Айгүл ИМАНБАЕВА: Өнерде де, өмірде де қалталы азаматым не тіреп тұрған көке-жәкем жоқ...
2012 ж. 26 маусым
3555
5
Осыдан 14 жыл бұрын құрылған «Боспор бәсекесі» халықаралық театр фестивалі биыл Украйнаның Керчь қаласында өтті. Осы байқауға елімізден «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Айгүл Иманбаеваның «А. И. музыкалық театр орталығы» қатысып, театр өнер
жарысына Жан Ануйдың «Медея» трагедиясын жаңаша ұсынды. Үлкен
өнер жарысында А. Иманбаеваның ұжымы үздік танылып,
бас жүлдені жеңіп алды.
– Жеңістеріңіз құтты болсын! Енді осы турасында ширата отырсаңыз...
– Рахмет! «А.И. музыкалық театр орталығы» 2011 жылдың 14 ақпанында француз драматругі Жан Ануйдың «Медеясымен» ашылған болатын. Айналдырған бір жылдың ішінде 4 спектакль қойдық. Жақында Украина мемлекетіндегі Керч қаласына барып «Боспор бәсекесі» атты XIV халықаралық театр фестиваліне қатысып бас жүлдені иеленіп қайттық. Үлкен қолдау көрсетіп, барып келуіміздегі қаражат мәселесін көтерген Атырау облысының әкімшілігіне алғысымыз шексіз. 300-дей театр қатысуға ұсыныс білдіргенімен 10 ғана театрды іріктеп алған екен. Азиядан қатысқан жалғыз театр біз ғана болдық. Төрайымы Украинаның Халық әртісі Лариса Қадырова, Ресейдің Халық әртістері Василий Лановой, Наталья Егорова, Александр Голобородько сынды марғасқа майталмандар қазылық етті. Мұндай жүлдені алғанымызға өзіміз де сенбей жүрміз...
– Расында, Ресей қатысқан фестивальден бас жүлде алу...
– Тек Ресей мықтылары ғана емес, Еуропадан да жақсы театрлар келді. Бір байқағаным біздегідей аға-көке жүрмейді екен. Тіпті "өзімізде болып жатқан фестиваль ғой, жүлде елімізде қалсын" деген де ұғым жоқ болып шықты. Кім талантты, кімнің қойылымы озып тұр, дәл соған еш талассыз береді екен. Біздің қойылым болғанға дейін Ресей мен Украина театрлары өнер көрсеткен болатын. Фестивальдың төрайымы Наталя Егорова: «Біз сол екеуінің біреуіне береміз деп шешіп отырғанбыз. Ал сендердің өнерді көргеннен кейін автоматты түрде олар екінші, үшінші орындарға түсіп қалды» дейді. Ресей үздік режиссура номинациясы бойынша марапатталды. Спектакльді өз тілімізде ойнадық. Ешқандай аударма болмады.
– Синхронды аударма да болмады ма?
– Жоқ. Ең қызығы далада орналасқан амфитеатрда ойнадық. Баяғыда археология бойынша іздеп табылған, антикалық замандағы театр ғой. Тіпті ешқандай микрофон да, жарық та болмады. Кешкі сағат 7-де бастап едік, біз бітіргенше күн батыңқырап қалды. Таза табиғи дүние туындады десем болады. Дауысымыз да жақсы естілді. Қанша дегенменде бұрындағы театр болғандықтан акустикасы да мықты екен. Шетіне шатыр құрып қойыпты, киім, грим жағы да сол жерде жүзеге асты. Барлығы біткесін әділқазы мүшелерінен: «Тілін түсінбейсіздер, қалай қабылдадыңыздар?» деп сұрағынымда, «Медея, Язон деген сөздеріңізді ғана түсініп отырдық. Басқа тілдеріңізді түсінбесек те энергетиканы, эмоцияны сезіндік.Сахнадан бізге леп келді. Сен Язонмен қоштасып жатқанда көзімізге жас алып көрдік» дейді. Жалпы театрда, өнерде тіл жоқ қой. Жүрегімізден шыққан үн жүрекке жеткен болу керек. Соңында жеңіске жетіп қолымызды жүрегіміздің тұсына қойып әнұранымызды шырқаған кезде көзімізге жас алып, ерекше сезімде болдық.
– Театр фестивалінде де әнұран айтқыза ма екен?
– Иә, жеңіске жеткендер әнұранын айтады. Одан бөлек, 2 жыл бұрында «Достар» вокалды аспапты тобыммен Белоруссиядағы «Песняри» байқауына барғанда жеңіске жетіп, әнұранымызды шырқатып қайтқан болатынбыз. Туымыз көтеріліп, әнұранымыз асқақтаған кезде онда да бір жылап алған болатынбыз.
– Сіз жалпы оңайшылықпен жылай бермейтін өжеттеу өнер адамы едіңіз ғой... Әлде өзгердіңіз бе?
– Жоғарғы жақта өлшеп пішіп отыратын өлшем бар ғой бәрібір... Сол шеберлікке таңқаламын... Осы уақытқа дейін бірнәрселерді бағындыра білсем, ол маған Жаратушының берген сыйы және оған өзімнің еңбегімді қосқаным. Бір істі бастасам қан терім шыққанша жұмыс істеймін. Солар соңында абырой болып оралады. Ал ол оралғанда... Украинадағы бас жүлдені алғанда сахнада қасқайып күліп тұрғаныммен, артынан таса жерге барып «Аллам-ау маған деген көзқарасың дұрыс екен-ау...» деп кәдімгідей еңіреп тұрып жыладым.
– Оларға әншілік өнеріңізді де байқатып қайтқан көрінесіз...
– Барлығы біткесін жүргізушілер: «Айгүл өз еліңізде әнші екенсіз. YouTUBE-тан көріп алдық. Енді бізге тірідей айтып берсеңіз...» деп қолқа салды. Сол сахнада «Күзбен сырласу» әнін орындадым. Артынан әділқазы мүшелері: «Сізде актерға тән қабілеттің барлығы бар, «Вы генияльная актриса еще и певица. Но как успеваете?» дегенде, «Бұл сұрақты Қазақстанда да күнде естимін» десем таңқалып жатты.
– Шетелдіктерден тәжірибе алмасу мақсатында ұсыныс тілектер түспеді ме?
– Фестивальден кейін Варшава қаласында қазан айында болатын театр фестиваліне шақырту алдық. Фестиваль төрайымы болған Лариса Қадырова Украинадағы моноспектакльдің жетекшісі екен. Сол кісі өзінің театрына өнер көрсетуге шақырды. Театрымыздың актеры Жұлдызбек Жұманбай Ресейдің ГИТИС оқу орынына «Болашақ» бағдарламасы бойынша екі жылға оқуға бара жатыр. МХАТ театрының әртісі Наталя Егороваға бұл жаңалығымызды айтқанда, ол кісі телефон нөмірін беріп: «Егер емтихан кезінде түсінбеген жерлерің болса үйретемін, сабағыңа көмектесіп тұрайын. Ресейдегі үлкен театрларға билетсіз-ақ кіргізіп аралатамын» деп уәде берді. Ал Ресейде театрға бару үшін бір жыл бұрын билет алып қоймасаңыз бара алмайсыз ғой. Ол жерде театрдың құндылығын бағалайтындығы соншалық билет алу да қиыншылық туғызады. Сол үшін де бұл Жұлдызбекке үлкен мүмкіншілік болып отыр.
– Украина несімен таңқалдырды?
– Табиғаты, тарихи ғимараттары өз алдына. Одан бөлек Керчь қаласында тұратын 4-5 қазақ бар екен. Театр келе жатыр деген көшедегі жарнаманы көріп, арнайы келіпті. Одан бөлек, сол жерде «Азия-Еуропа» газ құбыр жолын жасап жатқан Сапарғали, Қайрат деген атқамінер азаматтар да келіп тамашалады. Соңында ол кісілер украиндықтарға: «Көрдіңіздер ме, біз ғана емес, қазақ театры да келіп сіздерді рухани жылытып жатыр» деп қалжыңдап, мәре-сәре болып қалдық.
– Қазақ театры дегенде қандай кемшілік ойыңызға бірінші оралады?
– Қазақ театр өнеріне революция керек. Бізде 70-80 жылдардан қалған стеоретиптер әлі бар. Тек қана Алматы, Астана театрларында ғана емес, облыстарымызда да белең алған. ХХІ ғасырға тән прогресс, мобилизация жоқ. Мысалы, Сергей Безруков Мәскеудің 8 театрында жұмыс жасайды екен. Ал бізде актер Әуезовта істесе, оған Мүсіреповке жол жоқ. Осы үрдісті әлі күнге дейін түсіне алмай келемін. Неге бүгінгі күні эстрада әншілеріне ғана жарнама жасалынады?! Тіпті дәстүрлі әншілер сыртта қалып жатқан тұста, театр әртістері жайлы әңгіме қозғаудың өзі... Күләш Қажығалиева, Клара Елжанова, Шолпан Сіргебаева сынды театр әртісін естігеніңіз бар ма? Айта берсек бұл тізімді біразға жеткізуге болады. Шын мәнінде ол кісілер талантты өнер адамдарының бірі. Ал неге жарнама жасалмайды?
– Мүмкін өздері жан жақты жұмыс жасамайтын болар...
– Жан-жақты жұмыс жасауға театр мүмкіншілік бермейді.
– Сіз жүрсіз ғой...
– (күліп) Ол менің мінезімнің арқасында ғой. Мінезім тентектеу болғасын бір орында тынбай жұмыс істеймін. Бір театрдың етегінен ұстап қорқып дірілдеп қалған мен жоқ. Өнер халықтікі болғандықтан, театр да біреудің жекеменшігі болмау керек. Ол кісілерге солай жүрген ұнайтын болар бәлкім... Театрдағы шырмаудан шыға алмай жүрген болар... Жалпы ол кісілерге ғана қарап айтып отырғаным жоқ, барлық театрдағы небір таланттардың насихатталуы аз болатынына күйінемін. Егер осындай кісілердің бірнеше театрға жұмыс жасауына мүмкіншілік беріп, насихаттаса, айтар ойы бар актерлар көбейіп, қазақ театр өнері көш ілгері болар еді деп ойлаймын.
– Театрыңыз алғаш ашылғанда күмәнмен қарағандар да аз болмады. Күдіктер сейілейін дей ме?
– Кейде «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз болып тұрады. Себебі қазақ өнерінде қанша дәлелдесең де тіпті мойындағысы келсе де, мойындамайтын кісілер болады. Амал қанша?!.. Оны бас жүлде алып келгенде де сезініп жатырмыз. Тіпті бір ұжымда жұмыс жасап жүріп, «Құтты болсын!» айтпай кеткен актер, актрисаларды көргенде жағамды ұстадым. «Кісіліктің өзі кішілікте» деп бекер айтпаған ғой. Кезінде Мұхтар Шаханов ағамыз: «Өзім кезінде талайларды мойындағам, енді өзім де талайларды мойындатам» деп айтқан екен. Расында өз басым қандай адамның болмасын жетістігіне қуанып отырамын. Себебі бір нәрсені түсінемін өмірде де, өнерде де саған берілген адамның несібесін екінші адам ала алмайды. Өзгенікін сен ала алмайсың... Шіркін осыны әр адам жүрегімен сезініп түсінсе ғой... Сонда ғана көреалмаушылық, өзгенің жетістігіне қуанбау сияқты нәрселер орын алмас па еді?! Бірақ ол әркімнің өресіне, деңгейіне байланысты. Негізінен Алланың көзі түзу екеніне қуанамын. «Аққа жақ» деген тіркес тегін айтылмаса керек. Өнерде, өмірде тіреп тұрған көкем-жәкем немесе қасымда жүрген қалталы азаматым жоқ. Өзім тыраштанып еңбек етіп, шоу бизнестен тапқан ақшамның барлығын театрға саламын. Бұл жағдайлардың барлығын актерларым көзімен көріп отыр. «Достар» ансамбліндегі өнерпаздар: «Айгүл, тапқаныңның барлығын бала-шағаңның аузынан жырып өнерге қалай саласың?!» деп таңқалады.
– Өзіңіз қызмет істейтін Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың әртістерін ренжітіп алған көрінесіз...
– Ең қызығы, сіз жоғары да атап кеткен күмән мен күдік сол өзім істеген қарашаңырақтан келген болатын. Айта кетсем ағаттығы жоқ шығар деп ойлаймын. Себебі ұжымымнан қатты рухани соққы алдым. Мұны неге жасыруым керек?! Егер ұжым қолдау көрсетіп жатса мен одан сайын қанаттанып жүрмеймін бе... Алайда, «Неге Айгүл Иманбаева басқа театрда көркемдік жетекші бола тұра мұнда жұмыс істейді?! Тіпті хақысы жоқ! Неге Айгүл көпшілік сахнада (массовкада) ойнамайды» деген әңгімелерді жиі айтып отырады. Негізінен осыны айтатындар Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мүйізі қарағайдай әртістер. Сондай кісілерден осындай майда әңгіме естігенде қарным ашады.
– Сіздің де ренішіңіз үдеп кеткен сияқты ғой...
– «Жас қазақ үні» газеті, «Жұлдыздар құпиясы» журналы менің рухани тілекшім. Басшыларыңыз Қазыбек Исаның тереңнен толғап жазатын адам екенін білемін, бағалаймын. Сондықтан да рухани досыммен сырласып, мұңдасып қана айтып отырмын. Әйтпесе көп жерде ренішімді айта бермеймін және айтқым да келмейді.
Менің өнеріме қуана білмейтіндердің ісі бір жағынан одан сайын жанталасып жұмыс істеуіме қайрап жатыр. Сол үшін ол кісілерді кінәламай, іштей басымды иіп рахмет айтамын. Осылай жеңіспен оралған күннің өзінде ұйқың тыныш болмайды екен, себебі артыңда тіліне тиек ететін ұжымың бар... Театр басшысы Талғат Досымғалиұлына келер болсам, мендегі біраз актерлар сол жерде де жұмыс істейтін болғандықтан, фестивальге кетерімізде рұқсатын берді. Алда қаншама премьералары бола тұра қызу дайындықтарын ысырып қойып: «Барып келе ғой... Үлкен сайысқа кетіп бара жатырсың, Ақ жол!» деп үлкен азаматтық танытты. Сол үшін де алғысым шексіз.
– Басқа кімдерге арқа сүйейсіз?
– «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың еңбегіңмен екі жақтап» деп Абай атамыз айтпақшы, бірінші Жаратушыға, екінші тек өзіме ғана сенемін. Өзімнің ақылыма, еңбегіме ғана арқа сүйеймін. Ал ұжымымда Гүлжамал Қазақбаева, Жұлдызбек Жұманбай, Әсет Иманғалиұлы сынды әріптестерімнің жұмысына деген адалдағын бағалаймын.



Сұхбаттасқан Айдана АЛАМАН
www.qazaquni.kz