Серік АБАС-ШАХ. АЛЖАС ХАН және Болмаған оқиға-3: Сөйлеп тұрған Мас-кеуде..

 

Мас кеуде қаласы. Қызықстан Жұртшылығының иелігіндегі әдемі ғимараттың іші. Бөлінген қаржы қомақты болғанмен, өзбек құрылысшыларының қолымен арзанға жөнделмеген кең кабинеттің төрінде жас  шамасы 59-дан сәл ғана асқан жігіт көкесі отыр. Ол оңды облыстың орталығында апта сайын жарыса жарыққа шығатын жүздеген газеттің бірінің соңғы бетін ашып, еріккен шаласауатты журналисттердің бірі құрастырған кезекті сөз жұмбақты шешуде. Бөлменің ортасында орналасқан МенТВ  арнасында “Бергей көпір” телесериалы көрсетілмеуде.  Есіктің артындағы сілтеме жазуға қарамағанда, қабырғалы  елдің Ресмиядағы Төтенше  және уақытша  Жұртшысы болып отырған  кейіпкеріміздің  есімі Заводбек, фамилиясы Отырысбеков сияқты.  Туған еліне деген сағынышы ма жоқ әлде мәсіге деген қызғаншақтық қарсылығы ма, кім білсін, кабинетінде  ешкім көре қоймас деген үмітпен аяғына  (ескі) “кәрі” мәсі киіп алыпты. Осыны  байқағанда, осы кісі СССР-дің тарауына  (дәл) 40 жыл қалғанда  туылмады ма екен деген өте орынсыз сауал ойыңа келеді екен.. Заводбек: (ойланып-толғатып, өзімен-өзі сөйлеп отыр) Мен өз-өзімен сырласып, фәлсафашы сияқты санам санға, ойым онға бөлініп кетті ғой. Әлде, қартая бастадым ба? Бірақ, оған әлі біраз жыл бар сияқты ғой.. (Осы кезде “АBBA” тобының орындауындағы “Money, money” әнінің ырғағымен ұялы телефон шылдырлайды) Алло.. Сізді, Қызықстан республикасының Ресмиядағы  Төтенше және жиі ауысқыш уақытша Жұртшысы.. кешіріңіз,  әзірге соңғы Жұртшысы, Отырысбеков Заводбек мұқият тыңдап тұр. Телефондағы үн: Алло, Заводбек мырза, бұл  мен ғой, кәрі Каспийдің қызықи жағалауынан, Кавказбек Көшіргішов.. Заводбек: О-ш-ш.. шынымен ақ сіз бе, Кавеке? Саламатсыз ба? Осы сіздің ғажап даусыңызды өз құлағыммен фонограммасыз еститін күн де бар екен ау? Телефондағы үн: Фонограмма дегеніңіз қалай, Заводбек мырза? Мен тек жанды дауыспен ғана айтамын.. (Шәмші Қалдыаяқов әнінің ырғағымен)  “Өзіңсің жаным, жаңғыртқан әкім, Каспийдің доллар таулары..” Заводбек:  О бәсе! Қандай сүйкімсіз, ғафу етіңіз, сүйімді дауыс? Сіздің сұңқылдаған, ғафу етіңіз, сыңғырлаған үніңізді Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің өрт алдындағы  дабылына кеңінен пайдалану керек қой. Ресмияның бас қаласында отырып, сіздің  Каспий толқыны арасынан үзіліп шыққан жағымсыз, ғафу етіңіз, жанға жағымды үніңізді тек эфирден ғана естиміз, ал өз-өзіне риза түріңізді “КаспиоЖОҚ “ арнасынан анда-санда  тамашалап жатамыз. “Еріккен "МоЦарт" Енисейде қасынады” дейді ғой,  қызық халқы. Біз осында отырмыз ерігіп, ал сіз, байқап жүрмін, өте-мөте белсендісіз. Телефондағы үн:  “Қазан ауырын ер көтереді, шенеунік еркелігін ел көтереді” деп тырбаңдап жатқаным рас. Бір жағынан ел үшін, екінші жағынан бала-шаға үшін дегендей..  “Көп жүгірсең, көлемді табыс табарсың” деген қызықи мақал бар ғой.. Заводбек: Кавеке, сіз көкірегі (почти) даңғыл кісісіз. Қазір, бірдеңе айтсам, түймедей нәрсені түйедей қылып өкпелейтін (тыз еткіш ) көпіршіл хакім Ұрысалиып сияқты өкпеңіз қара қазандай болып, ренжіп қалмайсыз ба? Телефондағы үн:  Мысалы, Досым-ЖомАРТ қоқайып, қызмет барысын мадақтаумен, демалыс барысын яхталаумен  өткізіп жүрген Бас хатшыгер "братанға" өкпелеп, “тонын отқа жаққысы” келіп жүр.. Бұл енді тап-таза көре алмаушылық. Әйтпесе, Бас хатшыгер "братан" қызметінің бәрін күн сәулесіне шомылу үшін істесе де, оның ел абыройын көтерудегі ерен еңбегін мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Ал, менің, яғни Кавказбек Көшіргішовтің өкпесі Каспийдің өткен ғасырдағы суындай тап-таза. Ал, жұмысы жоқ Сайткүлдер мен сыбысы көп сайттарға назар аудармауыңызды сұраймын. Заводбек: О, бәсе.. Айтпақшы, Каваке, теңіз жағалап жүгіргеніңізге біраз болды. Өзіңізді, көптен бері үздіксіз  қолданыста жүрген  (1965 жылдың жаз маусымында өндірілген ескі) “кәрі” мәсідей  сезінбейсіз бе? Менің сүйікті “кәрі” мәсімді де, сізді де, тіпті мені де  ауыстырып, жас кадрлерге орын босататын уақыт жеткен сияқты.  Қызметтің арқасында, бұлшық еті қайратты Маммуся (апай) сияқты рухани байлығыңызды миллиондарға  артырып жатқаныңызды білемін.. Бірақ та.. Телефондағы үн:  Мұнай бағасы төмендемесе, аймақтың қазынасы да, менің қалтам да жұқара қоймас. Ал, өз басыма келсек, әрине, коми(э)кс-уәзір  SOSқалиевтің қазіргі халімен салыстырғанда өте жақсы. Баяғыда, ауылдағы көрші апамыз бозаға тойып алғанда, “жас та келді, болдым кәрі, мәсім жыртық, денемнің тозды бәрі” деп ән шырқаушы еді..  Бүгінде, (“Қамажай”) билеу арқасында, қара басының  (рухани) байлығы үшін шыққан негізін жасырып, тегін ауыстыра салатын  "МоЦарттар" озып жатыр ғой..  Мейрамханада бесбармақ, үйінде гуйру жеп алып, барлық ісін үндемей жүріп тындырып жүрген кейбір жігіттердің есепсіз (рухани) байлығымен салыстырсақ,  менікі анағұрлым төмендеу ғой.. Заводбек: Қойыңызшы, Кавказбек мырза, мұнайлы жерде кітап оқып отырып, сіздің (рухани) байлығыңыз төмен болса, қайта-қайта ел асып, қаңғырып жүрген  жүрген біздікі не болғаны?  Туыстарыңыздың атына жазылған қаншама (рухани) заводыңыз бар, қаншама.. Телефондағы үн: Жарайды, Заке, айта бермеңізші.. Атын естісем, кәмпит жегім келмей қалатын оңбаған біреудің түрік құлағы әлі де тыныш жатқан жоқ шығар? Қазір үнсандықпен рахаттанып өсек айтуға да қаймығатын болдық.  Сізде, Жұртшы ретінде керемет жағдай бар ғой, өзіңіз би, өзіңіз қожа дегендей..  Кезінде, сіздің орныңызда мен де Жұртшы қызметін атқарғансымақ болғанмын. Бірақ, мойындау керек, ет жеп қалған адамға бұл жұмыс  қол емес, әрине. Заводбек: Айтпаңыз, Кавказбек мырза, ішім әбден пысты.. Палау жегіштер елінде Жұртшы болғаным  жақсы еді, жақын жатқандықтан, ананы-мынаны сылтауратып, апта сайын елге барып тұратынмын. Ал, мұнда, борщ ішкіш жақтың жырақтығы қатты білінеді екен. Талай тойға бара алмай құр қалып, талай “мәселелерді” шеше алмай жүрмін. Ал, қазір міне, еріккенімнен уақыт өткізе алмай, сөз жұмбақ шешіп отырмын. Ел жақтан соғым беріп жіберген екен, ішінен біздің оңды облыста шығатын газетсымақтың соңғы бетіндегі сөз жұмбағын шешіп жатырмын. Телефондағы үн: “Еншісі бөлек, ені басқа жердесіз..” Аптасына алты күн тойға шақыратын сауықшыл еліңізді, сөзжұмбақ шешіп берсең, қалтаңызға қалың конверт салып кететін інілеріңізді сағынған шығарсыз? Заводбек:  Қазір жанарыма  жас толып,  ел  мен  етке деген сағыныш, бауырымды езіп, қаржы  полициясының назарына іліккен бишара уәзірорынбасқыш сияқты  бойым мен ойымды үлкен мұң басып,  түскі асқа ащы пиязды турап отырған жеке аспазым сияқты жылап отырмын, Кавказбек.. Телефондағы үн: Жылай бермеңіз, еліміздің Ресмиядағы Төтенше және арнаулы  Жұртшысы, әдетте, орнында ұзақ отырмайтынын білесіз ғой..  Таяу арада, сіз де елге қайтатын шығарсыз? Біздің аймақтың бұзық мінезі әйелдерінің сөзіне қарағанда, сізді  “Бауыржан-ы-шоудың” “Құдағи бір партия” интермедиясындағы күн сәулелі басты кейіпкердің роліне шақыруы әбден мүмкін. Заводбек: О-ш-ш.. шіркін-ай, сондай ғажап қуанышқа жетер күн қашан  болар екен? (алдындағы стакан суды сіміреді) Телефондағы үн: Асықпасаңыз, ол қуаныш та жақындап қалды. Заводбек: Ш-ш-шеш..(суға қақалып) Телефондағы үн: (сіз ойлаған нәрсені ол да ойлап, ашуланып)  Не дейсіз? Сіз осы әлі күнге дейін бір шымқалалық әдетіңізді қоймайды екенсіз.. Шешеңіз не осы? Заводбек: Сі-і-і- Телефондағы үн: ..(одан бетер ашуланып) Немене? Сіз менімен қалай қалай сөйлесетін болғансыз өзі? Менің таяуда бас қалаға үлкен лауазымға ауысатынымды ескертіп қояйын. Заводбек: Ш-ш-шешен..(сасқанынан одан бетер суға қақалып) Телефондағы үн: Сіз шеше боқтайтындай кімсіз өзі? Сәулелан көке Шалғынгаевқа айтып, ресми және мемлекеттік тілдерде қатар боқтатып алайын ба, осы? Оның боксшы екендігін естен әлі ұмытпаған боларсыз? Заводбек: Сі-і-іміріп едім, суды.. Қақалып қалдым, Кавеке. Кешіріңіз, сіз ойлағандай емес..(тағы да қақалып) Ш-ш-шеш-шен ағаңыз дегім келіп еді, Кавеке. Мен секілді  қызыл тілін қырыққа ораған шешен көкеңіз тұрғанда не қам бар? Кез келген ролді екі тілде  ойнай беремін. Айтпақшы,“Құдағи бір партиясындағы” қазіргі  басты кейіпкер ше, оны орындаған актер қайда баруы мүмкін? Телефондағы үн: Теледидар бетіне қайта қайта шыққанды  және өзінің фамилиясын қатты сүйетін Сәулеланді айтасыз ба?  Соңғы кезде, оның “Итпен мысықтай болып жүргенін” естіген шығарсың..? Бірақ, Сәулелан секілді ілкімді жігіттер қайда барса да, бастарын қанша рет тасқа соқса да оңайлықпен берілмейді ғой Заводбек: Ия, ол өз фамилиясы мен бас пайдасын жақсы білетін  пысық жігіт.. Аты мен анықтамасы ортақ бір қалаға әкім болатын шығар, мүмкін? Жарайды, кімнің қайда, кімнің орнына баратынында не шатағымыз бар? Одан да музыка жайлы ой қозғайық. Қазір қандай музыка тыңдап жүрсіз? Елдегі той-бизнесте не жаңалық? “Планеталар құпиясы” журналын оқымағалы көп болды.. Айтпақшы, әлгі әнші  өзінің бұрынғы жігіттері циклі бойынша беріп жүрген сұқбаттарын жалғастырып жатыр ма? Телефондағы үн: Ол әншінің бұрынғы жігіттерін қайдам, ал қазіргі “Жігіттер” музыкалық тобының продюсері,  квартет-топтың атын ауыстырып жатыр. Заводбек: Ерғали ме? Ол менің жерлесім ғой.. “Жігіттердің” бұрынғы аты тәп-тәуір емес пе, жоқ әлде топ мүшелері шетінен үйленіп жатқан соң, топтың атын “Үйленген жігіттер” деп атаған дұрыс деп шешті ме екен? Телефондағы үн: Жоқ, мәселе басқада.. Жақында ғана, танымал тележурналист Владимир Рерихтің идеясымен және оның тікелей әрі белсенді  айналысуы арқасында танымал тележүргізуші-қарындасымыз Дана  Нұржігіттің ұл босанғанын естіген шығарсыз?  Біз, бұған  Сағипа Балли ханым Израильдің ең қымбат перзентханасында екі рет егіз тапқандай қатты қуандық қой.. Майлау коммисиясының бұрынғы төрайкасына қарағанда, Ерғали ініміз, продюсер болса да өте сезімтал жігіт емес пе? Дана Нұржігіт қарындасымыздың ұл табу құрметіне орай, “Жігіттер” тобының атын “Нұр жігіттер” деп, ал өзінің Ерғали есімін ресми түрде  Нұрғали деп ауыстырмақшы. Заводбек: Өт-те батыл әрекет. Мынадай заманда осындай сәулелі есімге ие болудың өзі, өте жүрекжұтқандық! Мұндай бастаманы қызу қолдау керек қой.. Ақылы мен аты сай Дана қарындасымыздың фамилиясының алғашқы буыны, біз сияқты жағымпаздықты иттің етінен бетер жек көретін адамдарға зор үлгі.. Телефондағы үн: Ия, тележүргізуші қарындасымыздың фамилиясының алғашқы буыны ондай құрметке өте лайық. Айтпақшы, “қОрда” сазды тобында да өзгеріс болуы мүмкін. Заводбек: Ән орындаған кезде ток ұрғандай секіріп билеп тұратын өнерпаз жігіттерді айтып отырсыз ба? Не болды, олар да Дананың фамилиясының құрметіне есімдерін ауыстырып жатыр ма? Телефондағы үн: Жоқ, олардың аты орнында, бірақ, таяу арада “қОрда” тобының жетекшісі өзі қызметін ауыстыруы мүмкін? Ол кісі, көп жылдан бері кафеде отырып, гуйруға әбден тойып, ой-санасы “кәрі” мәсі сияқты ескіре бастаған адамның орнына баратын шығар? Заводбек: Асыл ән Жұмысин ? Мұныңыз, мен үшін күтпеген жаңалық. Ал, топтың басқа әншілері ауыса ма? Мысалы, ділмәр Исатай мен дүлдүл Махамбеттің тілінде жарытып ән  айта алмайтын кейбір әнші-торғайды неге ауыстырмасқа? Мысалы, мен ешбір торғайдан кем қарқылдамаймын. Телефондағы үн: Торғай деп Эрик Әртісбаевты айтасыз ба? Бізге ондай әншісымақтар да керек қой, қарқылдап жүре берсін Заводбек: Асыл ән, салмақты да қатал музыкант. Дауысы жақсы шығу үшін, күн сайын “Анвар” дүкенінен оншақты жұмыртқа сатып алып,  шикідей жұтады. Өзіндік ұстанымы бар жігіт. Жұмысиннің  бар  кемшілігі сол, Абай мен Жамбыл аталардың тілінде таза ән айта алмайды. Егер жағдай сіз айтқандай болып, ауыс-түйіс басталса, онда “қОрда”музыкалық  тобының жетекшілігіне, яғни Асыл әннің орнына кім барады деп ойлайсыз? Телефондағы үн: Сіз одан да сол жерге кім барғысы келмейді деп сұрамайсыз ба? Заводбек: Сіздің де барғыңыз келе ме? Телефондағы үн: Неге бармасқа? Мақтанғаным емес,“Үш жұлдыз” жобасындағы ән-қиқу салғыштармен салыстырғанда әжептеуір дауысым бар. Бірақ, мені ондай қызметке оңайшылықпен  қоймайтын шығар? Оған, тасы маған қарағанда өрге домалаған (мен сияқты) кішіпейіл әрі иманды жігіт баруы мүмкін. Біздің аймақтың кейбір әйелдері, жақында осындай өзгерістер жүзеге асатынына  нық сенімді. Мүмкін, аспайтын да шығар? Заводбек: Иманды жігіт, сөз жоқ, “қОрда” тобының жетекшілігіне лайық адам. Бірақ, ол кісі "күн астындағы күнікей братанның" орнына Бас хатшыгер болып та кетуі ғажап емес дейді, біздің көшенің (сенбі күні түнде күйеулерінен таяқ жеген) әйелдері. Телефондағы үн: Сіздің көшенің қатындары айтса, қалып айтпайды. Жалпы, “қОрда” тобына қызметке сіз де барып қалатын шығарсыз? Заводбек: О-о-о.. Телефондағы үн:  Бірақ, орынбасқыш ретінде.. Заводбек: О-ш-ш..шы-даймыз ғой оған да. Телефондағы үн: Көп уайымдамаңыз, ең бастысы елге ораласыз. “Құдағи бір партияға” немесе “қОрда” ән тобы жетекшісінің орынбасқыштығына баратыныңызға күмән жоқ. Заводбек: О-о-о-ш-ш-шешілсе ғой тезірек. Кәке, мейлі, сіздің немесе басқаның “қОрдадағы”орынбасқышы болсам да, “Құдағи, бір партияда” бас кейіпкер ретінде жүрсем де, Құдайға және басқаға  дән ризамын. Айтпақшы, менің орныма, еліміздің Ресмиядағы  Төтенше және уақытша Жұртшысы болып кім келуі мүмкін? Телефондағы үн: Шүк.. (жөтеледі) Заводбек:  (сіз ойлаған кісіні ол да ойлап) Шүк.. Телефондағы үн: (Заводбектің сөзін бөліп) Шүкір, қызықтың SANAлы жігіттері көп қой, соның бірі баратын шығар? Айтпақшы, Заводбек мырза, желсексен айының қақ ортасындағы туған күніңіз қалай өтті? Заводбек: Жалпы,жаман емес, оның үстіне, менікі мен Әкімзаң Аты-жөновтің туған күні бір күнде емес пе? Ол кісі үлкен мерейтой жасап, алтыншы ондыққа келіп кірді. Мен Әбекеңмен жағаласпаймын ғой. Мен ол кісіден 365 күн кішімін, 365 түнім кем.. Телефондағы үн: Ия,  ол рас, сіз Аты-жөновке қарағанда мұрынбоқ екенсіз ғой.. (күрсініп) Өмір деген осы, он миллион көк қағазды елу миллион,  ал елу  миллионды тағы жүз миллион долларға жеткіземін деп жүргенде, ағашкалардың “алпысбайлық” клубына кіріп кеткеніңді сезбей  қалады екенсіз.. Заводбек: Кавказбек мырза, алпыс жас сізден алыста емес пе? Көктемде ғана, мамырлатып 55-ке келдіңіз. Ал, қарынды қара уылдырыққа тойдырған мұнай иісті түріңізге үңілсек, жасыңыз бар-жоғы 54 жарымда секілді. Материалдық жағдайына қарасақ, билікте емес, бизнесте жүрген жанға ұқсайсыз. Телефондағы үн: Рахмет, Заводбек мырза.. АРТ (өнер) саласын, әсіресе, ең жоғары элитаның АРТын өте сүйетін, кейбір қалаусыздар сияқты тым мақтап жібердіңіз.  Жылы жұмсақ сөзіңізге алданып, шынымен ақ сеніп қалып жүрсем, кейін маған да, сізге де қиын болады ғой.  Тағы да мақтаса екен деп дәметіп отыратын боламын. Жарайды, Зәке, “әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер” деген.. Мекеменің есебінен телефонмен анда санда осылай ХАБАРласып тұрайық.. Заводбек: Маған кез келген уақытта звондап тұрыңыз, Кәке. Сізді іштей жақтырмасам да, өтірік болса да жылы-жылы лебіз айту жағын қатырамын. Телефондағы үн: Білем ғой, білемін. Жарайды, Зәке, жаңа жылда, екеуміз де жаңа қызмет дәрежесінде жолығайық.. Мүмкін, бірге қарсы алармыз. Дубайдың қай бұрышына шақырсаңыз да, сол күні, жергілікті бизнесмендердің ақшасына алынған қымбат сыйлығымды көмекшіме арқалатып, алдамшы кейіппен жалған жымиып, жетіп барамын ғой. Заводбек: Құдай қаласа.. (трубканы қояды да сөз жұмбағына кіріседі)  Сөзжұмбақтың келесі  сауалы: Желсексен айының ортасында туылып, екі мәрте ауыл тірліктері уәзірлігін басқарған ақылды адам? Тә-ә-ә-к, бұл кісінің есімі кім болды екен?  Ол неге бір қызметке екі рет отырады? Айтпақшы, елге еңкейіп қызмет ету жөніндегі мекемеге мен де екі рет бастық болыппын ау? Менің “тіреуім” кім еді, өзі? Бәрін ұмытыппын.. Ұят ай..

 03.12.2010 ж.

БАҚ.kz   Абас-шах Серік блогы

www.qazaquni.kz

 

АЛЖАС ХАН (болмаған оқиға)

 Өте жағымды басылымға қарасты ғимарат. Кең кабинеттің бірінің есігінің сыртына “Не деген Қызықстан?” газетінің ең үлкен бастығы деген жазу тұр. Жылы кеңсенің ішіндегі екі кісі, күн сәулесімен тоңазытылған бал мұздақты сүйсіне жалап отыр.Соңғы жылдары, қызықстандық зиялылардың арасындағы үлкен сұранысқа ие болып кеткен мұз жалау өнері, (МұзжалАРТ) бұл кісілердің талғамдарына сәйкес келетін сияқты.Біреуі, ресми тілді болса да жүрегі қызыққа жақын (ақын) Алжас Шлименовке өте қатты ұқсайды. Тарихшылар, ол кісіні жас кезінде (қазіргі кезге қарағанда) батыл ойлы, өр мінезді адам болған деседі. Кім біледі, рас та шығар? Оның қасында отырған ақылды кісі, осы кабинеттің қожайынына көбірек келіңкірейді. Ол, атақты ақын-тұлғадан мадақ-сұхбатын алуда..   Аутбек: Алжас Амарұлы, қолыңызды кеудеңізге қойып, шын ниетпен айтыңызшы.. Алжас: (орнынан қалбалақтап атып тұрып) Немене, гимнді айтамыз ба? Аутбек: Жоқ, шыңғырған шындықты.. Алжас: (қайтадан отырып) Айтайық.. Бірақ, “желтоқсан” кезінде не істегенімді (немесе не істемегенімді) сұрамай ақ қойшы. 86-шы жылдың соңындағы “тірлігімнің” шындығы шыңғырмайды, “ойбайлайды”. Аутбек: "Жақсы болсаң, сәулемсің" дейтін әдемі қайырмасы бар әнді жақсы көресіз бе? Алжас: (кабинеттің төбесіндегі шамға бір қарап алып, әндетіп) "Сәулем, сәулем, сәулемсің”. Мұндай шуақты ән бүкіл ғаламшарда жоқ қой, шіркін!? Аутбек: Жо-оқ, ол жәй ғана шуақты ән емес, шалқыған шабыт, шарықтаған шаттық. Біз, бұл шаттықтан, тіпті ұйықтағанда да айрылмауымыз керек. Әрбір бейжағымпаз, жылы төсекте жанындағы жарын емес, қиялымен шаттығымыздың шамын құшақтап жатқаны дұрыс. Алжас: Пысылдап ұйықтап жатқанда қалай шаттануға болатынын ұға алмай отырмын. Түнгі аспанда күн сәулесі емес, ай мен жұлдыздың әлсіз жарығы ғана көрінбей ме? Аутбек: Көргісі келетін жанға бәрі көрінеді.Есіңізде ме, 90-шы жылдардың басында (ерекше) бір сайлауға қатыспақшы болдыңыз ғой? Сіз, шынымен ақ, қызық халқының басын біріктіріп, бейжалпақбай зиялысы бар бейәпенді елді басқара аламын деп ойладыңыз ба? Алжас: (қысылып) Құдай ұйықтап жатқанда, сайтан ойын келгенін істемей ме? Қазір менің санамда ондай сайтан жоқ, қуып шыққанмын. Аутбек: (тез сабасына түсіп, тез өзгеріп) Жарайды, Алжас Амарұлы, екі бейжағымпаз бір-бірімізбен жағаласып, біржолата “кекіл кеспей ақ қоялық”. Ешкім жоқта, мойындау салайын, сізден тәп-тәуір басшы шығуы мүмкін еді.. Сіздің мына сиқыңыздан мәдениеттің нағыз ханына лайық қасиеттің бәрін көріп тұрмын. Алжас: Ой, Аутбек ай, мен сияқты бейжалпақбай шалдан қахарлы хан қалай шықсын? Аутбек: О не дегеніңіз? (жан-жағына жалтақтап қарап алып, сыбырлап) Әдебиеттің немесе мәдениеттің Алжас ханы.. Ал-жас-хан.. Құлаққа жағымды естілетін сияқты.. Алжас: Аутбек, ұялтпашы.. Аутбек: Алжеке.. Биыл алпысқа толып, Алпысбай көкелердің клубына кіремін. Осы қызметте (ештеңе бүлдіріп алмай) тып-тыныш отырып, мұз жалау жоспарын артығымен орындап, сосын, қос Парламенттің біріне қалауланып кетсем деген ойым бар. Алжас: Неғыласың оны? Қалаулыханада босы отырып, іші пысып кетеді.. Ондағы көп бейжағымпаздың біріне айналғанша, (мен сияқты) бақуатты шетелдің біріне елшісымақ болып бармайсың ба? Қызықстанның Европадағы АРТ елшісі дегендей, бірдеме ойлап табуға болады ғой.. Қалаулы сияқты ештеңе шешпейсің, ештеңеге жауап бермейсің. Ол жақта шабытың ашылады. Мүмкін, Европаның “Е, бір опа” деген қазақ сөзі екенін дәлелдеп кітап шығарарсың? Мен дәлелдеп үлгермедім. Аутбек: (қызығып, бірақ қатты күрсініп) Алжас Амарұлы, мені кім жібереді ол жаққа? Алжас: Мұзды өте жақсы жалайтын жігітсің.. Жоғары жақтың талғамындағы (өнерді) АРТты жақсы сүйесің. Сенің АРТқа деген махаббатың керемет емес пе? Сенің АРТың- сенің артықшылығың.. Аутбек: Шуақты әндердің кейіпкерлерін мақтап-мадақтаймын деп әбден шаршадым, ғұмыр бойы жинаған сөздік қорым таусылатын болды. Ал, бұдан шығып жатқан нәтиже шамалы.. Алжас: Еңбегіңді бағалаған жоқ па? Сен, кезінде, Қызықстанның өсек-аяң жөніндегі уәзірі болған жоқсың ба? Аутбек: Орнымнан тез ұшып түстім ғой.. Кейде қапа боламын.. Жұрттың бәрі сыртымнан “Аутбек өте-мөте жағымпаз”, “балмұздақ жалағыш” деп өсектейтін шығар? Алжас: Ешкімді тыңдама.. Балмұздақты мен де жалап отырмын ғой.. (кабинеттің төбесіне қарап, тамсанады) Мақтанып отыр деме, жақында атының өзі ғажап жарнама болатын бір поэма жаздым. Қалай аталатынын білесің бе? Аутбек: Жаңа кітабыңыздың аты “Азия-2” шығар? Алжас: Таппадың. Поэманың аты, “Кісіге табын, ел енді..” Аутбек: Ах, ох..(Аутбек поэманың атын ести сала, есінен танып құлап түседі. Алжас оның бетіне гүл құмырасының ішіндегі (екі жарым апта бойы ауыстырылмай исі шығып кеткен) суды бүркіп жатыр. Аутбек зорға есін жинайды) Ах.. Алжас Амарұлы.. Ох.. Алжас: Өй, Аутбек, саған не болды? Димаш ақсақалдан 24 жыл кейін, Амантай қажыдан 5 жыл бұрын туылған (мен сияқты) кәрі адамды сонша шошыттың ғой.. Аутбек: Бұл теңеу менің басыма келмей, қалайша сіздің басыңызға келді? Бұл әділетсіздік қой.. Алжас Амарұлы, беріңізші қолыңызды, Тәбіш көке сияқты шөп еткізіп сүйіп алайын.. Алжас: Аутбек, мен үш жарым күннен бері қолымды жуған жоқпын.. Аутбек: Ештеңе емес, мен басқа кісінің қолын (кәсіби деңгейде) шөпілдетіп сүю үшін жаттығып жүрмін. Алжас: Жәй “шылық” па, ғафу ет, жәйшылық па? Мұның бәрі саған не үшін керек? Аутбек: Мерейтойым жақындап келеді. Егер, бір кісі мені арнайы құттықтап, “Қызықстанның еңбегі сіңген бейжағымпазы” деген құрметті атағын беріп жатса, оның қолын құшырлана сүйіп-сүйіп алмаймын ба? Алжас: Мен осыдан 50 жылдай бұрын, ресми тілде “Кісіге табын жер енді” атты патриоттық өлең жазып едім ғой. Есіңде ме? Аутбек: Ол бір керемет романтикалық кезең еді ғой.. Сіз де, мен де жағымпаз емес едік.. Аспандағы күн сәулесіне емес, жер бетіндегі аруларға ғашық едік.. Тап-таза едік.. Сол кез еске түссе, “Не деген Қызықстан?” газетінің соңғы бетіне бетімді қойып, уәзірліктен түскен сәтімдегідей (іштей) қамығып, жылағым келеді. Алжас: Жылауға уақыт жоқ, Аутбек.. Бас қала көз жасыңа сенбейді. Бейжағымпаздық бағытындағы шығармашылығымызға кең жол ашуымыз керек. Айтпақшы, ұмытпай тұрғанда әлгі өңі өзгертілген жалпақбай өлеңімді сүйсіне оқып берейін де.. Аутбек: Оқып беріңізші, мен де сүйсінейін.. Іштей қызығанып отырсам да қызыға тыңдауға тырысайын. Алжас: “Ұраным елге, еленді, Нұқ ата, жүргіз, кемеңді.. Шуақты, жұртым, ту етші, Кісіге табын ел енді..” Аутбек: Алжас Амарұлы, сізге бір мақаламды оқып берейін бе? Алжас: Аутбек, сен ренжіме, мен тоңқайма материалдарды, әсіресе, қызық тіліндегі тым тәтті материалдарды оқымаймын да тыңдамаймын. Сенің газетің тым тоңқайма басылым.. Өзімнің жалпақбайшылығым болса да сенің материалдарыңды оқи алмаймын, жүрегім айныйды. Аутбек: (кемсеңдеп жылайды) Егер, нар тұлға болып тұрып, сіз оқымасаңыз, қызықтың ығай-сығайлары оқымаса, онда тоңқайма мақалаларды кім үшін жазып жүрмін? (көзін сүртеді) Айтпақшы, біздің басылымның ертеңгі санына “Алжас пен Ал жас сөзінің айырмашылығы неде? ” деген талдау мақала жазып жатырмын. Соны оқыңызшы. Алжас: Көңілің үшін оқиын. Бірақ, Алжас пен Ал жас сөзін екі жартыға бөліп, сол екі буынның арасынан не іздеп, таппақшысың? Аутбек: Жағымпаздықтың өзі үлкен (өнер) АРТ емес пе? Ал, мен АРТты сүю үшін небір тәсілдерді ойлап таба берем ғой.. Алжас: Екеуміздің супержағымпаздығымыздан басым айналып бара жатыр. Сенің лоқсығың келіп тұрған жоқ па? Аутбек: Күнделікті шұғылданатын сүйікті кәсібім ғой. Қайта, мен мұнан кайф аламын. Алжас: Мен әлі үйрене алмай жүрмін.. Сірә, жүрегімнің бір түкпірінде әлі де болса аз-маз ұятым қалса керек-ті. Аутбек: Ия, сізді өте жақсы түсінемін, құрметті Алжас Амарұлы.. Жұрт не десе, о десін, сіз мен үшін қызық өнерінің рухани ханы секілдісіз. Алжас: Аутбек, қойшы, “кеуде керіп”, “көкірекке көже пісірмей ақ қоялық”. Аутбек: Алжас Амарұлы, мен сізді келістіріп мақтадым ғой. Енді, сіз де менің адресіме жылы пікірлер білдіріп қойыңызшы. Алжас: (ары бері ойланып алып) Аутбек, ренжімеші, сені мақтайтын себеп таба алмай тұрмын. Кейінірек мақтайыншы, әзірге асығыспын, әуежайға шығып бара жатырмын. Аутбек: Үйренген шетеліңізге тайып бара жатырсыз ба? Алжас: Шыны керек, бірнеше жылдан бері (сол жақта) тіршілік кешіп жатқандықтан, мандатына бауыр басқан қалаулыдай үйреніп қалыппын. Маған сол жақ ыңғайлы.. Мұнда анда санда бір келіп, айтқызғыштардың айт дегендерін айтып, тәйт деген жерінде қайтып, “бір оқпен қос қоянды атып алып” жүрген жоқпын ба? Мені шығарып салмай ақ қой, Аутбек, көшеде көрген жұрт екеумізді дос екен деп қалып жүрмесін. Аутбек: Алжеке, сіз қызық мәдениетінің нағыз Алжас ханысыз.. Алжас: Менің тілегім біреу ғана, қоян жылы да қоян жүректі болып қала бермейік! (есіктен шығып бара жатып өзімен өзі күбірлейді) Ия, Алжас хан деген теңеуі әп-әдемі екен, бірақ, құлаққа естілгенде екі түрлі мағына бермей ме, қалай өзі? Алжас хан, сосын, алжасқан.. Жұрт мені қалай атап жүр екен осы? Ішімді кептіріп жатқан шығар? Аутбек: (орындығында қиялданып отыр) Алжас мықты ақын ғой.. “Кісіге табын ел енді!” Мен енді тура осындай керемет теңеу таба алам ба? Қызық елінің ең қызықсыз басылымын басқарып отырып, қызыл сөздің майын тамызып жүріп, анау-мынауға алдана салатын Алжас хан ақсақалдан қошемет айту жарысында қалып қойғаным ба? Қандай супержағымпаз теңеу ойлап тапсам екен..? "Бал жалау" мәселесінде бейжағымпаз қалаусыздар да бір бірімен жарысып, бізден қалысар емес. Ол құрғырлар, АРТ сүю жағынан тіпті (циркшіл көкем екеумізден) озып кететін болды ау?! (Аутбек өте қатты күйініп, төбедегі көмескі шамға қарайды) Енді қайтті(м)к?                                                                                                                                                                                                                                     30.12.2010 ж.                                                                                                                                             

                                                                                 БАҚ.kz   Абас-шах Серік блогы