Темірхан Момбекұлы: Мемлекеттік тілді қолдау - ұрпақ алдындағы парызымыз
2020 ж. 15 сәуір
1856
0
Қазыбек бауырым, ендігі әңгіме былай өрілмекші. Тарихтың қалтарыстарын менімен салыстырғанда, сен әлдеқайда жақсы білесің, әлдеқайда көп білесің. Кейбір пайымдауларымды саған қарата айта отыруымның ең басты себебі сол. Аржағындағы негізі қалың, терең білетін адаммен сырласқанға, ой бөліскенге не жетсін. Ежелден-ақ жалпы атымызды күллі дүние де, өзіміз де қыпшақ, түрік дедік дейміз ғой. Осы екі терминге құлақ та, көз де үйреніп қалғанын ойлап, пайымдауларымда сол жалпы атымызбен жазсам, сол қыпшақ, түрік ұғымды сөздер мен атауларды қазақ деп түсінесің. Иран-Тұран болып бірде қанаттасқан, енді бірде тайталасқан көрші империялар, яғни парсы мен түрік бір-бірімен ұзақ заманалар бойы етене араласты. Бүгінгі өзбек ағайындардың кейбір ғалымдары өзбектерді түріктенген парсылар деп те айтады. Яғни біз көп болған соң, «жұтып» қойғанбыз. Бір халық екінші бір халыққа сіңгенде, барлығы кірігеді екен де, тек музыкасы ғана көпке дейін алдырмайтын көрінеді. Зер салып үңілсек, өзбек музыкасында тәжіктің қолтаңбасы әлі күнге дейін сезіліп тұрады. Мұны мен емес, сол өзбек оқымыстыларының өздері айтады. Ал жұтып қою үшін, жұтып қойған ұзақ процессте біздер де, яғни қыпшақтар, түріктер (қазақ деп түсінеміз) де өзгергенбіз. Айналып кеп дініне де, діліне де берік өзбек халқы қалыптасты. «Өзбек – өз ағам, сарт – садағам» деген сөзді жақсы білесің. Осындағы сарт деп жүргеніміз, қазіргі біреулердің түсініп жүргеніндей, нағыз тәжіктің өзі емес. Ресей басқыншыларының патшалық тұсында Орта Азияға аяқ басып, баураған заманында да, кешегі Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңіндегі санақтарда да Өзбекстан аймақтарындағы санақ құжаттарында пәлен өзбек, пәлен қазақ, пәлен тәжік, пәлен сарт деп бөлек-бөлек жазылған. Бір идеяға бағынған, бар ділімен мойынсұнған өзбектердің ұлттық болмысы өте күшті. Бір тіл, бір идея, бір ұстаным қандай тамаша нәтижеге жетті деңіз. Өзбекті де, қазақты да, тәжікті де, сартты да түсінік-пайымы, тілі, дәстүрі, әдет-ғұрпы тұтасқан, тастай берік, балталасаң да бұзылмайтын, ұлттық санасы шыңдалған тұтас бір халыққа айналдырып жіберді. Дін әу бастан-ақ ортақ қой. Тіпті діні бөлекті де бір ұстанымдағы, қан-жынымен қойындасқан орта қайткенде де баурап әкетеді екен. Бір мысал. Бұқар еврейі деген түсінік бар. Олар – әу бастан-ақ кәдімгі еврей. Дүниедегі ең діліне берік ұлт – еврей ғой. Барған елінің тілін, басқасын қабылдаса да, еврей екендігінен өлсе де айнымайтын. Солар өзбектермен бірге жасаса келе, ала тақия киіп, бір-бірімен де, өзбектермен де өзбекше «гәплешкенде» аузымыздың аңқиып қалуы - бер жағымыз, олардың көп түсінігі - өзбекі болмыста. Яғни жаны өзбекке айналған. Міне, бір тіл, бір идея, бір ұстанымның – қай жерді мекендемесін, бар халыққа да тиімді екені осыдан-ақ көрініп тұр. Барлығын түріктік ұстаным мен түрік тіліне тағдырың деп байлаған Ата Түріктің кемеңгерлігіне таңғаламын. Әйтпесе, жарты әлемді жаулаған жауынгер түріктердің өзі де сол өзі құрған алып империясындағы қойыртпаққа жұтылып құрып кетер еді. Ұлт ретінде, халық ретінде. Ал халық, ұлт құрыса, сол ұлт үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін трагедия. Себебі, сол ұлтқа ғана тән қаншама игіліктер қоса құриды ғой. Қазақстанның қазіргі жағдайында бір тілге, бір идеяға, бір ұстанымға бас ұрып, осыны ғана ұстану керектігі – тарихи қажеттіліктен . «Вавилон мұнарасы» деген мысалды күллі дүние біледі. Мен осыған ұқсас бір сұмдық мысалды айтайын. Алматы түбіндегі Тұздыбастау – менің қазіргі ауылым деп есептеледі. Жер иесі, ел иесі дейтін қазағымыз - өзіміз ғой. Осында мың ұлттың өкілі тұрады. Бәрі жылайды: орыстар балаларымыз түк орысша білмейді деп. Ұйғырлар да сөйтіп жылайды. Неміс пен түрік, курдтар, поляктар, украиндар болса да. Одан басқа да талай ұлттың өкілі бар. Осылардың бір де біреуінің де балалары өз ана тілдерін дұрыстап білмейді екен. Сөйтіп зарлағандардың балаларымен бұрындары сөйлесіп көргенмін. (Осы үлкен ауылдың бүге-шігесіне дейін жазған «Тағдыр» кітабыма материал іздеу кезеңінде де, одан кейін де талай рет көз жеткізген шындығым.) Әр халықтан бес-алты ауыз сөзден хабардар, бәрі де араластырып кейде қазақша, кейде орысша сөйлегенсиді, алайда екі тілдің де құнарлы нәрін сезінбегені білініп тұрады. Әдеби тілдерінен мүлдем мақұрым. Өз ұлтының тілін болса да жарытпайды. Сонда не болды?! Ал енді Жер иесі, Ел иесі – қазақтар ше? Бұлар да зар еңірейді. Қазақтың балалары қазақша сөйлей алғанмен, көбісінің тілдері - мүлдем саяз. Түсініктері де саяз. Көзге ұрып тұрған факті. Таза қазақы тіл де емес, болмыс та емес. Яғни қойыртпақ орта қойыртпақ адамды қалыптайды екен. Ал егер тек қазақ тілі дәурендеп, осы болмыспен, осы рухпен, осы идеямен қалыптасса, қазаққа ғана емес, басқа ұлт өкілдеріне де өте тиімді болумен бірге, жасампаздық, өміршеңдік әкелер еді. Бір түрік идеясына ұйыған түрік қандай, бір өзбек идеясына ұйыған өзбек қандай! Бір тілге, бір ұстанымға, бір идеяға қол жеткізе алмай жүрген - біз қандаймыз? Ырың-жырың болып, ырду-дырдумыз. Қазақ тілін мемлекеттік тіл әрі ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп заңдастыру қажеттілігін зар қақсап айтып жүргеніміз осыдан. Бұл тірлік, бұл ақниет жүзеге асса, тек қазаққа ғана емес, Қазақстандағы қазақпен бірге жасасып келе жатқандардың бәрі үшін де – игілікті қадам болар еді. Ал енді бұл игілікті қадамға қарай талпынбақ түгілі, сол ақниетке қарсы шыққандардың әртүрлі айла-шарғысы – таза арамдық. Ол арамдық - қазақтарға ғана емес, Қазақстандағы басқа ұлт өкілдеріне де қарсы бағытталған қанжар. Мен осылай түсінемін. (Есте болатын жай. Біздің жерімізде өзге ұлт өкілдерінің тоқайласуы – біздің , яғни қазақтардың әлдебір әрекеттерінің қателігі емес, терістік батыстағы басқыншы империяның алысты көздеген арампиғылының бүгінге жалғасқан салдары екені белгілі. Мұны да жақсы білесің.) Қазыбек бауырым, ТІЛ, ТІЛ деп кешегі Ахмет Байтұрсынұлынан бастап бүгінгі өзіңе - Қазыбек Исаға дейін жарғақ құлағымыз жастыққа тимей қарлығаштай шырылдап жүргеніміз - АЙНАЛАЙЫН АНА ТІЛІМІЗДІҢ ТАҒДЫРЫ не ӨМІР, не ӨЛІМ екенінен ғой. Бұл арпалыс пен жанталастың дәл осылай екенін сен менен де жақсы білесің.
Ардақты қандастар! Қазақ тілін мемлекеттік тіл әрі ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп заңдастыру жолындағы қандай талап-талпынысты да бәріміздің бірдей қолдағанымыз - өткен ата-бабаларымыздың алдындағы да, қазіргі де, келешектегі ұрпақтарымыздың алдындағы да ұлық парызымыз. Бұл парызды орындай алсақ, өткендердің аруағынан да, қазіргілер мен келешектегілердің бәрінен де алғыс аламыз! Орындай алмасақ, қарғыс аламыз! Жақаурататын несі бар, осындай таркезеңде тұрғанымыз рас.
Темірхан Момбекұлы-Түркістан, Қазақ үні