Шығыстың шырайын ашқан «Шығыс шынары»

Өскеменде тағы бір той өтті. Анау-мынау емес, алашқа аты таныс арқалы ақындардың басын қосқан «Шығыс шынары–2012» байқауы өтті. Биыл қатарынан үшінші жыл өтіп отырған өлең сайысын қалыптасқан дәстүрін бұзбай Конституция күніне орайластырған-ды. Ақындар тойының шымылдығы ақ­қан жұлдыздай арамыздан кеткен ақын Рүстем Есдәулеттің «Өскеменім» атты өлеңімен ашылды. Жүлделі жүйріктер мен өлеңсүйер өскемендіктерді мерейлі мерекемен алғаш болып Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаев, Қазақстан Жа­зу­шылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, Қазақстанның халық жазушысы Қаб­деш Жұмәділов құттықтады. Қалаға келген қонақтар Алтайға деген аппақ тілектерімен қоса, ажарланып келе жатқан шаһар шырайына деген риза­шылықтарын да жасырмады. – Соңғы төрт-бес жылдан бері Алтай өңіріне жаратушының ықыласы ауды. Нақтырақ айтсақ, бұл Өскемен­ге ұлы Абайдың ескерткіші қойылған күннен басталды. Содан бері Өскемен­нің бойына қазақилықтың қаны жү­гірді. Мен бұл мүшәйраға осымен үшінші жыл келіп отырмын. Басқа ешбір облыс жоқ, ақындардың респуб­ликалық мүшәйрасын өткізіп жат­- қан, – деп ағынан ақтарылды құт­- тық­тау сөзінде Қабдеш Жұмәділов. Бұдан кейін ақын Темірхан Медетбек төрағалық еткен қазылар алқасы­ның шешімімен жүлдегерлердің де есім­дерін ел біле бастады. Ең әуелі «ынталандыру» сыйлығы­на қол жеткізген ақындар сахнаға кө­теріліп, 150 мың теңгеден жүлде алды. Олар – бүгінде елімізге аттары таны­лып үлгерген Адалбек Ақмадиұлы, Роза Сейілхан, Динара Мәлікова, Ұлар­бек Дәлейұлы сынды ақындар. Бұдан кейін «атаулы сыйлық» алған Батық Мәжитұлы, Зейнолла Тілеужанов, Бауыржан Қарабеков, Құралай Омар сынды ақындарға 200 мың теңгеден тігілген жүлделер табысталды. Әдеттегідей жүлде алған ақындар өздерінің мүшәйраға қатысқан үш өлеңінің бірін оқыды. Асқар Алтайды, ерке Ертісті, киелі Шыңғыстауды жыр­ларымен суреттеген ақындар көрермен жүрегін шымшылап отырды. Жаны тебіренген халық ақындарға қошемет көр­сетіп, алақаны қызғанша шапалақ соғып отырды. 300 адамның ішінде алдыңғы үш­тікке кірудің өзі қаншалықты бақыт екені айтпаса да белгілі. Осы бақытқа Ра­фаэль Ниязбек, Ибрагим Иса, Жұ­­мабай Құлиев, Әлібек Шегебай сынды төрт ақын қол жеткізіп, үшінші орынға тігілген 350 мың теңгені қанжыға­ла­рына байлады. Екінші орынға табан тіреген үш ақын 500 мың теңгеден жүлде алды. Олар: Әбубәкір Қайран, Ақберен Ел­гезек, Нұржан Қадырәлі. Алдыңғы екеуін қаймана қазақ жұрты таныса да, соңғы есімді былайғы жұрт біле бер­меуі мүмкін. Екінші орынның жүлдесін табыстаған ақын Ұлықбек Есдәулет Нұржанды қазақ поэзиясындағы жаңа есім деп таныстырды. Бірінші орынды 750 мың теңге сыйлығымен қоса бел­гілі ақын Исраил Сапарбай еншіледі. Бас жүлдеге тігілген бір миллион тең­ге белгілі әнші, айтулы айтыскер һәм жазба ақын Елена Әбдіхалықоваға бұйырды. Жеңімпазға жүлдені Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі табыстап, барлық жеңімпаздарды құттықтады. – Құрметті ақындар, Шығыс елі сіздердің өлеңдеріңізді соңғы жыл­да­ры сағына тыңдайтын болды. Елмен елді таныстыратын әдебиет екені белгілі. Бұл өмірден адам кеткенмен ар­тын­да әдебиет қалары ақиқат. Сіздер соңғы кездері Шығыстың тастарын, ағаш суларын өлеңдеріңізбен тербе­діңіздер, аруақтарды ардақтадыңыз­дар. Сіздердің соңғы кездері жазған өлеңдеріңіз, әндеріңіз арқылы біздің облыс тек елімізге ғана емес, көрші мем­­лекеттерге таралды, танылды. Сіз­дердің еңбектеріңіздің арқасында абыройымыз асты. Барлықтарыңызға «Шығыс шынары – 2012» байқауына қатысқандарыңызға көптен-көп рахмет. Қатысушылардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Бұл да қуантар­лық жайт. Әсіресе, біздің Өскемен үшін сіздердің ұлттық рухы аңқыған ән-жырларыңыз керек. Біз, ең басты­сы, руханиятымызды жоғалтып ал­мауы­мыз керек, – деді аймақ бас­шы­сы. Облыс әкімі мерейтой иелерін құт­тық­тауды да ұмытқан жоқ. Айталық, белгілі ақын Серік Ғабдуллинді 75 жас­қа толуымен, байқаудың жыл сайын басы-қасында болып, «Қап қара түнде қап-қара қызды құшақтап...» деп басталатын өлеңімен халықты қарық қылып жүрген Зейнолла Тілеужановты 70 жасқа толуымен құттықтап, екі ақынға шапан жауып, сый-сияпат көр­сетті. Сондай-ақ ақын Марфуға Айт­қожина мен халық жазушысы Қабдеш Жұмәділовке облыс Әкімінің арнайы сыйлығын табыстады. Азамат Әбілұлы