КИНОФЕСТИВАЛЬДЕР
2012 ж. 19 маусым
4863
0
Халықаралық саяси бастамалармен кез келген ел өз мемлекеті мен халқын дүниежүзіне таныстыру үшін түрлі жобаларды қолға алып жатады. Бұл үрдісті тәуелсіздік алған тұстан бері Қазақстан да жүзеге асырып келеді. Соның бірі – Отандық кинофестивальдер. Бүгінгі күні кинофестиваль жәй ғана кино мейрамы емес өндірістік жүйеге айналған белгілі бір феномен ретінде қалыптасты. Мәдени саясат, бизнес, экономика тұрғысынан кинофестивальдің атқаратын рөлі ерекше. Біріншіден, отандық кинофестивальдер, мәдени саясат тұрғысынан алғанда отандық кинотуындыларды әлемдік аренаға шығару арқылы өз мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатын жүзеге асырудың бірден бір жолы. Яғни, елімізді жалпыәлемдік кеңістікте дұрыс дәрежеде таныту. Екіншіден, фильмдердің әлемдік кинофестивальдерге қатысуына жол ашып, әлемдік даму тенденциясына шығарады. Үшіншіден, кинобизнесінің дамуына және кинофестиваль демеушілерінің өнімдерін жарнамалауға жол ашады. Төртіншіден, еліміздің экономикасының өркендеуіне себепкер. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда анимация жанрында екеу, экшн жанрында біреу, бір кинобайқау, алты көп жанрлы кинофестиваль ұйымдастырылған. Яғни, бұл қазақ кинематографиясының осы уақытқа дейін белгілі бір дәрежеге көтерілгендігін түсіндіреді. Олардың ішінде беделдісі «Еуразия» кинофестивалі болып саналады. Халықаралық продюссерлер ассоциасиясына тіркеліп, аймақты жаулап алушылар қатарындағы 26 фестивальдердің ішінен табылады. Халықаралық «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі жас мамандардың шетелдік аренаға шығуына жол ашатын іс-шараның бірі. «Бастау» кинофестивалі халықтардың этномәдениетіне уақыттар арасын байланыстырушы ретінде басты назар аударатын фильмдерге көңіл бөледі. Бұған дейін Қазақстан және Орта Азия елдерінде «этномәдениет фильмі» түсінігі және осы бағытты басты ұстаным ретінде алған бірде-бір кинофестиваль болмаған. Қазақ киносының өркендеуіне үлес қосып отырған фестивальдің бірі «DIDAR» Республикалық жастар кинофестивалі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысатын жас мамандардың тәжірбие жинақтап, киноға деген қызығушылығын оятатын фестивальдің бірі. 1999 жылы ұйымдастырылып қазіргі уақытта жұмысын тоқтатқан «Жаңа көзқарас» кинофестивалі өз уақытында қазақстанда кино өнерінің бар екендігін білдірді. Себебі бұл жылдары отандық фильмдер саусақпен санарлықтай ғана түсірілген болатын. Әлемде әр түрлі бағытта кинофестивальдер ұйымдастырылады. Олардың ішінде экология тақырыбында, тек махаббат көрінісі көрсетілген тақырыпта, бір минут ішінде мағыналы оқиғаны түсіндіретін тағы басқа тақырыптағы фестивальдер бар. Тіпті, қазіргі ақпарат заманында интернет арқылы ұйымдастырылған фестивальдер де бар. Соның бірі Ресейде өткізілетін «Дубль два@» кинофестивалі. Мақсаты, көрермендерге үлкен экранға шыға алмаған фильмдермен таныстыру. Ал Қазақстанда 2008жылы «Мобильный взгляд» кинофестивалі ұйымдастырылған болатын. Фестивальдің мақсаты кез-келген адамға қол жетімді ұялы телефон арқылы киноны насихаттау. Өз ойларын телефон камерасы арқылы жеткізіп көрермендердің киноөнеріне қызығушылығын арттыру. Алайда, фестивальдің алдыға қойып отырған мақсаты дұрыс болғанымен, кино саласын өнер ретінде бағалаудан алшақтатады. Себебі, синтездік өнер өзінің кино тілін жоғалтып өнер ұғымын жоғалтпағаны дұрыс. Сонымен қатар елімізде анимация фильмдер фестивальі «Алтын Жебе» және «Ер Төстік» өткізіліп тұрады. Суретке жан бітіру арқылы жасалынған туындылар киноның екінші түрі болып есептеледі. Бұл фестивальдер еліміздегі анимация саласын дамыту мақсатында ұйымдастырылып келеді. Ал «Астан-экшн» кинофестивалінің негізгі мақсаты үздік атыс-шабыс бағытындағы сценарилерді анықтау. Бұл комерциялық бағыттағы фестиваль. Себебі конкурсқа қатысқан сценарилердің идеясын тегін түрде ала алады. Қазақстан жас мемлекет болғандықтан саясатымызды жүзеге асырып, әлемдік бәсекеге түсуде, мемлекетіміз үшін кинофестивальдердің саны көп болғандығы артық болмайды. Ең маңыздысы қазақ киноөнерін өркендеуіне жұмыс жасағаны дұрыс.
Тәуелсіз Қазақстан кинофестивальдері: 1. ХКФ «Еуразия», 1998 жыл. 2. «Жаңа көзқарас» кинофестивалі, 1999 жыл. 3. ХКФ «Шәкен жұлдыздары», 2003 жыл. 4. «Дидар» Республикалық жастар кинофестивалі, 2006 жыл. 5. «Құлагер» Қазақстан Ұлттық кинематография кинобайқауы, 2007 жыл. 6. «Мобильный взгляд» кинофестивалі, 2008 жыл. 7. « Алтын Жебе» анимация фильмдер фестивалі, 2008 жыл. 8. «Астана экшн» кинофестивалі, 2010 жыл. 9. «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдердің халықаралық кинофестивалі 2011 жыл. 10. «Ер төстік» анимация фильмдер фестивалі 2011 жыл.
Венециялық фестиваль тарихтағы ең көне фестиваль болса, «А» класстық ең абройлы кинофестиваль Франция еліндегі Канн қаласының Корниш деген аумағындағы өтетін Канн кинофестиваль болып табылады. Бұл фестивальді құру идеясы Венеция кинофестивалінде Лени Рифенштальдің «Олимпия» фильмі мен Муссолиннің ұлы түсірген «Пилот Лучано Серра» лентасының жеңісінен кейін келген болатын. Ол ең алғаш рет 1939 жылдың күзінде, толығырақ бірінші қыркүйекте өткізілмек болғанымен, араға жеті жыл салып 1946 жылдың 20 қыркүйегінен – 5 қазан аралығында өткізілді. Себебі, фестивальдің ашылатын күні Екінші Дүниежүзілік соғысы басталып кетті. Фестивальдің жоспары толық дайындалып, қазылар алқасының төрағасы болып кинематографияның негізін салған Луи Люмьер тағайындалды.
Еуропа түбірінен пайда болған алғашқы Венеция кинофестивальіне тоқталсақ, әлем бойынша ең көнесі болып есептелінеді. Себебі, оның ең алғашқы ұйымдастырылуы 1932 жылы болды. Фестивальдің негізін қалаушы италияндық диктатор, фашистік партияның лидері Бенито Муссолин. Оның саясаты кино арқылы фашистік идеологияны әлемдік пропоганда жасау болатын. Венециялық фестиваль 1934 жылдан бастап Лидо аралында өтті. Италяндықтардың өздері Мострой (аудармасы «көрсетілім, демонстрация») деп атайды. Күз айының басында Лидо жағалауында, Венецияның көркем архитектурасымен салынған «Эксельсиор» қонақ үйінің алдында ұйымдастырылған.
Келесі мәртебелі әлемдік кинофестивальдердің бірі 1951 жылы ұйымдастырылған Берлин кинофестивалі. Фестивальдің басқа да ірі кинофестивальдерден бір ерекшелігі, бүкіл әлемнен 500-ге жуық жас киногерлерді жинайтын «Talent Campus» деп аталатын жобасы.
Еңлік БАҚЫТҚЫЗЫ