Көкірегіне күй тұнған дирижер

0
3464

                  Құрманғазы атындағы оркестр ғимаратында Республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты Мүсілім Әмзенің концерттік кеші болды. Кешке Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі және бірқатар өнер майталмандары қатысты.

           «Құрманғазы оркестрі» дегенде жүрегімізде бір сезімнің жылт ете қалары анық. Бірде құйқа тамырыңды шымырлата, қаныңды тулатса, енді бірде жүрегіңді елжіретіп, әсем әуеннің бесігіне бөлейтін күмбірлеген күйі бала кезімізден құлағымызға сіңіп қалған. Бастапқыда тек 11 ғана адамнан құрылған оркестр, бүгінде өзінің өнерімен дүниежүзін таңқалдырған ұжым ретінде белгілі.
Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрін алғашында Алматыда музыкалық драма техникумының жанынан домбыра ансамблі ретінде Ахмет Жұбанов ұйымдастырды. Оркестр әр жылдарда жас маман кадрлармен толықты. Кезінде оркестрге М.Төлебаев, Н.Тілендиев, А.Мырзабеков, Л.Хамиди, Қ.Мусин, Л.М.Шаргородский дирижер болды. Бүгінде оркестрдің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның халық артисі, «Құрмет» орденінің иегері Тұяқберді Шәмелов.
Қазақ музыка өнерінің дарабозы Ахмет Жұбановтың бастамасымен құрылған, 77 жылдық тарихы бар Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінде өнер көрсету кез келген өнерпазға бұйырмайтын сыбаға. Бұл жағынан Мүсілім Әмзенің жолы болды. Ол таяуда ғана Құрманғазы оркестрімен бірге концерттік кешін өткізді. Республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты Мүсілім Әмзенің дирижерлығымен өткен концертке жеке орындаушылар – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Батыржан Мықтыбаев, Халықаралық конкурстардың лауреаты Гүлмира Сарина қатысты.
Мүсілім Әмзе 1977 жылдың 23 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданында дүниеге келген. 1995 жылы Қызылорда музыкалық колледжінің контрабас және домбыра мамандықтарын қатар бітірген. 2000 жылы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваториясы халық аспаптары факультетін домбыра мамандығы бойынша, 2010 жылы аталмыш оқу орнын опералық-симфониялық дирижерлау мамандығы бойынша аяқтаған. А.Жайымов, Е.Исаметов, Т.Әбдірашев, Н.Жарасов сынды білікті ұстаздардан дәріс алған. Шығармашылық жолын 1998 жылы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің құрамында артистік қызметтен бастаған Мүсілім Әмзе он жыл бойы тапжылмастан осы оркестрде қызмет атқарады. Сонымен қатар, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында және ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінде қатар еңбек етті. 2007 жылдан бастап А.Жұбанов атындағы РҚМММИ симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері, 2008 жылдан ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің және Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің екінші дирижері қызметін атқарады. 2010 жылдан бері Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері. 2011 жылы П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері қызметіне шақырылды. 2008 жылы дирижер В.Папянның жетекшілігімен Ашдод симфониялық оркестрінде (Израиль) және 2009 жылы Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясында тәжірибеден өткен. Республикалық жас орындаушылар конкурсының (Алматы,1994), Қ.Ахмедияров атындағы күйшілер конкурсының (Алматы,1996) лауреаты және I Халықаралық Н.Тілендиев атындағы дирижерлар конкурсының (Астана, 2008) дипломанты.
Мұның бәрін жіпке тізгендей айтуымыздың себебі де жоқ емес. Құдайдан берілген табиғи дарынды білім және еңбек атты ұштағышпен ұштап отырмаса, ол қабілет-қарымды тот басып, тіпті, түкке жарамай қалуы да мүмкін. Осы жағынан алғанда, Мүсілім Әмзе әркез оқу, іздену, үйрену үстінде жүретіні сүйсінтеді. Негізінен, бүкіл бір оркестрдің шығармашылық жетістігі жалғыз дирижердің музыкалық қабілеті мен ұйымдастырушылық шеберлігіне, қажыр-қайраты мен еңбекқорлығына тікелей байланысты десек артық айтқанымыз емес. Дирижердің көңіл күйі мен көкірек көзі ғана емес, қолы мен саусағы айныса да – «сиқырлы таяқшадан» күй кетеді, демек, оркестр ақсайды деген сөз. Кешегі өткен концерттің табысты өткені осы қағиданы тағы бір растады. Оркестр мен дирижердің, жеке орындаушылардың тұтастай бір тірі организмге айналғанын көрдік, әрқайсысының жүрегі бір ырғақта соғып, көзқарас, қимыл-қозғалыстары бір нотада әрекет еткенін аңғардық. Бұл орайда дирижер еңбегінің орасан зор екенін айтпасқа болмас. Оркестрдің басты фигурасы – дирижер десек, Мүсілім Әмзенің көзқарасы мен «сиқырлы таяқшасына» бағынған музыканттар әр шығарманы ерекше таза, әсерлі де жігерлі орындап шықты. Алдыңғы қатарда отыратын домбырашылар мен қобызшыларды айтпағанда, екінші, үшінші қатарда, тіпті, көрерменге көрінбей, соңғы қатарларда отырған музыканттардың қайсысы сыбызғыны сызылтып, қайсысы сырнайды сөйлетіп, қайсысы дауылпазды дауылдатып отырғанын аңғару қиын емес еді. Қазақ классикасы немесе шетелдік классикалық музыка болсын, танымал халық әндері болсын, Құрманғазы оркестріндей атақты оркестр мен елге көп таныла қоймаған дирижерге бағынбайтын музыка жоқтай көрінді. Ахмет Жұбановтың «Би» күйімен басталған концертте Раздықтың «Аңшының зары», Сүгірдің «Ыңғай төк», Тұяқберді Шәмеловтің «Ақ желеңі», Нұрғиса Тілендиевтің «Менің бабам – Қарасай», Жамағат Темірғалиевтің «Бабалар үні», Махамбеттің «Жұмыр қылышы», (жеке домбырада – Дарын Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Батыржан Мықтыбаев), Сыдық Мұхамеджановтың «Классикалық күйі», Базарбай Жұманиязовтың «Серпін» сынды басқа да бірқатар шығармалар әуелей қалықтады. Күйдің бірі делебеңді қоздырса, екіншісі – ойлантты, үшіншісі – тербетті, төртіншісі – серпілтті… Осының бәрі, әрине, дирижердің «сиқырлы таяқшасының» ықпалымен жүзеге асып жатты. Оркестрдің орындауындағы аты әлемге әйгілі итальяндық композитор Пьетро Масканьидің «Cavalleria Rusticana» операсынан прелюдия және атақты француз композиторы Жорж Бизенің «Арлезианка» сюитасынан фарандоласы – батыс музыкасының қазақ ұлт аспаптарында ерекше жанып кететінін көрсетті. Бұл шығармаларды оркестрге лайықтаған Мүсілім Әмзенің өзі екенін айта кеткеніміз жөн болар.
– Ұлт аспаптар оркестрінің колориттік, яғни ұлттық нақыштағы мүмкіндігі орасан зор. Оның шығармашылық амплитудасы өте кең, тек әрбір аспаптың табиғи үнін, мүмкіндігін дұрыс пайдалана білу керек. Музыкалық палитраны кеңейту үшін қандайда бір эксперименттер жасаудан қорқудың қажеті жоқ. Тек өзіңнің не жасағың келетінін, қалай жасағың келетінін анық білуің керек, әрбір аспаптың үні, әрбір нота көкірегіңде сайрап тұруы керек, әр дыбысты құлағыңмен ғана естіп қоймай, жүрегіңмен тыңдай білуің тиіс…– дейді дирижердің өзі. Иә, дирижер тек оркестрдің бірдей ойнағанын қадағалаушы емес, ол композитордың ой-идеясын, мақсатын, әуен ырғағын жеткізуші. Бұл ретте Мүсілімді жүрегіне күй тұнған дирижер десек қателеспеспіз.
Бұл кеште барлық өнерпаздар – оркестр де, дирижер де, жеке орындаушылар да жиылған қауымға қуаныш сыйлап, ұлттық музыка құнарының нәрімен сусындатты. Сәуле Жанпейісова, Рамазан Стамғазиев, Гүлмира Сарина сынды күміс көмей әншілердің өнеріне тамсанған жұрт халық әндерінің мәңгілік екеніне тағы бір көз жеткізді, үлкен қошеметпен қол соғып, өнерпаздарды жібергілері келмей, қайта-қайта ән сұрады.
Оркестрдің шығармашылық деңгейінің бір орында тұралап қалмай, әркез өсу жолындағы ізденістері, жаңа концерттік бағдарламалардың ұйымдастырылуы – ұжымның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық артисі Тұяқбай Шәмеловтің тікелей қажыр-қайраты мен шығармашылық энергиясының жемісі екені айқын. Олай болса, қазақ оркестрінің «атасы» – Құрманғазы оркестріне, ата жолымен өнер көрсеткен жас дирижер Мүсілім Әмзеге шығармашылық жеңістеріңіз арта берсін демекпіз!

Сәуле ӘБЕДИНОВА

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз