Қазақстанда халықаралық театр фестивалі өтеді

Қазақстанда халықаралық театр фестивалі өтеді | Жаңалықтар | «Baq.kz» Ақпараттық портал Дулат Исабеков 70 жаста Астана. 24 шілде. BAQ.KZ – Биыл еліміздің белгілі жазушысы, драматург, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековке 70 жасқа толмақ. Айтулы датаға орай ағымдағы жылдың 10-16 қазаны аралығында елімізде үлкен халықаралық театр фестивалі өткізілгелі отыр. Ауқымды шараға отандық алты театр және өзге мемлекеттерден тағы алты театр ұжымы қатысады деп күтілуде.
Атап айтқанда, София орталық театры (Болгария), Василевский атындағы театр (Санкт-Петербург, Ресей), Омск қаласының театры (Ресей), Башқұртстан театры, Маяковский атындағы орыс академиялық драма театры (Тәжікстан) және Түркия елінің театры. Қазақстанның атынан бұл өнер сайысында Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры, Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жастар театры, Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, кәріс театры, Ассамблеяның ұлттар театры және Ж.Шанин атындағы ОҚО қазақ драма театрлары бақтарын сынайтын болады. Халықаралық фестивальге дайындықтың қалай жүргізіліп жатқандығын білу мақсатында мерейтой иесінің өзімен хабарластық. Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург: - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің шешімімен және қоғамдық ұйымдардың қолдауымен осынау фестиваль жоғары деңгейде өткізілмек. Алты күн бойы күніне екі қойылымнан тамашалайтын боламыз. Соңғы жетінші күні бір спектакль қойылып, артынан шараның жеңімпаздары және үздік актерлар мен актрисалар анықталатын болады. Сайысқа қатысатын өзге ұлт театрларының барлығы менің шығармаларымды өз тілдеріне аударып қойған. Олардың бірқатарына барып дайындықтарын өз көзіммен көріп қайттым. Әуезов театры «Жаужүрек», Лермонтов театры «Тор» («Цепи дьявола»), орыс театры «Ескерткіш» («Памятник»), кәріс театры «Мұрагерлер», Ұлттар театры «Бақыт құсы», Шымкенттегі қазақ драма театры «Енді қайттік» деген шығармаларымды сахналамақ. Ал, шетелдіктерге келсек, Болгария театры «Актриса», Санкт-Петербург театры «Құстар фестивалі», Омск театры «Ескі үйдегі екі кездесу» («Транзитный пассажир»), тәжіктің орыс драма театрында «Транзитный пассажир», Башқұртстан театры «Әпке», ал, Түркия «Мұрагерлер» спектакльдерін қоймақ. Бүгінде Дулат Исабековтың шығармалары венгр, поляк, неміс, чех және өзге де әлемдік тілдерге аударылған. Ал, оның пьесалары шетел театрларында сахналанып келеді. Ағамыздың өзі әлі де болса қалам мен қағаздан қол үзбегендігін айтты. Демек, алдағы мерейтойдан кейін Дулат Исабеков шығармашылығы жаңа повестпен толықпақ. Серғали БАЛАЖАН, BAQ.KZ