Шығыстың шырайын ашқан «Шығыс шынары»
Өскеменде тағы бір той өтті. Анау-мынау емес, алашқа аты таныс арқалы ақындардың басын қосқан «Шығыс шынары–2012» байқауы өтті.
Биыл қатарынан үшінші жыл өтіп отырған өлең сайысын қалыптасқан дәстүрін бұзбай Конституция күніне орайластырған-ды.
Ақындар тойының шымылдығы аққан жұлдыздай арамыздан кеткен ақын Рүстем Есдәулеттің «Өскеменім» атты өлеңімен ашылды.
Жүлделі жүйріктер мен өлеңсүйер өскемендіктерді мерейлі мерекемен алғаш болып Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаев, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов құттықтады. Қалаға келген қонақтар Алтайға деген аппақ тілектерімен қоса, ажарланып келе жатқан шаһар шырайына деген ризашылықтарын да жасырмады.
– Соңғы төрт-бес жылдан бері Алтай өңіріне жаратушының ықыласы ауды. Нақтырақ айтсақ, бұл Өскеменге ұлы Абайдың ескерткіші қойылған күннен басталды. Содан бері Өскеменнің бойына қазақилықтың қаны жүгірді. Мен бұл мүшәйраға осымен үшінші жыл келіп отырмын. Басқа ешбір облыс жоқ, ақындардың республикалық мүшәйрасын өткізіп жат-
қан, – деп ағынан ақтарылды құт-
тықтау сөзінде Қабдеш Жұмәділов.
Бұдан кейін ақын Темірхан Медетбек төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен жүлдегерлердің де есімдерін ел біле бастады.
Ең әуелі «ынталандыру» сыйлығына қол жеткізген ақындар сахнаға көтеріліп, 150 мың теңгеден жүлде алды. Олар – бүгінде елімізге аттары танылып үлгерген Адалбек Ақмадиұлы, Роза Сейілхан, Динара Мәлікова, Ұларбек Дәлейұлы сынды ақындар. Бұдан кейін «атаулы сыйлық» алған Батық Мәжитұлы, Зейнолла Тілеужанов, Бауыржан Қарабеков, Құралай Омар сынды ақындарға 200 мың теңгеден тігілген жүлделер табысталды.
Әдеттегідей жүлде алған ақындар өздерінің мүшәйраға қатысқан үш өлеңінің бірін оқыды. Асқар Алтайды, ерке Ертісті, киелі Шыңғыстауды жырларымен суреттеген ақындар көрермен жүрегін шымшылап отырды. Жаны тебіренген халық ақындарға қошемет көрсетіп, алақаны қызғанша шапалақ соғып отырды.
300 адамның ішінде алдыңғы үштікке кірудің өзі қаншалықты бақыт екені айтпаса да белгілі. Осы бақытқа Рафаэль Ниязбек, Ибрагим Иса, Жұмабай Құлиев, Әлібек Шегебай сынды төрт ақын қол жеткізіп, үшінші орынға тігілген 350 мың теңгені қанжығаларына байлады.
Екінші орынға табан тіреген үш ақын 500 мың теңгеден жүлде алды. Олар: Әбубәкір Қайран, Ақберен Елгезек, Нұржан Қадырәлі. Алдыңғы екеуін қаймана қазақ жұрты таныса да, соңғы есімді былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін. Екінші орынның жүлдесін табыстаған ақын Ұлықбек Есдәулет Нұржанды қазақ поэзиясындағы жаңа есім деп таныстырды. Бірінші орынды 750 мың теңге сыйлығымен қоса белгілі ақын Исраил Сапарбай еншіледі.
Бас жүлдеге тігілген бір миллион теңге белгілі әнші, айтулы айтыскер һәм жазба ақын Елена Әбдіхалықоваға бұйырды. Жеңімпазға жүлдені Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі табыстап, барлық жеңімпаздарды құттықтады.
– Құрметті ақындар, Шығыс елі сіздердің өлеңдеріңізді соңғы жылдары сағына тыңдайтын болды. Елмен елді таныстыратын әдебиет екені белгілі. Бұл өмірден адам кеткенмен артында әдебиет қалары ақиқат. Сіздер соңғы кездері Шығыстың тастарын, ағаш суларын өлеңдеріңізбен тербедіңіздер, аруақтарды ардақтадыңыздар. Сіздердің соңғы кездері жазған өлеңдеріңіз, әндеріңіз арқылы біздің облыс тек елімізге ғана емес, көрші мемлекеттерге таралды, танылды. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында абыройымыз асты. Барлықтарыңызға «Шығыс шынары – 2012» байқауына қатысқандарыңызға көптен-көп рахмет. Қатысушылардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Бұл да қуантарлық жайт. Әсіресе, біздің Өскемен үшін сіздердің ұлттық рухы аңқыған ән-жырларыңыз керек. Біз, ең бастысы, руханиятымызды жоғалтып алмауымыз керек, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі мерейтой иелерін құттықтауды да ұмытқан жоқ. Айталық, белгілі ақын Серік Ғабдуллинді 75 жасқа толуымен, байқаудың жыл сайын басы-қасында болып, «Қап қара түнде қап-қара қызды құшақтап...» деп басталатын өлеңімен халықты қарық қылып жүрген Зейнолла Тілеужановты 70 жасқа толуымен құттықтап, екі ақынға шапан жауып, сый-сияпат көрсетті. Сондай-ақ ақын Марфуға Айтқожина мен халық жазушысы Қабдеш Жұмәділовке облыс Әкімінің арнайы сыйлығын табыстады.
Азамат Әбілұлы