Театр мен кино өнерінің жампозы

Қасым Жәкібаев – Кеңес заманынан бастап, тәуелсіздік­тен кейінгі жылдар арасында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академия­лық балалар мен жастар театрының сахнасында қайталанбас бейнелерді және қазақ киносының сахнасында қойылған түрлі рөлдерді тудырған 1996 жылы Қазақстанның халық әртісі атағын, 2001 жылы «Парасат», «Құрмет» орденін иеленген, 2001 жылы «Тәуелсіз Тарлан» сыйлығын және 2008 жылы Қазақ киносына сіңірген еңбегі үшін «Құлагер» сыйлығымен марапатталған сахнаның сардары, театр және кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған актер. Қасым Әбекұлы Жәкібаев 1929 жылы 12 желтоқсанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шолаққорған ауылында дүниеге келген. Әкесі соғысқа кеткен, Қасым қа­зіргі Панфилов паркінде орналасқан «Красная звезда» артелінде жұмысшы болды. 15 жасында әкесі Әбек Ұлы Отан соғысында қаза табады. Әке өлімінен соң, көп ұзамай анасы Сарқыт та марқұм бо­лады. Өмірдің қиын-қыстау кездерін, ауыртпашылығын ерте көрген Қасым 1944 жылы Алматыдағы Театр және көркемсурет училищесіне түсіп, 1948 жылы оны бітіріп шығады. Сол кезде Халық әртісі Яков Виктор Иванович пен қазақ өнерінің май­талманы Мәнтай Сыздықовтан дәріс ала­ды. 1946 жылдар уақытында Наталия Ильинична Сац Алматыға келіп, орыстың жасөспірімдер мен балалар театрын аша­ды. Бүгінде сол Наталия Сац ашқан Алма­тыда екі театр жұмыс істейді. Бірі – орыс театры да, екіншісі – Ғ.Мүсірепов атын­дағы балалар мен жасөспірімдерге арнал­ған драма театр. Қасым Жәкібаевты алғаш өнерге әкел­ген­дердің бірі – Наталия Ильинична Сац болатын. Наталия Сац бір топ өрендермен (Ақыл Құланбаев, қазақ теледидары мен театрына еңбегі сіңген Ыдырыс Қасымов­тармен) бірге, Қасымды да театрға шақы­рады. Алғашқы қойылым А.Толстойдың «Алтын кілт» спектаклінде Қасым Базилио мысықтың рөлін сомдайды. Ал, одан кейінгі рөлі Мұсатай Ақынжановтың «Алтын сақасындағы» бай баласы Сарман болды. Тума дарын театр сахнасында жүріп 300-ден аса рөлді сомдайды. Соның ішінде, Полоний (В.Шекспирдің «Гамлетінде»), Вурле (Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында»), Қайрақбай (С.Мұқа­новтың «Мөлдір махаббатында»), Бүкір (С.Бодықовтың «Отырар ертең қирай­дысында»), Тоқай (Ғ.Мүсірепов пен Қ.Ысқақтың «Ұлпан енисейінде»), Шыңғыс хан (Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Ми­ғұла терісі үстіндегі сотында»), Қон­қай (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқ­тысында»), Әлібек (Ш.Айтматовтың «Арманым, Әселімінде») т.б. Қасым Жә­кібаев–ойнақтаған жеті жасар баладан, қартайған жетпістегі шалға дейінгі рөл­дерді сомдап, қазақ театр тарихында өзін­дік қолтаңбасын қалдыра білген дарынды тұлға. Сондықтан да Жәкібаев бір-біріне ұқсамайтын арғы заманның болсын, бергі кеңес дәуірінің болсын кейпін жасауда, ең алдымен өзінің көргені мен тоқығанына сүйенген актер екендігін байқауға болады. Адамдардың нақтылы мінездерін театр сахнасында айнытпай бейнелеп, әсіресе қимыл-қозғалыстарындағы ерекшелікті дәл жеткізеді. Адамзаттың ойынын терең­де түсіне біледі. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың: «Қасым Жәкібаевсыз бір секундты көзге елестетуге болмайды. Ол барлық болмысымен, ішкі жан дүниесі­мен, түр тұлғасымен осы қазақ театры өнеріне қызмет істеген адам» деп айтқан осы бір сөзі, жоғарыда айтып отырғаны­мызға бір дәлел бола алады. Қасым Жәкібаев сахна өнері үшін туғандай. Сахнагердің бойындағы шебер­ліктің тағы бір ерекшелігі – оның суырып-салмалылық (импровизация) өнерін жете меңгергендігі еді. Ол әрқашан сахнадағы таптауырындылықтан алшақ болуға тыры­сып бақты. Қайталана беретін сахналық әдіспен көрермендерді де, әріптестерін де, тіпті өзін де жалықтырып алмаудың амал-тәсілін іздеумен болды. Суырып-салма­лылық ғажайыбынан дүниеге келетін сах­надағы жетік қимыл-қозғалыс, сөз бен іс-әрекет бірлігі, көрермендер залымен үнемі сахналық байланыс таба білу – шебер орындаушылық өнерінің құдіретінен туындайтын ерекше құбылыс. Осы қасиет­терді актерлік өнеріне серік еткен Қ.Жә­кібаев кезекті қойылымдарға шықпас бұрын кейіпкерлерінің бойындағы сан алуан мінездерінен әр қилы әрекеттер іздеп, әр рөліне жаңа өзгешеліктер енгізіп отыруды берік ұстанған екен. Театр сахнасындағы қойылған спектакльдерде өз рөлдерін сомдап жүріп, кинода да көріну актер үшін орасан зор еңбекті талап етеді. Кейінгі буын өкілдері­нің ізін жалғастырған қазақ актері Қасым Жәкібаев орыс режиссерларының шығар­ма­ларында да көрінді. Қасым Жәкібаевтың Ресей киносына түскендегі алғашқы рөлі – «Дерсу Узала» фильміндегі Дерсу Узала болды. Бұл орыс ғалымы, оқымыстысы, географы, Владимир Арсеньевтің «Қиыр Шығысқа сапар» атты кітабы бойынша Мәскеудегі «Центрнаучфильмде» түсірілген фильм. 1962 жылы режиссер Агаси Бабаян бұл фильм үшін Бухарестегі халықаралық кинофестивальде бас жүлде «Алтын қасқырға» ие болады. Фильм кейіпкерінің характерінде, пси­хологиясында әйтеуір сол халыққа тән мінез, сарын әрқашанда көрініп тұрады. Ал, Қасым Жәкібаев образды сол ұлттың өзіне тән мінез-құлқын бере алды. Кеңес кино­сының та­рихында қалған «Дерсу Узала» фильмінен соң, актерге деген сұраныс арта түседі. «Верониканың оралуы» (1963 жыл, реж. Игорь Болгарин, Вадим Ильенко), «Ұлы сам елінің азаматы» (1981 жыл, реж. Аркадий Кордон), «Золотая баба» (1986 жыл, реж. Виктор Кобзев), «Залив счастья» (1987 жыл, реж. Владимир Лаптев (II)), «И возвращается ветер...» (1991 жыл, реж. Михаил Калик), «Мастер Востока» (1992 жыл, реж. Александр Казаков) және т.б. фильмдерінде басты және эпи­зодтық бейнелерді сомдады. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында көптеген жарқын бейнелерді сомдаған Қасым Жәкібаев өнердегі аға буын өкіл­дерінің ізін жалғастырған актер болып саналады. Асқан дарындылығымен таныл­ған актер, 60-70 жылдары өз кезегінде қазақ киноөнеріне алғашқы қадамын эпи­зодтық рөлмен басты. Соның ішінде, «Ана мен бала» – Көбей (1955 жыл, реж. Сұлтан Қожықов), «Балалық шаққа саяхат» – Шорманов (1968 жыл, реж. Абдолла Қарсақбаев), «Шоқ пен шер» – Шердің ағасы (1972 жыл, реж. Қанымбек Қа­сымбеков), «Қан мен тер» – Судыр Ахмет (1978 жыл, реж. Әзірбайжан Мәм­бетов), «Охрана бастығы» – Күләштің әкесі (1978 жыл, реж. Амангелді Тәжі­баев) фильмдерінде Қасым Жәкібаев эпизодтық рөлдерді сомдап шықты. Бұдан кейін осы кеңестік кезеңдерде тек эпизод­тық рөлдермен ғана шектелген актер шы­ғармашылығы одан кейінгі уақытта керісінше толыға түсті. Қазақ киносының дамуының әр ке­зеңінде аға және орта буын режиссерлерінің фильмдерінде эпизодтық болса да, таны­мал болған кейіпкерлерді сомдаған Қасым Жәкібаевтың киноактер ретінде дарын­дылығының кеңірек ашылуы жаңа кезең киносының тұсы болды. Қ.Жәкібаев сомдаған сексенінші-тоқсаныншы жыл­дардың басындағы фильмдердегі кейіпкерлер заман рухына са­рын­дас болып, экранға типаждық кейіпкер­лер­дің тағы бір то­бын әкелді. Қасым Жәкі­баев­тың экран­дық бейнелерін бір жүйе­ге келтіріп, топтас­тыру­ға әб­ден болады. Ата-ақсақал, «Бір­геде» – Жұ­ма­ғали ата, «Ай­на­ла­йын­да» – Асан қа­рия, «Өл­­местің ора­луында» – Садабеката, «Үш аға­йын­ды­да» – Кляйн ата, «Сұ­рапыл Сұрже­кейде­гі» – Шеге­нің әке­сінің бейнелері; молда бейнесі – «Тақыр» және «Отырардың күйреуі» фильмдерін­де, «Аз­ған үштіктің азабы», «Үшеу», «Қызғыш құс» және т.б. фильмдерде маскүнем бейнесі көрініс тапса, «Ақырғы аманатта­ғы» – Мойман жолсерік, «Үш күн мерекедегі» – бақылаушы шал, «Қош бол, Медеудегі» – ұрлықшы, «Жансебілдегі» – мүгедек, «Мергендердегі» – старшина және т.б. өзге фильмдер рөлдеріндегі әр түрлі кейіпкер бейнелері актер шеберлігі мен сыртқы келбетінің үндестігін көрер­менге шынайы жеткізеді. Қазақ киносы тарихының қалыптасу жылдарында бірте-бірте жинақталған актерлік дәстүрді «Жаңа толқын» кезеңінде жалғастырушы танымал актер Қасым Жәкібаев болып отыр. Актердің тұла бойында, әр режиссердің ойын ашатын, көрерменге идеяны жеткізетін бір сыр бар. Ол сыр актердің шеберлігі мен сыртқы келбетінің ұқсастығында. Аса жылдам қарқынмен келген қоғам­дық өзгерістер мен экономикалық дағ­дарыстар кедергісіне қарамастан Қазақ­стан кино өнері сексенінші-тоқса­ныншы жылдар аралығында шығар­машы­лық ізденіс және экрандық сипаттау мүмкіндік­терінің ерекшеліктері тұрғысы­нан жаңа сатыға, әлемдік кино өнері деңгейіне көтеріле алды. Жыл өткен сайын киношы­ғармалардың мазмұндық сипаты мен бағалану критерийлері де өзгеруде. Бұл кезең фильмдері «камера көзімен» ғана қамтылған оқиғалар тізбегінің сырт фор­масынан гөрі адамның ішкі жан-дүниесіне, жеке кейіпкер характерінің сомдалу ерекшеліктеріне орай тереңірек зерттеуге ұм­тылған күрделі туындылар. Тоқсаныншы жылдар киношығар­маларында көтерілетін аса маңызды тақырыптар қатарында тарихи шындық мәселесі қамтылды. Жаңа кезең киносы­ның жинақталған типтік кейіпкерлерінің ішіндегі Қасым Жәкібаев сомдаған образдарда мүсәпір, қорғансыз бейнелер жиі кездеседі. Жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Жансебілі» бойынша түсірілген режиссер Аяған Шәжімбайдың «Жансебіл» (1991) атты фильміндегі актер сомдаған бас кейіпкердің бейнесін жан-жақты қарасты­руға болады. «Жансебіл» көркемсуретті фильмі – ел өміріндегі тағы бір кезеңді қамтитын фильм. Қасым Жәкібаев туралы естеліктерінде Нұржұман Ықтымбаев «Жансебілге» Қасымның қалай келгендігін еске түсіреді. Негізі, фильм түсірілместен бұрын, Мұ­қатай шалдың рөліне актер Нұржұман Ықтымбаевты таңдалынады. Аяған Нұр­жұманға сценарийді ұстатып кетеді. Сценарийді оқып, ұнатқан актердің көз ал­дына сұрапыл жылдардағы қазақтың тағ­дыры, көзі ашық, көкірегі ояу талай боздақтардан айырылып, қан жұтқан кездер келеді. Мұқатай рөлін ұнатса да, өзін ол бейнеде көре алмаған Нұржұман Ықтымбаев салмағының үлкендігін, сол кезде киноға деген тәжірбиенің аздығын ойлап, киноға түсуден бас тартады. Бұл жағдайды күтпеген Аяған Шәжімбайға Нұржұман: «шырағым-ау менің жүз кило денемді бір кемпір сүйрей алмайды. Мені тіпті сен де сүйрей ал­май­сың. Төрт кемпір сүй­ре­месе, жалғыз кемпір­дің әлі кел­мейді», – деп, ойындағы актер Қа­сым Жә­кібаев­ты ұсына­ды. Толық­қанды Мұ­қатай бейнесін ак­тердің аша ала­тынды­ғы­на сен­ген режиссер Мұ­ қатай рөліне Қа­сымды бекітеді. Қасым Жәкі­баев өз сұхбатында: «Бірде түсіру ала­ңын­да ары-бері өткен поез­дың артынан жүгіре-жүгіре шаршап, дем алдық. Күннің қай­наған кезі, ыстығы, ары-бері жүгіргеннен Галя да, мен де шаршап, діңкілдеп отыр­мыз. Терлеп кеттім де, басымдағы та­қиямды алшы деп Галяға айтып ем, ол тақиямды алып алдыма қоя салды. Бір кезде жанымыздан өтіп бара жатқан жеті-сегіз жасар қызы бар келіншек тақияма тиын тастады. Сөйтсем, бас киімім шал­қалап қалған екен. Содан жетегіндегі қызы анасының құлағына бірдеңе деп сыбырлап, кері бұрылды да, қайтадан үш сом тастап жөніне кете берді. Сонда ойлағаным, менің мына кейпім таза қа­йыр­шыға ұқса­ғаны, шын мәнінде образ­дың шынайы шығып жатқаны ғой деген ой келді. Содан сенімдірек болғаны киноның сәтті түсі­рілімімен аяқталды ғой» деп еске алады. Қасым Жәкібаев «Жансебілге» түс­кенде Аяған айтыпты: «Аға, жылай ал­майтын адам едің ғой, көзіңе глицерин тамызсақ қайтеді? дегенде, актер: «Жоқ, тамызба мен өзім жылаймын, өйткені баламды ұрып-соғып жатыр ғой, осы дүниені аңсап кетті-ау, бір ауыз сөйлесе алмадым-ау деген ой келді де көзімнен жас парлап кетті»-дейді. Иә, шындығына келгенде актердің Азамат атты баласы Кеңес одағы кезінде отыршылдыққа қарсы көзқарасы үшін қудаланып, қысастықпен қыршынынан қиылды. Қасым Жәкібаев – өзі орындайтын сахналық кейіпкерінің ішкі көңіл-күйін, психологиялық өзгерістерін әрекетке толы қимыл-қозғалысымен етене байланыс­тыруға әрі табиғи болмыс-бітімін шынайы беруге ұмтылатын өткір мінезді актер. Оның асқан шеберлікпен сомдаған экрандық эпизодтық кейіпкерлері, тарихи және фольклорлық тақырыптағы бейнелері, актер шығармашылығындағы кейіпкерлер өмірінің жалғастығы. Гүлбағда КӨБЕЕВА, Кинотанушы