Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай онлайн конференция өтті

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен «Абай және рухани мұра» атты Халықаралық онлайн конференциясы өтті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

Кітапханалар арасындағы мәдени, ғылыми және білім беру байланыстарын нығайту, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды болып табылатын осы онлайн-конференция Zoom.us. платформасында өтті.

Онлайн шараға Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, филология ғылымдарының докторы, жазушы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының жетекшісі Алмахан Мұхаметқалиқызы, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева, жазушы, Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңестің мүшесі Ақбар Мәжіт (Қытай); жазушы, драматург және аудармашы Анатолий Ким (Ресей); тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан университетінің профессоры Әбдуақап Қара (Түркия); тарих ғылымдарының докторы, Анкара Кажы Байрам Вели Университетінің профессоры Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласун (Түркия), филология ғылымдарының кандидаты, Сегед Университетінің профессоры Раушангүл Мұқышева (Мажарстан) және т.б. белгілі тұлғалар қатысты.

Шара барысында сөз сөйлеген белгілі ғалым Тұрсын Жұртай Абай шығармаларын аудару мәселесіне назар аударып, ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін шет тілдерге аударуда мұқият болу керектігін ескертті.

Белгілі орыс жазушысы Анатолий Ким болса һәкімнің шығармаларын әлемдік философтармен тең дәрежеде тұрғанын тағы бір атап өтіп, Абай мұрасына деген өз көзқарастарын білдірді. Ал, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет "Бүгінгі конференция Абайды түсіну, ұлықтауға деген маңызды қадамның бірі" деп бұл игі шараға үлкен бағасын беріп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.