Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ, ақын: Біздің замандастарымыздың бойын жағымпаздық дерті меңдеген

    – Сіз өзіңізді ақын әрі ғалым ретінде таныттыңыз. Қайсы­сы­на көңіліңіз толады: ақын­ды­ғыңызға ма, әлде ғалымдығы­ңыз­ға ма? – Ешкім де ақын боламын деп болмайды. Ол адамның ер­кінен тыс қонатын қасиет. Мен еркімнен тыс сөздің сиқырына арбалып қалған адаммын. Менің ешқандай ресми ғы­лыми дәрежем жоқ. Бірақ мені ғалым деп танитын замандас­тарым­ның бар екенін көріп әжеп­­тәуір толқимын. Шота Уәли­ханов ағамыз кезіккен сайын мені кілең «ғалым-ақын» деп еркелететін. Ол кісінің әзі­лінде де шындықтың ұшқыны бар сияқты. Бірнеше ғалым ғылыми дис­сертацияларында менің еңбек­теріме сүйеніп өз пікірлерін дә­йек­тейді екен. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Сонымен қатар қазақша «жиендік» жасай­тындар да бар болып шықты... – Шығармашылығыңызда біздің бағзылық бастаулары­мыз­ға қай тұрғыдан бардыңыз? – Мен еліміздің ежелгі та­ри­хына қатысты өлең, балла­да­ларыммен қатар Олжас Сүлей­менов «ақындар айналысатын ғылым» деп атаған тіл білімінің этимология саласында біраз ізденістер жасадым. «Тіл ұшын­дағы тарих» атты ғылыми-таным­дық тұтас кітап жаздым. Эти­мология тілдің төркінін зерттейді. Ал тілдің төркіні халықтың шығу тегін танытып, тарихтың тереңіне құлаш ұрғызады. Сондықтан бұл салада еңбектенген адам, амал жоқ, тарихшы болуға тура келеді. «Бағзылық бастауларға» барудың сыры осында жатқан шығар. Олжекең айтқандай, расында да, этимологияға қызығушылық та­нытатын ақындар аз емес. Алыс­тан іздемей-ақ, өзіміздің Тыныштықбек (Әбдікәкімов) пен Амантайды (Шәріп) айтсақ та болады. Олардың әрқайсысы бұл салада да бір-бір ғалымның атқаратын шаруасын еңсеріп тастағанын ел біледі. – Ақын көзімен қарап айты­ңыз­шы, әлемнің руханият ке­ңіс­тігінде қазақ поэзиясының орны бар ма? – Қазақ поэзиясын әлем әлі тани қойған жоқ деп білемін. Адамзатқа Абай өлеңдері де әлі күнге дейін өз деңгейінде жеткен жоқ. Кеңес өкіметі тұсында біз­дің бірқатар ақындарымыз орыс ті­ліне, орыс тілі арқылы сол кез­дегі одақтас республикалар мен кейбір шет тілдеріне аударыла бастаған-ды. Бұл тамаша үрдіс еліміз тәуелсіздік алғалы бері жалғасын таба алмай отыр. Тіпті қазақ оқырмандарының өзі де соңғы кездері поэзияны оқу­дан қалып барады. Өлең жи­нақ­тарының таралымы өте аз. Көңіл көншітпейді. Бірақ бұған қарап қазақ поэзиясы тоқырап қалды деп асығыс ой түюге болмайды, өлең­нің өсу, өркендеу үстінде еке­нін де аңғарамыз. Егер көркем ау­дарма ісін, оның ішінде қазақ ақын­дарын шет тілдеріне түпнұс­қадан аударуды шындап қолға алсақ, «әлемнің руханият кеңіс­ті­гіндегі қазақ поэзиясының ор­нын» бағамдау қиын болмас еді. – Әуезов, Мүсірепов, Тәжі­баев, Ахтанов, Сүлейменов дра­маларындағы, Ұлықбек, Есен­ғали һәм Сіз енгізген ақ өлең төл поэ­зиямызға қаншалықты орнықты? – Қазақ поэзиясына ақ өлең­- ді Ұлықбек, Есенғали һәм мен үшеуіміз енгізгеніміз жоқ. Әде­биетіміздегі ақ өлеңнің қайнар көзі тасқа қашалған түркі жазба­ларында, қазақ хандығы тұсын­дағы шешендік сөздерде жатыр, жазба әдебиетімізде Жүсіпбек Аймауытов шығармаларында «күйлі сөз» күйінде кезігеді. Өзің атап отырған классиктерімізден басқа бірқатар ақындар өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиетімізге ақ өлеңнің әр алуан формасын алып келуге әрекет жасады. Ақын Жүсіп Қыдыров, шығармашылығын ақын болып бастаған қазіргі аға жазушы­ла­рымыз Оразбек Сәрсенбай, Дү­кенбай Досжан секілді қалам­герлер қазақ поэзиясына ақ өлеңді орнықтыруға көп күш-жі­гер жұмсады. Бұл кезеңде Сырбай Мәуленовтен бастап Қадыр Мырза Әлиге дейін ішінара бірді-екілі ақ өлең жазған қазақ ақын­дары да бар еді. Бірақ ақын­дары­мыздың бұл ізденісін мансұқ ет­кен атақты бір сыншымыздың солақай «ауыр соққысынан» соң поэзиямыздағы ақ өлең қатты «есеңгіреп» қалды. Алпысыншы жылдардан соң ақ өлең алаңында жанкештілікпен тек Сейсен Мұқ­тарұлы ғана бой көрсетті. Тіпті ақ өлең жазудан жүрегі шай­лығып қалған қазақ ақын­дары Уолт Уитменнің верлибрін, Иси­кава Такубокудың танкасын ұй­қасты өлеңге түсіріп аударды. Қазақ тіліндегі тәржімелерде Ба­тыс пен Шығыс поэзиясының иісі де қалған жоқ... Сейсеннің өкшесін басып әде­биетке келген Ұлықбек, Есен­ғали, Тыныштықбек және мен «өзара келісіп алғандай» қазақ поэзиясындағы ақ өлеңнің жаңа кезеңін аяғынан тік тұруға ат салыстық-ау деймін. Қазір, шү­кір, бұған әдебиеттану ғы­лымы да назар аудара бастады. Бұдан бір­неше жыл бұрын Айгүл Үсе­нова деген қарындасымыз «Қа­зіргі қазақ өлеңінің құрылысы: дәстүр және даму үрдістері» деген тақы­рыпта докторлық диссер­та­ция қорғапты. Демек, ғылымның көңі­лін аударған біздің әрқилы ізде­ністеріміздің із-тұзсыз кет­пегені де. Қазір Бауыржан Қара­ғызұлы, Азамат Тасқараұлы тә­різді талант­ты жас ақындар қазақ ақ өлеңін жаңа сатыға көтеру жолында жұ­мыстанып жатыр. Олардың шы­ғар­машылық ізде­ністеріне қарап, қазақ поэзия­сында ақ өлеңнің есігі айқара ашы­латын күн жақын­дап қалған­дай сезіледі маған. – Әдебиеттің қоғамға ық­па­лы бар ма? – Көркем әдебиет – ғылым емес. Саясаттың сойылын соғып та жетістірмейді. Ол қаламгердің таным-түйсігімен, көкірек көзі­мен адамның қалтарыс, құпиясы көп жан-дүниесін зерттейді, өзі­нің көркемдік-эстетикалық қыз­меті арқылы жаңа ұрпақтың ру­хын ізгілікке тәрбиелейді. Бұл – ұзаққа созылатын үдеріс. Яғни, көркем әдебиет ұлттың (адам­зат­тың) болашағы болып табылатын келешек ұрпақтың қалыптасуына қызмет етеді. Ал адамдар рухани жетілген сайын қоғамды өз­гер­туші күшке айналады. – Әдебиеттегі өзіңізден кейін­гі буын өкілдеріне көңі­ліңіз тола ма? – Бір аңғарғаным, әдебиеттің басқа саласымен шұғылданатын­дарға қарағанда ақындар тез же­тіледі екен. Олар отызға иек арт­қанда-ақ қалыптасып үлгереді. Қазір қазақ әдебиетін өрге сүйреп келе жатқандар ақындар деп айтуға болады. Бұл әңгіме әдеби ортада (өз арамызда деген жөн шығар) әңгіме арқауына айналып та жү­реді. Көпшілігі Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі бол­мағандықтан кітаптарын мемле­кет­тік тапсырыспен шығара ал­май жүрген, бірақ дарыны мен қабі­лет-қарымын әлдеқашан танытып үлгерген Танакөз Тол­қын­қызы, Алмас Темірбай, Құ­ралай Омар, Азамат Тасқараұлы, Мөлдір Дарханбаева, Бауыржан Әліқожа, Динара Мәлікова, Тал­ғат Ешен­ұлы, Бақытгүл Бабаш, т.б. ондаған жас ақындардың (бар­лығын бір­дей түгендей алма­ғаныма ғафу өтінем) өлеңдері туралы арнайы мақалалар жазы­лып, салиқалы пікір айтатын уақыт келіп еді, бірақ әдеби сын жанры мен сабырлы сыншы­ла­рымыз кешігіп жатыр. Мен шартты түрде соңғы буын аталатын осы қыз-жігіттер­ден үлкен үміт күтемін. Олар біз­дің әдебиетімізді өрге сүйрей ала­тынына сенемін. – Қазақ әлемі неден сақта­нып, неге ұмтылуы керек? – Көпке топырақ шашып отыр­ғаным жоқ, бірақ жасы да, жаса­мысы да бар біздің заман­дас­тарымыздың бойын жағым­паздық дерті меңдеген, екіжүз­ділік пен жемқорлық өмір салты­на айналып барады. Қазақ осын­дай мінез-құлық пен іс-әрекеттен арылу керек. Айналамызға көз тастасақ, қазақ ғылымы кенже қалып бара жатқанын пайым­даймыз. Қазақ жастары шынайы білім алуға ұмтылуы керек. Әркім қолынан келетін пайдалы іске ат салысқаны абзал. Абай атамыз: «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл!» – деп күйін­беуші ме еді... – Қасиетті Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың бейбіт сопылық ілімін жалғастырушы, мақсым Исма­тулла Әбдіғап­парды жылдан аса заңсыз, ал, ең бастысы, жазықсыз қудалау толастамай тұр» деп Ел­басыдан араша сұраған ашық хаттарға қолыңызды қойдыңыз. Бүгінде Исматулла мақсымға қа­тысты соттың екінші сатысы өтті, хабар­дар шығарсыз. Жалпы осы дін төңірегіндегі құбылысқа және Исматулла мақсымның істі бо­луына бейжай қарамауы­ңызға не себеп болды? – Иә, бұл соттың екінші са­тысы өтіп жатқанынан әртүрлі БАҚ арқылы хабардармын. Қа­зіргі күні «Сопылар ісі» бойынша сотталған сегіз азамат Алматы­дағы тергеу изоляторында қа­мауда отыр екен. Бұл азаматтарға қатысты үкімнің 2011 жылы қа­зан­ның 19-ы күні Алматы қала­лық мамандандырылған аудан­ара­лық сотында шыққанын бі­леміз. Сот үкіміне сәйкес, «сопы­лық ағым­ның жетекшісі» аталған Исматул­ла Әбдіғаппар 14 жылға бас бос­тандығынан айырылған. Исматул­ла Әбдіғаппар ғана емес, ҚазҰТУ-дың профессоры Саят Ыбыраев – 12 жылға, Ербол Иса­беков – 9 жылға, Ербол Рахым­баев – 8 жылға, Сайпулла Молла­қа­на­ғатұлы – 8 жылға, Думан Берік­бо­сынов – 8 жылға, Жадыра Сүлей­менова – 6 жылға, Арнур Куни­кин – 5 жылға, Әлия Әшір­құ­лова – екі жылға шартты түрде бас бостан­дығынан айыры­лып­ты. Адвокаттар алғашқы инстан­цияда көптеген заң бұзу бол­ғанын, алдын ала тергеу кезінде айып­талушыға қарсы жауап берген жәбірленушілердің «тақ­қан дә­лел­дері нақтылан­ба­ғанын, кейбір жәбірленушілердің сот кезінде жауаптарынан бас тарт­қанын», «айыпталушы Саят Ыбы­раев қылмыстық кодекстің алты бабы бойынша айыпталып, алты бап бойынша да кінәсі дә­лел­ден­беге­нін» алдын ала тергеу кезінде Саят Ыбыраевқа қарсы жауап берген «17 жәбірленушінің төр­теуі сотқа мүлде келмегенін, қал­ған13-інің бірде-біреуі сотта айып­талушыға қарсы жауап бер­мегенін» айтады. Тіпті Алқа билер сотының бір мүшесі сот отырысына төрт рет, енді бірі екі ай бойы қатыспаған. Бірақ соған қарамастан сот үкімі шыққан кезде олар сотқа үздіксіз қатысқан алқа билер құрамында болған. Заңгерлер осы секілді өрескел заң бұзу болғанын тілге тиек етіп отыр. Мұның бәрі де соттың әділ­дігіне күмән келтіреді. Мен әділет үстемдік құруы тиіс деп санаймын. Бұл іске бейжай қарай алмайтынымды осы тұрғыдан түсініңіз. – Өзіңіз аттап кетпейтін «ше­каралар» бар ма? – Адамгершіліктен асқақ қа­ғида бола ма? Қандай қиын жағ­дайда да ар-ұятты жоғалтуға бол­майды. – Қазір сізді қандай мәселе мазалап жүр? – Мазалайтын мәселе өте көп. Қаламгер ретінде, азамат ретінде, пенде ретінде... Қайсы­бірін ай­тайын! Дүниенің етек-жеңі қу­сырылып келеді... – Аға, күнделік жазасыз ба? Болса, күнделіктегі жаныңызға жа­қын бір ойыңызбен бөліс­сеңіз? – Күнделік жазбаймын... Кей­бір ой-толғамдарымды қағаз­ға түртіп қоятыным бар. Мек­тепте оқып жүрген кезімде, сту­денттік кезеңнің алғашқы жыл­дарында бірнеше дәптер күнделік жазып едім. Көбіне достарыммен ара­қатынасымды, ғашықтық сезім­дерімді түсіргенмін. Сол күнделік­терім қолды болып, қол­дан-қолға өтіп, ақыры жоғалып кетті. Болашақта жазатын шы­ғар­­ма­ларыма өмір шындығын арқау еткім келген. Шынды­ғында, күн­делік жақсы оқылатын эпис­толярлық жанр ғой. Орыс әде­биетінде мұның өте жақсы үлгілері бар. Лев Толстойдың, Михаил Пришвиннің күнде­лік­тері көркем шығармаға бәс тіге алады. «Парасат» журналында біраз уа­қыттан бері жарияланып жүрген Герольд Бельгердің күнде­ліктерін асыға күтіп отыратын оқыр­мандарды білемін. Әңгімелескен – Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ