Қазақ киносындағы дәстүрлі және модерн қоғамның көрінісі
2012 ж. 30 шілде
4533
0
Еліміз егемендікке қол жеткізумен бірге өткеніміз бен бүгінімізге есеп беріп, қоғамымыздың дүниетанымдық болмысының трансформациялануы көкейкесті мәселеге айналып отыр. Кино – өмір айнасы, экран-
дағы қоғам өмірінің көрінісі, ол – режиссерлар тарапынан өз қоғамына берген анализ. Бір кезеңді, қоғамды әр автор өз қабылдауында басқа режиссерға ұқсамайтын бір-біріне қарама-қайшы полюстан қарайтын сараптама арқылы өзіндік дүниетанымда береді.
Қазақ көркемсуретті киносының тарихы кеңес үкіметінің идеологиясымен, жүргізіп отырған саясатымен тығыз байланысты. Бұл өз тарапынан фильмдердің экрандағы мазмұны, тақырыптық көрінісі, кейіпкерлер бейнесіне ықпал еткені анық. Осы ықпалдың әсері экрандағы қоғам көрінісінің өзгерістерін орын алған саяси жағдайға сай – кей кезде ашық, кейде астарлы мағынасымен көрермен назарына өз хабарын жеткізіп отырды.
Кез-келген шығармадағы кейіпкерлердің өзара қатынасы, оқиға барысы сол оқиға өтіп отырған ортамен тығыз байланысты. Қазақ кино өнерінінің өткен тарихына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, әр кезеңде жарық көрген киношығармаларда ауыл мен қала тақырыбына түсірілген фильмдер заман талабына сай дәстүрлі және заманауи қоғамның көріністерін береді. Қоғам өмір сүретін орта бейнесі көрініс тапқан фильмдерде қандай идеологиялық әсер орын алса да, қоғам өмірінің артықшылық тұстары мен кемшіліктерін көрушіге хабардар етеді. Фильмдер қоғам өміріндегі саяси, рухани, әлеуметтік өзгерістер мен мәселелердің көрінісін айшықтап отырады. Сараптама жүргізе отырып, суреткердің шығармашылығының арқасында саяси қыспақтың қай уақытта қандай деңгейде орын алғанын да біле аламыз.
Кеңестік дәуірде қазақтың дәстүр-
лі өмірі түбегейлі түрде өзгеріске ұшырады. Қазақ халқы кеңес дәуірінде ғасырлар бойы көрмеген сынақтардан өтті. Көтерілістер, қозғалыстар, коллективизация, аштық, конфискация, репрессия, соғыс, ең зақым келтіргені халықтар арасындағы ұлттық айырмашылықты, дін, тіл, ділді жоюға тырысуы, халық өмірінде өз ізін қалдырды. Осындай бірегейлік саясатына қарамастан бір ұлттың екінші ұлтқа үстемдігі жүрді. Кеңестік тазартулар, бұқараның өмір салтын жоспармен ұйымдастыру, гендерлік саясат, бұқараны жаппай жұмысқа тарту, халықтың тұрмыс тіршілігін қалыптастырды. Кеңес үкіметін сынауға, айыптауға, кемшілік тұстарын ашуға тыйым салынды, партия халық көзінде мінсіз, кіршіксіз болуға тиіс еді.
Қырықыншы жылдардың аяғы мен елуінші жылдар аяғында кеңестік өнерде, оның ішінде кинода алға қойылған мақсат, қоғамды оның дамуы мен алға жылжуы тұрғысынан көрсету болды. Кеңестік цензура мен идеологияға байланысты қоғам кемшіліктері мен күрделі мәселелері көрсетілмеді. Сол кезең киношығармала-
рында негізінен ескішілік пен жаңашылдықтың күресі орын алып, екіншінің жеңісімен аяқталып отырды. Фильмдегі басты кейіпкерлер қоғамның қозғаушы күшіне, түрткісіне айналып, қаһармандық бейнелер жасалды. Осы кезеңде түсірілген фильмдер партия тарапынан қатаң қадағаланды, түзертулерден өтті, өз нұсқауларын міндеттеді. Тапсырыстық немесе өзгерістерге ұшыраған фильмдер өздерінің көркемдік қасиеттерін жоғалтты, және де фильм авторларының шығармашылық тұрғыдан ашылуларына мүмкіндік болмады. Бұл фильмдер тек насихаттық болып қала берді.
Кеңестік кезеңде қазақ киносының ең жемісті шақтары деп алпысыншы, жетпісінші жылдарды айта аламыз. Ол кезеңдерде тоталитарлы емес фильмдер дүниеге келді және де Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази, Қалихан Ыскаков сынды жас дарынды жазушылар мен драматургтер есімімен байланысты. Ұлттық кинорежисурамыз қалыптаса бастады, ең көрнекті өкілдері ретінде Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаевтарды атауымызға болады. Осы кезеңдегі қазақ кинодраматургиясы мен кинорежиссурасын қоғам өмiрiнiң өзгерiстi сәтіндегі тұлғаның драмасы мен трагедиясының көрінісіне, орталық қаhарманға тiкелей бағдарланған деп сипаттауға болады.
Шынайылыққа жақын, халықтың әлеуметтік мәселелерін көрсететін, қазақтың ішкі психологиясын айқындайтын фильмдер жылымық кезеңімен бірге келді. Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер», «Бір ауданда», «Алдар көсе» «Атамекен», «Тақиялы періште» фильмдері, Мәжит Бегалинның «Оның уақыты келеді», «Тұлпардың ізі» кинокартиналары, Абдолла Қарсақбаевтың «Қилы кезең», «Менің атым Қожа» кинотуындылары, Шәріп Бейсембаевтың «Гауһартас» фильмі кеңестік қазақ кинематографиясында үлкен орын қалдырды. Осы фильмдердің негізінде, сол кезге негізінен кеше мен бүгіннің, дәстүрлі мен модерннің тартысы тән екенін аңғардық. Бір ұрпақтың екінші ұрпақты жалғауы емес, алмастыруы орын алып отыр, құндылықтардың бағалануы өзгеріске ұшырады, ата жолын жалғастыру емес, модернизацияның рөлі басым түсті. Ауыл тақырыптарына түсірілген фильмдерде әлі де болса дәстүр біржола келе жатқан модерн қоғаммен арпалыста болды, алайда фильм финалында модерн жеңіске жетті, себебі болашақ жастардың еншісінде еді.
1980-ші жылдардың екінші жартысында Кеңес Одағы аумағында М.С.Горбачевтың ұрандауымен «Қайта құру» («Перестройка») басталады. Осы уақытқа дейін болған қатал цензураның күші әлдеқайда бәсеңдей түсті. Одақтас социалистік мемлекеттерде коммунизмге қол жеткіземіз деген «утопиялық» идеяға халық арасында көзқарас өзгерді. Бұл үрдіс жаңа киноның дүниеге келуіне өз әсерін тигізді. Осы кездерден бастап одақтас мемлекеттерде түсіріліп жатқан фильмдердің мазмұны мен формасы өзгере бастады. Сол тұста қазақ кинематографистерінің жұлдызы жанды деуге болады. 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында қазақ киносында жаңа толқын атты көркемдік бағыт пайда балды.
Бұл кездегі фильмдерде модерн қоғамның өз ішіндегі тартысы орын алды. Социалистік құрылымның кетіп, бірден орнына капиталистік құрылымның келе бастауы, қоғам өмірінің аласапыранын шығарды. Буржуазиялық қоғаммен бірге келген ақша, байлық, билік, екінші жағынан кедейлер мен кемтіктердің көбеюіне жол ашты. Кеңестік модерн қоғамнан капиталистік, яғни буржуазиялық модерн қоғамға аяқ басуы, құндылықтардың қайта өзгеруіне алып келді. Кеңестік модерн капиталистік модерннің қасында, дәстүрлі қоғамдай көрінді. Уақыт ағымына қарай, жылдар өте келе ауыл өмірі өзгеріске ұшырады. Қоғамдағы болып жатқан өзгерістер ауыл тіршілігіне де әсер етпей қоймады. Жұмыссыздық, оның салдарынан ауыл мен қала адамдарының басына түскен таршылық пен тұрмыс ауыртпалығы халықты қажытты. Адам санасының қиындық шеңберінен шығар жол таппай, күйзеліске түсулері, олардың деградацияға ұшырап, адами болмыстарының өзгеріске ұшырауына себеп болды. Рухани азғындауға әкеліп соққан, ішімдік, оның салдарынан ұрыс-керіс, жанжал, ұрлық, адам өлімі, отбасының ажырауы, құндылықтардың төмендеуі, бала тәрбиесінің жайында қалуы, әлі күнге дейін шешуін таба алмай келе жатқан қаракөз қандастарымыздың, қыздарымыздың жеңіл жүрісті жолға түсуі белең алды. Нарықтық заманның орнауымен, базарға шыққан аналарымыз, шарасыз күйде қалған әкелеріміздің бойларында уайым қайғыдан ащы запыран қалған. Тәуелсіздіктің екінші онжылдығында түсірілген фильмдерде осы жағдайлардың салдарын көреміз.
Бұл жағдайлар адамның қолынан дәрмен келмегенде орын алатынын білеміз. Ауылды мекендерде сол тұстарда көптеген мәдени ошақ көздері жабылып, мектептер, кітапханалар, үйірмелер өз жұмыстарын тоқтатты. Мәдени, рухани азық алмаған халықтың шарасыздығы одан сайын арта түсті. Осы уақытта дүниеге келген фильмдерге қарап, ауылдың салт-дәстүр мен тәрбиенің, ұлттың діңгегі деген ұғымдарға сай келмейтін хәлге душар болғанын көреміз. Ауыл халықтың рухани құндылықтарының бастауы болса, онда бүкіл халықтың осы күйді кешіп жүргенін айтуға келеді. Ал қаладағы жағдайға келетін болсақ, қалада ата мен ананың бала тәрбиесіндегі орны ауылдағыдай емес. Біріншіден, ірі қалалардағы уақыт тапшылығын атауымызға болады. Қазіргі қалалық қоғамда бала тәрбиесімен бірнеше әлеуметтік институттар айналысады. Оның ішінде: отбасы, бала бақша, мектеп, жанындағы жолдастары, телевидение, интернет. Қазіргі таңдағы жаңа технологияларды еңгізудің арқасында, білім саласындағы жаңашылдықтар балалардың сол енгізіліп отырған заманауи, модернистік жаңаруларды тексеретін құралдарға айналып жатқаны тағы бар.
Қазіргі таңдағы нарықтық жағдай қоғамды байлар мен кедейлерге бөлді. Бұл жағдай қала мен ауыл халқына да әсер етпей қоймады. Ауыл тұрмысының қала жағдайына қарағанда әлеуметтік-экономикалық, ақпараттық салада артта қалуы экранда өз көрінісін тапты. Ауыл мен қала қоғамдарының арасындағы конфликт осы кезең киносында кеңейе түсті. Соңғы жиырма жыл көлеміндегі Отандық көркемсуретті фильмдерде әр түрлі мәдениет өкілдері ретінде экранда ауыл мен қала тұрғындары арасындағы жырақ анық белгілене бастады. Бұл процесс қазақ жаңа толқынында жарқын көрініс тапты. Қала тақырыбындағы – Рашид Нұғмановтың «Ине» (1988), Баранов пен Қилыбаевтың «Женщина дня» (1989) фильмдері қала мәдениетін білетін, сол мәдениетті сусындап өскен режиссерлармен түсірілді. Алғашқы ауылдың жаңа, өзгерген бейнесін беретін фильм режиссер Серік Апрымовтың аты шулы «Қиян» (1989) кинотуындысы. Қазіргі ауылдың әлеуметтік, мәдени мәселелері аталған режиссердың «Ақсуат» (1997) фильмінде жалғасын тапты. Қазақтың жаңа толқыны режиссерларының көрнекті өкілдерінің бірі Дәрежан Өмірбаев «Қардиограмма»(1995), кейінірек «Жол»(2001) кинотуындыларында екі бөлек, кейде қарсы мәдениеттерді – ауыл мен қала арасындағы тартысты көрсетті. Соңғы жылдардағы фильмдерде «Секер», «Әурелең» Сәбит Құрманбековтың ауыл тақырыбындағы, «Стриж» Абай Құлбайдың, «Рэкетир» Ақан Сатаевтың, «Қызғылт қоян туралы хикая» Фархад Шариповтың фильмдері модерн заманының, капитализмнің келуімен қоғам мен қала өмірінің өзгерістерін бейнелейтін фильмдер.
Модерн қоғамның қарама қайшылықтарын айқын бейнелейтін туындылардың бірі Сатыбалды Нарымбетовтың «Қызжылаған» (2002) фильмі. Бұл фильм алпысыншы жылдардағы Семей полигонында тоқтаусыз жүріп жатқан жарылыстардың салдары мен сол оқиғалардың куәгерлерінің өмірінен сыр шертеді. Фильмде полигонға жақын маңда орналасқан Дегелен ауылының тұрғындарының бастарына түскен қасірет, күллі қазақ қоғамына әкелген қасіретті көреміз. Фильм бойына кейіпкерлердің жоқ болып, белгісіз аурудан қаза тауып, бейіттер санының күннен күнге артып жатқаны, бүкіл ауылдың бір сөзбен айтқанда қырылып қалуы, ядролық жарылыстардың кесірінен ауыл тұрғындары тек қана жапа шегуде. Хрониканы ұтымды қолданулары, фильмдегі шынайылықты арттырған. Тұрғындар үшін ол шаң, тозаңды үлкен қозықұйрық. Ауыл тіршілігі еш жағдайға қарамастан жалғасып жатты. Фильм басында дискотека ұйымдастырып, балаларын үйлендіруге құда түсіп жүрген қалыптары бар, қарапайым ауыл өмірі Ләйләнің емханадан қашып, оралған шағында мүлдем басқа. Тіршілік атаулының барлығы сөнген, әжесіне еркелеген Алпамыс та, оны арқасына салып жүретін әже де сұм ажалды құшқан.
Басты кейіпкер Ләйлә, болмысынан өзге, ішкі күшке ие қыз. Он бес жасына қарамастан, ол өз тіршілігінде атасы мен анасының, туыстарының, ауылдастарының жаппай өлімін көріп, ерте есейді. Сол озбыр заманның өзінде адамдардың бойындағы махаббат өшпеді. Алайда сол сүйген адамының қолынан зорлық көру, жауынгерден босану. Ләйлә халық бейнесін береді, күлімдеген, жарқыраған, алайда сырттан келген қайғыдан ақсақ болған, соған қарамастан өмірін жалғастырып жүрген халық. Ләйләні жауынгердің зорлауының өзі, халықты жарылыстарды ұйымдастырған әскердің қанауымен тең. Және де артта қалған жетім-жесір ұрпақ, сол сұрпайылықтың ұрпақтары.
Автор фильм соңында үміт отын жағады. Ләйләні христиан дініндегі көптеген суретшілердің картиналарының мазмұндық негізі болған Мария мен баласы бейнесінде өмір жалғастығы символы ретінде көрсетеді.
Халықтың басына түскен жағдайдың бәрі дәстүрлі қоғам еншісінде емес, модернмен келген қасірет. Ол жаңа технологиялар мен жетістіктердің екінші жағы, салдары. Модерн қоғам өзіне қарсы шығады. Әрдайым электр бағаналардың үстінен түспейтін, шалбарлы, ер адам мамандығын, тұрмысын иеленген әйел-
дердің бірі, өз жұмысынан, электр қуатынан қаза табады. Ләйләнің апайы қазақи киінгендей болғанымен, ол оның сырт келбеті ғана. Темір көлігін өзіне жолдас тұтып, алайда сол темір тұлпары оны төмен қарай сүйрейді де. Ғасыр жетістіктері бір жағынан ғылымда жоғары қарай ілгерілеу төңкерісін жасап жатса, халық тұрмысында кері, құлдырату, жою төңкерістерге ие.
Қазіргі таңда, әлемдік қауымдастық кеңістігінде халқымыз өз орнын іздеп, дәстүрлі болмысымызға, дінімізге, мәдениетімізге қайта үңіліп, тіршілік етіп жатқан тұрмысымызға енгізгісі келетіні анық. Сонымен қоса, бүгінгі әлемді жаулап алған жаһандану үрдісіне байланысты Батыс пен Шығыстың көпшілік мәдениетінің есіп жатқан лебінің әсері әсте бар. Тоқсаныншы жылдардағы депрессиядан шыға бастаған қоғам, өзінің кімдігін іздестіруге кірісті. Адами құндылықтарын қайтаруға күш салуда, алайда жаһандану заманында тек бір ғана есік емес, бірнеше жолдың алдан шығуы, әр түрлі бағыттарды қалыптастыруда. Бүгінгі қазақ киносында дәстүрлі өмірімізді жырлайтын тарихи фильмдер, кеңес дәуірінің жарқын өмірін аңсайтын фильмдер, капиталист модерн қоғамның күрделі мәселелерін көрсететін заманауи кинотуындылар, және де батыстық пен шығыстық кино сарынында түсірілген киношығармалар орын алуда. Қазақ киносында болып жатқан бұл құбылысты заңды дей аламыз. Жаһанданған әлемде өмір сүріп жатқан еліміздің ішкі және сыртқы факторлардан шетте қала алмайтыны анық.
Минуар АЙДАР