Қазақияның қайта өрлеу дәуірі қашан туады?
2020 ж. 21 наурыз
3805
0
Ұлт патриотының ұсыныс-бағдарламасы
Көшеге шығудан бұрын келешек жайлы жоспар жасайық
Біз газетіміздің өткен нөмірінде «Осыдан бір ай бұрынғы Қордай оқиғасы біздің Ұлттық саясатымыздың толығымымен жарамсыз екендігін тайға таңба басқандай етіп, анық көрсетіп берді. ...Сондықтан, бағытымызды неғұрлым ертерек және түбегейлі түрде өзгертуге кірісуіміз – ауадай қажеттілік» деп жазған едік. Бірақ, оның ауадай қажеттілік екенін түсіну бар-дағы, оған кірісу бар, кірісу үшін алдымен жан-жақты да терең дайындық жасау бар. Сөздің шынына келсек, біздің елдің бүгінгі билігі ондай дайындыққа кірісе қояды деп иегіміз қышымайды. Себебі, ол өзін-өзі өзгертуге қабылетсіз. Егер тәуелсіз Қазақстанның алдындағы біздің біртұтас Отанымыз болған Кеңес Одағында ондай жол-жосық жасалғанда, бүгінгі біздің билік те өзгеріске қабылетті болар еді. Өкінішке қарай, коммунистік-бюрократиялық жүйе оған қауқарсыз болып шықты. Лениннің «жоғары жақтағылар жаңаша басқаруға жарамайтын, ал, төмендегілер ескіше өмір сүргісі келмейтін болса, революциялық ахуал-жағдай дегеніміз сол болады» деген формуласы ресейлік монархиялық-капиталистік жүйе үшін ғана емес, социалистік қоғам үшін де дұрыс болып шықты. Бұл арада аталған екі мемлекеттің негізгі ұйытқылық рөлді атқарушы күші 19-ғасырдың екінші жартысында ғана құл иеленушілік жүйеден құтылған орыс халқы болғаны да үлкен рөл атқарғанын атап кетуге тиіспіз... Тіпті, 1991 жылдан бері де әр бес жыл сайын, ӘДІЛ САЙЛАУ арқылы жоғарғы билік жүйелі түрде ауысып отырғанда өзіміздің ұлттық, соқтықпалы түрде болсын, соқпағымыз салынып қояр еді. Бірақ, біздің талайымызға ол да бұйырмаған болып шықты... «Аузы күйген үріп ішеді», авторитарлық жүйеден аузы әбден күйген қазақ халқы болашақта ондай келеңсіздікке жол бермейді деген сенім бар қоғамда. Мәселе – өзгеріс қашан және қалай келеді? Келу үшін не істеу керек? Төлемырза Темірбекұлы досым айтпақшы, «қандай амал бар?» Жазушы Талғат Айтбаев қазақ мемлекетіндегі, қазақ қоғамындағы бүгінгі ахуалға анализ жасай келіп, былай дейді (сәл қысқарттық – Ө.А.): «Тәуелсіздік қазаққа не берді? Әй, кеуде керіп айтатындай қуанышқа кенеле алмадық-ау. Барымыздан айрылдық. Кеңестік кездегі жетістіктеріміздің бәрін тәрк еттік. ...Отыз жылға жуық уақыт ішінде біздің билік елді қалай басқармау керек екендігін көрсетті. Кілең жемқорлар, алаяқтар, аярлар, жағымпаздар, жебірлер өсіп-жетілді. Қоғамның психологиясы жүз сексен пайызға кері бұрылды. Енді социалистік кездегі адами қалпымызға келу үшін отыз жылдай уақыт керек... Күні кеше ғана біздің «қалаулыларымыз» халыққа қарсы бір заң қабылдады. «Қазақстан Денсаулығы туралы» заңды елдің ертеңін ойлайтын, халықтың келешегі үшін жаны ауыратын адамдардың бәрі фашистік заң, халықты түп-тамырымен құртатын заң деп қабылдады. Оның аясындағы аярлықпен жасалған тармақтардың қаншалықты залалды екенін айтудай айтып жатыр. ...Тағы да қазаққа қарсы бір шешімнің шығатынын айтпай-ақ біліп отырмыз. Бұл билік осындай әрекетімен қазақты көтерілуге әкеле жатыр. Міне, қасірет!.. Бұл билік қайткенде де кетпеудің әрекетін жасайды. Ол үшін халықтың ішінен шыққан «халықшылдарды» да пайдаланады. «Қосановшыларды» көбейтеді. Енді бұл билікке тоқтау жасайтын, кетіретін амал бар ма? Бар! Ол – жаппай көшеге шығу, Армениядағы сияқты Астананың, Алматының алаңынан апталап кетпей тұрып алу. Қазір қақаған қыс емес, күн жылынды. Бізге басқадай жол қалды ма?.. Біз мына қасіретті өстіп қана кетіріп, тазара аламыз. Ұл-қыздарымыздың, олардан өрбитін ұрпақтардың бақытты болуын шын қаласақ, солай етпеске амал жоқ». Құрдасымыздың пікірін қаперімізге ала отырып, халықты көшеге шығуға шақырудан бұрын, ертең билік ауысқан күні не істеуіміз, істе неден бастауымыз керек екенін анықтап алу, соның нақты бағдарламасын жасап алу әлдеқайда маңызы демекшіміз. Себебі, бүкіл әлемді тықсырып бара жатқан мынау індетке қарсы аз ғана халқымызды ең болмаса маскамен қамтамасыз ете алмай отырған, екі миллиард теңгенің қайда жұмсалғанының есебін бере алмай отырған, доллардың бағасын көтермей ұстауға шамасы келмей отырған үкіметке қарсы қымбатшылық пен кесел екі өкпесінен бірден қысқан халықты көтеруге болатын шығар, ал, содан кейін ше? Отырған үйіңді бұзбастан бұрын, жаңа үй салып алу керек емес пе?.. Онсыз да «нарықтың құзынан бір-ақ секіріп өтеміз, екі секіруге болмайды» деген, «нарық дегеніміз өзін-өзі автоматты түрде реттеп отыратын керемет жүйе, одан қорықпауымыз керек» деген, «үкімет экономикаға араласпайды, халық өзін-өзі асырауы тиіс, масылдықтан ертерек арылу керек» деген «данышпан» премьерлердің, кеңесшілердің, т.б. тілімен жеткен жеріміз белгілі болып отыр ғой. Сол қателерді бүгін тағы қайталап, «не болса ол болсын, бүгін тезірек билікті ауыстырсақ болды, қалғаны өзі кейін реттеледі» десек, бұл біздің аңғалдығы өзімен бірге кететін қазағымызды екінші рет, қайтып тұра алмастай етіп алдағанымыз ғана болып шықса қайтеміз? Олай етуге хақымыз бар ма біздің?.. Бұрын да талай айтып едік, тағы да қайталап кетуге рұқсат етіңіздер, түптің түбінде Қазақия (әзірге Қазақстан аталатын) мемлекетінің басшылығына ұлтшылдар келмей, көсегеміз көгермейтіні ақиқат. Өйткені, ұлтшылдар келмей, Ұлттық мемлекет құра алмаймыз. Ұлтшыл дегеніміз, ең алдымен атасының қанымен, анасының сүтімен қазақ тілін сүйегіне сіңдіріп, қазақша білім мен қазақша тәрбие алып өскен адам. Қазақтың тілін білмеген адам оның жанын түсіне алмайды, жанын түсінбегеннен кейін мұңы мен зарын түсіне алмайды. Осы ұлтшылдық тұрғыдан, алдағы біраз нөмірде экономикамыз, мәдениетіміз, руханиятымыз қай бағытта қалай дамуы тиістігі жайлы өз жоба-жоспарымызды, тіпті Бағдарламамызды ұсынсақ дейміз.Бір ұлт – бір дін!
Біздің бағытымыз сонау 1992 жылы 15 қаңтарда түрлі жат, зиянды діни ағымдардың кіруіне жол ашып қойған діни сенімдер жайлы заң қабылданғаннан кезден бастап-ақ қисық кеткен болатын. Соның зардабын тартып та жатырмыз. Біз оны қазақ мүддесіне сай келетіндей етіп қайта қабылдаймыз. Біз исламдағы Әбу Ханифа бағытын бұлжытпай ұстанатын боламыз. Себебі, ислам діні біреу болғанмен, шариғат көп. Діни алауыздық – ең қатерлі алауыздық, себебі діни сенім ақылға емес, санаға емес, сезімге, түпсанаға байланады. Қызды, Отанды сүю де, дінді сүю де, бәрі тең ұғым. Сіз сүйген жарыңыз үшін отқа да, суға да ойланбай түсетін болсаңыз, дін үшін де дәл солай өлімге бас тігесіз. Ойлануға мұршаңыз болмайды, сіздің ақыл-анаңызды сезім билеп тұр. Исламдық секталардағы «сақалдылардың» «менің сақалым өзімнің басыммен бірге алынады» деуінің себебі сол. Елімізде ресми түрде 20 мыңдай діни секталар мүшесі бар болса, іс жүзінде олар екі-үш есе көп деген сөз. Әлемдегі соғыс атаулының басым бөлігі діни алауыздықтан туындайды. Сондықтан, салафит, уахабит, құранит, т.б. толып жатқан ағымның бәріне тыйым салынады. Ер адам сақалды қазақ дәстүріне сай қырық жастан асқан соң немесе әкесі қайтыс болған соң ғана қоя алады. Оның өзінде ол өзгенің жиіркенішшін тудырмай, қайта иесінің көркін ашып тұруы тиіс. Өйткені, жеке адам қоғам пікірімен санасуға міндетті! Біз сыртымызды әдемілеуге әуеспіз. Жоқ, әуелі ішімізді, санамызды сай етейік. Намаз оқу, ораза тұту – адам мен Алланың арасындағы ғана іс. Намаз оқитын, бірақ, «уақытша неке» деген бәлені тауып алып, әйелін талақ етіп, әйел ауыстырғыштардың шолжаңдауына енді жол берілмейді!Қазақтың көбеюі – басты мәселе!
Адам баласы аналардың арқасында ғана көбейе алады. Ал, ұрпақ көбеюі үшін бірінші кезекте әйелдің, екінші кезекте еркектің денсаулығы жүз пайыз дұрыс болуы керек. Көбею үшін біз билікке келгенде нақты не істеуіміз керек? Ол үшін бір жыл ішінде 16 мен 45 жас арасындағы барлық тұрғын диспансерлік тексеруден өткізіліп, денсаулығында ақауы бар адамдарға ем белгіленеді, бұл шара әсіресе әйел адам үшін маңызды. Мемлекет бала көтерер жастағы әйел қауымының денсаулығына сол әйел адамның дәл өзіндей жауапты. Әйелдер жағы (ерлер де) өз денсаулығын күтуге, үздіксіз спортпен айналысып шынығуға, уақтылы дәрігерге көрінуге, сөйтіп аурудың алдын алуға, ал мемлекет сапалы да экологиялық таза тағам мен сусындармен, спорт нысандарымен, дәрігерлік тексеру, емдеу іс-шараларымен қамтамасыз етуге міндетті, соның нәтижесінде екі жақ бірлесе отырып денсаулығы мықты анадан дені сау баланың өмірге келуін қамтамасыз етуге жауапты. Сонымен қатар тиісті заңдарға отбасының табысы негізінен ер адамның табысынан тұратын етіп өзгерістер енгіземіз. Одан бөлек әр баланың басына берілетін 100 доллар жәрдемақы елімізде көп балалықтың күрт дамуына жағдай жасайды. Қаржының бір бөлігі балаларды 5 сыныптан бастап-ақ олар өздері егіп-күтіп, баптайтын жеміс ағаштары мен көкөніс, бау-бақшасы, бағып-қағатын малы, жасайтын қолөнері болуы арқылы еңбекқор болуға жұмсалады, балалар артық өнімді сатып ақша таба алады. Аяушылықты білмейтін қатыгез нарық заманында біз оларды осылай жасынан бәсекеге қабылеттілікке, кәсіпкерлікке баулитын боламыз. Батыстағы миллионерлердің бәрі бала күнінде газет сататынын ұмытпауымыз керек... Әйелдер «біз сонда төрт қабырғаға қамалып отырады екенбіз ғой» демес үшін, біз оны да ретке келтіреміз. Біріншіден, техниканың дамыған заманында әйелдерге үйіне жақын маңайда жұмыс істеуге мүмкіндік көп. Екіншіден, олар өздерінің табиғатына жақын іспен айналысуға жағдай жасаймыз. Бала туу елімізде күрт көбейсе, балабақшалар көптеп ашылады. Олар кәзірдің өзінде жетіспейді. Көптеп ашылған балабақшаларға мейірбике керек пе? Керек! Психолог-педагог керек пе? Керек! Дене тәрбиешісі, музыка пәнінің, әдебиет, сурет пен қолөнер пәнінің мұғалім керек пе? Керек! Екіншіден, мектепте әр мұғалімнің толық айлығы (ставкасы) аптасына 18 сағат емес, 9 сағатқа түсіріледі. Және әр сыныпта 12 оқушыдан аспайтын болады. Яғни, біз ер мұғалімдер үлесін 70-80пайызға жеткізген кезде де әйел ұстазға қажеттік кемімейді. Үшіншіден, ең бастысы да осы, әйелдің бойындағы талантты, дарынды, өнерді сыртқа шығаруына, жалпы, әр әйелдің бұл өмірде маман ретінде де өз орнын табуына көпбалалық тек қана көмектеседі, ешқандай кедергі келтірмейді! Себебі, тете бала бірін бірі тәрбиелейді, тату, бауырмал болып өседі, бірінің кигенін келесі жылы кішісі киеді. Әр әйел 18-20-дан 35-ке дейін әрқайсысы 7-8 баланы өмірге алып келуіне әбден болады. (Жалпы, дені сау әйел кемі 45-ке дейін көтере береді, бірақ, 45 тұрмақ, 40 жасқа дейін туатын әйел елде емге табыла қоймас. Ал, ұлы адамдардың көбісі баланың кенжесі болып келеді, бұл жасқа қарай әйелдің денесі пісіп-жетіледі, еркектің ақыл-ойы толысады. Оны ескеріп жатқан бүгінде кім бар...) Бала 10 жастан асқан соң-ақ ата-анасының көмекшісіне айналады. Демек, әйелдердің 35 жас (оған дейін мүлде жұмыс істемеген күннің өзінде, ал, нақты өмірде олай болмайды) пен 55 жас арасында, зейнетке шыққанға дейін қызмет істеп, өзін көрсетуі үшін табаны күректей жиырма жыл уақыты бар. Аз емес шығар... Мен үшін бүгінгі әйел үлгісі – Сұлушаш атты құдағи келініміз 6 баланы туды, 33 жасқа келді, мамандығы бойынша математика пәнінен мектепте сабақ беріп жүр. «Жетіншіні туып, «Алтын алқа» тағу да жоспарда бар» дейді... Өмірзақ Ақжігіт qazaquni.kz