Гүлхан СІРГЕБАЕВА, «Гүлдер» ансамблінің әншісі: Өзімді батыр қыздардың қатарына қосамын

– Қысқаша өмірбаяныңызбен таныстырып өтсеңіз... – Мен Сыр өңірінде ұстаздар отбасында туып-өстім. Марқұм атамнан бастап әкем, шешем, әпке-жездем... барлығы дерлік ғұмыр бойы мұғалімдік қызметпен айналысқан адамдар, сондықтан менің де ұстаздық жолды таңдауым әбден мүмкін болатын. Алайда, өнердің құдіретілігі болар, әншілік жолды қаладым. Әкем баян аспабында жақсы ойнайды. Сол кісінің жолын қуу мақсатында Қызылорда қаласында 9-сыныпты бітіргеннен кейін М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжге түсіп, «Музыка» факультеті бойынша бітіріп шықтым. Екінші курстан бастап-ақ облыстық іс-шараларға белсене араласа бастадым. Сондықтан мені облыстық филармонияға әншілік қызметке шақырды. Колледжді бітіргесін де бірден Алматыға келе қоймадым. Себебі, филармониядағы жұмысым өзіме ұнап жүрді. Алайда, өнерімді ары қарай шыңдау мақсатында қара шаңырақ – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына тапсырдым. Бағым жанып, жолым болды. Қазақстан Республикасының халық артисі Нағима Есқалиевадан тәлім алдым. Бағыма орай, оқуды бітірісімен Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Сембек Жұмағалиев сынды аға-апаларым жұмыс істейтін, Жеңіс Сейдолла аға басқарып отырған «Гүлдер» ансамблінде қызмет істеу бақыты бұйырды. Алайда, студенттік кездегідей, аптасына үш рет вокалға баратын әдетім бойынша, тағы да білім алғым келді. Өнерімді ары тағы да өзім түлеп ұшқан Өнер академиясының магистратурасында білім жолын жалғастыруды жөн көрдім. Ғылыми жетекшім – Гүлзада Омарова. Сахнада тек ән айтып қана қоймай, қазақ өнеріне берерің болса, неге тырыспасқа? Сахна мен ұстаздықты ұштастыруға болатын сияқты... Ендігі кезекте осы жолда тер төгудемін. Міне, осылай 17 жасымнан бастап өнердің ыстығына да, суығына да төзіп келе жатқан жайым бар... – Отбасылық дәстүр бойынша, бәрібір ұстаздық қызметке қарай ойысып бара жатыр екенсіз ғой... – Жоқ. Менің үйдегілерден бір айырмашылығым – сахнадан алшақтағым келмейді. Қазір, Аллаға шүкір, болып жатқан үлкен-үлкен концерттерден тыс қалған емеспін. Көптеген әндер жаздыру үстіндемін. Әсіресе, репертуарыма халық әндерін енгіздім. «Болашағыңызды құрғыңыз келсе, өткеніңізді ұмытпаңыз» деген нақылды әркез жадымда ұстаймын. Ата-дәстүрімізді, халық әндерін ұмытпағанымыз абзал. «Мен қазақпын» деген әрбір әншінің репертуарында халық әні болғаны дұрыс. Мысалы, шетелге гастрольге шыққанда заманауи эстрадамен ешкімді таңқалдыра алмаймыз. Сондықтан оларды ұтудың бірден-бір жолы – халық әндері. Әзірше жаздырған екі халық әнімді көрермендер жақсы қабылдап жатыр. Оның үстіне, бүгінгі таңда жастар да халық әндеріне үлкен бетбұрыс жасауда. Міне, осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, магистрлік ғылыми жұмысымды қазақ эстрада әншілерінің репертуарындағы халық әндерінің орнына арнадым. Бұл тақырыпты алған себебім, қазақ халқы үшін сөзден құдіретті өнер жоқ, қазақ сөзге тоқтай білген халық. Сөзге үлкен мән береміз. Өкінішке қарай, бүгінгі күнде сөздің қадірі кетіп, тіл өнерінің жұтаң тартып қалғаны жасырын емес. Әрине, қазіргі шығып жатқан әндердің ішінде жақсысы да бар. И.Исаев, А.Асылбек, Т.Арынғали сынды ақындарымыздың туындыларын жоғары бағалаймын. Бірақ жеңіл сөзге құрылған әндер де шаш етектен. Сол себептен де халық әндерін зерттегім келді. Абай атамыз айтпақшы, терең мазмұнға толы әндерді зерттеу және олардың қазіргі кезде қаншалықты дұрыс орындалып жатқандығы туралы ой қозғаймын. –Магистратураның мұғалімдері: «Магистранттар шетінен «жұлдыз». Сабақтан көп қалады» деп ренжіп жатады. Шындыққа қаншалықты жанасымды? – Мен сізге былай жауап бергім келеді: магистратурада оқып жүрген өнер адамдарының көпшілігі кәсіби өнерде тер төгіп жүргендер. Ал ғылыми жұмыс пен сахнаны ұштастыру, шынында да, біраз қиындықтар туғызады. Қазақстан қалалары ғана емес, алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапарларға шығамыз, неше түрлі жобаларға қатысуымызға тура келеді, сондай себептермен сабаққа бармай қалатынымыз рас. Бірақ, шамамыздың келгенінше үлгеруге тырысамыз. Құдайға шүкір, бірінші жартыжылдықты кілең беске аяқтадым деп мақтанып қояйыншы... Сондықтан да ұстаздарымның жеке маған өкпесі жоқ шығар... – Осы уақытқа дейін тәлім алған ұстаздарыңыз туралы не айтасыз? – Біздің Өнер академиямыз бүкіл Республика бойынша өнер әлеміне қанат қақтыратын өнер ордаларының бірегейі болғандықтан ең мықты ұстаздар қауымы шоғырланған. Адам өмірінде көптеген ұстаздар болуы мүмкін. Мысалы, бірінен кәсіби ән айтуды үйренсең, екіншісінен сахнада тұруды үйренуің мүмкін. Сондықтан ұстаздарым үшін Аллаға мың да бір шүкіршілік етемін. Байқап қарасаңыз, әншілер – не жақсы педагог-әнші болады, не кәсіби сахнадағы әнші болады ғой. Қазіргі мұғалімім Толқын Забирова өзі қандай кәсіби әнші болса, сондай кәсіби ұстаз. Бізде арнайы сабақтардан бөлек, сахна тілі пәні қатар жүреді. Сол сабақты жүргізген Дариға Тұранқұлованы міндетті түрде атап өткім келеді. Ол кісінің бір ғана сабағының өзінен тек сабаққа қатысты мәліметтермен танысып қана қоймай, рухани ләззат алып шығамыз десем артық айтқаным емес. – Өнер адамдары, әсіресе әншілер қауымы ғылым-білімге шорқақтау келеді. Мысалы, кітапқа жақын емес дегендей... Ал сіз қаншалықты оқымыстысыз? – Керемет оқымысты емеспін. Жалпы кітапқа деген құмарлықты бала кезден ояту керек. Ал жас кезінде оқымағанды есейген кезінде он жерден күштесең де оқыта алмайсың. Бұл мәселеде ата-анама разымын. Сонау 3-сыныпта Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Қайдасың, Гаухар?» шығармаларынан бастап, есейе келе Ә.Нұршайықов, М.Әуезов сынды жазушылардың біраз туындыларын түгестік. Сол қызығушылығым әлі де ортайған жоқ. Қазіргі кезде тек көркем әдебиет емес, шетел классиктерін, әлемді өнерімен тәнті еткен таланттардың мемуарларын қызыға оқимын. – Ең соңғы оқыған кітабыңыз... – Ол кітапты өзіміздің директор Жеңіс Сейдолла ағадан сұрап алғанмын. Қазақтың біртуар актер ұлдарының бірі Асанәлі Әшімовтың «Ваш любимый Асанали» атты орыс тіліндегі еңбегі болатын. – Өнер саласында жүргеніңізге бірнеше жылдардың жүзі болыпты. Танымалдылығыңызды арттыруға нендей жағдайлар кедергі келтірді? – Сонау колледжде оқып жүрген кезімнен бастап есептесек, иә, өнерге келгеніме оншақты жыл болады. Алайда, үлкен сахнаға кәсіби әнші ретінде «Гүлдер» ансамбліне келген кезде, яғни 2007 жылы ғана шықтым. Негізі, танымал болудың ең ұтымды тұсы – хит әнге бейнеклип түсіріп, оны кемінде төрт телеарнадан тарату. Сол тұрғыдан алып қарасақ, осыдан үш жыл бұрын И.Исаевтың сөзіне жазылған Д.Сыздықовтың «Ғашық бол» әніне бейнебаян түсіргенмін. Өкінішке қарай, қаржылық мүмкіндігім болмағандықтан бір ғана арнадан көрсетілді. Ал қазіргі жағдайыма келер болсам, сапалы әнге сапалы бейнебаян түсіру тек жоспарларымның алдыңғы шебін құрумен ғана шектеліп отыр. – «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» дейді ғой... Демек, сіздің қолдаушыңыз жоқ, солай ма? – Әрине, бірінші қолдаушым – Алла Тағала, одан кейін өнерде жүрген аға-апаларымның барлығы. Ендеше ойлай беріңіз – қолдаушысы өте көп әншілердің қатарынанмын. Ол кісілердің қолдау сөздері немесе өнеріме берген бағалары арқылы қанаттанып жүремін. Берген ақылдарына арқа сүйеймін. – Академиямыздың түлегі әнші Дәулет Болатбаевпен бірге дуэт болып жүргеніңізді білеміз. Көпшіліктің көңілінен қаншалықты шығып жүрсіздер? – Ол жағын кесіп-пішіп айта алмаймын. Халық өзі сараптай жатар. Дәулет Болатбаев академияда бірге оқыған досым. Жақында болған «Майра» продюсерлік орталығы ұйымдастырған «Жан анам» концертінде де «Асыл анам» атты әнді қос дауыста орындадық. Екеуіміздің репертуарымызда жекелеген әндеріміз де жетерлік. Бір ансамбльде жұмыс істегендіктен тек жекелеп айта бергенше, ерекшелік болсын деген оймен сахнаға дуэт болып та шығып тұрамыз. – Қызықтау сұрақтың жауабын білгім келім келіп тұр... Жігіт үшін қандай оқыс оқиғаға баруға дайынсыз? – Мен, негізінен, ең алдымен өзін жақсы көретін адамдар қатарынанмын. «Өзін жақсы көріп сыйлай алмаған адам, өзгені де жарытып сыйламайды» деген қағиданы ұстанамын. Бірақ дәл сіз қойған сұрақтың жауабын іздеуге тырыспаппын. Мүмкін... суға батып бара жатқан жігітті құтқаратын едім. Себебі, Сырдың қызы болғандықтан, суда жақсы жүзе аламын. Негізі, өзімді батыр қыздардың қатарына қосамын. – Сіз үшін нағыз демалыс дегеніміз не? – Демалғым келсе, романтикалық комедияларды тамашалағанды ұнатамын. Еш қамсыз сондай киноларды көріп отырғанға не жетсін?!. – Әсершілсіз бе? Қандай жағдайда көзіңізге жас келуі мүмкін? – Өте әсершіл адаммын. Тіпті кино кейіпкерлерінің бір-біріне айтқан сөздерін тыңдап отырып, сыртта отырған мен жылап қалуым әбден мүмкін. Немесе көптен бері көрмей сағынып жүрген достарымды, туысқандарымды, ұстаздарымды көрген кезде де көңілім тез босап кетеді. Ондай жағдайлар жиі кездесіп тұрады. Эмоцияға бай адаммын. – Қазақстан театрларында болып жатқан қойылымдарды өз талғамыңыз бойынша ең үздік дегендерін үш орынға орналастырып бере аласыз ба? – Мен актриса немесе театр сыншысы болмағандықтан олай жасай алмаймын. Себебі, әркім өз кәсібін білгені дұрыс. Ата-анам Алматыға қыдырып келген сайын міндетті түрде жаңа қойылымдарға апарып тұрамын. Ал жеке басыма ұнайтын спектакльдерге келер болсақ, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында ең сүйікті актерім Бекжан Тұрыс ойнайтын «Сыған серенадасы», «Бес бойдаққа бір той» қойылымдары және режиссер Болат Атабаевтың «Мәңгілік бала бейнесі». Ал Ғ.Мүсірепов театрында Лидия Каден ойнайтын «Күшік күйеу», «Келіндер көтерілісі» спектакльдері ұнайды. – Өзіңіздің актерлық қырыңызды сынап көру туралы ойландыңыз ба? – Былтыр бірінші рет «Айналайын» комедиялы сериалында эпизодтағы рөлді ойнадым. Алғаш рет болғандықтан түсірілім алаңындағы атмосфера өте қатты ұнады. Әрине, бұдан былай да ұсыныс болса, міндетті түрде келісімімді берер едім. – Қазақ продюсерлерінің қабілетін қалай бағалайсыз? – «Ұлытау» тобы арқылы шетелдерге қазақтың қара домбырасын танытып жүрген Қыдырәлі Болманов ағамыздың қабілетін жоғары бағалар едім. Одан бөлек, Баян Есентаева, Майра Ильясова, Ерік Тастанбеков сияқты жақсы продюсерлеріміз де жоқ емес. Өз басыма келер болсам, үлкен өнерге араласқаннан бері екі продюсерден ұсыныс алдым. Аттарын аттамай-ақ қояйын, себебі танымал адамдар емес. Ол кісілердің талаптарымен келіспегендіктен бірге жұмыс істеуден бас тарттым. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айдана АЛАМАН