VІІI Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі кино өнерінің жаршысына айналды

         Бүгінгі әлемдік және Қазақстан киноөнерін­де жаңалық бар ма жоқ па деген сұрақтың жауабын алуға болатын басты әрі маңызды мүмкін­діктердің бірі – әрине, фестивальдер мен бай­қаулар. Кинофестиваль кино өнерінің белгілі бір кезеңдегі табысы мен даму бағытын айқындау, кинематографистер байланысын нығайту, өзара тәжірибе алмасу мақсатында өткізіліп тұрады. Халықаралық саяси бастамалармен кез келген ел өз мемлекетін, халқын дүниежүзіне таныстыру үшін түрлі жобаларды қолға алып жатады. Бұл үрдісті тәуелсіздік алған тұстан бері Қазақстан да жүзеге асырып келеді. Соның бірі– Отандық кинофестивальдер. Бүгінгі күні кинофестиваль жәй ғана кино мейрамы емес өнеркәсіптік жүйеге айналған белгілі бір феномен ретінде қалыптасты. Мәдени саясат, бизнес, экономика тұрғысынан кинофес­тивальдің атқаратын рөлі ерекше. Біріншіден, отандық кинофестивальдер, мәдени саясат тұрғысынан алғанда отандық кинотуындыларды әлемдік аренаға шығару арқылы өз мемлекеті­міздің ішкі және сыртқы саясатын жүзеге асы­рудың бірден бір жолы. Яғни, елімізді жалпы­әлемдік кеңістікте дұрыс дәрежеде таныту. Екіншіден, фильмдердің өзге кинофестивальдерге қатысуына жол ашып, әлемдік даму тенденциясына шығарады. Үшіншіден, кинобиз­несінің дамуына және кинофестиваль демеу­- ші­лері­нің өнімдерін жарнамалауға жол ашады. Төртіншіден, еліміздің экономикасының өр­кендеуіне себепкер. Мұндай фестивальдердің бірі– «Еуразия»ХКФ. Фестивальдің негізі 1998 жылы қаланған. Белгілі себептермен 2005 жылға дейін үзіліс жасаған бұл байқау соңғы жылда тұрақты өткізіліп келеді. 1998 жылдың өзінде байқауға 200-ден астам журналистер келіп, әлемнің 35 елінен 170-тен астам туындылар қа­тысқан болатын. Осы жылы Оң­түс­тік шаһарда VІІI халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 17-22 қыркүйек аралы­ғында өтті. Жылдан жылға аясы кеңі­ген кино мерекенің биылғы конкурс­тық бағдарламасына бас-аяғы 33 мемлекеттен 149 толық метражды кинокартина келіп түскен. Соның ішінен байқауға үздік 12-сі іріктеліп алынды. Республика алаңында өткен дәстүрлі шара биыл да әдеттегідей кино саң­лақ­тарының қызыл кілем үстімен жүруі­нен басталды. Фестиваль қонақтары – АҚШ сериалдарының жұлдызы, актер Деннис Хейсберт, швейцариялық актер Венсан Перес, ресейлік актерлер Нонна Гришаева, Алиса Гребенщикова, Сергей Калантай, Азамат Нигманов, Даниил Белых, Денис Никифоров, Фёдор Бондарчук, Егор Пазенк т.б. Онан соң эстрада жұлдыздарының қатысуымен салтанатты ашылу рәсімі өтті. Апта бойы оңтүстік астананы айтулы оқиғаларға бөлейтін VІІІ Ха­лықаралық «Еуразия» кинофес­ти­валінің қазылар алқасына биыл атақ­ты неміс режиссері, продюсер әрі сценарист Вольфганг Петерсен төрағалық етті. «Еуразия» әлемдік кеңістікте өз орнын ойып тұрып алуға ұмтылып келе жатқан кинофестиваль екен­дігін ескерсек, онда беделді киносыншы­лардан құралған ФИПРЕССИ мен НЕТПАК қазылары да жұмыс істейді. Қыс­қасы, кинофестиваль­дің жоғары деңгейде ұйымдастырылған бағ­дар­ламасы конкурстық кинофестивальдерге қойы­латын әлемдік стандарттар­дың үдесіне сай. «Еуразия» кинофестивалінің маңызды бір бө­лігі – Азия және Еуропа елдерінің продюсерлері мен прокатшыларының арасындағы байланыс пен барыс-ке­лісті нығайту үшін бизнес алаң ретінде дөңгелек үстелдер ұйым­дас­ты­рылады. «Еуразия» кинофестивалінің діттеге­- ні – қазақ киносын жаңа бағытта әлем­дік аренаға шығару. VIIІ «Еуразия» ХКФ жаңалыққа толы болғанымен де ұйым­дастырылуы жағынан біршама олқылықтар байқалды. Бұл байқаудың дәрежесі Халықаралық деңгейде өтіп жатқандықтан «көрсетілім бағдарла­малары» мен «каталогтардың» жеткіліксіз болғандығы қынжылтады. Кинофестивальде бақ сынайтын жұмыстардың ішінде биыл Канн кинофестиваліне қатысқан Томас Вин­тер­бергтің «Аңшылық» атты фильмі мен басты рөлде Джулет Бинош ойнаған «Ашылу» атты поляк-француз кар­тинасы бар. Ал азиаттық фильмдер арасында оңтүстік кореялық режиссер Джун Джейхонның «Пусан тазылары» картинасы назар аудартады. Айт­қандай, бұл фильмнің продюсері өткен жылы аталмыш фестивальдің қазылар алқасына төрағалық еткен Ким Ки Дуктың өзі.Фильм адамдардың өмір сүру мәдениеттерінің төмендеп, адами құндылықтың жойылып бара жатқан­дығын суреттеген. Бұл ойын режиссер бір елдің ішінде орналасқан екі мемле­кеттің уәкілдері арқылы жеткізеді. Картинаның сюжеті бойынша, Сол­түстік пен Оңтүстік Кореяның бір-біріне жақын орналасқанына қара­мастан ешкім шекараны оңай кесіп өте алмайды. Бірақ Понсан есімді жігіт қауіпті іске баруды ұйғарады. Ол оң­түстiк – кәрiс үкiметтiң уәкiлдерiнiң тапсырмасы бойынша өте маңызды қашқынның ашынасына Иноак есімді қызды жеткізіп беру үшiн Солтүстiк Кореяға барады. Айтылған уақытында берілген тапсырманы бұлжытпай орын­даған Понсанның жақсылығын оңтүстіктің уәкілдері бағаламай, оны өлтіруді ұйғарады. Алайда бұл істері жүзеге аспайды. Осы сәттен бастап фильмнің оқиғасы өрби бастайды. Иноак бұрынғы махаббатынан көңілі қалады. Оның ғашығының байлыққа құмарлығы өзіне деген сенімсіздігін жоғалтқан тәрізді. Режиссер адамдар бір планетада өмір сүре отыра, соғыс ашып, қатігездікпен бір-бірін жойып жатқан мына ластанған әлемді көрсе­теді. Сол сияқты, кинобайқауға Ресей режиссері Алексей Мизгереевтің «Жа­сақ» атты фильмі де жолдама алған. Бұл картинада біздің жерлесіміз А.Чехов атындағы МКТ және Мәскеу комедия театрының актері Азамат Нұғ­манов ойнап, биылғы «Кинотаврда» «Ең үздік ер адам рөлі» жүлдесіне лайық деп табылған болатын.Фильм­дегі басты кейіпкер мемлекетке деген адал сенімімен жұмыс жасайтын командир болып табылады. Аталмыш туын­дының да көтерген тақырыбының түбінде адами құндылық пен адам жауыздығы жатыр. Өмірде бәріміз де сайқымазақ рөлінде жүргендігімізді режиссер астарлап түсіндірген. Бұл кинофестивальде 2011 жылдың қыркүйегі мен биылғы қыркүйек ара­лығында түсірілген 16 қазақ фильмі көрсетілді. Әрине, бұл картиналардың бірқатары «Қазақфильмде», бірқатары жеке киностудияларда түсірілген. Соның бірі жас режиссер Арман Алдажаровтың «Асан» карти­насы. Бұл туынды режиссердің басынан өткен оқиға екен. Фильм кәрілік пен жастық­тың, ескілік пен жаңа өмір­дің арасындағы сабақтас­тықты суреттеген. Оқиға қарапайым отбасында өр­биді. Асан есімді баланың әкесі ауылдан сырқат­тан­ған әжесін қолына әкеледі. Қартайған әже мен қалада өскен ерке немере арасын­да­ғы қарым-қатынас фильм­нің негізгі сюжеттері. Әжесін алғаш көргенде ертегіде оқып жүр­ген «жалмауыз кемпірді» көр­гендей қорыққандықтан Асан жола­мауды жөн көреді. Алайда ол әжесіне бауыр басып қалғандығын тым кеш байқайды. Ол сәтте әжесі қарттықтан көз жұмады. Фильмнің оқиғасы қара­пайым болғанымен түпкі айтар ойында үлкен мағына жатыр. Бірақ осы ойды жеткізу үшін режиссер бір эпизодты бірнеше рет қайталап, көрерменін жа­лықтырып алған тәрізді. Дегенмен де бұл жас режиссердің алғашқы көркем­суретті толықметрлі дебюттық фильмі екендігін ескерсек мүлде нашар емес. Кинофестивальдің «Ерекше оқиға» бағдарламасы бойынша режиссер Ахат Ыбыраевтың Қазақстанда алғаш рет түсірілген қиял-ғажайып ертегі фильмі – «Аңыздар кітабы: құпия ор­ман» картинасы көрсетілді. Бұл жұ­мыста 30 пайызға дейін СGI, яғни компьютерлік графикалар мен анимация қолданылған. Ал VІІI Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі салтанатты түрде көптен күткен «Виртуалды махаббат» фильмімен басталды. Аталмыш туынды режиссер Әмір Қарақұловтың алғашқы коммерциялық бағыттағы картинасы. Кино– өмір айнасы екендігін ескерсек, бұл туынды бүгінгі өмірдің көрі­нісін суреттеген фильм. Көп күттірген драма шынайы және виртуалды өмір­дегі жастық жалын, сұлулық пен ма­хаб­батқа арналған. Басты рөлді Қа­зақстан мен Ресей кино жұлдыздары Бибігүл Сүйіншалина мен Артур Смольянинов сомдайды. Бұл картина қа­зіргі заманның бет-пердесін көрсете алатын туынды. Қызығы, виртуалды әлемде өзара сұхбаттасып, ғашық болып жүрген жандар бір бөлмеде отыр­ғанын білмейді. Тәулік бойы ғаламторда телміріп отырған жастар­дың ғашығы жанында екендігін сезуге мұршасы жоқ… Осылайша қарапайым сюжетке құрылған картина заманауи техналогиямен түсірілгендіктен, фи­льм­нің сапасы жоғары шыққан. Адам­дардың бәрі виртуалды әлемде өмір сүруге бейімделіп бара жатқандығы соншалықты шынайы өмірде бір-бірі­мізді елемей робат кейпіне еніп бара жатқандаймыз. Шетел фильмдерінен ешқандай да кем емес екендігі бізді қуантты. Орталық Азия бойынша ірі кинофестиваль саналатын «Еуразия» қазақ киноөнерін дамытуда үлкен жұмыс атқарып жатыр. Сондықтан Қазақстан жас мемлекет болғандықтан саясатымызды жүзеге асыруда, әлем­дік бәсекеге түсуде мемлекетіміз үшін де кинофестивальдердің саны көп болғандығы артық болмайды. Еңлік БАҚЫТҚЫЗЫ