БІЗДІҢ ТЕАТРЛАР ШЕБЕРЛІКТЕРІНІҢ ШЫҢДАЛҒАНЫН КӨРСЕТТІ

 

Дулат ИСАБЕКОВ: БІЗДІҢ ТЕАТРЛАР ШЕБЕРЛІКТЕРІНІҢ ШЫҢДАЛҒАНЫН КӨРСЕТТІ

– Дулат аға, жетпісіңіз құт­ты бол­сын! Елімізде тұңғыш рет өтіп жатқан «Исабеков әлемі» атты Халықаралық театр фестивалі туралы не айтасыз? Көңіліңізден шықты ма? – Апта бойы өткен бұл кеш өте жоғары дәрежеде өтті. Көптеген театр­лар осында бас қосты. Тек ғана Қазақ­стан халқының театрлары емес, фести­вальге Ресей Федерациясының, Түр­кия, Болгария, Тәжікстан және Баш­құртстан Республикаларының да театр ұжымдары белсене қатысты. Бұл шара барлық халықтың мерекесіне айнал­ды. Дәл осындай театр мерекесінің Қа­зақстанда өткеніне өте қуанышты­мын. Бұл шараның басқа фестиваль­дер­ден айырмашылығы – бір ғана автордың шығармаларынан өткізіліп отыр. Көп­те­ген керемет пікірлер ай­тыл­ды. Мен әсіресе қазылар алқасы­ның шешіміне риза болдым. Бұрынғы­дай ең үздік спек­такль, 1-ші дәрежелі, 2-ші дәре­же­лі деп ешқайсысын бөле жарған жоқ. Бұл жолы авторларды шеберліктеріне қарай бағамдады. Бұл маған өте ұнады. Ең үздік актриса, ең үздік актер, содан кейін екінші план­дағы ең үздік актер деп жалғаса берді. Негізінен бұл шара­да Петербург театры­­­нан басқасының барлығы ма­рапатқа ие болды. – Аға, елімізді ғана емес, әлемді тамсандырған осындай айтулы шара­дан кейін, «біздің елде драматургия жоқ» деп жүрген кейбір режиссер­лардың аузына құм құйылған шы­ғар... – Солай болды-ау деймін. Енді олар тым құрығанда біраз уақытқа дейін болса да, «біздің елде драма­тур­гия жоқ» дегенді тоқтата тұратын шығар. Өйткені жұрттың айтар жауа­бы бар емес пе? Егер де біздің елде драма­тур­гия жоқ болса, неге өзге жұрт пьесаны ала-мала Алматыға кө­шіп келді деген. Бірақ бір адамның пьесасы барлық театрға бірдей азық бола алмайды ғой. Елімізде 52 театр бар болса, олардың әр қайсысында тым құрығанда 20-25 спектакль болады. Жылына бір 3-4 премьера жасайды. Бір автордың шығармасын қайталай бермейді ғой. Осы тұрғыдан алғанда біздің елде озық драматургиялық шығармалар аз. Сон­дықтан әлі де драматургияға жете кө­ңіл бөлу керек. – Аға, өзіңіз бір сұхбатыңызда: «Дра­матургия саласы бойынша Еуро­паны айтпағанда, көрші Ресейден көп кембіз. Олардың драматургиясының жаңашылдығы мен әртістерінің қа­білетіне сөз жетпейді», – деген екен­сіз. Отандық актерлардың бұл жолғы қарым қабілеті қалай болды? Қалыс қалмаған болар... – Жалпы театрдың шеберлік дең­гейі тұрғысынан алғанда, біз өз актер­ларымызды бекер ренжітіп жүр екен­біз. Осы жолы қазақстандық театр тар­ландарының шеберлік дең­гейінің әлдеқайда жоғары екеніне көзім жетті. Шын мәнінде біздің театр­лар бұл жолы шеберліктерінің шың­дал­ғанын көр­сетті. Тек өзіміздікі бол­ғасын байқа­майды екенбіз. Шараға қатысқан театр­лардың барлығы шама шарқынша өз өнерлерін көрсетті. Бәрі де дұрыс, ойдағыдан да артық дәрежеде өтті. Бірақ осы шараның аясында бір нәр­се менің кө­ңілімді сәл түсіргендей бол­ды... – Иә, айта беріңіз... – Осы бір бүкілхалықтық мерекеге айналған айтулы шараға Алматы қа­ласы әкімдігінің төбе көрсетпегені мені ойландырды. Алматы қала­сы биыл­ғы жылды Мәдениет жылы деп жариялады. Ал, осы қалада өтіп жатқан Халықаралық театр фестивалі Қазақ­стан­дағы театр саласындағы нөмірі бірінші оқиға бола тұра, олардың на­зарынан тыс қалды. Бұл шара турасында Алматы қала­сының әкімі Ахметжан Есімов құлағ­дар. Орынбасарларына тиісті тапсыр­ма да берілген. Бірақ неге екені белгісіз әйтеуір Алматы әкімдігінен тірі жан қарасын көрсетпеді. Бұл шараға олар­дың қолдау көрсетпегенінен, олар іш­тей қарсы болды ма деген ойға қалдым. Мен оларға көшеде жүрген жәй бір адам емеспін ғой. Осылайша Алматы қа­ласының әкімдігі елімізде тұңғыш рет өтіп отырған Халықаралық театр фестиваліне оң қабақ танытпады. Сонда бұлардың Мәдениет жылы деп жариялағаны қайда қалды? Өнерді тү­сіну үшін, оны құрметтеу үшін биік парасат қажет қой. Бірақ өкінішке орай ондайды мен жергілікті билік өкілдерінен көре алмадым. Әншейінде, сөздің реті келсе, әкім-қаралардың барлығы қазақ драма­тургиясы туралы пікір айтуға ұста. Ал, қазақ драматургиясының керегесінің кеңейгеніне, шет елдерге шыға баста­ға­нына селт етпеді. Ал, маған ең басты­сы – биліктің құлағын ұстағандардың емес, қарапайым халқымның ықыласы қымбат. Халқымның ерекше ықыласы­на, құр­метіне бөлендім. Ең ерекше қуа­ныш осы деп айтар едім. – Бір апта бойы спектакль өткен театрларда ине шаншыр орын бол­мады. Халықтың өнерге деген, сіздің шығармашылығыңызға деген ілти­патын осыдан-ақ аңғаруға болатын шығар... – Шынымды айтсам, жұрт бәрін тастап, дәл осылай келеді деп ойла­ма­ған едім. Жұрттың театрға, драма­тур­гияға деген ықыласының ерекше еке­нін көріп, мен қатты қуандым. Демек, менің де еңбегім еш кетпеген сияқты. Тіптен күндізгі спек­такль­дердің өзіне жұрттың көптеп жиылғанын көргенде, кәдімгідей риза болдым. Өнердің қадірін ұғынатын жан­дардың бәрі бұл күні өздерінің ыстық лебізін білдіріп жатты. Болгариядан кел­ген актриса Анна Петрова болса, құттықтау сәтінде «Это – великий драматург» деп бағалап жатты. Мұндай құттықтау сөздерді тізбектеп жатудың қажеті жоқ. Оның бәріне халық куә болды. – Әрине аға, сіздің еңбегіңіз еш кетпейді, қазақ деген халық барда. Бүгін жемісті жетпіске келсеңіз, енді жарқын жүзбен жүзге де жетіңіз! Сұхбатасқан: Гүлмира САДЫҚОВА