Кинолардағы ана ұғымы

 «Ана - әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы ақ сүтін беріп аялаған жанын да аямаған ардақтысы. «Нәзіктік атаулының жиынтығы-ананың алақаны, сондықтан да ол-сәби үшін ең жылы ұя», деп Виктор Гюго айтқандай шынында, кез-келген адамның әдептілігі мен жан дүниенің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Ал осы аналар бейнесі кино өнерінде қалай көрініс табуда?!   Совет киноматографиясында ең негізгі бейнелердің бірі ана бейнесі болды. Ана бейнесі ең алғаш Максим Горькийдің романы бойынша қойылған Всеволд Пудовкиннің «Мать» фильмінен бастау алды. Осыдан кейін мықты әйел, аяулы ана бейнесі 1943 жылғы «Она защищает Родину» режиссер Фридрих Эрмлердің фильмінде шықты. 1959 жылы режиссер Григорий Чухрайдың «Баллада о солдате» фильміндегі ұлын Алеша Скворцовты үлкен шыдамдылықпен, зор үмітпен күткен ана соғыс жылдарындағы ананың жиынтық бейнесі еді. Ал қазақ киносындағы ең алғаш, соғыс уақытында өз сүйіктілерін, ұлдарын үлкен сағынышпен күткен, түн ұйқысын төрт бөліп, ал күндіз майдан үшін аянбай еңбек еткен, өмірдің барлық ыстығы мен суығына төзген ана бейнесін «Ана туралы аңыз» фильміндегі Әмина Өмірзақова сомдаған бейнеден көреміз. Кеңестік фильмдерде ана бейнесі отбасының ұйытқысы ғана емес, отанның символы ре­тінде де бейнеленді. Қай фильмде болмасын ананың батыл, қайсар, табанды да төзімді бейнесі экранда басты назарға алынып отырды. Бастапқы қазақ кинола­рындағы негізгі мазмұн қазақ әйелдерінің белгілі қалыптасқан дәстүрден айығу процесін көрсету болатын. Яғни, өз құқықтарын қорғау. Бұл тақырыптағы алғашқы фильмдер: «Райхан» (1940 ж.), «Дала қызы» (1954 ж.), «Ботагөз» (1957 ж.). Ол фильмдерде қазақ әйелдерінің жаңа өмірге аяқ басқандары көрсетіледі. Ол жерде басты кейіпкерлер әйел адамдар өз жауларына қарсы тұра алатын батыл бейнелер. 50 жылдардағы фильмдерде әйел адамдар бейнесіне тән қасиет екі бағытта болды, революцияға дейінгі және кеңес үкіметінің орнағаннан кейінгі әйелдердің бейнесінің қалыптасуын көрсетті. Революция қазақ әйелін босатты, оның алдынан жан дүниенің баюына есік ашты. Бұл процесс режиссері А.Левин, ал сценаристі М.Әуезов болып табылатын «Райхан» фильмінде жақсы көрсетілген. Фильмде кеңес үкіметінің Қазақстандағы алғашқы таптық бөліністерді жақсы көрсеткен. Райхан (Х.Бөкеева) – кедей жесір әйелдің қызы. Райханды бір бай қалың малын беріп тоқалдыққа алмақшы болады. Бірақ Райхан байға бас игісі келмейді, оны зорлықпен байдың үйіне әкеледі. Оның қорқытқандарына қарамай ол: «есікті ашыңдар,ашыңдар!» деп айқайлайды. Ол байлардың билігінің ғұмыры ұзақ болмай­тынына сенімді. А.Карповтың «Ана туралы аңыз» (1963 ж.) фильмінде ре­жиссер басты назар кейіпкердің жан дүниесіне үңіледі. Бұл фильмде өмір үшін күрес өрбиді. Бас кейіпкер – ананың басына түскен ауыртпалық ерекше. Мұнда талантты актриса Әмина Өмір­зақованы айтпау мүмкін емес. Бұл фильм жайлы белгілі киносыншы Г.Әбікеева былай дейді: «Бұл фильмде ананың яғни, бас кейіп­кердің ұлы опат болады. Әмина Өмірзақова апамыз соғыстың ауыртпалығына күш-қайратын қарсы қоятын әлеуетті ананың бейнесін әдемі жасады. Фильмінің соңына қарай кейіпкер хат оқитын дәрежеге көтеріледі. Өйткені, бар өмірі майданнан үшбұрышты хат күтумен өксіген ол өздігінен сауат ашып, ақыры ауыл хат тасушы болады. Ол тұста хат тасушыны жұрт көп күтті ғой, жазатайым ол қаралы хабар әкелсе одан қиын не бар. Сонда да ана бар ауырт­па­лықты өз мойнына алып, ауыл­дастарының қайғысына да, қуа­нышына да ортақ болып, олардың қасірет-мұңын бөліседі». Шын­дығында да оның шеберлігі көрерменге сол ананың ішкі жан дүниесін жан-жақты ашуында болып отыр. Жас қыздарда енді хат тарату қиынға соғады, себебі онда қаралы қағаздар келетін. Енді, жұмысқа сабырлы сары алтын ана кіріседі. Өзгелер жет­кізе алмаған хатты өзі жеткізіп, ауыл адамдарын жылы сөздерімен жұбатады. Режиссер көрерменге айтқысы келетін анасы ойдағыдай шыққан. Жүріс-тұрысы, ойы тіпті мейі­рімді бет-әлпеті де көрерменді еріксіз баурайды. Фильмнің басынан аяғына дейін ана сол жаны мейірімді, айналасына өз қамқорлығын көрсетіп жүретін ана болып жүреді. Фильмде диалог аз, әйтсе де көрерменді өзі­нен еш алыстатпайды. Фильмнің шарықтау шегі ананың өзінің жалғыз ұлы Асаннан айырылу көрінісі. Онда ана кең далада жалғыз өзі жылайды. Мұндағы табиғаттың өзі ананың мұңын бөлісуде. Мұнда ананың жалғыз өзі ғана емес жер-анада сонымен оның ұлын жоқтағандай. Фильмнің осы тұсы өз тақырыбын жан-жақты ашады. Ондағы найзағайдың жарқылы соғыстың қиыншылығын дәріптегендей! Сол сәттегі аһ ұрған анасының қимыл-харекетін Әмина Өмір­зақова тебірене-тебіренте көрсетеді. Аспанды бұлт торлап, қара дауыл соғып тұр. Ол қолына шалғы алып егінді шаба бастайды. Ішін кернеген ыза-қайғыны осылай тұншықтырады. Бірақ қараңғылыққа жол жоқ ана, себебі ары қарай өмір сүру керек, өмір жалғасуда. Табиғаттың әр құбы­лысын көрсету арқылы режиссер ананың ішкі әлемін ашқандай. Фильмде музыка аз қолданылған, оның орнына ананың күрсінгені, хаттардың ашылып оқылып жатқан дыбысы, судың ағыны өте көп. Бұл дыбыстар көрерменді өзіне фильмге үндестіретіндей. Ананың соғысқа деген өшпен­ділігін, ішіндегі ызасы мен кегін, режиссер қолға түскен неміс солдатымен ананың бір-біріне қарау эпизодынан жақсы көрсе­теді. Экранда Штраустың вальсі кенеттен тоқтап қалап камер қолға түскен неміс солдаты мен ананың бет-жүзін көрсетеді. Сонда ең әйелдің көзіне жеккөрушілікті емес, керісінше аянышты байқайсың. Оның адамға деген аянышы, өмірге деген бар ойы берілетіндей. Жас солдат ананың бұл қарасына төтеп бере алмай теріс қарайды. Кадрда өмір мен соғыстың күресі көрсетіліп, ал оның жеңушісі қарапайым ана болады. Бұл бейнеде психоло­гиялық толғаныс бар. Фильм сюжетінде нағыз соғыс көрсетілмейді, онда сол кездегі елдегі қарапайым халықтың ерлігі көрсетіледі. Фильм көрермен тарпынан ыстық ықыласқа бөленіп, 1965 жылы Чехословакиядағы өткен кинофестивальде құрмет дип­ломына ие болады. 1967 жылғы Ленинградта өткен бүкілодақтық кинофестивальде актриса Ә.Өмірзақова «ең үздік әйел рөлі» жүлдесін алады. Осы фильмдегі ролі жайлы Әмина Өмірзақова былай дейді: «Фильмдегі менің жүрегімде, көңілімде жүрген толған, сахнадағы және экрандағы өмірімді айтуға мүмкіншілік туды. Әдемілік, аналық махаббат, тіршілік етуге, өмір сүруге күш табу және адамдарға көмегін ти­гізу, осының бәрі менің кейіп­керімнің бойынан көрініп тұр» — деп әңгімелейді. Осыдан кейін аяулы ана бейнесі 90 жылдардағы фильмдер де жақсы көрініс тапты. Оған мысыл С.Нарымбетовтың «Көзім­нің қарасы» 1994ж, және Д.Өмір­баевтың «Кардиограмма» 1995ж, фильмдерінде жақсы көрініс тапты. Екі фильмдегі аналардың ұқсастығы бар, екеуі де жанашыр отбасын ойлаған аналар. Баласы­ның болашағын ойлауы олардың басты мақсаты мен міндеті. Келесі соңғы онжылдықтағы фильмдердегі аналар бейнесіне тоқтайтын болсақ мұндағы аналар бейнесі сәл өзгеріске ұшырайды. Бұған қоғамның да әсері болуы мүмкін. Мысалға Данияр Сала­мат­тың «Әкем екеуміз» 2002ж, фильміндегі ана бейнесі мүлдем басқа бейне. Мұна тіпті «жанұя» ұғымына қатысты болып кетеді. Бала жалғыз өзі әкесімен, ал шешесі бөлек. Осы фильмге маз­мұны жағынан үндес фильмдердің бірі А.Құлбайдың «Стриж» 2007ж, фильмі болып табылады. Екі фильмдегі аналар тек өз қамы­мен жүрген, балаға жауапкершілігі жоқ аналар. Келесі Г.Омарова мен С.Бодровтың «Шиза» 2007ж, фи­льмінде де сол жағдай ана жауап­кершілігі жоқ. Бұдан шығатын қорытынды, соңғы кездері экранда жүрген көп фильмдерде ана бейнесі жоғалып бара жатыр, бұған қоғамның да қатысы болуы мүмкін. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының 4 курс студенті Айман НҰРМАҒАМБЕТ