. Бірінші  курстың  соңына  дейін  ыждаһаттылықпен  тек  осы  өлкенің тарихи,әдеби-мәдени  жағын  қарастырған  екенмін.  Ал, екінші  курстың  басынан  бастап  түрлі  бірлестіктерге  белсенді  мүше  болдым.  Әуелі  институт  президенті  болып  сайландым.  Міржақып  Дулатов  атындағы  әдеби-мәдени  бірлестіктің төрағасы  болып, жас  таланттарға  жетекшілік  еттім. Тіпті  қала  әкімінің қаланың  зиялы  азаматтарымен  кездесуіне  арналған  отырыстарына да  арнайы  шақыртылып, қатысып  тұрдым.  Егде  жастан  асқан  зиялы  азаматтардың  арасындағы  ең  жасы менмін  және де  екінші  курстың  студентімін.

Асылы,  киелі  өлке  менен  жатырқамай,жатсынбай  бауырына  басты.  Мерейімді  асқақтатты.  Бұл  өлкеде  менің  қандай  жақын  туысым  бар еді? Ешкімім де  жоқ  еді  ғой.  Халыққа  танылуыма, қатардағы  студенттердің  арасынан  бір  саты  жоғары  тұруыма , біріншіден,  білімге  құмарлығым, екіншіден, ата-бабаларымның  аруағы  қолдады  деп ойлаймын.

Қай  үйдің  есігін  қақсамда  құшағын  жайып  қарсы  алып, барын-нарын  салып, қошеметін  көрсетіп, бір асым  етінен  ауыс  тигізетін. Арқалықтың  адам  түгілі  батпағы  да  бауырмал. Жаңбырдан  соң  көшеде  жүрсеңіз, шыланған  майлы  сары  батпақ  аяғыңызға  бір  жабысса  түспейді-ау!

Киелі  Торғай! Сен  менің  бағыма  жазылған  бақытсың! Мен  сенің  тамыры  терең  тарихыңа  аш  көзіммен  үңілгенімде  басымнан  сипап, алдыма  бар  асыл  қазынаңды  жайдың. Мен  енді  қасық  қаным  таусылғанша  сенің  топырағыңда  қызмет  етуге  дайынмын.  Мені  сәулеті  мен  дәулеті  асқан  қалалар  қызықтырмайды. Мен  ондай  аумаққа  сыймаймын,өзімді  еркін  ұстай  алмайтынымды  сездім. Маған  сенің  материалдық  байлығың   емес, рухани  байлығың  керек. Мен осы  өлкеде  үйленіп, отбасы  құрып, аяулы  әке  атанып, қарапайым  азамат  болып  қалғанымды  қалаймын. Маған  атақ, даңқтың  қажеті  шамалы, мен  сенің  шапағатың  мен  ерекше  ықыласыңа  бөленсем жарар еді…

Менің  көп  замандастырым  Арқалық  деген  қаланы  біле бермейтіндігі  жанымды  ауыртып, бауырымды  сыздатады. Әрине, Арқалық  Алматы, Астана  секілді  алпауыт  қала  емес, шағын, дамушы  әрі  болашағы  бар  шаһар. Шағын  қала  болғанымен, мәдени  элитаның  орталығы. Шағын  қала  болғанымен, әдеби  аямыз  кең. Көшеде  ары-бері  өткен  адамдардың  арасынан  бір емес, ондаған  танысыңды  кездестіріп, жөн сұрап  тұруыңда   керемет емес пе?! Нағыз  ауылдың  адамдарындай  арқа-жарқа,мәре-сәре  болып  жүресің! Арқалықта  жастарға  арналған  клуб, ойынхана  секілді  ғимараттар  тапшы  болғанымен,  мен  үшін  киелі  театр, кітапхана  өз  жұмыстарын  жасап  тұр. Мына  адамгершіліктің  азғындаған  заманында  рухани  байлыққа  кенелгеніме  қуанамын. Рухани  жұпыны  болмау  үшін  қасиетті  де  киелі  ғимараттарды  жиі  төңіректеуімнің  мәні де  осы.

Ыбырай  Алтынсарин  атындағы  оқу  ордасының  филология  факультетінде  оқытушы  болып, жергілікті  өлкенің  тарихын  бес саусақтай  білетін  өлкетанушы  болсам  жетеді.  Аяулы  да  ардақты  ұстаздарым  Айбек  Қалиев  пен  Ардақ  Әмірханқызының  үкілі  үміттерін  ақтап, сара жолдарын  жалғастырып, Ыбырай  салған  ізбенен  сан мыңдаған  шәкірттің  сауатын  ашып, бойымдағы  бар жиған-тергенімді  соларға  дарытып, ұлт  жанды  азамат  етіп  тәрбиелесем  деген  мақсат  қойдым  алдыма.

Жаратқан  Ием! Білімге  талпынған  құлыңның  зейінін  ашып, хақ  жолыңнан  адастырмай, қартайғанша  ақ жолыңнан  жүруге  нәсіп ете көр! Бар  қажыр-қайраттымды  төл  тарихымыз бен  әдебиетімізге арнап, әдебиет  саласына  еңбегі  сіңген  академик  Рымғали  Нұрғалидың  тағылымын  көрген, шебер ұстаздың шекпенінен  шыққан  менің  сүйікті  ұстазым, әрі  филология  ғылымдарының  кандидаты,доцент  Айбек  Киікбайұлының  талапшыл  шәкірттерінің  бірі де бірегейі  болуға  жазсын!

Мауқымды  бір  басайыншы, қырларыңнан  асайыншы, жатырқамай, жатсынбай  құшағыңды  аш  жер  биігі, кең  төрім. Қу  тірлікке  жүре  бермей  алданып, жолға  шықтым  қамданып. Кеттім  ендеше  Торғайға!

 

PS: Құрметті  әлеумет! Бәріміз де  қазақпыз.  Қазақ  болып  туылдық.  Қазақстанның  саяси-әкімшілік  аумағы  бойынша  жер -жерге бөлініп,ру- руға  бөлінуден  аулақ  болайықшы!  «Ұлым дейтін  ел болмаса, елім дейтін  ұл қайдан болсын» демекші, болар  баланың  бетін  қақпаңызшы.  Жас  жүрегіме  жара салмаңызшы.  Мені  де   көзінің  тірі  кезінде  есімі  аңызға айналған,өздеріңізге  есімдері  мен  ерен  еңбектері  кеңінен  таныс Өзбекәлі  Жәнібеков, Мырзабек  Төлегенов, Әсет  Ламашев  секілді кең  байтақ  республикамыздың  өзге  облыстарында  туылған  азаматтардай  қабылдаңызшы! Қазақты  қазақ  болып  сүйейікші?! Біле  жүріңіз, мен де  Торғайлықпын…

Елдос  ТОҚТАРБАЙ

13 ПІКІРЛЕР

  1. Сіздің жазған мақалаңыз көңілімді елжіретпей қоймады…Қазіргі басты тақырыптарды қозғай отыра,туған жерге деген ыстық сезімімді ояттыңыз…Мен киелі Торғай өңірінің тумасымын!!!Рахмет!!!

  2. Өте жақсы жазылған,Қазақ халқынын абыройын асқақататар жастар барына қуаныштымын Елдостай ағамыз барына мақтанамыз.біз сізге қарап бой түзейміз,Ыбырайдын аңсап кеткен арманы мүмкін сіз боларсыз.

  3. Керемет! Қазақ ұлт па, әлде халық деңгейінде ме ?! деген тақырыпты қозғасаңыз, Елдос жақсы дүние жазарыңыз анық. Жазар көбейсін! Бас редактор мырза, мына мақаланы автор фотасымен газетке салыңызшы,өтініш.

  4. Айналайын жарқыным, жақсы жазыпсың! Ұлттық мүддені қадап айтар азамат бол! Арманың орындалып, киелі өлкенің құрметті азаматы бол! Қазыбек айналайын, жиі осындай тасада жүрген жастардың шығармашылығын жариялап тұрсаңшы,рахмет саған. Елдос өзің қай курста оқисың?

  5. Жаксы жазылған, маңызды мақала екен. Мен де, оңтүстіктенмін. Өзбекәлідей біртуар тұлғаның ізі қалған жерде, Арқалықта еңбек етіп жатырмын. Ешкім әлі кеудемнен қаға қойған жоқ.

  6. “Бәрімізде қазақпыз. Қазақ болып туылдық. Қазақстанның саяси-әкімшілік аумағы бойынша жер -жерге бөлініп,ру- руға бөлінуден аулақ болайықшы! «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан болсын» демекші, болар баланың бетін қақпаңызшы. Жас жүрегіме жара салмаңызшы. Мені де көзінің тірі кезінде есімі аңызға айналған,өздеріңізге есімдері мен ерен еңбектері кеңінен таныс Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзабек Төлегенов, Әсет Ламашев секілді кең байтақ республикамыздың өзге облыстарында туылған азаматтардай қабылдаңызшы! Қазақты қазақ болып сүйейікші?! Біле жүріңіз, мен де Торғайлықпын…”

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз