Ерік Жолжақсынов, киноактер: Кинода жанкештілік таныту – қанымда жоқ қасиет...

– Осы уақытқа дейін бірнеше фильмдерге түстіңіз. Соның ішінде Сламбек Тәуекелдің «Махамбет» кар­тинасындағы Исатай рөлін межесіне дейін жеткізіп ойнай алдым деп айта аласыз ба? Жалпы киноның көптің көңілінен шықпауының себебі неде деп ойлайсыз? – Егер сценарий құбылмалы болса, ойнайтын актер үшін жақсы. Мен сол фильмде психологиялық тұрғыдағы аса бір ауыртпашылдық сезінбедім. Сондықтан таза психологиялық жағы­нан, жалпы Исатайдың қандай ой айт­қысы келгенін жеткізе алдым деп айта аламын. «Махамбет» картинасы ар­қылы көптеген кездесулерде болып, «Жыл актері» атағын иелендім. Ал көп­тің көңілінен шықпауының бірден-бір себебі драматургиясы жағынан жетіспеушіліктер болды. Екіншіден режиссурасы да осалдау болып шықты. Бір сағат жиырма минуттың ішінде Махамбеттің барлық өмірін баяндап, сол заманның көрінісін бейнелеп шығу мүмкін емес. Мұндай құнды дү­ниелерді қойғаннан кейін екі-үш сағаттық көлемді кино түсіру керек еді. Сонда ғана тарихтың шет жағасын көрсетуге болады. Уақытқа байла­нысты көптеген эпизодттар кесіліп-кесіліп қысқа, әрі түсініксіздеу кино болып қалды. Енді мұндай жанрларларда фильм түсіретін режиссерлер аталмыш кинода кеткен қателіктерді қайталамайтын шығар деп ойлаймын. Көш жүре түзелетінін ешқашан ұмыт­пауымыз керек. – Киноға түсу үшін білмейтін нәр­сені білемін деп, жанкештілік таныт­қан кезіңіз болды ма? – Жоқ, ондай кезім болған емес. Ол мен үшін жат, әрі қанымда жоқ қасиет. Білмейтін дүниені білемін деп өтірік айту шариғатқа да келмейді. – Ең сәтті шыққан рөліңіз. Алдағы уақытта қандай рөлдерді ойнауды армандайсыз? – Режиссер Болат Шәріптің 1997 жылы түсірген «Күнә» фильміндегі рөлімді ең сәтті шыққан рөл деп айтар едім. Сол жылдары өзім де бір пси­хологиялық рөлді ойнағым келіп жүрген еді. Осы «Күнә» ішкі жан дүниемді ашып көрсететіндей рөл болды да, жан-тәніммен ойнадым. Түсірілім барысында актерлік маман­дығымды, бұған дейінгі тәжірбиемді шыңдай түстім. Ал енді ойнағым келетін рөлдерге келер болсақ, «армансыз адам болмайды» дейді ғой. Театр актерлері сияқты Шекспирдің, Ғабит Мүсіреповтың шығармаларын, яғни классикалық шығармаларды ойнау кино жанрында қиындау. Алайда сондай рөлдердің бірін ойнағанға не жетсін... Классикалық шығармалар актерді өсіріп, деңгейін жоғарылатады. Жапон тілі қиын емес екен – Шығармашылығыңыздағы жа­ңа­лықтар. – Алдында бір ай Жапонияда, бес ай Ресей мемлекетінде «Полиция Хокайда» атты он екі сериялы киноға түсіп қайттым. Ол фильмде Жапон­дық­тың рөлін сомдадым. Картинада таза Жапон тілінде сөйледік. Мен үшін өте қызық, әрі қиын болды. Себебі күні­не үш сағат ұйқы, сол жердің ауа райына үйренісу шынында да біраз ауырлық әкелді. – Жапон тілін қалай үйрендіңіз? – Мен үшін аса қиынға соқпады десем болады. Негізінен орыстың актерлеріне қиын болды. Жапонияда бар жоғы бір ай ғана болсам да, жалпылама ауыз екі тілді үйреніп алдым. Алғашын­да мен «Махамбет» фильімінде түсіп жүрген кезімде олар маған арнайы тіл үйренетін үнтаспа жіберді. Тыңдап көрсем құлағыма мүлдем таныс болмай әбден қиналдым. Ол әрекетімнен түк шықпаған соң транскрипция тү­рінде жазылған сценарийді қолыма алдым да жаттай бастадым. Олар көбіне «сан, сан» деп сөйлейді екен. Мысалы «аригатадо» деген сөз «рахмет», «Генкедеска» деген қалың қалай деген сөз. Ал «генкедес» десең «жақ­сы» деп жауап бергенің. Бұл сөзді «кеңкелес» сөзімен ұқсатып жаттап алдым. Сол сияқты барлығын қазақтың бір сөздеріне ұқсатып жаттауға ты­рыстым. Негізінен бұл тілдің өте жа­ғымды екенін байқадым. Ал Ресей жеріне барғанда жанымызға үш аудар­- машы қосып берді. Қай жерде үтір, қай жерде пауза жасау керек деген мәселе­лерді аудармашыдан үйрендік. Бір қуантарлығы мен ойнаған жапондық рөлі сценарий бойынша акцентпен сөйлеу керек болды да, маған жақсы болды. – Естуімізше Досқан Жолжақ­сыновтың «Біржан сал» фильіміне актерлерді таңдауға көмектесіп, басы-қасында болған көрінесіз. Неліктен сол кинодан сізді көре алмадық? – Киноға актерлер таңдауға және тағы да басқа жұмыстарға араласқаным рас. Ағам Досқанның өзі де неге сол киноға түспедің деп сұрап қояды. Біріншіден, «Біржан салдың» түсірілім кезінде қатарласып «Прыжок Афа­лины» киносына түстім. Болат Әбділ­манов атты актермен қалжыңдасып жүреміз. Оның айтуынша Досқан: «Ерік Жолжақсынов менің актерім емес» депті. Мен кейде ағама: «Мен сізді жамандап сұхбат беремін. Мені бір рөлге шақырмадың» деп қал­жыңдаймын. Екіншіден, ол кісінің актерлері өзінде болғандықтан «Біржан салдың» сценарийін қарап отырғанда ол кісі мені және маған сай образ көрген жоқ. Жазып отырғанда басқа актерлерді көрді. Мен оған режімеймін. Егер болса да, болмаса да мені басты рөлге тықпаласа, кино сәтсіз шығар еді. «Мына рөлді маған берші», -деп мен де айтқан жоқпын. Себебі мен ол кісінің режиссерлық көзқара­сын сыйлаймын. – Қазіргі қазақ режиссерлерінің қабілетін қалай бағалайсыз? – Қазіргі қазақ режиссерлерінің қабілетін мен жоғары бағалауын ба­ғалаймын-ау, соны басқалары баға­ламай жатқан сияқты. Құдайға шүкір, жас режиссерлеріміз жақсы қар­қынмен өсіп келе жатыр. Сара жолды жалғастырушылардың әр ісін қолдап-қолпаштап, бір сөзбен айтқанда, «Қолда барда алтынның қадірін білуіміз керек». Серік Өтепбергенов, Ахан Сатаев, Рүстем Әбдірашев, Данияр Саламат сияқты жас режиссерлеріміздің дұрыс емес жерлерін көзіне шұқи беруге болмайды, себебі олар да уақыт өте келе әбден ысылып, М.Бегалин, Ш.Айманов, С.Қожықов ағаларымыз­дай мықты режиссерлерге айнала­ты­нына күмән келтірмеймін. Тек ба­рымызды бағалай білейік. – Өткен күніңізге өкінетін кезде­ріңіз бола ма? – Жұмыр басты пенде болғаннан кейін қателіксіз болмайды ғой. Егер өмірді қайтадан басынан бастау мүм­кіншілігі берілсе, мен осы өмі­рім­де­гідей Мәскеу қаласындағы өнер ин­ститутына оқуға барар едім. Себебі мен өнерден басқа ештеңе көрмеймін, басқа нәрселерді қаламаймын да... – Бүгінгі күнге дейін қыруар жұ­мыстарды атқарып, өзіңізге тиесілі белесіңізді бағындырдыңыз. Өзіңізді ауқатты актерлер қатарына жатқы­засыз ба? – Өзімді ауқатты актерлердің қа­тарына жатқыза алмаймын. Бірақ қосылуға тырысып жүрмін. Ауқатты актерлердің қатарына жету, мен үшін әлі ертерек. Әлі көп еңбек етуім керек. Мүмкін салыстырмалы түрде ауқатты көрінуім мүмкін, алайда алынбаған белестерім әлі алда деп ойлаймын. – Актерлердің көбі өнер ордала­рында дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеп жатыр. Сізде бұл жағы қалай? – Мен бұрын-соңды бұл сұрақ туралы ойланбаппын да. Шәкірт тәрбиелеу үшін де белгілі бір деңгейге жету керек шығар. Болашақтағы жоспарымда да жоқ, себебі бір нәрсені алдын-ала жоспарлағынды аса ұнат­паймын. –Жас мамандар сабақ беріп жат­қанда, сіздің бұл пікіріңіз қызық екен... –Мысалы мен Мәскеуде оқып жүрген кезімде, бізге егде жасқа келген мамандар сабақ беретін. Бір жас мұғалімді көрген емеспін. Қазір өнер ордаларын бітірісімен немесе бір-екі жыл театрда істей салып сабақ беріп, өзінше шәкірт тәрбиелеп жатқандарды көруге болады. Мен оларды жаман­дайын деген ойым жоқ, тек олардың ісіне таңқалам. Олар өздері студенттің деңгейінен әрең асып тұрып, оларды шеберлікке қалай шыңдайды? Мені осы сұрақ мазалайды. Маман алдымен өзі тәжірибе жинап, әбден көрген-білгендерін пысықтап, өнерді бойына сіңіріп алған кезде ғана жас ұрпақты тәрбиелеуге ойысса болады. Ал бізде актерлік мамандықтарын дұрыстап атқара алмағандардың көбісі өнер ошақтарынан мұғалімдік жұмыс тауып алады. Өнер академиясында егде жастағы мұғалімдер бар, негізі сол кісілерден сабақ алу керек. –Сондай жас мамандардан дәріс алған «Лавэ» фильімінде сізбен бірге ойнаған жас актерлердің ойынын қалай бағалайсыз? –Олардың да тәжірибесіздігіне куә болған кездіріміз көп. Түсінуге болатын шығар, біз де жас болдық, кез – келген дүние көріп білгеннің арқасында ғана жүзеге асады. Алайда олар қарапайым қозғалыстарды дұрыстап меңгермеген. Оларға: «Сендер өздерің сахна қозғалысын оқы­дыңдар ма?» деп ұрысқан кездерім де болған. Мысалы менің тамағыма тапаншаны кезенетін эпизодттарда кәдімгідей мойынымды тесіп, тісімді сындырып жібере жаздады. Төбеле­сетін кездерде де тигізіп жіберген жағдайлар көптеп кездеседі. Негізі актер шын жасағандай қылып ойнау керек, ал олар болса шындап тұрып бар күшін пайдаланады. Осы пікірлерден кейін жас актерлердің «біліктілігін» өздеріңіз-ақ бағамдай беріңіздер. –Өмірдің өзі талас-тартыстан тұ­рады ғой. Ал сіздің рөлге таласқан кезіңіз болды ма? –Өнердің өзі талас-тартыстан тұ­ратын дода емес пе?! Мысалы кино­дағы бір рөлге он шақты адам таласатын кездеріміз болады. Тартыс болғанда да жақсы мағынадағы тартыс. Атап кететін болсақ, «Махамбет», «Күнә» фильмдеріндегі рөлдерім үшін таластым. «Полиция Хокайда» фильміне түсу үшін режиссерлер Қазақстан жеріне келіп арнайылап үлкен кастинг жа­сады. Сол кастингтен «сен өтетін шы­ғарсың» деп үміттенген актерлерім сүрініп, мен өтіп кеткен жағдайлар болды. Кейін ренжігендер қаншама десеңізші... Ал мен өзімнің қалай өтіп кеткенімді білмеймін. Бір қарағанда қай жерім жапондыққа ұқсайды. Кейінірек шашымды жасап, грим жаққан­нан кейін ғана нағыз жапондық болып шыға келдім. Кейде мың жерден та­лантты болсаң да режиссерге ұнамай қалуың мүмкін. Рөлдің тиюі баққа, жо­лыболғыштыққа байланысты болады деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет! Жоспар­лары­ңыздың жүзеге асуына тілектеспін. Сұхбаттасқан Еңлік БАҚЫТҚЫЗЫ