Болат ҚАЛЫМБЕТОВ, режиссер, актер: КИНОНЫҢ ИСІ МҰРНЫНА ДА БАРМАЙТЫНДАР КИНО ТҮСІРІП, ӨЗГЕЛЕРДІ СЫНАП ЖАТАДЫ…

2
2897

 

– Көптен көрінбей кеткендейсіз… Шығармашылығыңызда не жаңалық бар, аға?
– Ең үлкен жаңалығым – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында арнайы шеберхана ашып, 5 жыл бойы қазақ балаларынан, қазақша ойлайтын шәкірт тәрбиеледім. Жалпы, тіл мәселесіне көп көңіл бөлемін. Себебі, өзіңіз ойлап қараңызшы, қазақша ойлап, қазақша ой түйе білмеген адам болашақта қазақ халқының қандай мұң-мұқтажын қаузайтын, қазақи иіс аңқып тұрған фильм түсіруі мүмкін?! Кино түсіруші маман өткен тарихымызды, бүгінімізді, болашағымызды бағдарлай білуі керек. Міне, мен шәкірттерімді осындай бағытта тәрбиеледім. 2005 жылы маған келген қазақтың қара домалақ балалары мен қаракөз қыздарының жартысын көркемсуретті фильм мен телеарна режиссері деп екі топқа бөліп оқыттық. Бүгінде «Қазақфильм» киностудиясының президенті, драматург Ермек Әмірханұлы менің еңбегімді жалғастырып, жастарға жаны ашып, 7 студентіме «Дебют» шығармашылық бірлестігі мен президент қорынан қаржы бөлгізіп, 7 қысқаметражды фильм түсіруімізге жәрдем жасады. Әрине, барлығы жоғары деңгейде түсірді деп айта алмаймын, бірақ өзіндік бағаларын алды. Артынша бұл жетістігімді көрген соң, Алмас Бектібаев, Арман Алдажаров атты екі студентіме толықметражды фильм түсіруге мүмкіншілік берді. Ал сол тобымның ең үлкен жетістігі – 5 жылдық режиссерлік білімдерінің еш кетпегендігі. Шәкірттерім өзімнен асып түсіп жатса, үлкен бақыт деп есептеймін. Сондықтан да, шәкірттерім болашақта қазақ кинематографиясының өркендеуіне өз үлестерін қосады деген сенімдемін.
– Қазақстан телеарнасынан көрсетілген «Айналайын» атты ситкомыңызды киносыншылар қабылдай алмаған сияқты… Қалай ақталасыз?..
– Мүмкін. Бірақ өзім сынап жазылған мақала немесе сұхбат оқыған жоқпын. Бұл Қазақстанда болмаған ең бірінші ситком жанрында түсірілген жоба деп мақтана аламын. Серік Өтепбергенов екеуіміз «Сатайфильм» киностудиясында «Қазақстан» телеарнасынаң қолдауымен 42 серия түсірдік. Мұнда да көтергенміз – ұлттық мүдде, тіл мәселесін Әлішер атты қазақша білмейтін жігіт арқылы көрсеттік. Қандай сыншыға жақпай қалғанын білмедім, алайда біз қазақша ойлайтын, білетін көрерменнің көңілінен шықтық деген сенімдемін. Бұған «Айқын» газетінен және тағы да басқа бұқаралық ақпарат беттерінен «Айналайын» туралы оқыған мақалаларым дәлел бола алады.
– Жалпы қазақ киносының киносыншыларына көңіліңіз тола ма?
– Әрине. Қапыш Сиранов ағамыздан бастап, бүгінгі күні ізбасарына айналған Раушан Ғазизқызы, Бауыржан Нөгербек сынды мықты мамандарымыздың еңбегін қалай бағаламауға болады?! Дегенмен, «Сын түзелмей, мін түзелмейтіні» рас. Сын болмаса, алға қарай жылжу да болмайды. Сын болғанда да ашық, таза айтылған, миға қонымды, дәлелді болғаны дұрыс. Кейінгі кезде киноның исі мұрнына да бармайтын экономист, инженерлер кино түсіріп, өздерін керемет санап, өзгелерді сынап жатады. Мысалы, Ахмади Фатиков деген азамат, өмірі Қазақфильмді жамандайды да жүреді. Өзінің қандай режиссер екенін де білмеймін. Себебі бір фильмін көрмеппіз әлі… Сонда… қалай осындай пікір айтады?!.
– Режиссерлер халықтың жүрегіне жеткізе алмаған фильмдерін «авторлық фильм» деп жылы жаба салады. Бұған не дейсіз?
– Жоқ, келіспеймін. Олай деп айтса, кәсіби шеберлігінің төмендігі ғана. Бірақ әзірге олай «жылы жауып» жүрген режиссер пікірін естімеппін. Өзіміз де бұрында «Тамшы», «Айналайын», «Соңғы ызғырық» сынды біраз авторлық фильмдер түсіргенбіз.
– Режиссерлық кәсіп материалдық тұрғыда қаншалықты ұтымды? Баюға бола ма екен?..
– Ашығын айтқанда, кино – менің өмірім. Өнерге 10 жасымда келіп едім, биыл 45 жыл болыпты. Сонау Абдолла ағадан бастап біраз адамның көзін көрдік. Бүгінде көзі тірілері «о-о, қара бала келе жатыр!..» деп маңдайымнан иіскеп тұрады. Осыншама уақыт өнерде жүрегесін пендешілік ойлар келеді кейде… Отбасы, бала-шаға бар дегендей… Алайда, өнерге деген таза ниетім оған көп жібере бермейді. Бірақ осы режиссерлықпен-ақ байып отырған біраз адамды білемін. Негізі нағыз, саф өнерді ақша табудың көзіне айналдыруға қарсымын. Бәлкім, жастар бұл пікірімді қолдамайтын да болар, себебі мен, қанша дегенмен де, ескі дәуірдің ойлау жүйесінде қалған адаммын ғой…
– «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» дегенге алып қосарыңыз бар ма? Өзіңіз де билікке бір табан жақын жүрсіз…
– Жалпы өзім саясатпен көп айналыса бермеймін. Ал олардың менімен қаншалықты айналысып жүргенін де білмеймін. Тек бір білерім, Елбасымыздың жасап жатқан саясатын қолдаймын. Жақында жасаған жолдауымен де жете таныстық. Ертеңгі күніме қазірден бастап сенімдімін. Егер үкіметтің айналасында жүргендер бұйрықтарды нақты орындайтын болса, барлығы ойдағыдай болады деп есептеймін.
– Режиссерлықпен қатар актерлықты қатар атқарып жүрсіз. Түр-тұлғаңызды сақтау жолында қандай шаралар жасайсыз?
– Өте орынды қойылған сұрақ… 1993-2003 жылдары өнерде тоқырауға ұшырадым. Қазақстанда экономика жағы қиындау болды ғой. 10 жыл жұмыссыз жүрдім. Сол кезде спорт тұрмақ, тіпті ішімдікке де жақын болып кеттім. Өзімді ешкімге керексіз сезіндім. 10 жасымнан кинода жүрген Болат Қалымбетов далада қалды. Сондағы көмектері үшін жұбайыма, достарыма көп рахмет айтамын. Ал бүгін ол күндердің барлығы артта қалды. Демалыс күндері міндетті түрде футбол ойнаймын. «Қазақфильм» атынан түрлі турнирларға қатысып, дене шынықтырып тұрамыз. Осы қалпымның сақталғанына сол футболдың әсері көп болды ғой деп ойлаймын.
– «Ұйқы дұшпан» дейді дана халқымыз. Дұшпанға қаншалықты қарсы тұра алып жүрсіз?
– Жалпы, ұйқыны жақтырмаймын. Шамам келгенінше аз ұйықтауға тырысамын. Себебі, ой жеп қояды. Мақтанғаным емес, біреуге өтірік, маған шын, расында үнемі ой үстінде жүремін. Ал ондай адам ұйықтай алмайды екен. «Болат, бір уақыт жатып ұйықтап алсаңшы» деп жолдасым да ренжіп жатады. Сол үшін кейде Қазақстандағы сауықтыру орталықтарына барып 15 күндей демалып келемін.
– Бүгінгідей белестерді бағындыра білуіңіздің сыры неде?
– Әжемнің қолында тәрбиеленген адаммын. Бүгінгі күні көзі кетсе де, үйдің төрінде үлкен суреті ілулі тұр. Қиналған кезімде ол портетпен сөйлесемін, алдында отырып есеп беремін. Ол кісі маған тура көзімен қарап тұрып ақыл айтқандай болады. Ал мен жеңілденіп, жаңа бір күш-қуатқа ие болғандай күй кешемін.
– Өнерде ең үлкен бақталас болып жүрген режиссерді атап бере аласыз ба?
– 21 ғасырда өнерде жаңалық ашу өте қиын. Бәсекелестік те өте үлкен. Ал мен үшін мына адам нақты бақталас деп атап бере алмаймын. Себебі әркім өзі үшін ғана жұмыс жасап жатыр, әрқайсысы жеке-жеке тұлға…
– Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан
Айдана АЛАМАН

2 ПІКІРЛЕР

  1. Айналайын Б.Қалымбетов егер сенің мұрыныңа киноның иісі барған болса «мынау Болаттың киносы» деп отыратын едік қой? өтірік пысықсынбасаңшы

  2. Сонда Өзіңді киноның иісін сезіндім дегің келіп отырма? Қалай екен иісі?..Ауыж менікі деп оттай беруді қою керекқой..

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз