Драматургия – тәуелді жанр

         Өнер саласындағы өзекті мәсе­ленің бірі драматургия болып отыр. Театр сахналарында қойылып жатқан біршама спектакльдер сынға ұшырап жатады. Бұған себеп біреулер мықты режиссерлік мектептің жоқтығы десе, екінші біреулер драматургтер бүгінгі заман тақырыптарын арқау еткен шығармалар тудыра алмай жатыр деген уәж айтады.  Қазақ драматургиясын үзілді-кесілді «жоқ» деп айтуға болмас. Себебі қандай деңгейде болмасын ол жазылып және сахналанып жатыр. Драматургияның бір ерекшелігі, бұл–тәуелді жанр. Ол ең алдымен режиссерге, одан кейін актерге, ең аяғы сахнаны салатын суретшіге де тәуелді. Сондықтан драматургия тек осы төрт саланың мамандары бірлесе жұмыс жасағанда ғана алға басады. Демек, «қазақ драматургиясы жоқ» деп жоқ­тай бергенше, осыған тәуелді бас­қа салалардың деңгейіне мән бергеніміз дұрыс шығар. Бүгінгі өркениетті, да­мыған заманда театрдың әлі күнге дейін ескі жабдықтармен тұрғандығы қынжылтады. Театр үздіксіз жұмыс жасап, өз ісін жоғары дәрежеде ат­қару үшін де заман талабына сай жабдықталғаны дұрыс болар еді. Спек­такльді толықтырып, оның мазмұнына (оқиғасына) сай құрылған декорация көрерменнің сол қойы­лымнан рухани нәр алуына септігін тигізері анық. Ал театрға барсаң кез-келген қойылым жаттанды, тартым­сыз безендірулермен өтіп жатады. Көрген спектакльден әсер алып, сол қойылымды жадында сақтап қалар­лықтай ерекше көріністер таппайсың. Екінші мәселе, жас театр сын­шыларының аздығы. Кез-келген өнім­нің таралымы насихатына байла­нысты. Ал қазіргі уақытта театр жа­йында көбіне журналисттер жазып жатады. Әр сала бойынша өзінің мамандары, яғни, театр сыншылары қойылымға қатысты әділ бағасын беріп, кемшіл тұстары болса өткір сынын айтып көрерменмен байланыс жасағаны дұрыс. Театрды жазатын қаламгерлер әр қойылымды кең түрде зерттеп, көріп, халыққа дұрыс на­сихаттаған жөн. Өйткені пьесаның алғашқы жазылған әдеби нұсқасы мен сахналанған нұс­қасының арасында жер мен көктей айырмашылық болады. Кейбір жақсы драматургиялық шығармалар ре­жиссерлердің кемшілігінен, кейде актерлердің әлсіздігінен, басқа да себептермен жұтаң тартып қалады. Ал керісінше, кейбір ортаңқолды спектакальдер жақсы режиссердің қолына түсіп, бағы жанып кетуі мүмкін. Сон­дықтан газет-журналдар сах­надағы қойылымдарды жазғанда өте әділ болуы керек, ең алдымен жазатын адам пьесаны оқып алса дұрыс болар еді. Содан кейін сахнадағы нұсқа­сымен салыстыра отырып жазса, көп нәрсе шешіледі. Ендігі мәселенің бірі театрға қатысты басылымдардың аздығы. Театр қайраткерлері одағы шығаратын «Театр КZ» журналы сынды басылымдардың көп болған­дығы артық етпейді. Қаламгерлер еңбектерін журналға жариялау ар­қылы өз пьесаларын еліміздің әр аймағындағы театр режиссерлеріне көрсету мүмкіндігіне ие болады. Драматургиядағы келелі мәселе, пьеса жазатын жас­тарға қолдаудың жоқ­тығы. Негізі талантты жастар мүлде жоқ емес, тек олар­ды осы са­лаға тар­ту жағы кемшін түсіп жа­тыр. Яғни, жас дра­ма­тург­тердің ең­бектері тым болмағанда бір мау­сым­да сахналанып тұрған ы дұрыс. Себебі, жас драматургтердің өмірге деген көз қарасы бойынша жазылған туындылар өз замандастарын қы­зықтыратындығы сөзсіз. Сол арқылы жастардың театрға қызығушылығын арттыруға болар еді. Ал жас мамандар болса тәжірбие жинақтайды. Біздің театрларда 45 жасқа дейінгі буынның шығармалары қойылмайды. Дра­матургтердің арасында ұрпақ сабақ­тастығы жоқ. Т. Жүргенов атындағы Өнер ака­демиясында 1990 жылдан бастап өнертану мамандарын даярлау қолға алынған. Театртану мамандығы бойынша Бағыбек Құндақбайұлы мен Әшірбек Сығай алғашқы түлектерін 1994-95 жылдары ұшырды. Сол театр­ сыншылар қазақ драматургиясын көтеруге жұмыс жасауы тиіс. Одан кейін 1994 жылы драматургтерді тәрбиелеу мақсатында Әкім Тарази өзінің алғашқы тобын қабылдады. Бұл мамандыққа балалар әр төрт жыл сайын қабылданып тұрды, жыл сайын қабылдауға мүмкіндік болмапты. Өйткені, оқу құралдарының базасы жасалмаған екен. Оның үстіне дәріс беретін мамандар қажет. Негізі бұл факультет кинодраматургтерді да­йын­дады. Тікелей театрға драматург дайындау оқу орнына Дулат Иса­бе­ковты шақырғаннан соң ғана бас­талды. Одан соң Смағұл Елубаев пен Сұлтанәлі Балғабаевтың шебер­ханасы құрылды. Яғни театр драматургтерін даярлау енді-енді жолға қойыла бастаған сыңайлы. Дегенменде, жоғарыда айтылған драматург­тердің шеберханасынан шыққан жас мамандар да аз емес. Олардың көп­шілігі театр әлемінен қол үзген болар. Сондықтан бітіруші түлектерді мамандықтарынан алшақтатып алмай жұмыс жағын бірден қарастырған жөн шығар...

Еңлік БАҚЫТҚЫЗЫ