«Жаужүрек мың бала»

12
6607

             «Жаужүрек мың бала» – Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының биыл жарыққа шыққан ең ірі жобасы. Бұрын-соңды тарихи жобаларды түсіріп көрмеген режиссер Ақан Сатаевтың тарихи тақырыптағы алғашқы қадамы. Қазақ тарихын бейнелеген фильмнің жарнамасы жоғары болды. Прокатқа шықпай тұрып-ақ көпшілік көрерменді қызықтыра білген туындыға 23 мыңнан астам үміткер қатысқан екен. Кинотеатрларда көрермен көзайымына айналған фильмді қазақ тілінде көрсету 30 пайызға артқан. Күніне 120-дан 150-ге дейін көрсетілім ұйымдастырылып жатқандығын «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі мәлімдеген. «Жаужүрек мың бала» прокатка 3 мамырда ғана шыққанын ескерсек, көрсетілімдерден түскен қаражат елімізде рекорд жасап тұр. Канн кинофестивалінің кинонарығында ұсынылған фильм көрсетілімнен кейін халықаралық дистрибьюторлар әлемдік прокатқа шығару үшін Канаданың «108 Media» компаниясы сатып алыпты.
«Жаужүрек мың бала» – жоңғар шапқыншылығы кезінде жауға қарсы шығып, кең байтақ жері мен елін қорғауға бел буған жастардың бітім-болмысын, қазақтың батыр тұлғаларын бейнелеген туынды. Фильмде XVIII ғасырдың басында орын алған қазақтың ұлттық қасіреті – «ақтабан шұбырынды» көрініс табады.
Халықаралық саяси бастамаларда кез келген ел өз мемлекеті мен халқын дүниежүзіне таныстыру үшін түрлі жобаларды қолға алып жатады. Бұл үрдісті тәуелсіздік алған тұстан бері Қазақстан да жүзеге асырып келеді. Қазір біздің елдің көтерген саяси-экономикалық, тарихи-мәдени бастамалары мен жобалары әлем жұртшылығының назарына ілігіп отыр. Әсіресе, Қазақстан басшылығының саяси бастамаларына дүниежүзі елдері бірден мән берді. Саяси тұрғыдан бұл жоба жас мемлекет үшін өте өзекті болып табылады. Өзінің тамырын тарихтан іздеген қазақ елі, мемлекетімізді әлемге танытуда біршама істер атқарып жатқандығы рас. Тарихымызды әлемге таныстырып, болашақ ұрпаққа қазақ тарихынан мәңгілік мағлұмат беретін ірі жобалардың бірі – осы «Жаужүрек мың бала».
Рас, 2005 жылы осындай ірі жобаның бірі «Көшпенділер» болған еді. Бірақ фильм көрермен сенімін ақтамады. Кинотанушылар тарапынан, басты кейіпкерлер өз деңгейінде ашылмаған, тарихты көрсете алмады деген баға алды. «Көшпенділер» нағыз продюсерлік кино, коммерциялық бағыттағы фильм болды. Нашар түсірілгенімен халықты кинотеатрға жинай алды. Тарихымызды экран арқылы жеткізген ірі жоба «Жау жүрек Мың бала» көрерменге жол тартқан сәттен бастап-ақ «Көшпенділермен» салыстырылып, өз бағасын алып жатыр.
Фильм жаңа технологиямен, компьютерлік графиканың көмегімен сапалы түсірілгендіктен де көрерменді жалықтырмай ұстап тұрған сыңайлы. Фильмнің драматургиялық тартысында кез-келген шығармаларда кездесетін «құпиялық» жоқ болып көрінді. Бір эпизодтан келесі эпизодқа көрерменді өзімен бірге жетелеп отыратын тартыс көрінбеген. Бастапқы бір-екі эпизодтан кейін фильмнің соңы немен аяқталатындығы көрерменге бірден түсінікті болып қалады. Драматургиялық ситуация жоғары деңгейде құрылғанда оқиға бір-бірімен шиеленісіп кете берері сөзсіз. Фильмнің ұтып тұрған тұстарының бірі – реквизиттер көне үлгіде жоғары деңгейде жасалған. Түсіру жұмыстары басталмай жатып, барлық актерлер атқа жайдақ міну, қару-жарақтарды ұстау, садақ ату тағы сол сияқты өнерлерден дәріс алған екен. Басты кейіпкерлер мен жанама актерлердің костюмдері арнайы тапсырыспен көне үлгіде тігілген. Жоңғар мен қазақ сарбаздары үшін әшекейлер, қару-жарақтар, сауыт-саймандары мен ат-әбзелдерін отандық шеберлермен қатар, Британия, Қытай, Үндістан, Беларусь компаниялары арнайы жасаған көрінеді.
Айта кетелік, С.Қожықовтың «Қыз Жібек» картинасын түсіру барысында да осындай үлкен істер атқарылған. Ауыл-аймақтардан ескі заттар, әшекей-бұйымдар, аттар алынып, фильмді жоғары деңгейде түсіріп шыққан.
Фильмнің композиторы Ренат Гайсиннің жұмысына, көпшілік көрерменді қайдам, өз көңіліміз толмады. Жеңілжол іздеген, Құрманғазы, Махамбеттердің дайын күйлерін көп пайдаланған. Оның үстіне, ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында бұл фильмге ол күйлер қаншалықты лайықты?
Операторлық жұмыс өте сәтті, монтаж да жақсы жасалған. Басты рөлді сомдаған Асылхан Төлепов (Сартай) көп тәжірибе жинақтап, кейіпкердің бейнесін алып шығуға тырысқан. Бірақ фактурасы тарихи бейне – Сартай рөліне емес, бүгінгі күннің кербез де сылқым жігітінің рөліне көбірек келетін тәрізді. Фильмдегі махаббат тақырыбы екінші планға қойылған. Сартай батыр мен Зере арасындағы нәзік сезім туынды желісінің өзегіне айналған деуге болады. Екеуінің кездесуі де, бір-бірімен тіл қатысуы да рухани ләззат сыйлайды, тазалық, иба мен ұятты үлгі етеді. Астарлап құрылған диалогтары махаббат тақырыбын жеткілікті деңгейде аша алды.
Осылайша, қазақ тарихын әлемдік аренаға шығарған ірі жоба «Жаужүрек мың бала» картинасын көрген көрермен көзайым болды. Дегенмен, «бұл фильм халық жадында «Қыз Жібектей» сақтала ма? Қанша көрсең де жалықтырмайтын, қайта-қайта көргің келе беретін туындыға айнала ма, әлде бір рет көрген соң қызықсыз картина болып қала ма? Бір-екі көрсетілімнен кейін халықты жалықтырып алмай ма? Қазақ тарихын баяндаған туынды кинематографияда өз тарихын мәңгілік қалдыра ала ма?» –деген сұрақтар тұрды көкейде…

Еңлік БАҚЫТҚЫЗЫ
кинотанушы

12 ПІКІРЛЕР

  1. расы керек маған бұл туынды ұнаған, бірақ мына мақаланы оқи отырып өзімнің бұрынңы ойымнан айнып қалғандаймын, Еңлік сізжақсылап саралап, талдап жазыпсыз! рахмет! біздің қазақ киноларымызды осылай сараптап отыратын сыншылар керек!

  2. Шынымды айтсам маган бул кино туындысы тук унамады,актерлардын ойнаганы киімдері ғана унады,Зере мен Сартайдын арасындагы махаббаты тук конилимнен шыкпады,казак кызын оз акесин тындамай жигитке кетуі жазыксыз жандар сол кыздын кесирінен олуі,,кыз одан кейн де Сартайга баруы конилимнен шыкпады жане Сартай батыр бола турып достары курбан болган кезде соларды ози жерлемегени киноны коре отырып жыным устады,казактардын ешкандай рухани куш береди дегенине келиспейм кинонын тек басы гана унады!

  3. Бакытжан сенин пикиринмен келиспеймин,наоборот сен оз бетинмен куып отырсын,жастар болгасын кулет те,бурынгы сол кездин жастары да сол жерде кулген шыгар,бираз болсын конилденип,Ал Зеренин атка шабысымен Корланнын шабысын салыстырсак ол солай болуы керек нарсе,себеби Корлан ол батыр кыздын ролин сомдады,ал Зере байдын ерке кызынын ролин сомдады,кезиндеги бйлардын кыздары кунде атка минип,ары-бери шаптыгой дисин бе??Арине,олардын ститиндери тауда гул терип,ан айту болган,Сен сиякты пикир жазатын иши тар адамдарды унатпайм,Мыкты болсан тусирмедин бе озин соны

  4. Казак халкынын миссі деуге әбден лайық Кыз Жібекке түсірілген кинотуынды -озіндік кайталанбас колтанбасымен ерекшеленетін кинокартина! Әрбір киноның өзіндік ерекшелігі, озіндік колтанбасы, халыкты баурап алар айрыкша ерекшелігі болады. Осы тургыдан алганда, казак халкынын өткенінен елес берер, жастардын рухани намысын қайрайтын, оятатын корей халкынын «Жумонгі» тәрізді кинотуынды түсірілсе, болашак жастарымыз үшін нұр үстіне нұр болар еді. Егер түсірілер болса, титтей болса да үлес қосқым келеді. Пікіріме алтындай уакыт болгенінізге рахмет!!!

  5. Сартайдың «Тағы бір жігітіңмен күресейін, жеңсем, қарындасыңмен таныстырасың ба?» дегені қалай? 18 ғасыр түгілі дені дұрыс қазақ оны 21 ғасырда да айтпайды. Зеренің қасындағы құрбысымен тастың үстінде отырып «Елім-айды» айтып, артынан жырқ-жырқ күледі. Мұнысы несі. Фильмдегі жас әртістер рөлдерін өз беттерінше, өз таным-түсінігімен ойнай берген. «Мынау былай» деген адам болмаған сияқты. Өзара қайта-қайта ұрысып, қауқылдаса береді. қазіргі 11 кластың оқушылары сияқты. Бәрінің қазақы менталитеті жоқ. Зеренің атпен шабысы тіптен күлкілі. Фильмге түсіру үшін біраз атқа отырғызып үйрету керек еді. Фильмге ақша да көп жұмсалмаған. 5-6 киіз үй. «Көшпенділерден» қалған қорған.
    Фильмге арнап арнайы музыка жазғанда жарты жүкті көтеріп кетер еді.
    «Қызжібек» қайда бұл қайда? Бір рет көруге тұрады.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз