Драматургия – тәуелді жанр
Өнер саласындағы өзекті мәселенің бірі драматургия болып отыр. Театр сахналарында қойылып жатқан біршама спектакльдер сынға ұшырап жатады. Бұған себеп біреулер мықты режиссерлік мектептің жоқтығы десе, екінші біреулер драматургтер бүгінгі заман тақырыптарын арқау еткен шығармалар тудыра алмай жатыр деген уәж айтады.
Қазақ драматургиясын үзілді-кесілді «жоқ» деп айтуға болмас. Себебі қандай деңгейде болмасын ол жазылып және сахналанып жатыр. Драматургияның бір ерекшелігі, бұл–тәуелді жанр. Ол ең алдымен режиссерге, одан кейін актерге, ең аяғы сахнаны салатын суретшіге де тәуелді. Сондықтан драматургия тек осы төрт саланың мамандары бірлесе жұмыс жасағанда ғана алға басады. Демек, «қазақ драматургиясы жоқ» деп жоқтай бергенше, осыған тәуелді басқа салалардың деңгейіне мән бергеніміз дұрыс шығар. Бүгінгі өркениетті, дамыған заманда театрдың әлі күнге дейін ескі жабдықтармен тұрғандығы қынжылтады. Театр үздіксіз жұмыс жасап, өз ісін жоғары дәрежеде атқару үшін де заман талабына сай жабдықталғаны дұрыс болар еді. Спектакльді толықтырып, оның мазмұнына (оқиғасына) сай құрылған декорация көрерменнің сол қойылымнан рухани нәр алуына септігін тигізері анық. Ал театрға барсаң кез-келген қойылым жаттанды, тартымсыз безендірулермен өтіп жатады. Көрген спектакльден әсер алып, сол қойылымды жадында сақтап қаларлықтай ерекше көріністер таппайсың.
Екінші мәселе, жас театр сыншыларының аздығы. Кез-келген өнімнің таралымы насихатына байланысты. Ал қазіргі уақытта театр жайында көбіне журналисттер жазып жатады. Әр сала бойынша өзінің мамандары, яғни, театр сыншылары қойылымға қатысты әділ бағасын беріп, кемшіл тұстары болса өткір сынын айтып көрерменмен байланыс жасағаны дұрыс. Театрды жазатын қаламгерлер әр қойылымды кең түрде зерттеп, көріп, халыққа дұрыс насихаттаған жөн. Өйткені пьесаның алғашқы жазылған әдеби нұсқасы мен сахналанған нұсқасының арасында жер мен көктей айырмашылық болады. Кейбір жақсы драматургиялық шығармалар режиссерлердің кемшілігінен, кейде актерлердің әлсіздігінен, басқа да себептермен жұтаң тартып қалады. Ал керісінше, кейбір ортаңқолды спектакальдер жақсы режиссердің қолына түсіп, бағы жанып кетуі мүмкін. Сондықтан газет-журналдар сахнадағы қойылымдарды жазғанда өте әділ болуы керек, ең алдымен жазатын адам пьесаны оқып алса дұрыс болар еді. Содан кейін сахнадағы нұсқасымен салыстыра отырып жазса, көп нәрсе шешіледі. Ендігі мәселенің бірі театрға қатысты басылымдардың аздығы. Театр қайраткерлері одағы шығаратын «Театр КZ» журналы сынды басылымдардың көп болғандығы артық етпейді. Қаламгерлер еңбектерін журналға жариялау арқылы өз пьесаларын еліміздің әр аймағындағы театр режиссерлеріне көрсету мүмкіндігіне ие болады.
Драматургиядағы келелі мәселе, пьеса жазатын жастарға қолдаудың жоқтығы. Негізі талантты жастар мүлде жоқ емес, тек оларды осы салаға тарту жағы кемшін түсіп жатыр. Яғни, жас драматургтердің еңбектері тым болмағанда бір маусымда сахналанып тұрған ы дұрыс. Себебі, жас драматургтердің өмірге деген көз қарасы бойынша жазылған туындылар өз замандастарын қызықтыратындығы сөзсіз. Сол арқылы жастардың театрға қызығушылығын арттыруға болар еді. Ал жас мамандар болса тәжірбие жинақтайды. Біздің театрларда 45 жасқа дейінгі буынның шығармалары қойылмайды. Драматургтердің арасында ұрпақ сабақтастығы жоқ.
Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында 1990 жылдан бастап өнертану мамандарын даярлау қолға алынған. Театртану мамандығы бойынша Бағыбек Құндақбайұлы мен Әшірбек Сығай алғашқы түлектерін 1994-95 жылдары ұшырды. Сол театр сыншылар қазақ драматургиясын көтеруге жұмыс жасауы тиіс. Одан кейін 1994 жылы драматургтерді тәрбиелеу мақсатында Әкім Тарази өзінің алғашқы тобын қабылдады. Бұл мамандыққа балалар әр төрт жыл сайын қабылданып тұрды, жыл сайын қабылдауға мүмкіндік болмапты. Өйткені, оқу құралдарының базасы жасалмаған екен. Оның үстіне дәріс беретін мамандар қажет. Негізі бұл факультет кинодраматургтерді дайындады. Тікелей театрға драматург дайындау оқу орнына Дулат Исабековты шақырғаннан соң ғана басталды. Одан соң Смағұл Елубаев пен Сұлтанәлі Балғабаевтың шеберханасы құрылды. Яғни театр драматургтерін даярлау енді-енді жолға қойыла бастаған сыңайлы. Дегенменде, жоғарыда айтылған драматургтердің шеберханасынан шыққан жас мамандар да аз емес. Олардың көпшілігі театр әлемінен қол үзген болар. Сондықтан бітіруші түлектерді мамандықтарынан алшақтатып алмай жұмыс жағын бірден қарастырған жөн шығар...
Еңлік БАҚЫТҚЫЗЫ