Жаңа әліпбиде диакритика көп пе?
2020 ж. 26 наурыз
1548
0
Әліпбиге өзгертулер жасалу қажет деген Президентіміздің тапсырмасынан кейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары және Қазақ жазуын латын графикасына көшіруге байланысты Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық жұмыс топтары әліпбиге біршама түзетулер енгізді. Онда латынның 26 әрпінің 23-і өзгеріссіз алынады да, әріптер дыбыстық мазмұнға сай келеді, мысалы, a (а), b (б), g (г), d (д), e (е), һ (һ, х), f (ф), i (и, й), j (ж), q (қ), k (к), l (л), m (м), n (н), o (о), p (п), r (р), s (с), t (т), u (у), v (в), y (ы), z (з).
Ал «төбесі түртілген», «аяқ салынған», «шатыры бар» дейтін диакритикалы әріп саны 7: ä (ә), ğ (ғ), ŋ (ң), ö (ө), ş (ш), ū (ұ), ü (ү). Осы 7 әріптің кесірінен тұтас мәтіннің «сиқы қаншалықты бұзылады екен»? Қарап көрейік.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Қолданбалы лингвистика бөлімі қызметкерлерінің 7 млн сөзқолданысқа жасаған зерттеуінде («Қазақ тіліндегі әріптердің жиілікті әліпбилі жиілік сөздігі») қазақ тіліндегі әріптердің қайталану жиілігі жоғарысынан төменіне қарай орналасқан мәлімет бар. Онда профессор А.Жұбанов әріптерді 3 топқа бөледі. Алғашқы 19 әріп, яғни а, е, ы, н, і, т, р, л, д, с, м, қ, о, к, ғ, б, й, у, з әріптері қазақ мәтінінің 87,630%-ын таңбалайды (19б). Мұндағы ең жиі жазылатын а әрпі мәтіннің 12, 796%-ын алса, осы қатардың соңындағы з әрпі мәтіннің 1,624%-ын алады екен.
Жаңа әліпбиде бұл 19 әріптің тек ғ әрпінде ғана диакритикалық белгі (ğ) болады. Қазақ мәтінінің 1,823%-ында ғ әрпі басқа диакритикалық белгісі бар әріптерден көбірек кездесіп, жазылады деген сөз. Бірақ барлық мәтіннің 87,630%-ы диакритикасыз жазылады.
Аталған зерттеу бойынша, кездесу жиілігі орташа әріптер негізінен диакритикалы таңбалардан тұрады. Олар: п, ш, г, ң, и, ж, ұ, ө, ү, ә [20б.]. Бұл 10 әріп барлық қазақ мәтінінің 11,442%-ын құрайды. Бұлардың ішінде ш, ң, ұ, ө, ү, ә әріптерінде диакритикалы белгі болады. Сонда ғ (1,863%), ш (1,343%), ң (1,294%) және ұ, ү, ә, ө әріптерін қосқанда, барлық мәтіннің 8,135%-ында диакритикалы белгі жазылады деген сөз.
Сирек жазылады деген 3-топқа я, х, ц, ф, в, э, ь, ю, һ, ч, щ, е (ио) сияқты орыс тілінен енген әріптер жатады. Олар қазіргі кирил әліпбиімен жазылған барлық мәтіннің 0,928%-ында жазылады. Бұл әріптерден тек ф, в, һ әріптері ғана жаңа әліпбиге көшіріледі (Жұбанов А., Жаңабекова А., Тоқмырзаев Д. Қазақ жазуын латын қарпіне көшірудің статистикалық негіздері А., 2018. -160б.19 бет).
Сонымен, мәтіннің 8,135%-ына дейін диакритикалы әріптер «жүру» – аз ба, көп пе? Диакритикалы әріптердің ішінде жиілеу қолданылатын ғ әрпі, одан кейін ш, одан кейін ң әрпі, соңында ұ, ө, ал әрекідік кездесетіні ү мен ә екен.
Ұ, ө, ү, ә әріптерінің, яғни қолжазуды екі реттен үзіп жаздыратын бревис не умлаут таңбалары бар бұл әріптердің (ä (ә), ö (ө), ū (ұ), ü (ү) сирек кездесетіні – түбір сөздің басында және бірінші буынында ғана кездесетіндіктерінен, қосымшалардың ешқайсысында бұл әріптер жазылмайды. Тек ауызша тілде айтылады (шәйләр, шәйғә, күндөр, күңгө, ұрұнұң, үкүнү, көлгө), бірақ таңбаланбайды (шайлар, шайға, күндер, күнге, ұрының, үкіні, көлге).
Ғ әрпі сөз аяғында жазылмайды, сөз басында да сирек, сөз ортасында жиірек қолданылады. Өйткені ол қосымшаларда, әсіресе –ған (барған, жазған) есімше жұрнағында, -ғы үстеу тудыратын (жазғы, жаздағы, атындағы) жұрнақта жазылады, сондай-ақ ол айнымалы дыбыс, мысалы, сөз қ дыбысына аяқталып, қосымша дауыстыдан басталса, қ дыбысы ғ дыбысына айнып (қасық - қасығы, балық - балығы) шыға келеді. Барыс жалғауында (қалаға, далаға) да бар.
Ң әрпі сөз басында мүлде жоқ, ортасында сирек, сөз аяғында әсіресе тәуелдік жалғауын (менің, оның, біздің), ілік жалғауын (баланың, кісінің) аяқтап тұрады. Сондықтан ң мен ғ әріптерінің қатарласа кездесу ықтималдығы жоғары болғандықтан екеуін де бревиспен диакритикаламай (ň, ğ), ң әрпіне аяқ салып (ŋ) таңбалауға болады дейміз. Ол қазіргі ң әрпімен де ассоциацияланады.
Сонымен, ә, ө, ү әріптеріне қарағанда ғ, ш, ң әріптері жиірек кездесетіндіктен мәтінде умлаутқа қарағанда бревис пен седиль таңбасы (ğ, ş) көбірек ұшырасатын болады. Бұл жазуды баяулатпайды, ал әріптің танымалдығы жоғары.
Қазақ жазуында диакритиканы қолданудың мәні жоғары, ол алдымен – ортақ түркі әліпбиі негізінде жасалғандықтан түрік, әзербайжан, түрікмен әліпбилеріне ұқсас болады, екіншіден, бір дыбыс бір әріппен таңбаланады, бір не екі айырым белгілері бар фонемалардың таңбасы өзара ұқсас, бірінен бірі шығарылады: дауысты дыбыстар жүйесінің жіңішке жұбы ұқсас фонемадан умлаут арқылы ажыратылады (а-ä, о-ö, u-ü), дауыссыздардың жұбы «айшық», «седиль» белгілерімен айырылады (g-ğ, s-ş, n-ŋ), сондықтан сауат ашуда, тіл үйренуде таңбалардың бұл жүйесі жеңілдік туғызады.
Қ. Күдеринова
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институтының бас ғылыми қызметкері,
ф.ғ.д., профессор