«СТУДЕНТ» ПЕН «КАРМАННИК» НЕГЕ ҰҚСАС?

2
1523

          Жаңа толқын режиссерлерінің бірі Дәрежан Өмірбаевтың фильмографиялық тізімі тағы бір туындымен толықты. Наурыз айының 27-сі күні «Студент» фильмінің тұсаукесері өткен болатын. Бірінші көрсетілімнің дәл осы күні ұйымдастырылуының себебі де бар. Бұл күні көптеген фильмдердің продюсері, «Қадам» (1991ж. құрылған) студиясына 2001жылдан бастап жетекшілік жасап, қазақ киносына барынша өз үлесін қосқан Жексембаева Лимара Кенжеғазықызы дүниеге келген болатын. Дарынды кинематографист тірі болғанда 50 жасқа толар еді. Бұл картина продюссердің шығармашылығындағы соңғы туындысы.  

«Студент» картинасы екіжүзділікті, арамдықты, жалмауыздық пен қаныпезерлікті аяусыз әшкерелеген, адамзатты таңдандырған көркемдік құдіреті керемет образдарды тудырған Ф. Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының желісі бойынша түсірілген. Социализмнен капитализмге ауысқан шақтағы заманның тыныс-тіршілігін қағаз бетіне түсірген ұлы суреткердің бұл туындысын дарынды режиссер Дәріжан Өмірбаев осы заман көрінісіне бейімдеп экрандайды. Фильм жоғарғы оқу орындарының бірінде оқитын қарапайым студент жайында. Студент арқылы қоғамда орын алған өзекті мәселелерді айшықтайды.
Кейіпкер күнделікті тұрмыс-тіршілігіне кинотүсірушілер тобында жұмыс жасап, ақша табады. Фильм түсіру барысында актрисаның үстіне байқаусызда жұмыскер шай төгіп алғаны үшін фильмнің түсірілімі тоқтап, студент жұмыссыз қалады. Осы алғашқы эпизодты шынайы өмірден алғандығын Дәріжан Өмірбаевтың өзі айтады. Фильм ішіндегі фильмде режиссердің бұл картинаны жасаудағы ойын журналист қызбен сұхбат барысында айтып кетеді. Бұл картина қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы мен ақшаның астында қалған байлардың өмірдегі тіршілігін, екі жақтың арасындағы қатынасты суреттеген туынды. Кезінде халық сыйлап, өнерін бағалаған жазушылардың ішімдікке салынып, өмірден адасқан кейпін, адамдардың ақшаға құнығып, ең құнды нәрсе – ӨМІРдің құнсызданып кеткенін, таныс-тамырсыз істің жүрмейтіндігін айқын бейнелейді. Осындай қыспақ заманда өмір сүріп жүрген студент өзінің дүниетанымындағы ішкі қайшылықтарымен арпалысып, өз ойын жеңу мақсатында дүкенші мен жас қызды өлтіріп, қылмыс жасайды. Бұл қылмысты ақша үшін жасаған жоқ, тек өзінің ішкі ойын жеңу мақсатында жасады. Осы жасалған қылмыстың жазасын алу үшін өз еркімен полицияға беріледі. Студенттің осы әрекеті екінші рет өзінің ішкі ойларын жеңгендігін көрсетеді.
Режиссер фильмдерінің ерекшеліктері – диалогтың аздығы, музыканың кадр сыртында қолданылуы. Режиссер камераны баяу қозғай отырып, кейіпкерлерінің ішкі жандүниесіне үңіліп, кино тілі арқылы өз ойын жеткізуді мақсат етеді. «Студент» картинасында да осы қолтаңбалары анық байқалды. Аталмыш туынды адамдардың құлығын жетілдіруге, жалпыға бірдей махаббатқа, енжарлыққа, қандай қасірет болса да көнуге, шыдауға үндейді. Адамдар қасірет шегу арқылы тазарады, әлемді сұлулық құтқарады деген ой тастағандай болды.
Режиссердің қолтаңбаларынан әлем кинематографиясында өшпес із қалдырған Р. Брессонның ықпалы сезіледі. Режиссердің режиссерге әсері заңды құбылыс. Дәрежан Өмірбаев туындыларының көркемдік ерекшеліктері Брессон фильмдерінің сарыны. Аталмыш картинадағы студенттің жазасын өтеу үшін түрмедегі қыз бен жігіттің кездескен сәті Р.Брессонның «Карманник» картинасындағы соңғы эпизодты есімізге түсіреді. Қыз бен жігіт арасын бөліп тұрған темір торлар, оның сыртындағы әдемі кадрлар «Студент» картинасынан да байқалды. Осындай әлем мойындаған дарынды режиссердің әсері Дәрежан Өмірбаевтың туындыларында өзіндік бағытта орын алғандығы режиссердің жетістігі деп білсек қате болмас.
«Студент» фильмі 16-27 мамыр күндері өтетін Канн кинофестиваліне қатысады. Туынды «Ерекше көзқарас» конкурстық бағдарламасында сынға түспек.

Дәрежан Өмірбаевтың фильмдері:
1. «Өмір» (1982) қысқаметражды видеожазба.
2. «Шілде» (1988) қысқаметражды фильм.
3. «Қайрат» (1991) толықметражды деректі фильм.
4. «Профессия – контролер» (1993) деректі фильм.
5. «Кардиограмма» (1995) көркем суретті фильм.
6. «Киллер» (1998) толықметражды көркемсуретті фильм.
7. «Жол» (2001) толықметражды көркемсуретті фильм.
8. «О любви» (2006) қысқаметражды көркемсуретті видеожазба.
9. «Шұға» (2007) толықметражды көркемсуретті фильм.
Еңлік Бақытқызы 

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз