Зейнеп ӘЛІМТАЙҚЫЗЫ, Қытай Халық Республикасының екінші дәрежелі би режиссері: БАЛАЛАРЫМНЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА БАРСАҚ ДЕГЕН АРМАНДАРЫ БОЛДЫ

- Бишілік өнерді режиссерлық кәсіпке айналдыруыңызға не себеп болды? - Бастауыш мектепті бітіре салысымен театрға бишілік қызметке шақырылдым. Кейінірек Нағима Тайырқызы сияқты мықты бишілермен 3 жыл колледжде бірге оқыдық. Содан бастап сахнада 20 жыл әртіс болып қызмет істедім. Жасымның ұлғаюына қарай, кәсіп алмастыруға тура келді. Алайда, көптеген бишілер сияқты басқа мамандыққа кетіп қалмай, осы өнерімді жалғастырғым келді. Міне, солай би режиссерінің мұғалімі болып 20жылдан астам уақыт жұмыс атқарып келемін. Кәсібімнің ең ұнайтын тұсы жеті жастағы баладан жетпіс жастағы қарияға дейін білгенімді үйрететіндігім. - Қазақстанға келудегі мақсатыңыз... - Мен Қытайда қырық жылға жуық жұмыс істеп, елу жасымда зейнетке шықтым. Бала-шағамның барлығының Қазақстанға барсақ деген үлкен армандары болды. Қызым Үрімжі қаласындағы институтта мұғалім болып істеуші еді, аяқастынан ол да Қазақстаннан докторлық қорғаймын деп, Қытайдан кетіп қалды. Ұлым да мәдениет саласындағы адам еді, атамекенге ол да кетті. Ал балаларымның барлығы кеткеннен кейін, ұрпақтарымыздың бұдан кейінгі де өмірлеріне қол ұшымызды берейік деп, біз де қоныс аудардық. Алғаш келгенде жасырытыны жоқ, көптеген қиыншылықтар болды. Құдайға шүкір, бүгінде ол қиыншылықтардың бірталайы артта қалған сияқты... - Кәсібіңізді Қазақстан жерінде де жалғастырып жүрген шығарсыз? - Шынын айту керек, бас кезінде біраз уақыт бос отырып қалдым. Бұрында тыным таппай жүрген адамға, бір сәт жұмыссыз отыру өте қиын екенін сол кезде ғана түсіндім. Бір жағынан Қазақстанда балаларға би үйрететін режиссер мұғалімдердің тапшы екенін білдім, екіншіден бала-шағамды асырау үшін қоғамға шығып жұмыс іздедім. Солай Алматы обылысы Қарасай ауданы Қаскелең елдімекеніндегі мәдениет үйінің басшысы Гүлсім Серікбаеваның нұсқауымен сл ауданға қарасты мектептердің біріне жұмысқа орналастым. 16 қыздан тұратын би тобына «Қара жорғаны», «Алатау өрендері» атты биімді, үйретіп, көпшіліктің көңілінен шықтық. Қарасай ауданы бойынша түрлі мараппаттарға ие болдық. Ал дәл бүгінгі күнгі тірліктерімен келер болсам, қазір тұрғылықты жеріме байланысты «Іргелі» елді-мекеніндегі балаларға би үйретіп жүрмін. Одан бөлек Алматы қаласындағы №140, №173, №176 мектептердегі оқушылардың арнайы ұсыныстары бойынша оларға «Қаражорғаның» қыр-сырын меңгеруге ат салысып жүрмін. - Қытайдағы би режиссерлірі шабыттары келмесе де, арнайы тапсырма бойынша би шығаратын көрінеді... Жалпы осы дұрыс па? Өнерге қиянат жасап жүрген жоқсыздар ма? - Қытай социалистік мемлекет болғандықтан саяси науқандар жиі болып тұрады. Соған байлансты бишілер би, композиторлар партияны, отанды жырлайтын музыка шығаруға арнайы тапсырмалар алады. Біз сол жерден айлық алып, күнімізді көріп отырғаннан кейін аталмыш талапты орындауға мәжбүрміз. Бірақ тек талап бойынша ғана жұмыс істейміз деп айта алмаймын. себебі саясаттан тыс өз қалауымыздағы туындыларды да жарыққа шығарамыз. Сондықтан өнерге қиянат жасаған біз емес, басшылық десек дұрыс болатын шығар? - Кәсіби биші болу үшін ең алдымен не керек? - Менің байқауымша, осы сұраққа түрлі саладағы мамандар әртүрлі жауап беріп жатады. Ал менің ойымша, биші болу үшін ең алдымен табиғи дарын қажет. Адамның тал бойында бишілік қабілеті болмаса, оны ары қарай дамыту мүмкін емес. Біздерге, яғни би мұғалімдеріне, оқушыларды бір көргенде биге икем бар ма жоқ па, бірден байқаймыз. Сыртынан көріп тұрғанның өзінде. «Мынау өнер адамы болуға әбден лайық. Түбінде осыдан бірдеңе шығады-ау» деп сезіп тұрамын. Мен өнерге жақындығы жоқ, яғни табиғатында бишілігі жоқ ұл-қыздармен де сабақ өткізіп көрдім. Тек олардың биге деген қызығушылығы мықты болғандығы болмаса, негізінен айтып жатқаныңды ұқпайды, көрсетіп тұрғаныңды қайталай алмайды екен. Кейде, қазақ халқы өнер үшін ғана жаратылған ба деп ойлаймын. Себебі бұдан кейінгі уақыттарда да күміс көмей әнші де, мың бұралған биші де көптеп шығатынына кәміл сенемін. - Шәкірттеріңізге тек ұлттық билерді ғана үйретесіз бе? - Қазақстанға келгенде бір байқағаным, жергілікті қазақтар ұлттық биімізді онша құрметтей бермейді екен. Мысалы, маған алғаш келген оқушы болсын, баласын ертіп келген ата-ана болсын: «Бізге шығыс биін үйретіңізші» дейді. Сонда мен оларға: «Біз ең алдымен қазақпыз ғой, алғашында ұлттық биді үйреніп алайық, сосын қалған ұлтты «қарық қыла» жатармыз» деп басу айтамын. Қытайдан келсем де, орыстың, шығыстың, тибеттің, монғолдың билерін үйрете аламын. Институт қабырғасында барлығынан хабардар болғандықтан үйретуге толық мүмкіншілігім бар. Алайда біз қазақ еліне тұрып, сол елдің нанын жегеннен кейін, әр ұлт өзін бірінші құрметтеу керек қой деп ойлаймын. Осы ойымды басшылық та қолдайтын болу керек, себебі, түрлі мерекелік іс-шараларда олар ұлттық билерге ұсыныс береді. - Ұстаздан шәкірт озар дейді ғой... Сізді басып озған шәкірттеріңіз жайлы айтып беріңізші... - Өнер колледжінде сабақ беріп жүрген кезімде бірталай шәкірт дайындап, олардың жемісін жедім. Соның ішінде Хамида, Жәмила, Есбол, Ернар, Бекзат, Бекзада, Тілек, Гүлжан, Мәрия, Гімш Мағымперқызы, Атикам атты ұйғыр жігітін ерекше атай аламын. Себебі олардың көпшілігі Қазақстанда көзге көрініп мемлекеттік жүлделерді иемденіп жүр. Ал одан бөлек кәсібін өзгертіп алған оқушыларым қанша десеңші... - Сіздіңше Қазақстандағы бишілердің ең үлкен кемшілігі неде? – Менің байқауымша, Қазақстан бишілері өте әдемі, «ерттеген аттай». Бірақ бір-екі жыл жұмыс істегеннен кейін, ары қарай өз кәсібін жалғастыруға құлықты болмай қалады екен. - Себебін іздеп көрмедіңіз бе? - Қыздары үйленіп, жігіттері басқа мамандыққа ауысып кете барады. Бірақ үйленсе де бір-екі жылдан кейін қайтадан жұмысқа шығуына болады ғой. Сөйтсем, олар еңбекақысына қанағаттанбайды екен. Себебі мұндай қиыншылығы көп, қайтымы аз жұмысты ертеден қара кешке дейін төменгі жалақымен істеу мүмкін емес. Ой еңбегі мен дене еңбегін ұштастырып жүретін өнерден жалығады. - Бишілердің жалақысы аз деп қалдыңыз... Осы орайда сіздің табысыңыздың мөлшерін білуге бола ма? - Қазақстанға алғаш келген кезде 4-5 жыл бойы өт аз жалақымен, 50-60 мың теңгеге жұмыс істедім. Ал ол қаржы жүрген жолақыммен, жеген тамағымнан артылмады. Аз жалақыға қалай жұмыс істедің дегенде, осы жердің көркеюіне қолымнан келгенше үлесімді қосам, халық бағалап, басшылық қолдап, үй салатын алақандай жер беретін шығар деген үміттің жетегінде жүрдім. Егер арманым жүзеге асса, сол ауылдың тұрғыны болып кетуге дайын едім. Бірақ 5 жыл бойы бұл арманымды іске асыра алмадым. Сондықтан қазір шамамның келгенінше, қалада да жұмыс істеуді жөн көріп жүрмін. - Қалай ойлайсыз, Қазақстанда би жарыстары сиректігі кәсіби бишілердің аздығынан ба? Әлде басқа да себептері бар ма? - Мынадай нарық заманында барлығы ақшаға тіреледі ғой. Сондықтан да би байқауларының аз болуы жақсы ақша бөлетін дұрыс ұйымдастырушының жоқтығынан. Әйтпесе, кәсіби бишілер жетерлік. Қарап отырсам, былтырдан бастап, балаларға ғана арналса да «Айгөлек» фестивальі өткізіліп жатыр. Ал одан басқа ауызға ілігер би жарысы жоқ. Ол фестивальдің бір қуантарлық жері, бұрындары балалар өз жасына лайық емес, ылғи «бөксемен» билейтін билерге үйір болса, енді осы фестивальдің арқасында балаларға арналған билер шыға бастады. - Би деген осы екен деп бір концертте бірнеше адам қайта-қайта «Қара жорғаны» билеп сәнін кетіріп жүрген кезіне де куә болып жүрміз. Меніңше, тәтті нәрсе тәтті күйінде қалу керек сияқты... - Әрине, жалпы кез–келген нәрсе сиректігімен құнды болады емес пе?! Мысалы, адам бір бауырсақты күнінен бірнеше рет жей берсе, одан шығып кетеді ғой. Ол адам нанның басқа да түрлерінен дәм татқысы келеді. Міне, сол сияқты, бір «Қаражорғаны» келсін келмесін кешке дейін билей берсе, көрермен одан да жалығады. «Қаражорға» осы екен деп йықтарын ары- бері қиқаңдатып оңды-солды билеп жүргендерге қарап күлкім келеді. - Қазақстанның түнгі клубтарында «Қаражорға» күйінің заманауи жасалған нұсқасы пайдаланылып жүр. «Жынойнақ» болып жатқан жерде керемет туындының қадірі төмендеп кетпей ме? Сіздің көзқарасыңыз қандай? - Жалпы өзім түнгі клубтың өзін тұрмақ, атауын да ұнатпаймын. Әрине, бір жағынан алып қарар болсақ, дұрыс емес. Алайда, оған ешкім шектеу қоя алмайды. Себебі оны өз керегіне жаратып жатқан адамдар бар. Ал екінші жағынан, қазіргі жастарға отырғызып қойып «Қаражорғаны» тыңдата алмайсың. Мүмкін олардың көп шоғырланған жеріне апарып қою керек шығар. Ал оларды көптеп кездестіретін жерлердің ең үлкені – түнгі клубтар. - Ұтымды тұсты таба қойған ұйымдастырушылар «Қаражорғаның» атын жамылып бірнеше мерекелік іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Сондай ұйымдастырушыларға айтарыңыз бар ма? - «Қаражорға» халықтікі. Ол биді халық өзі шығарған және қоғамға халықтың өзі арқылы таралады. Ешкімнің жеке меншік құқығындағы дүние емес. Ал ұйымдар жайында келер болсақ, осы биді кәсіби тұрғыда халыққа жақсы жағынан көрсете алса, сол ұйымның ісін құптар едім. Ал тек қана бизнес турасында, ақша табуды ғана көздегендермен келіспеймін. Тек ұлттық өнер хақында ғана жұмыс істегендердің жолы болсын демекпін... - Алғаш Қазақстанға келгенді сізді нендей жағдай таңқалдырды? Мені Қазақстанның тазалығы, жасыл желегінің көптігі таңқалдырды. - Байқауымша, Қытайдан келген өнер адамдарының барлығын жасыл желек пен тазалық таңқалдырады екен. Сонда сіздердің табиғаттарыңызға көңіл бөлінбейді ме? - Бізде де жасыл желек бар ғой... Бірақ, осы жердегідей әдемі, тартымды емес. Ешкім өз бетімен өсімдіктерге тиіспей, қоқыс тастамай, аялап ұстайтындығымен ерекшеленіп тұрады. Мүмкін «әркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне» болып тұрған шығар. Қанша дегенмен де, туған жер қай жағынан алсаң да ыстық болады емес пе?! - Болашақтағы жоспарларыңыз... – Адам өмірі шектеулі ғой... Құдай ғұмыр беріп, денсаулығым болса, әрі қарай ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етіп отырмын. Өйткені, әрбір үйдің еркесін көркем өнерге, сымбаттылыққа баулығым келеді. Барлығы бір Алланың қолында... Әңгімелескен Айдана АЛАМАН