Қасым Жәкібаев – Кеңес заманынан
бастап, тәуелсіздіктен кейінгі жылдар арасында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық
балалар мен жастар театрының сахнасында қайталанбас бейнелерді және қазақ киносының сахнасында
қойылған түрлі рөлдерді тудырған 1996 жылы Қазақстанның халық әртісі атағын, 2001 жылы «Парасат», «Құрмет» орденін
иеленген, 2001 жылы «Тәуелсіз Тарлан» сыйлығын және
2008 жылы Қазақ
киносына сіңірген еңбегі үшін «Құлагер» сыйлығымен марапатталған сахнаның сардары,
театр және кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған актер.
Қасым Әбекұлы Жәкібаев 1929 жылы 12 желтоқсанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шолаққорған ауылында дүниеге келген. Әкесі соғысқа кеткен, Қасым қазіргі Панфилов паркінде орналасқан «Красная звезда» артелінде жұмысшы болды. 15 жасында әкесі Әбек Ұлы Отан соғысында қаза табады. Әке өлімінен соң, көп ұзамай анасы Сарқыт та марқұм болады. Өмірдің қиын-қыстау кездерін, ауыртпашылығын ерте көрген Қасым 1944 жылы Алматыдағы Театр және көркемсурет училищесіне түсіп, 1948 жылы оны бітіріп шығады. Сол кезде Халық әртісі Яков Виктор Иванович пен қазақ өнерінің майталманы Мәнтай Сыздықовтан дәріс алады. 1946 жылдар уақытында Наталия Ильинична Сац Алматыға келіп, орыстың жасөспірімдер мен балалар театрын ашады. Бүгінде сол Наталия Сац ашқан Алматыда екі театр жұмыс істейді. Бірі – орыс театры да, екіншісі – Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған драма театр.
Қасым Жәкібаевты алғаш өнерге әкелгендердің бірі – Наталия Ильинична Сац болатын. Наталия Сац бір топ өрендермен (Ақыл Құланбаев, қазақ теледидары мен театрына еңбегі сіңген Ыдырыс Қасымовтармен) бірге, Қасымды да театрға шақырады. Алғашқы қойылым А.Толстойдың «Алтын кілт» спектаклінде Қасым Базилио мысықтың рөлін сомдайды. Ал, одан кейінгі рөлі Мұсатай Ақынжановтың «Алтын сақасындағы» бай баласы Сарман болды.
Тума дарын театр сахнасында жүріп 300-ден аса рөлді сомдайды. Соның ішінде, Полоний (В.Шекспирдің «Гамлетінде»), Вурле (Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында»), Қайрақбай (С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында»), Бүкір (С.Бодықовтың «Отырар ертең қирайдысында»), Тоқай (Ғ.Мүсірепов пен Қ.Ысқақтың «Ұлпан енисейінде»), Шыңғыс хан (Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Миғұла терісі үстіндегі сотында»), Қонқай (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысында»), Әлібек (Ш.Айтматовтың «Арманым, Әселімінде») т.б. Қасым Жәкібаев–ойнақтаған жеті жасар баладан, қартайған жетпістегі шалға дейінгі рөлдерді сомдап, қазақ театр тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген дарынды тұлға.
Сондықтан да Жәкібаев бір-біріне ұқсамайтын арғы заманның болсын, бергі кеңес дәуірінің болсын кейпін жасауда, ең алдымен өзінің көргені мен тоқығанына сүйенген актер екендігін байқауға болады. Адамдардың нақтылы мінездерін театр сахнасында айнытпай бейнелеп, әсіресе қимыл-қозғалыстарындағы ерекшелікті дәл жеткізеді. Адамзаттың ойынын тереңде түсіне біледі. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың: «Қасым Жәкібаевсыз бір секундты көзге елестетуге болмайды. Ол барлық болмысымен, ішкі жан дүниесімен, түр тұлғасымен осы қазақ театры өнеріне қызмет істеген адам» деп айтқан осы бір сөзі, жоғарыда айтып отырғанымызға бір дәлел бола алады.
Қасым Жәкібаев сахна өнері үшін туғандай. Сахнагердің бойындағы шеберліктің тағы бір ерекшелігі – оның суырып-салмалылық (импровизация) өнерін жете меңгергендігі еді. Ол әрқашан сахнадағы таптауырындылықтан алшақ болуға тырысып бақты. Қайталана беретін сахналық әдіспен көрермендерді де, әріптестерін де, тіпті өзін де жалықтырып алмаудың амал-тәсілін іздеумен болды. Суырып-салмалылық ғажайыбынан дүниеге келетін сахнадағы жетік қимыл-қозғалыс, сөз бен іс-әрекет бірлігі, көрермендер залымен үнемі сахналық байланыс таба білу – шебер орындаушылық өнерінің құдіретінен туындайтын ерекше құбылыс. Осы қасиеттерді актерлік өнеріне серік еткен Қ.Жәкібаев кезекті қойылымдарға шықпас бұрын кейіпкерлерінің бойындағы сан алуан мінездерінен әр қилы әрекеттер іздеп, әр рөліне жаңа өзгешеліктер енгізіп отыруды берік ұстанған екен.
Театр сахнасындағы қойылған спектакльдерде өз рөлдерін сомдап жүріп, кинода да көріну актер үшін орасан зор еңбекті талап етеді. Кейінгі буын өкілдерінің ізін жалғастырған қазақ актері Қасым Жәкібаев орыс режиссерларының шығармаларында да көрінді.
Қасым Жәкібаевтың Ресей киносына түскендегі алғашқы рөлі – «Дерсу Узала» фильміндегі Дерсу Узала болды. Бұл орыс ғалымы, оқымыстысы, географы, Владимир Арсеньевтің «Қиыр Шығысқа сапар» атты кітабы бойынша Мәскеудегі «Центрнаучфильмде» түсірілген фильм. 1962 жылы режиссер Агаси Бабаян бұл фильм үшін Бухарестегі халықаралық кинофестивальде бас жүлде «Алтын қасқырға» ие болады.
Фильм кейіпкерінің характерінде, психологиясында әйтеуір сол халыққа тән мінез, сарын әрқашанда көрініп тұрады. Ал, Қасым Жәкібаев образды сол ұлттың өзіне тән мінез-құлқын бере алды. Кеңес киносының тарихында қалған «Дерсу Узала» фильмінен соң, актерге деген сұраныс арта түседі. «Верониканың оралуы» (1963 жыл, реж. Игорь Болгарин, Вадим Ильенко), «Ұлы сам елінің азаматы» (1981 жыл, реж. Аркадий Кордон), «Золотая баба» (1986 жыл, реж. Виктор Кобзев), «Залив счастья» (1987 жыл, реж. Владимир Лаптев (II)), «И возвращается ветер...» (1991 жыл, реж. Михаил Калик), «Мастер Востока» (1992 жыл, реж. Александр Казаков) және т.б. фильмдерінде басты және эпизодтық бейнелерді сомдады.
Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында көптеген жарқын бейнелерді сомдаған Қасым Жәкібаев өнердегі аға буын өкілдерінің ізін жалғастырған актер болып саналады. Асқан дарындылығымен танылған актер, 60-70 жылдары өз кезегінде қазақ киноөнеріне алғашқы қадамын эпизодтық рөлмен басты. Соның ішінде, «Ана мен бала» – Көбей (1955 жыл, реж. Сұлтан Қожықов), «Балалық шаққа саяхат» – Шорманов (1968 жыл, реж. Абдолла Қарсақбаев), «Шоқ пен шер» – Шердің ағасы (1972 жыл, реж. Қанымбек Қасымбеков), «Қан мен тер» – Судыр Ахмет (1978 жыл, реж. Әзірбайжан Мәмбетов), «Охрана бастығы» – Күләштің әкесі (1978 жыл, реж. Амангелді Тәжібаев) фильмдерінде Қасым Жәкібаев эпизодтық рөлдерді сомдап шықты. Бұдан кейін осы кеңестік кезеңдерде тек эпизодтық рөлдермен ғана шектелген актер шығармашылығы одан кейінгі уақытта керісінше толыға түсті.
Қазақ киносының дамуының әр кезеңінде аға және орта буын режиссерлерінің фильмдерінде эпизодтық болса да, танымал болған кейіпкерлерді сомдаған Қасым Жәкібаевтың киноактер ретінде дарындылығының кеңірек ашылуы жаңа кезең киносының тұсы болды. Қ.Жәкібаев сомдаған сексенінші-тоқсаныншы жылдардың басындағы фильмдердегі кейіпкерлер заман рухына сарындас болып, экранға типаждық кейіпкерлердің тағы бір тобын әкелді.
Қасым Жәкібаевтың экрандық бейнелерін бір жүйеге келтіріп, топтастыруға әбден болады.
Ата-ақсақал, «Біргеде» – Жұмағали ата, «Айналайында» – Асан қария, «Өлместің оралуында» – Садабеката, «Үш ағайындыда» – Кляйн ата, «Сұрапыл Сұржекейдегі» – Шегенің әкесінің бейнелері; молда бейнесі – «Тақыр» және «Отырардың күйреуі» фильмдерінде, «Азған үштіктің азабы», «Үшеу», «Қызғыш құс» және т.б. фильмдерде маскүнем бейнесі көрініс тапса, «Ақырғы аманаттағы» – Мойман жолсерік, «Үш күн мерекедегі» – бақылаушы шал, «Қош бол, Медеудегі» – ұрлықшы, «Жансебілдегі» – мүгедек, «Мергендердегі» – старшина және т.б. өзге фильмдер рөлдеріндегі әр түрлі кейіпкер бейнелері актер шеберлігі мен сыртқы келбетінің үндестігін көрерменге шынайы жеткізеді.
Қазақ киносы тарихының қалыптасу жылдарында бірте-бірте жинақталған актерлік дәстүрді «Жаңа толқын» кезеңінде жалғастырушы танымал актер Қасым Жәкібаев болып отыр. Актердің тұла бойында, әр режиссердің ойын ашатын, көрерменге идеяны жеткізетін бір сыр бар. Ол сыр актердің шеберлігі мен сыртқы келбетінің ұқсастығында.
Аса жылдам қарқынмен келген қоғамдық өзгерістер мен экономикалық дағдарыстар кедергісіне қарамастан Қазақстан кино өнері сексенінші-тоқсаныншы жылдар аралығында шығармашылық ізденіс және экрандық сипаттау мүмкіндіктерінің ерекшеліктері тұрғысынан жаңа сатыға, әлемдік кино өнері деңгейіне көтеріле алды. Жыл өткен сайын киношығармалардың мазмұндық сипаты мен бағалану критерийлері де өзгеруде. Бұл кезең фильмдері «камера көзімен» ғана қамтылған оқиғалар тізбегінің сырт формасынан гөрі адамның ішкі жан-дүниесіне, жеке кейіпкер характерінің сомдалу ерекшеліктеріне орай тереңірек зерттеуге ұмтылған күрделі туындылар.
Тоқсаныншы жылдар киношығармаларында көтерілетін аса маңызды тақырыптар қатарында тарихи шындық мәселесі қамтылды. Жаңа кезең киносының жинақталған типтік кейіпкерлерінің ішіндегі Қасым Жәкібаев сомдаған образдарда мүсәпір, қорғансыз бейнелер жиі кездеседі. Жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Жансебілі» бойынша түсірілген режиссер Аяған Шәжімбайдың «Жансебіл» (1991) атты фильміндегі актер сомдаған бас кейіпкердің бейнесін жан-жақты қарастыруға болады. «Жансебіл» көркемсуретті фильмі – ел өміріндегі тағы бір кезеңді қамтитын фильм.
Қасым Жәкібаев туралы естеліктерінде Нұржұман Ықтымбаев «Жансебілге» Қасымның қалай келгендігін еске түсіреді. Негізі, фильм түсірілместен бұрын, Мұқатай шалдың рөліне актер Нұржұман Ықтымбаевты таңдалынады. Аяған Нұржұманға сценарийді ұстатып кетеді. Сценарийді оқып, ұнатқан актердің көз алдына сұрапыл жылдардағы қазақтың тағдыры, көзі ашық, көкірегі ояу талай боздақтардан айырылып, қан жұтқан кездер келеді. Мұқатай рөлін ұнатса да, өзін ол бейнеде көре алмаған Нұржұман Ықтымбаев салмағының үлкендігін, сол кезде киноға деген тәжірбиенің аздығын ойлап, киноға түсуден бас тартады. Бұл жағдайды күтпеген Аяған Шәжімбайға Нұржұман: «шырағым-ау менің жүз кило денемді бір кемпір сүйрей алмайды. Мені тіпті сен де сүйрей алмайсың. Төрт кемпір сүйремесе, жалғыз кемпірдің әлі келмейді», – деп, ойындағы актер Қасым Жәкібаевты ұсынады. Толыққанды Мұқатай бейнесін актердің аша алатындығына сенген режиссер Мұ
қатай рөліне Қасымды бекітеді.
Қасым Жәкібаев өз сұхбатында: «Бірде түсіру алаңында ары-бері өткен поездың артынан жүгіре-жүгіре шаршап, дем алдық. Күннің қайнаған кезі, ыстығы, ары-бері жүгіргеннен Галя да, мен де шаршап, діңкілдеп отырмыз. Терлеп кеттім де, басымдағы тақиямды алшы деп Галяға айтып ем, ол тақиямды алып алдыма қоя салды. Бір кезде жанымыздан өтіп бара жатқан жеті-сегіз жасар қызы бар келіншек тақияма тиын тастады. Сөйтсем, бас киімім шалқалап қалған екен. Содан жетегіндегі қызы анасының құлағына бірдеңе деп сыбырлап, кері бұрылды да, қайтадан үш сом тастап жөніне кете берді. Сонда ойлағаным, менің мына кейпім таза қайыршыға ұқсағаны, шын мәнінде образдың шынайы шығып жатқаны ғой деген ой келді. Содан сенімдірек болғаны киноның сәтті түсірілімімен аяқталды ғой» деп еске алады.
Қасым Жәкібаев «Жансебілге» түскенде Аяған айтыпты: «Аға, жылай алмайтын адам едің ғой, көзіңе глицерин тамызсақ қайтеді? дегенде, актер: «Жоқ, тамызба мен өзім жылаймын, өйткені баламды ұрып-соғып жатыр ғой, осы дүниені аңсап кетті-ау, бір ауыз сөйлесе алмадым-ау деген ой келді де көзімнен жас парлап кетті»-дейді. Иә, шындығына келгенде актердің Азамат атты баласы Кеңес одағы кезінде отыршылдыққа қарсы көзқарасы үшін қудаланып, қысастықпен қыршынынан қиылды.
Қасым Жәкібаев – өзі орындайтын сахналық кейіпкерінің ішкі көңіл-күйін, психологиялық өзгерістерін әрекетке толы қимыл-қозғалысымен етене байланыстыруға әрі табиғи болмыс-бітімін шынайы беруге ұмтылатын өткір мінезді актер. Оның асқан шеберлікпен сомдаған экрандық эпизодтық кейіпкерлері, тарихи және фольклорлық тақырыптағы бейнелері, актер шығармашылығындағы кейіпкерлер өмірінің жалғастығы.
Гүлбағда КӨБЕЕВА,
Кинотанушы