Жеті қазынаға есік ашқан Мүлік
2020 ж. 17 сәуір
2356
0
Сөгеті ауылында «Жеті қазына» атты мұражай бар. Оны дүниеге әкелген сол ауылдың тұрғыны Мүлік Исабеков деген азамат. Мұражай біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін көне жәдігерлердің жиынтығынан жиналғаны кімді де болсын қызықтырады. Бір адамның мұндай игілікті іске баруы да көпке үлгі десе артық емес. Ата-бабамыздың тұнған тарихын көріп, өткен замандардан қалған жәдігерлерге шегініс жасайсың. Мұражай ауласында Жетісудың әр жерінде кездесетін балбал тастар мен алуан түрлі табиғи тастармен танысудың өзі бір ғанибет. Солардың бірі Сөгеті тауының Қызылқайнарындағы он бір бұлақтың бір арнаға тоғысатын жеріндегі Қарабұлақ сарқырамасына қойылған қызыл қоңыр тас. Бұл туралы Мүлік мынандай әңгіме айтты: «Тас 9-10 метр биіктіктен құлап аққан сарқырманың етегінде болды. Сарқырама аққан жерде тасты жарып ағаш бар. Сол ағаштың түбінде оқтаудай жыланның да болғанын ел көрген екен. Олардың айтуынша жылан сарқырама мен тастың күзетушіндей әсер қалдырады деген. Ал сарқыраманың үстінде жағындағы бұлақта ордалы жыланның ордасы және зындан бар деген әңгімені көне көз қариялар да айтатын. Мына тас сол сарқыраманыкі» деді. Біз таста сырт көзге онша көріне бермейтін қызыл қоңыр түсте қарияның қырын қараған келбеті және оның төбе жағында қоңыр түспен бірігіп кеткен ақ түсті бүркіттің отырған бейнесін байқадық. Ол ақ түс қоңыр түске сіңіп кеткен. Тастың қалған жері қоңыр. Тастың үлкендігі мектеп оқушысының көтеріп жүрген сумакасынан сәл үлкендеу. Ондағы бейнені табиғаттың өзі салған. Құдіреттің ғажайыбын тастан көріп, бідің таңғалмасқа амалымыз қалмады. Тастағы адам бейнесі мен бүркіт біздің бабаларымыз ертеде бүкітшілікпен айналысқанын білдіріп тұрғандай әсер қалдырады.
- Мен табиғат құшағында жақын өскендіктен кез келген тасқа аса мән беремін. Әр таста әр түрлі мағаналы сурет бар. Олардан алуан терең сырлы суреттерді көруге де болады. Қарабұлақтың сарқырамасына қойылған таста мән мағана әрі де жатқан сияқты. Сарқыраманың суының қасиетін ел ежелден білген. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Райымбек батыр бабамыз Торайғыр жазығында жаудың қалың қолымен бетпе-бет соғысқаны тарихтан белгілі. Бүгінгі ел ол жерді Ойрантөбе атап, жоңғар шапқыншыларына ойсырата соққы берген жер деп атайды. Сол шайқаста жаралы болған қазақ сарбаздары Серек тастағы Ақбастауда, Қарабұлақтағы сарқырамасына әкеліп, жараланған жараларын емдеген
деген аңыз-әңгімелер ел арасында айтылады. Сарқыраманың суы шипалы болған. Сол замандардан бері бұл шипалы бұлақтардан ел үзілмепті. Көп деген адамдар жылап келіп, дертіне дауа тапса, қуанып қайтып жатады екен. Ал біз әңгіме еткен ақ бүркітті, қария бейнелеген тас Қарабұлақтағы сарқырмасыныкі. Мұнда келуші көп адам тасқа онша мән бермеуі мүмкін. Оны біреулер алып келген бе, жоқ осы жердің тасы ма белгісіз. Тастың жұмбағы бар тәрізді. Мен бұл жұмбақ тасты мұражайға әдейі әкелдім. Себебі тас байқаған біреулердің суық қолы өз пайдасына асыруы мүмкін. Мен оның осында тұрса, деген ниетпен алып келіп, халық көрсін деген ой болды. Сондай-ақ Қарабұлақтың жоғары жағындағы Қызылқайнар деген жерде, яғни он бір бұлақтың күнбатыс жағында Райымбек батыр бабамыздың жұбайы ұлы әжеміздің бейіт бар. Сол қорымға белгілі себептермен белгі қойдық. Жұмыс аяқталғанда керемет оқиға орын алды. Ұлы әжеміздің бейітінің жанынан ұршық тас табылды.Ұршық тасты ұлы әжеміз бізге теберік етіп сыйлағандай болды бізге. Ол да осында.
Ал мына көк түсті асық тасты Мұсабек деген Нұрлы ауылының жігіті Бұғыты тауының етегіндегі Жібек жолының бір тармағы өтетін бөктерден тауып алыпты. Бұл да табиғаттың өз туындысы - деді Мүлік
Біз асық тасты аударып, төңкеріп көрдік. Кәдімгі асықтан еш айырмашылығы жоқ, бүгі, шігі анық. Тастың ұзындығы 30 см, ал биіктігі 19 см екен. Мұражайдың кіребесінің оң босағасына таяу қойылған дөңгелек тасқа да көзіміз түсті.
-Бұл батыр бабаларымыздың жауынгерлік туларырын орнататын тұғыр тас. Халық мұны тұғыр тас деп атаған. Тудың сабы тұғырдың ортасындағы ойылған жерге отырғызып, үш жағына керіп байлаған. Тұғырды Шарын шатқалымен үлкен Бұғыты тауларының ортасындағына орналасқан Аққырқа деген жерден тапттық. Ол жердегі тастарда түрлі петроглиптер, яғни тастарда суреттер бар»- деді Мүлік. Біз дөңгелек тұғырды диаметрін өлшегенімізде 67-68 см болды. Ал тұғырдың дәл ортасындағы ойығы 10 см-дей.
Мұражай шағын ғана екі бөлмелі екен. Төрт қабырға ата-бабаларымыз пайдаланған алуан бұйымдары мен ұлттық жәдігерлер қойылыпты. Мұндағы неше түрлі құнды жәдігердердің кездестірсең, өткен заманның бұйымдары қойылыпты. Мүлік ақ материалды жайып, осы өлкеден табылған түрлі қару-жарақтың үлгілерін көрсетті. Мұнда қайқы қылыш және екі ескі қылыштың сынығы, садақтың жебелері, екі ескі мылтық, дұлғаға бекітіліп, адамның мойын мен желкесін қорғайтын кіреукені, тот басқан сақ
дәуіріндегі қанжар мен сүңгіні көрсетті. Екі ескі қылыштардың сынығының біреуі- Торайғыр жазығындағы Ойрантөбе шайқасы болған жерден табылған болса, екіншісі Райымбек батыр бабамыздың серігі болған атақты Малай батырдың кесенесінің жанынан табылыпты. Ал сүңгі Көлсайдың жоғары жағынан атақты бүркітші, Жалаңаш ауылының тұрғыны Жанболат Дәулетбақов тапқан. Садақтың жебелері Жетісудың әр жеріндегі тарихи орындардан табылған екен. Мүліктің көрсеткен жәдегерлеріңің арасынан бізді қызықтырғаны сыры кетсе де сыны кетпеген сақ дәуірінің қанжары. Оны Жалаңаш ауылының тұрғыны, аңшы Ерік Мұхамедкерімов деген жігіт, бұдан он жыл бұрын Жалаңаш тауларының бір биігіндегі жартастан тауып алған. «Бұл сақ жауынгерінің қанжары, жасалу үлгісі соған сәйкес келеді- деп түсіндірді Мүлік. Ұзындығы 30 см, ұстайтын жері 10-11 см, сабынан ұшына дейін 18 см. Екі білтелі мылтықтың ұңғылары. Екеуі де өзгеше. Оның бірін Жіңішке ауылының тұрғыны, орманшы Құрманбек деген азамат биік таудағы үңгірден тауып алған. Мылытықтың ағаштан жасалған бөліктері шіріп кеткен екен. Бұл білтелі мылтыққа ауызынан дәрі салып, одан кейін домалақ қорғасын оқты салған. Тұйықталған жеріндегі арнайы тесіктен білтеге от қойып атқан сияқты. Бұл Ресейдің алғашқы мылтықтарының үлгісі екен. Ұңғысы ауыр, ұзындығы 100 см. Екінші құндағы бүтін ұңғылы білтелі мылтық албанның қызылбөрігінің атақты батыры Шағаманның қаруы. Оны мұражайға батыр бабаның ұрпағы Бақыт Міркәрімұлы деген азамат тапсырыпты. Қарудың ұзындығы 127 см. Бірақ бұл білтелі мылтықтың ерекшелігі алдыңғыдан сәл жеңіл көрінді.
-Ал енді мына тас жәдігердің алар орны мұражайда ерекше. Ауызын ашып, ақырып тұрған барыс бейнеленген. Көзі, құлағы, ай бейнесіндегі ауызы жақсы мүсіншінің қолынан шыққандай. Тасқа айналған жәдігерде жылқының тұяғыда көруге болады. Бұл жылқының тұяғы бір талай уақыт біз үшін жұмбақ болып келді. Менің пайымдауымша, рухымызды аспандататын тұлпардың тұяғымен әлемнің жарымына мөр бастық деген батыр бабаларымыздың ұраны екені белгілі. Дәл осы ұранды бүгінгі күні Қазақстан 2050 жылы Азия барысына айналамыз деген бейнеге көбірек ұқсайды. Жәдігерді бұдан 5-6 жыл бұрын Шарын шатқалы мен үлкен Бұғыты таулары арасындағы Аққырқа тарихи орындағағы хан тағының қасынан табылды- деді Мүлік.
Біз тасты қолымызға ұстап көрдік. Онша салмақты емес, оның екінші жағы теп-тегіс. Барыстың басы бейнелен тастың жалпы ұзындығы 18 см, ені 8 см. Басы 9 см, арандай ашқан ауызы 4 см, құлағы 4 см, желкесіндегі аттың тұяғы
4 см. Тасты зерделеп қараған адам хан ұстайтын бағалы бұйымның басына ұқсатады.
Мұражайдағы тағы бір ерекше жәдігері ақшыл түсті қыш табақшаның сынығы. Табақша ернеулі. Ұзындығы 30 см, ені 19 см. Жәдігердің орта тұсында үш дөңгелек және ортаңғы сынған тұсында тағы бір геометриялық фигура бейнеленген. Ондағы фигураларда асқан шеберлікпен ежелгі ою өрнек салынған. Табақшадағы дөңгелек фигураның ең үлкенінің диаметрі 10 см, ал кішісінікі 3 см. Мұражайға келген кейбір ғалымдар пайымдауынша бұл жәдігер Шыңғыс тектілерді мөрі болуы мүмкін дегенді айтыпты. Тарихи табақшаның сынығы 1990 жылы Медеу шатқалынан табылған.
Мұндай жәдігерлер мұражайда аз еместігінен көзіміз жетті. Олар ұлттық құндылығымыз аспандатып тұр. Әр жәдігірдің тарихы бар. Мұражайдың ауласымен жапсарласып кеткен орында саятшылыққа тән қыран бүркіт, қаршыға, сұңқар, құмай тазыларды да көріп, Мүліктің саятшылық өнеріне де тәнті болдық. Сондай-ақ оның бағыбандық жұмысымен айналысып, түрлі жеміс ағаштарының алуан түрін де өсіріпті. Ауылда тұрып, жеті қазынамызды өркендетуге атсалысып, ұлттық мұраларымызды елге дәріптеген ауыл азаматы Мүлік Исабековтің бұл ісі көпке үлгі екеніне көзіміз жетті. Мүліктің мұражайының құндылығын бағалағандар бұл күнде көп екен. Алыс шетел елден ғалымдар көруге келсе, еліміздегі шетел елшілерде бұл жерге жиі бас сұғып тұрады екен. Сонымен қатар туристер де көптеп келетін көрінеді. Олардың саны жыл сайын артыпты. Жоғалғанымызды түгендеп, өшкенімізді қадірлеп жүрген құсбегі, өлкетанушы, сері Мүліктің бұл еңбегі қазіргі рухани жаңыруымызбен ұштасып жатқанын да байқауға болады.
Жексен Сағымбекұлы,
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы
Қазақ үні