VІІI Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі кино өнерінің жаршысына айналды
Бүгінгі әлемдік және Қазақстан киноөнерінде жаңалық бар ма жоқ па деген сұрақтың жауабын алуға болатын басты әрі маңызды мүмкіндіктердің бірі – әрине, фестивальдер мен байқаулар. Кинофестиваль кино өнерінің белгілі бір кезеңдегі табысы мен даму бағытын айқындау, кинематографистер байланысын нығайту, өзара тәжірибе алмасу мақсатында өткізіліп тұрады. Халықаралық саяси бастамалармен кез келген ел өз мемлекетін, халқын дүниежүзіне таныстыру үшін түрлі жобаларды қолға алып жатады.
Бұл үрдісті тәуелсіздік алған тұстан бері Қазақстан да жүзеге асырып келеді. Соның бірі– Отандық кинофестивальдер. Бүгінгі күні кинофестиваль жәй ғана кино мейрамы емес өнеркәсіптік жүйеге айналған белгілі бір феномен ретінде қалыптасты. Мәдени саясат, бизнес, экономика тұрғысынан кинофестивальдің атқаратын рөлі ерекше. Біріншіден, отандық кинофестивальдер, мәдени саясат тұрғысынан алғанда отандық кинотуындыларды әлемдік аренаға шығару арқылы өз мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатын жүзеге асырудың бірден бір жолы. Яғни, елімізді жалпыәлемдік кеңістікте дұрыс дәрежеде таныту. Екіншіден, фильмдердің өзге кинофестивальдерге қатысуына жол ашып, әлемдік даму тенденциясына шығарады. Үшіншіден, кинобизнесінің дамуына және кинофестиваль демеу-
шілерінің өнімдерін жарнамалауға жол ашады. Төртіншіден, еліміздің экономикасының өркендеуіне себепкер. Мұндай фестивальдердің бірі– «Еуразия»ХКФ.
Фестивальдің негізі 1998 жылы қаланған. Белгілі себептермен 2005 жылға дейін үзіліс жасаған бұл байқау соңғы жылда тұрақты өткізіліп келеді. 1998 жылдың өзінде байқауға 200-ден астам журналистер келіп, әлемнің
35 елінен 170-тен астам туындылар қатысқан болатын. Осы жылы Оңтүстік шаһарда VІІI халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 17-22 қыркүйек аралығында өтті. Жылдан жылға аясы кеңіген кино мерекенің биылғы конкурстық бағдарламасына бас-аяғы 33 мемлекеттен 149 толық метражды кинокартина келіп түскен. Соның ішінен байқауға үздік 12-сі іріктеліп алынды. Республика алаңында өткен дәстүрлі шара биыл да әдеттегідей кино саңлақтарының қызыл кілем үстімен жүруінен басталды. Фестиваль қонақтары – АҚШ сериалдарының жұлдызы, актер Деннис Хейсберт, швейцариялық актер Венсан Перес, ресейлік актерлер Нонна Гришаева, Алиса Гребенщикова, Сергей Калантай, Азамат Нигманов, Даниил Белых, Денис Никифоров, Фёдор Бондарчук, Егор Пазенк т.б. Онан соң эстрада жұлдыздарының қатысуымен салтанатты ашылу рәсімі өтті. Апта бойы оңтүстік астананы айтулы оқиғаларға бөлейтін VІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің қазылар алқасына биыл атақты неміс режиссері, продюсер әрі сценарист Вольфганг Петерсен төрағалық етті. «Еуразия» әлемдік кеңістікте өз орнын ойып тұрып алуға ұмтылып келе жатқан кинофестиваль екендігін ескерсек, онда
беделді киносыншылардан құралған
ФИПРЕССИ мен
НЕТПАК қазылары да жұмыс істейді. Қысқасы, кинофестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылған бағдарламасы конкурстық кинофестивальдерге қойылатын әлемдік стандарттардың үдесіне сай. «Еуразия» кинофестивалінің маңызды бір бөлігі – Азия және Еуропа елдерінің продюсерлері мен прокатшыларының арасындағы байланыс пен барыс-келісті нығайту үшін бизнес алаң ретінде дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. «Еуразия» кинофестивалінің діттеге-
ні – қазақ киносын жаңа бағытта әлемдік аренаға шығару. VIIІ «Еуразия» ХКФ жаңалыққа толы болғанымен де ұйымдастырылуы жағынан біршама олқылықтар байқалды. Бұл байқаудың дәрежесі Халықаралық деңгейде өтіп жатқандықтан «көрсетілім бағдарламалары» мен «каталогтардың» жеткіліксіз болғандығы қынжылтады.
Кинофестивальде бақ сынайтын жұмыстардың ішінде биыл Канн кинофестиваліне қатысқан Томас Винтербергтің «Аңшылық» атты фильмі мен басты рөлде Джулет Бинош ойнаған «Ашылу» атты поляк-француз картинасы бар. Ал азиаттық фильмдер арасында оңтүстік кореялық режиссер Джун Джейхонның «Пусан тазылары» картинасы назар аудартады. Айтқандай, бұл фильмнің продюсері өткен жылы аталмыш фестивальдің қазылар алқасына төрағалық еткен Ким Ки Дуктың өзі.Фильм адамдардың өмір сүру мәдениеттерінің төмендеп, адами құндылықтың жойылып бара жатқандығын суреттеген. Бұл ойын режиссер бір елдің ішінде орналасқан екі мемлекеттің уәкілдері арқылы жеткізеді. Картинаның сюжеті бойынша, Солтүстік пен Оңтүстік Кореяның бір-біріне жақын орналасқанына қарамастан ешкім шекараны оңай кесіп өте алмайды. Бірақ Понсан есімді жігіт қауіпті іске баруды ұйғарады. Ол оңтүстiк – кәрiс үкiметтiң уәкiлдерiнiң тапсырмасы бойынша өте маңызды қашқынның ашынасына Иноак есімді қызды жеткізіп беру үшiн Солтүстiк Кореяға барады. Айтылған уақытында берілген тапсырманы бұлжытпай орындаған Понсанның жақсылығын оңтүстіктің уәкілдері бағаламай, оны өлтіруді ұйғарады. Алайда бұл істері жүзеге аспайды. Осы сәттен бастап фильмнің оқиғасы өрби бастайды. Иноак бұрынғы махаббатынан көңілі қалады. Оның ғашығының байлыққа құмарлығы өзіне деген сенімсіздігін жоғалтқан тәрізді. Режиссер адамдар бір планетада өмір сүре отыра, соғыс ашып, қатігездікпен бір-бірін жойып жатқан мына ластанған әлемді көрсетеді. Сол сияқты, кинобайқауға Ресей режиссері Алексей Мизгереевтің «Жасақ» атты фильмі де жолдама алған. Бұл картинада біздің жерлесіміз А.Чехов атындағы МКТ және Мәскеу комедия театрының актері Азамат Нұғманов ойнап, биылғы «Кинотаврда» «Ең үздік ер адам рөлі» жүлдесіне лайық деп табылған болатын.Фильмдегі басты кейіпкер мемлекетке деген адал сенімімен жұмыс жасайтын командир болып табылады. Аталмыш туындының да көтерген тақырыбының түбінде адами құндылық пен адам жауыздығы жатыр. Өмірде бәріміз де сайқымазақ рөлінде жүргендігімізді режиссер астарлап түсіндірген.
Бұл кинофестивальде 2011 жылдың қыркүйегі мен биылғы қыркүйек аралығында түсірілген 16 қазақ фильмі көрсетілді. Әрине, бұл картиналардың бірқатары «Қазақфильмде», бірқатары жеке киностудияларда түсірілген. Соның бірі жас режиссер Арман Алдажаровтың «Асан» картинасы. Бұл туынды режиссердің басынан өткен оқиға екен. Фильм кәрілік пен жастықтың, ескілік пен жаңа өмірдің арасындағы сабақтастықты суреттеген. Оқиға қарапайым отбасында өрбиді. Асан есімді баланың әкесі ауылдан сырқаттанған әжесін қолына әкеледі. Қартайған әже мен қалада өскен ерке немере арасындағы қарым-қатынас фильмнің негізгі сюжеттері. Әжесін алғаш көргенде ертегіде оқып жүрген «жалмауыз кемпірді» көргендей қорыққандықтан Асан жоламауды жөн көреді. Алайда ол әжесіне бауыр басып қалғандығын тым кеш байқайды. Ол сәтте әжесі қарттықтан көз жұмады. Фильмнің оқиғасы қарапайым болғанымен түпкі айтар ойында үлкен мағына жатыр. Бірақ осы ойды жеткізу үшін режиссер бір эпизодты бірнеше рет қайталап, көрерменін жалықтырып алған тәрізді. Дегенмен де бұл жас режиссердің алғашқы көркемсуретті толықметрлі дебюттық фильмі екендігін ескерсек мүлде нашар емес.
Кинофестивальдің «Ерекше оқиға» бағдарламасы бойынша режиссер Ахат Ыбыраевтың Қазақстанда алғаш рет түсірілген қиял-ғажайып ертегі фильмі – «Аңыздар кітабы: құпия орман» картинасы көрсетілді. Бұл жұмыста 30 пайызға дейін СGI, яғни компьютерлік графикалар мен анимация қолданылған.
Ал VІІI Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі салтанатты түрде көптен күткен «Виртуалды махаббат» фильмімен басталды. Аталмыш туынды режиссер Әмір Қарақұловтың алғашқы коммерциялық бағыттағы картинасы. Кино– өмір айнасы екендігін ескерсек, бұл туынды бүгінгі өмірдің көрінісін суреттеген фильм. Көп күттірген драма шынайы және виртуалды өмірдегі жастық жалын, сұлулық пен махаббатқа арналған. Басты рөлді Қазақстан мен Ресей кино жұлдыздары Бибігүл Сүйіншалина мен Артур Смольянинов сомдайды. Бұл картина қазіргі заманның бет-пердесін көрсете алатын туынды. Қызығы, виртуалды әлемде өзара сұхбаттасып, ғашық болып жүрген жандар бір бөлмеде отырғанын білмейді. Тәулік бойы ғаламторда телміріп отырған жастардың ғашығы жанында екендігін сезуге мұршасы жоқ… Осылайша қарапайым сюжетке құрылған картина заманауи техналогиямен түсірілгендіктен, фильмнің сапасы жоғары шыққан. Адамдардың бәрі виртуалды әлемде өмір сүруге бейімделіп бара жатқандығы соншалықты шынайы өмірде бір-бірімізді елемей робат кейпіне еніп бара жатқандаймыз. Шетел фильмдерінен ешқандай да кем емес екендігі бізді қуантты. Орталық Азия бойынша ірі кинофестиваль саналатын «Еуразия» қазақ киноөнерін дамытуда үлкен жұмыс атқарып жатыр. Сондықтан Қазақстан жас мемлекет болғандықтан саясатымызды жүзеге асыруда, әлемдік бәсекеге түсуде мемлекетіміз үшін де кинофестивальдердің саны көп болғандығы артық болмайды.
Еңлік БАҚЫТҚЫЗЫ