Жаңғыруға бастайтын жаңа қадам

Ұлттық ойындар – ата-бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан оны үйренудің, күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. Елбасымыз ерекше назар аударған рухани жаңғырудың мәні де осында жатыр. Осы тұста біз ұлттық ойындарымызды дәріптеп, заманға сай дамытуды қолға алу қажеттігін тілге тиек еткіміз келеді. Бұл тұрғыда жыл сайын дәстүрлі түрде тойланатын ұлттық мейрамымыз Әз-Наурыздың кезінде ұлттық ойындарымызды жаңғыртып ел назарына ұсынсақ құба-құп болары анық. Бүгінде ел арасында ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындардың бір парасына тоқталып өткенді жөн санадық. Мойын арқан – жекпе-жек күш сынасатын ежелгі халық ойыны. Жігіттер тойда, жазғы сауықта сайысқа түседі. Көгал алаң таңдалады. Ұзын арқанның екі ұшы тұйықталып түйіледі. Алаңның ортасынан белгі үшін белдеу сызық сызылады. Қос қанаттан ұзындығы тепе-тең мөлшерде сайыскерлер тұратын меже белгіленеді. Сайысқа қалаушылардың бәрі түседі. Сарапшылыр олардың шама-шарқын мөлшерлеп, теңдесімен тартысқа түсіреді. Ойынды басқарушы тұйықталған арқанды сайыскерлердің мойнына кигізіп, екі саласын қолтықтың астынан өткізеді де, тартысушыларды жерге тағандатып қояды. Белгі берілгенде екеуі екі жаққа қарай тартуы керек. Дайындық шаралары біткеннен кейін бастаушы тартысқа рұқсат етеді. Сайыскерлер бірін-бірі шегіншектетіп сүйрей жөнеледі. Алаң ортасындағы белдеу сызықтан қарсыласын шегіншектете сүйреп өткізген сайыскер женеді Алтын қабақ (жамбы ату) – шауып келе жатқан атың үстінен нысананы дәл көздеп , атып түсіру. Бұл ойының нұсқалары басқа халықтарда да кездеседі. Шығу тегі әскери ойынның пайда болуымен байланысты болған, оның қажеттігі ХҮІІІ ғасырға дейін сақталған. Мұндай жарыс өткізілетін мерекелерде биік бағана, болмаса ұзын сырық қадалып, оның ұшар басына нысана ретінде жамбы (күміс құймасы) ілінетін болған. Оны қылмен немесе жібек жіппен байлаған. Атпен шауып кележатқан кісі садақпен жамбыны атып түсіріп, жеңіске жетуге тырысқан. Нысананы дәлдеудің басқада түрлері кездескен. Мысалы, жерде тұрып, немесе ат үстінде отырып, мылтықпен атуда қолданылған. Жамбы ату жігіттерді шабандоздыққа, мергендікке үйрету де елеулі роль атқарған. Сиқырлы таяқ. Ойнаушылар қол ұстасып, дөңгелене шеңбер жасап тұрады. Қолында таяғы бар ойын жүргізуші шеңбердің ортасына келеді де, ойынның тәртібін түсіндіреді. Ойнаушыларды бірден бастап түгел нөмірлеп шығады. Ойынның шарты бойынша ойын жүргізуші қолындағы таяғын шеңбердің ортасында тік ұстап тұрады да, бір нөмірді атап, таяқты қоя береді. Аталған нөмір таяқты жерге құлатпай ұстап қалуы керек, ал таяқты ұстай алмай құлатып алса, онда айып тартады, яғни көптің ұйғаруымен ортаға шығып, өнер көрсетеді. Ойынға қатысушылардың бәрі бір-бір реттен міндетті түрде ойнап шығулары керек, ал одан әрі ойынды жалғастыру-жалғастырмау ойнаушылардың өз еркінде. Ойнаушылардың саны көп болса, ойын қызықты өтеді. Ине жасырмақ – жастардың бас қосуында, көбіне үйде ойналатын ойын. Қажетті бұйымдар: ине және домбыра. Ойын шарты: ойыншылар ең алдымен, бастаушыны сайлайды. Ол, біріншіден, тәртіпті бақылайды, екінші, домбырада, немесе басқа музыкалық аспапты ойнайтын кісіні табады; үшіншіден, ойын ережесін түсіндіріп, екі ойыншыны таңдайды. Ойыншының біреуі бөлмеден шығып кетеді де, үйде қалған екінші инені өз бойындағы киіміне жасырады, немесе басқа біреуге береді. Бастаушының белгісі бойынша үйге қайта оралған іздеуші инені ойынға қатысушылардың жағасынан, бас киімдерінен іздей бастайды. Іздеуді жеңілдету үшін музыкант домбырада ойнап отырады. Егер іздеуші ойыншы нысанаға жақындай түссе, домбыра күмбірлей жөнеледі. Ал, егер нысана тұсынан іздеуші өтіп кетсе, домбыра үні бәсеңси бастайды. Іздеуші инесі бар кісіге жақындаған не алыстаған сайын домбырашы оны әр қилы сарынмен бағыттап, дәлдеп отырады. Нысанға дөп келген іздеуші ине осында-ау деген кісіні әбден тінте тексеріп, инені табуға тырысады. Ине жасыра алмаған, кәде бойынша ән салып, не әзіл айтып айып төлейді. Ал табылмаса, іздеушінің өзі айып тартады. Кенесары Наурызбайұлы, Руслан СҰЛТАНОВ. qazaquni.kz