Әлемдік мәдениетке терезесі ашық бүгінгі қазақ көрерменінің талғамы мен таңдауы зор. Бүгінде сынға көп ұшырайтын, «қазақ киносы жоқ» деген сөз жаттанды афаризмге айналды, режиссерлерымыздың айтар ойларын шала жеткізуі, кәсіби білімінің аздығы десек, терең ой мен патриоттық тақырыпты, қазақтың өмірін суреттей алмайтындықтары қазақ киногерлерінің дерттеріне айналып отыр деушілер саны да жоқ емес.
Кейде осы ойлардың бәрі негізге жүйеленсе дейсің, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген бар емес пе? Ұлттық тақырыпты бейнелеп, қазақ өмірін шынайылықпен суреттей алатын киноматаграфист, «Жаңа толқын» өкілі Серік Апрымов пен Дәрежан Өмірбаевтың шығармашылығынан байқалады. Өмір көріністерін, өздерін толғандырған ойларын экранда суреттеуде «жаңа толқын» режиссерларының қолданған тәсілдері де ерекше болды. Олар өзгеше көркемдік ұстанымдарды алға тартты. Режиссерлар шындықты еш әсірелемей шынайы көрсету, кәсіби актерлардан бас тарту, жаңа заманның жүгін көтере келген жаңаша кейіпкер, автордың өз көркемдік идеясын алға тартудағы еркін көзқарасы қазақ киносындағы бұған дейінгі идеологиялық мақсаты басым фильмдердің табиғатына қарама-қайшы келді. Елдің тәуелсіздікке талпынған алғашқы жылдарымен қатар өз келбетін айқындаған қазақ киносының «жаңа толқыны» да авторлардың ой еркіндігіне жасаған батыл қадамдарының үлгісі ретінде маңыздылыққа ие болды.

Қазақ кино өнеріндегі «жаңа толқын» режиссері Серік Апрымовты ауыл бейнесін көрерменге кино элементтерімен шынайы жеткізуге тырысқан суреткер. Ол өз шығармашылығында ауыл өміріндегі жақсылық пен жамандықты қатар жарыстыра суреттеу арқылы, қазақ психологиясының үлгісін жасаушы. Бұған біз режиссердің «Ақсуат», «Мотоциклге мінген екеу», «Сергелдең», «Ағайынды үшеу», «Қияң» «Аңшы» фильмдері арқылы көз жеткізе аламыз. Аталмыш режиссердің шығармашылығында қарапайым ауыл өмірінің атмосферасын жеткізуде керемет шебер режиссерлік форма байқалады. Режиссер еш боямасыз шынайы өмірдің сұлбасын жасай отырып, өзі өрбіткен оқиға соңынан көрерменін де ертіп, еліртіп ала кетеді. Фильмдерінің тақырыптық ұқсастығынан шығармаларының мазмұны жалғасып жатқан іспетті. Режиссердің өзі дүниеге келген ауылы туралы түсірген фильмі «Ақсуатта» ауылдың нағыз тіршілігі бар және режиссер сол өмірге сынмен қарайтын секілді, десекте, режиссердің «Ақсуат» пен «Қияңды» түсіруіне әсер еткен ауылға деген шексіз махаббаты деп білесің. Әдебиет үшін де, кино үшін де ауыл тақырыбын қозғау еш тың дүние емес, бірақ режиссердің жаңаша өзіндік көзқарасы бар. Қарапайым кәсіби емес актерлермен жұмыс жасауы да қарапайым ауылы туралы фильмінің атмосферасын шынайылай түседі, режиссердің айтпақ ұлттық психологиясы детальдар арқылы емес, кейіпкерлерінің жан дүниесі арқылы берілген. Апрымов кейіпкерлері өмірді түсінуге тырысады, бүгінін өзгерткісі келеді, жаманды жойғысы келеді әйтеуір тынымсыз қозғалыста, абсурттық әрекеттерге жақын, бірақ кейіпкерлері бірін бірі қайталамайды. Мәселен «Ағайынды үшеу» фильміндегі үш ағайынды бала үш түрлі образда, әр кейіпкер өзінше дара, әрі аталмыш туындыда философиялық түйіндер жинақталған. «Жас жігіттің күнделігі» фильмінде автор қала өмірінің көріністерін көрсете бастады. Апрымов шығармашылығы дегенде анық оқылар екі тақырып ол– ауыл бейнесі мен ауыл жастарының образы. Кино жасай алатын аталмыш режиссер арқылы болашақта кинематографиямыздағы керемет мүмкіндіктер мен жарқын белесті бедерлерді айқындауға мүмкіндік зор.
Ал, режиссер Дәрежан Өмірбаев бір сұхбатында «Кино тіліндегі кино түсіруді армандаймын» деген болатын. Бүгінгі қазақ киносының алтын қорындағы аталмыш автордың туындылары «Шілде» (1988ж), «Қайрат» (1991ж), «Кардиограмма» (1995ж), «Киллер» (1998ж), «Жол» (2001ж) биыл «Студент» атты Достоевскийдің «Қылмыс пен Жаза» романының желісімен жазылған кинотуындымен толықты. Өз қоғамындағы әділетсіздікке қарсы ерлік жасаушы студент арқылы режиссер қоғамның көрінісін айна қатесіз жеткізе алды. Ол формасы өзгерген копиталистік құлдық өмір. Бұның шиін тудырып отырған, халықтың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалы. Табиғат секілді бүгінде қоғам сұрыпталатын болды. Бай мен кедей тіршілігінде байлар, өмірге бейімдер, қанаумен айналысушылар үстемдік етуі керек. Студент теледидардан қаншық қасқырдың азусыздарды екі бүктеп бір жеуін көреді, дәл сол джунгли заңымен студент те фильмнің басындағы труппада шай тасушы болып істеп жүрген сәтіндегі, танымал актрисаның киімін абайсыз былғап алуымен, оның аяусыз соққыға жығылуы айнымас ұқсастық еді. Осыдан келіп адам адамға қасқыр деген философия шығатынтәрізді. Бұл ойды режиссер тереңдете түсу үшін студенттің екі түрлі ұстаздың алдындағы лекцияны тыңдауы,бірінің әділдікті іздеуі мен күресі, екінші ұстаздың болып жатқан құбылыстарға деген ризашылдығы, бұл адамзат диллемасы. Режиссер бақытсыздықтың тереңіне үңіле отырып адамзатты қалай бақытты ете аламыз деген сұрақтың жауабын іздейді. Студенттің Серік Тұмановпен кездесуі, ақын тағдыры, отбасы, бір зейнетақымен өмір сүруі, жұмыссыздық олда қоғами апат. Кейіпкер көзімен біз бір отбасының бақытсыз өмірі мен әділетсіздігін көреміз. Ал, Отанның отбасынан басталарын білетін біз мұны сөзсіз таразылай аламыз. Оқиға ішінде жүрген студенттің бір емес екі адамды өлтіруі, оның жас көзқарасының қоғамға деген соншалықты қараңғы түсінігі мен ойлары жаныңды түршіктіреді, оның жасаған қылмысының жазасы дайын, бірақ режиссердің кейіпкерге деген өзіндік көзқарасы бар, ол экраннан анық сезіледі, әрі режиссер көрерменді де өзінің ойына тартады, студенттің ақынның мылқау қызына бар кінасын мойындауы өзінің де көрерменнің де жанын катарсисқа ұшыратады. Кейіпкер мен экран арқылы режиссер көпшіліктің көңілін аша білген. Өнер адамы қашанда халық жағында болуы керек деген миссияны Дәрежан Өмірбаев орындай алды. Кез келген кино қоғамның айнасы, автордың жан дүниесі мен ортаға деген көзқарасы, сондай ақ көпшілікке айтар ойы. Аталмыш туынды қай қоғамда да, қай елде де бар індеттің бетін ашқан жалпы адамзатқа ортақ мәселені көтерген , Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм»АҚ түсіріліп жатқан біршама фильмдердің ішіндегі әлеуметтік мәселені көтерген алғашқы авторлық фильм.
Назерке СЛАНБЕК,
Т.Жүргенов атындағы
Қазақ Ұлттық Өнер академиясының
«кинотеледраматургия»
мамандығының 4 курс студенті