Талғат ЖОРАБАЕВ, әнші: ШЕТЕЛДІКТЕРДЕН ҚАЙ ЖЕРІМІЗ КЕМ ?!

Талғат Жорабаев Белорусияда өткен «Славян базары», Румынияда болған «Костанешти», Молдавиядағы «Әлем әндері», Болгарияда өткен «Дисковарий» сияқты халықаралық конкурстардың жүлдегері, Оңдасын Жұмағылұлының «Ханталапай» фильмінде басты рөлді ойнаған... – Мектеп кезінде «Болашақта кім болам?» деген тақырыптағы шығармаңызда не туралы жазғаныңыз есіңізде ме? – Әрине есімде. Бала кезімде әнші боламын деп ойламағандықтан, шығармаларымда ұшқыш, ғарышкер боламын деп жазатынмын. Мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы ұшқыштарды даярлайтын оқуда оқимын деген арманның жетегінде жүрдім. Бірдеңені бүлдіріп қойған кезімде, маған ұрсып тұрған ата-анама қарап: «Осыдан көресіңдер, мен ұшқыш болғанда сендер тұрған үйдің төбесіне жарылғыш зат тастап кетемін» деп бұрқылдайтыным есімде... – Мектепте жақсы оқып па едің? – Тоғызыншы сыныпқа дейін үздік оқушылардың қатарында болдым. Кейіннен өтпелі кезең басталғанда, сабақ оқуға құлқым болмай, төрттік бағалар ала бастадым. Анда-санда үштік бағалар да болды. Сөйте-сөйте он бірінші сыныпты да бітіріп шықтық қой... Байқау – әншіні шыңдайтын бәйге – Бірнеше халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрсің. Байқаудыңың пайдасы туралы не айтасыз? – Ән байқауларын үлкен мектеп және әншіні шыңдайтын бәйге деп білемін. Себебі оған қатысқан сайын шыңдалып, талантыңды ұштай түсесің. Өзіңді, ең құрымағанда, бір сатыға жоғарылаған сияқты сезінесің. Конкурс арқылы шетелдерден достар таптым, көрмеген жерлерді көрдім, елдермен таныстым... – Қазақстан мен Болгарияның айырмашылығы бар ма екен? – «Өз үйім – өлең төсегім». Қанша жақсы болғанымен, Қазақстанға жетпей тұрады. Олардың бір артықшылығы – өнерді жоғары бағалайды. Ал тұрмыс жағдайына тоқталсақ, Болгарияда болғанымда президенттердің саммиті болды. Сол кезде көшедегі президенттердің машиналарының ішінен екі ғана джип көлігін көрдім. Соған қарағанда, экономикасы бізден төменірек. Олардың айлықтары, біздің ақшаға шаққанда, бес мың теңгенің ар жақ-бер жағы болады екен. Қарап отырып тәубе дедім. Менің түсінігімше, болгариялықтар туризм арқылы ғана күн көріп отыр. Күн жылы кезде ғана асайтынын асап, жасайтынын жасап алады. Ал қалған кездерде жұмыстары аз. Асханаларындағы тамақтары да ұнамады, көбіне доңыздың етінен әзірлейді... Барғаннан қайтқанша тауық етін көп жегендіктен, тірі тауықтың бетіне қарамайтындай болып келдім. Адамдарының өздері тартымсыз. Теңіздің жағажайларында қазақтардың қыздары жүрсе сүйсініп бір қарайсың ғой, ал ол жердің қыздарына қарасаң, барлығы жасанды болып көрінеді. – Көптеген әншілеріміздің халықаралық конкурстардан жүлдесіз оралуы кәсіби біліктерінің төмендігінен бе? – Жоқ, кәсібилігі төмен деп айта алмаймын. Себебі, оның дүйім жұртқа айтылмайтын, ел біле бермейтін қалтарыстары бар. Сол салада жүргеннен кейін неше түрлі жағдайларды білемін. Мысалы, «Новая волна» конкурсында сол жарыстың Қазақстандағы өкілі Ерік Тастанбеков ағамыз, конкурсанттарымыздың ең болмағанда «көрермен көзайымы» атағын алуына көмектеседі. Ал ол оңай жұмыс емес. Себебі шетелдіктер өзінің жеп отырған нанына ортақтастырып ешкімді кіргізгісі келмейді. Ресейліктермен тіл табысудың өзі өнер деп білемін. – «Ханталапай» фильмін халық көрді. Өз пікірлерін қалыптастырып та үлгерді. Осы орайда сенің пікіріңді білуге бола ма? – Бұл фильм біздің студияның, киноға түскен актерлердің, түсіруші режиссердің ең алғашқы жұмысы болғандықтан, өте қиын болды. Продюсердің, режиссердің қамшылауымен, халыққа ұнайды-ау деген ниетпен жұмыс жасадық. Әрине, кемшіліксіз дүние болмайды. Фильмді көргенде көңілің бірдеңеге толмай тұрады. Олай болуы тиіс те. Өйткені «мен бәрін керемет жасадым» десең, ары қарай өсу де мүмкін емес. Басындағы қиыншылықтарға шыдамай, «түспей-ақ қойсам бола ма?» деген сөздер де айтылды. Бірақ Алла берген күш-қуатымызбен, бәріне көндік, көп нәрсе үйреніп, тәжірибе жинадық. Кино халықтың көңілінен шыққан сыңайлы. Себебі, жұрттың алғыстарымен бірге: «Көп қаражат шығармай-ақ осындай әдемі кино түсіруге болады екен ғой...» деген ойларын естідік. Бізде режиссердің, актерлердің киноға деген құлшынысы мықты болғандықтан, кішкентай нәрседен үлкен зат құрастырып шығардық деп ойлаймын. Жалпы, фильм көңілімнен шықты. Кейбіреулер: «Талғат, киноларың бітпей қалды ғой» деп жатады. Біз халыққа «Күтіңіздер, жалғасы болады» деген оймен бітіруді жөн көрдік. – Ал жалғасын қашан түсіресіңдер? – Жалғасын түсіруіміз керек еді. Бір жағда йларға байланысты біраз уақытқа тоқтата тұруды жөн көрдік. – Аталған фильмнен кейін басқа киноларға түсу туралы ұсыныстар келген жоқ па? – Шыны керек, басқа киноға түсуді құнттамадым. Көп жерлерден «суретіңді тастап кет, өзіміз шақырамыз» деген ұсыныстар болды. Алайда, өзім сол сөздерді елемедім де, бір жағынан есімнен шығып кетіп жүрді. Мүмкін суретімді апарып тастасам, қазір 2-3 киноның кейіпкері болып отырар ма едім... Бірақ әлі жаспын ғой, болашақта ұсыныстар түсіп жатса, басқа да киноларға түсіп қалармыз. – Сізді Махфуза рөлін ойнаған Тахминамен бірге жүргеніңізді көрген адамдар бар. Бұған не дейсіз? – Негізі көбісі Тахминаны маған ұқсатып жатады. «Екеуің жүресіңдер ме?» деп айтатындар да жоқ емес. Шындығына келер болсақ, ол қыз менің рулас ағамның қызы. Тахмина мені «аға» деп жүргеннен кейін, ол маған қарындас болады. Кездесіп қалған жағдайда, тек қарындасым ретінде ғана қараймын. Достарым: «Ей, күшті қыз ғой, алып алмайсың ба?» деп жатады. Тахминаға деген ешқандай сезімім жоқ. – Тахмина ойнаған рөл көпшіліктің көңілінен шықпаған сияқты. Махфузаның рөлін басқа қыз ойнаса қалай болар еді? – Түсіруші топ кастинг арқылы қалада оқитын, қазақша жөнді сөйлей алмайтын, жасанды қылықтары жоқ, пәк қызды көп іздеді. Ең соңында Тахминаға келіп тоқтады. Сол кинодағы Алма – актерлық тұрғыдан алғанда әрине, керемет ойнаған, әйтсе де меніңше, оның рөлі жасандылау боп көрінетін сияқты. Ал Тахмина әке-шешесінің айтуынан шыға алмай, тағдырына бағынып, байдың баласына тұрмысқа шығып бара жатқан қыздың рөлін шынайы келтірген. Егер оның орнында пысық, еті тірілеу қыз болса, ол рөл жақсы шықпас еді. Сондықтан да Махфуза образын Тахминаның ойнағаны дұрыс болады деп шештік. – Әндеріңізді Витасқа ұқсатып айтудағы мақсатыңыз не? – Витастың даусы деп қатып қалған дауыс жоқ. Көп адамдар «Витастың даусымен айтып жүр» дейді. Мысалы, Майра Мұхамедқызы опералық ән айтса, оны «шетелдік әншінің даусымен айтып жатыр» деп айта алмаймыз ғой. Сол сияқты, мен де Витастың емес, өз даусыммен айтамын. Ал ұқсатып айтудағы бірінші мақсатым – шетелдіктерге бізде де таланттылардың бар екенін, біздің де солай ән айта алатындығымызды көрсету. Олардың қолынан келген нәрсені біз де жасай аламыз деген ұстаным бойынша жасалды. Екінші жағынан, Витастың дауысына, сахнада жүріп тұруына, жалпы өнеріне ғашықпын. Өйткені ол математикалық есеп сияқты, барлығын нақ, дәлме-дәл орындайды. Оның көз қарасы, халықпен қарым-қатынасы, қимылдағынының өзі көрермендерді тартып тұрады. Осы қылықтары үшін Витасты жақсы көремін. Адам баласы болғаннан кейін кішкентай кезімде соған еліктеу болды. Кез-келген адам еліктей келе, өз орнын табады. Ешқандай өнер адамының «мен ешкімге еліктемей, өзім ғана шықтым» дегенін естімеппін де. – Әншілер сахнамен бірге телеарна жұмыстарын да қоса атқарып жүр. Сенде мұндай ой жоқ па? – Ойым бар. Мен мұндай жұмыстарды енді ғана қолға алып жатырмын. Ұсыныстар түсіп жатса, тележүргізуші болып та жүргім келеді. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деп жүргендерді құптамаймын. Адамның мүмкіншілігі, Алла берген қабілеті шексіз. Егер адам істеймін, соған жетемін деп талпынса, міндетті түрде жетеді. Шетелдің актерлерінен, әншілерінен қай жеріміз кем. Біз басында соларға еліктесек, кейіннен олардан асуымыз керек. Ал бізде олардан асып түсетін өнер адамдарымыз жетерлік. Сахнаға жиі шықпау – өмірлік ұстанымым – Әдетте Алтынай Жорабаева жүрген жерден Талғатты оңай табатын едік. Ал кейінгі кезде олай болмай жүрген сияқты... – Өнердегі ұстанымым – сахнаға жиі шыға бермеу, халықты «мынаның да жүрмейтін жері жоқ» дегізбеу. Тек қана кино емес, көп концерттерге де қатыспауымның сыры осында. Адам құпия болған сайын қызық болады. Сахнаға жиі шығып, экраннан жиі көріне берсең де қадірің кетеді. Негізі, бұл ұстанымды Витастың келісімшартынан көріп қалып, сол себепті мен де солай істеуді жөн көрдім. Ол келісімшартта ешкіммен суретке түсуге, әр жерге сумаңдап интервью беруге, концерттерге көп қатысуға болмайды деп жазылған. Витас осы келісімшартпен жүргендіктен қадірлі. Егер ол мұндай келісімшартты ұстанбағанда, Витастың ескерткіші Пекин қаласына қойылып, 3 миллиард үнтаспасы сатылмайтын еді. – Кеше 1 сәуір – әзіл күні болды. Жалпы, аңқау адамға ұқсамайсың. Алайда ең қатты алданған сәтің есіңде ме? – Достарым телефон шалып, алдауға тырысып жатады. Алайда, мен біреуді алдамасам, мені біреу алдап көрмепті. – Онда біреуді алдағаныңызды айтып беріңізші... – Атырау қаласында тұратын бір жолдас баламды алдағаным бар. Бір күні оған Алматыдан телефон шалып, Атыраудағы «Ақжайық» қонақ үйінде жатқанымды айттым. Сөйтсем ол сол қонақ үйден мені іздеп әбден әбігерге түсіпті. Телефон шалып, осындай нөмірдегі ақ түсті машинаның қасында күтіп тұрғанын айтады, мен ондай машинаны таппай жатқанымды айтып біраз алдағанмын. Кейіннен Алматыдан хабарласып тұрғанымды білгенде, біраз ашуланып қалды. – Әнші Алтынбек екеуіңіздің араларыңызда «Айтшы, жаным» әні үшін біраз кикілжіңдер туғанын білеміз. Қазір қарым-қатынастарыңыз қалай? – Екеуміз де өнер жолында жүргендіктен, қарым-қатынасымыз әрине жақсы. – Телеарна арқылы сізге тіл тигізгенін де естідік. Сол сөзді ести тұра, бәрін жылы жауып қоя салдыңыз ба? – Оның 2-3 жас үлкендігі болмаса, мені кішкентай санайтын жөні жоқ. Айтса айта берсін. Бұл жағдайға «ел не демейді, есек не жемейді» деген мақал дұрыс келетін сияқты...                                                           Алла Тағала мені жақсы көргендіктен осылай істейтін шығар... – Сіз үшін өмірдің мәні неде? – Өмірдің мәні – имандылықта. – Хит ТВ телеарнасының жүргізген сараптамасы бойынша, бір күнде әжептеуір ақша жұмсайтын көрінесіз. Ол ақшаны қалай табасыз? – Мен үшін ақша – қолдың кірі. Ақша қалай келсе, солай кетеді. Біреулерден ақша сұрасаң: «Қазір болмай тұр» деп күмілжиді. Ал ондай адамдарда өмір бойы ақша болмайды. Алла Тағаланың маған берген сыйы болса керек, ең соңғы деген екі жүз теңге қалғанда, әйтеуір қалтамның түбінен болсын, тіпті жерден болсын бір мыжылып-мыжылып жатқан көк қағаз тауып аламын. Құдайдың осындай жәрдеміне қарап отырып, Алла Тағала мені жақсы көргендіктен осылай көмектесетін шығар деп ойлаймын. Кейде үйде түк ақшасыз жатқан кездерімде, біреу телефон шалып: «Талғат, алдындағы берген қарызыңды алып кет» деп айтып жатады. Оның бәрін кездейсоқтық деп емес, Алланың маған берген сыйы деп білемін.                            «Құдайдың ішек-сілесін қатырып күлдіргің келсе, өзіңнің болашақ жоспарыңды айт...» – Мамандығыңыз бойынша театр актерісіз. М.Әуезов театрында болып жатқан қойылымдарды өз таңдауыңыз бойынша үш орынға орналастырып беріңізші... – Ол жерде болып жатқан «Ымырттағы махаббат», «Бәкей қыз», «Сағыныш пен елес» қойылымдарының қай-қайсысын алсақ та керемет қойылған. Бәрін жоғары бағалағандықтан, үш орынға бөліп орналастыра алмаймын. – Басыңыздан өткен қызықты оқиға... – 8-9 сыныпта оқып жүрген кезімде: «Мама, киініңіз, көршінің үйі құдайы тамаққа шақырып жатыр» деп алдап, мамамды көршінің үйіне жібергенмін. Мамам барса тым-тырыс. Үй иелері өз тіршіліктерімен айналысып жатыр екен. Бір кезде мамамды үйіне кіргізіп шәй беріпті. Сонда мамам: «Маған құдайы тамаққа шақырып жатыр деп еді» деген кезде ғана үй иелері мән-жайды түсініп, мәз-мәйрам болып қалыпты. Анамды қатты жақсы көргендіктен арамызда анда-санда осындай қалжыңдар болып тұрады. – Он жылдан кейінгі Талғат Жорабаевты қалай елестетесіз? – Адамның тәні өзгерсе де, жаны өзгермейді дейді ғой. Сол сияқты, он жылдан кейінгі Талғаттың жүрегін дәл жиырма жастағы адамдыкіндей елестетемін. Ал өнер жағына келер болсам, барлығы тек Алла Тағаланың қолында. «Құдайдың ішек-сілесін қатырып күлдіргің келсе, өзіңнің болашақ жоспарыңды айт» деген екен. Пенде болғаннан кейін болашағымыз жайлы айтып жатамыз ғой. Бірақ ертең не боларын кім білсін?! Он жылдан кейін тіршілік бола ма, болмай ма, ол жағын да ешкім білмейді. Алайда болашақта жақсылыққа, Алла Тағалаға сену керек. Мүмкін 10 жылдан кейін бүкіл әлемге танымал адам болатын шығармын... – Дегенмен, таяу болашақтағы жоспарларыңмен бөлісе кетсең... – Мүмкіншілік болып жатса, әншілердің тағдыры жайлы кино түсіргім келеді. – Әңгімеңізге рахмет! Айдана АЛАМАН