Қазақ тілін реформалау деген не?
2020 ж. 14 наурыз
4242
0
Расында да, тілді қалай реформалаймыз? Бұл – белгілі бір нысанның қызмет ету, жұмсалу механизміне нормалық талаптар қою арқылы елеулі өзгерістер жасау дегенді білдіреді.
Тілдің, қазақ тілінің ішкі жүйесі бүгінде әбден жетілген, сараланған, салаланған. Оның ішінде өзінің қатаң, бұлжымас заңдары бар. Қазақ тілінің ережелері де орныққан. Тек тілдің өзінің қоғамдағы қызметін арттыру үшін, тілдің өзінің жұмсалу өрісін кеңейту үшін, мемлекеттік тіл ретінде өзіне тиесілі кеңістікте еркін тыныстауы үшін тілдің ішіне емес, тілдің қоғамдағы қызметін реттейтін тіл саясатына реформа жасау керек дегеніміз дұрыс болар.
Тіл саласы бойынша соңғы қабылданған мемлекеттік бағдарлама «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» деп аталуы да сондықтан. Бұған дейінгі мемлекеттік бағдарламалардың атауы «тілдерді дамыту мен қолдану» деп келетін. Ал Үкімет бекіткен соңғы мемлекеттік бағдарламаның атына затының сай келуі басқа мәселе.
Тіл саясатына нақты реформа жасау – өте ауқымды мәселе. Тіл саясатының сүйенетін үш негізі бар: құқықтық талаптардың болуы, қоғамға қазақ тілі мемлекеттік тіл дегенді мойындату, насихат; үшінші, мемлекеттік тілге қатысты шараларды қаржылық қолдау. Бізде мұның бәрі бар. Бірақ жеткіліксіз және жүйесіз. Біздің тілге қатысты заңдық талаптарымыз ескірген. Тілге қатысты заңдар демографиялық жағдай басқаша болып тұрғанда, жергілікті ұлттың сандық үлесі аздау кезде, осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған.
Қазақ тілі мен орыс тілі тең қолданылады деп келдік. Тілдің қарым-қатынас құралы ретінде қолданылатын орны – қоғамда біреу, яғни, тілдік орта, кеңістік біреу ғана. Алайда, алға жылжуды көріп отырған жоқпыз, орыс тілі қазақ тілінің қанатын жайғызбай, тұсап отырғаны ащы да болса шындық. Орыс тілі, қалай болғанда да, әлі басым. Ол өзінің осы позициясын өз-өзінен бермейтінін соңғы отыз жыл дәлелдеді. Яғни, бұл ретте саяси нақты шешім қажет. Енді тек мемлекеттік тілді дамытатын Заң қажет.
Одан соң осы бағыттағы жауапты ресми ұйымдар арасында, тіл саласындағы орталық уәкілетті орган – Тіл саясаты комитеті мен өңірлердегі тіл басқармалары арасында вертикаль жоқ. Әрқайсысы өз алдына әрекет жасауда. Әр өңірдің жасап жатқан жұмысы әртүрлі. Бір мақсатқа жұмылдырылған жүйелі әрі нәтижелі іс-қимыл жоқ. Олар жыл басында бірігіп, ақылдасып, алдағы жоспарларын үйлестіріп алса, құба құп болар еді.
Үшіншіден, қоғамда мемлекеттік тілдің насихаты жеткіліксіз. Біз мемлекеттік тіл – Қазақ тілі деп жарияладық. Біздің мемлекеттік тіл туралы бар насихатымыз, бүкіл идеологиямыз осы жариялауымызбен ғана шектелетіндей. Тілге қатысты атқарған шараларымыз да әлі де ұсақ-түйек, мардымды ештеңе көрінбейді. Бізде орыс тілді және қазақ тілді медиа бар екені белгілі. Олардың мемлекеттік тілді насихаттауға қатысты көзқарастары әртүрлі. Осындай-осындай тілдің қоғамдағы қызметін кеңейтуге бағытталған шараларды үйлестірген жөн. Мұның бәрін тек тіл саясаты ғана реттейді. Төтесінен айтсақ, жалпақшешейлікті доғарғанымыз ләзім. Мәселен, біз бәріміз баяғы Совет Одағындағы он бес республика ішінен шықтық, бірақ басқа елдердегі тіл саясаты бүгінде біздікінен оқ бойы озық екенін анық көріп отырмыз.
Жоғарыдағылар: «Бізде тіл саясаты өте керемет жүргізіліп келеді, мынанша қазақ мектебі ашылды» деген сияқты құрғақ есеп беріп жатады. Ал мұның бәрі, анығында, тиімді тіл саясатының емес, табиғи демографиялық өсімнің арқасында қол жетіп жатқан көрсеткіштер.
Ал шетелден келген әлеуметтік лингвистика маманы Қазақстандағы тілдік ахуал Татарстандағымен бірдей деген қорытынды жасайды. Салыстырыңыз, біз ана Балтық, Кавказ елдері сияқты, мына көршілес Өзбекстан сияқты тәуелсіз елміз. Ал Татарстан бір мемлекеттің құрамындағы ел. Екеуінің тілдік жағдайы бірдей болғаны дұрыс па?..
Ендігі ретте, тілге қатысты заңдарды қай жағынан күшейту керек деген мәселеге ойыссақ. Мысалы, мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарды алмау, мектепте он жыл оқытылатын пән ретінде қазақ тілінен деңгей анықтайтын емтихан алу, азаматтық алу кезінде де мемлекеттік тілді белгілі бір деңгейде білу деген талаптарды заңмен бекітіп қою сияқты талаптар барлық мемлекеттерде бар. Жаңалық емес. Адам өзі тұратын елдің ғұрпын сақтап, мәдениетін түйсініп, өнерін сүйіп, әдебиетіне бойлауы керек. Сол елдің азаматы болғаннан соң мұның бәрін белгілі бір деңгейде білу міндет. Ал оның бәрі тілде сақталған. Тіл мәселесі – осы жәйттердің бәрінен де биік, бәрінен үлкен. Тіл − сол мәдениет пен өнердің де, ғұрып пен тарихтың да сақталатын орны, жеткізетін құралы.
Бізде орыс мектептері әлі де көп. Кеше ғана бізбен бірге тәуелсіздік алған басқа елдерде орыс мектептерін мемлекет қаржыландырмайды. Бізде әлгі мектептерде қазақ әдебиеті мен тілін бір пән етіп біріктіріп оқытады. Осыдан келіп қазақ мектебі білетін әдебиетті орыс мектебіндегі болашақ Қазақ елінің азаматтары білмей немесе шала біліп шығады. Әдебиет тәрбиенің, рухани құндылықтардың көзі десек, ертең қоғамға екі түрлі көзқарастағы адам шығатыны түсінікті емес пе? Бұрын совет кезеңінде көпшілік оқулық Мәскеуден келетін. Орыс тілі мен әдебиет бөлек-бөлек пән болатын. Содан СССР-дің барлық баласы Пушкинді жатқа оқитын. Ал біз өз елімізде отырып, өз мектебімізде ұлттық құндылығымызды сіңіре алмай отырмыз. Мектептегі тәрбие − жеке әңгіме. Он бір жылда алдымызға келген баланың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіруге шамамыз жетпесе, онда ол мектептегі білім мүлдем жарамсыз деген сөз. Тәуелсіз елдің тұғырлы мектебінен батыстың желіне де, шығыстың лебіне де көзсіз домалай беретін тамырсыз қаңбақ шығару еш ақылға сыймайды. Мектеп баламыздың бойына құндылықты толтыра алмай, бос кеңістік қалдырған соң, қазіргі ақпараттар тасқыны заманында оны жетектейтін өзгенің көші табылады.
Біздіңше, тілдің өрісі кеңейіп, тынысын ашу үшін, жоғарыда айтқанымыздай, ең алдымен заңдарды күшейту керек. Мәселен, жоғары білім туралы заңды, айталық, мемлекеттік тілді білу деңгейі орта мектеп деңгейіне сай болмағаны үшін білім алу куәлігін бермеу. Ал мемлекеттік қызмет туралы заңда мемлекеттік қызметке кіру үшін мемлекеттік тілдің тиісті деңгейін білу міндеттелсе. Мысалы, бізде қазір мемлекеттік қызметте қазақ тілінде жұмыс істей алмайтын, тек орыс тілінде жазып, орыс тілінде ғана сөйлейтін қызметкерлер жетіп-артылады. Ал, қазақ тілін білетіндердің барлығы орыс тілін де жап-жақсы меңгергендер. Олар екі тілде де жұмыс істей алатындар. Міне, солардың арқасында ғана мемлекеттік тіл мемлекеттік басқару ісіне қағаз жүзінде болса да аздап араласып отыр. Ал осы екі санаттағы қызметкерлердің жалақысы бірдей, кейде, тіпті, алдыңғылары көбінесе жоғарылау лауазымда отырғандықтан көбірек айлық алады. Бұл енді нағыз әлеуметтік әділетсіздік. Қосымша ешқандай қаржы бөлмей-ақ, мемлекеттік тілді білмейтін қызметкердің жалақысынан белгілі бір бөлігін қысқартып, білетін қызметкерге қосып берудің механизмін заңдастырған жөн. Осылайша мемлекеттік тілді нашар білетін мамандарды азырақ шөміштен қысып, жақсы білетіндерді материалдық тұрғыдан ынталандырса, соның өзі талай мәселені шешер еді. Мемлекеттің қаржысына ұйымдастырылған тегін тіл оқыту курсына бармай жүргендердің біразы ақылы курстарды іздей бастар еді.
Мемлекеттік тіл туралы заңды бұзу да заңмен қудалануы керек деп санаймыз. Мәселен, мемлекеттік шекараны, мемлекеттік қауіпсіздікті бұзған адам жауапқа тартылады. Сол сияқты мемлекеттік тілді бұзғандар да айыппұл арқылы жазалануы тиіс. Бізде жарнама өндірісі де, негізінен, орыс тілді азаматтардың қолында. Кейде көшедегі көрнекі жарнамалардан қате жиі кетіп жатады. Оны өкілетті орган өкілі барып бірден алып тастай алмайды. Алдымен ескерту жасайды, түзеуге уақыт береді. Әлгі қате түзелгенше жарнама қаншама уақыт ілулі тұра береді. Ал біз мемлекеттік тілді мемлекеттік елтаңба, мемлекеттік ту сияқты қасиетті дейміз де, туды теріс іліп қойса бірден қимылдаймыз, мемлекеттік тілде қате жазса айлап тұра беруіне мүмкіндік беріп қоямыз.
Сол секілді тіл саясатын жүзеге асыратын ресми ұйымдар арасында үйлесімділік жоқ. Өңірлер өмір бойы өз білгенімен, орталық өз білгенімен жүріп келеді. Жарайды, өңірлердегі әкімдіктердің тілге бөлінген өз қаржысы бар делік. Бірақ бәрі кеңесіп, тіл комитетінде бас қосып, істелетін шараларын тізе қосып, ірілендіріп, үйлестіріп алып, сен ананы, мен мынаны істейін десе кәне! Әркім өз білгенін істейді. Мәселен, қазақ тілін өзге аудиторияға үйрету бойынша осы уақытқа шейін әр өңірде алуан түрлі құрал шыққан шығар. Нәтижесінде бізде қазақ мектебі қалай, қандай бағдарламамен оқу керек, орыс аудиториясына қандай әдістеме тиімді деген мәселе әлі орныққан жоқ. Қазтест мекемесінде тілді білудің деңгейі анықталғанмен, оған сүйеніп жатқан да ешкім жоқ. Мектеп жүйесі қазақ тілін шетелден көшіріп әкелген өз бағдарламасымен оқып жатса, өңірлерде әлі сол екі не үш деңгейлік жүйе қолданылады. Мемлекеттік тілді насихаттауға қатысты шаралар да бірізді емес. Республика бойынша тілге жауап беретін мекемелер бар ресурстарын бір бағытта, бір нысананы еңсеруге жұмсаса, істеліп жатқан шаруа бірден көрінер еді.
Қазіргі таңда оңтайландыруға байланысты өңірлердегі тілге қатысты мекемелер де қысқартыла бастағандай. Айталық, Алматыда тілге жауап беретін басқарма жоқ. Жабылған. Кейбір өңірлерде тіл басқармалары білім, ішкі саясат, мәдениет және тағы басқа басқармалармен біріктірілген. Қарап отырсаңыз, осы жердің өзінде де жүйесіздік орын алып отыр. Жарайды, шенеуніктерді қысқартайық дегенге келісейік. Бірақ әр облыста тілге жауапты басқарманы ойына келген құрылыммен қоса беруге бола ма? Алматы қаласында оны әкімнің аппаратына қосып қойған. «Босқа отыр, не бітіріп жатыр осылар, одан да біздің орысша әзірленген құжаттарды аударып отырса болды» деген шығар...
Ал тіл дегеніміз мемлекеттік деңгейдегі үлкен ұғым! Оның мәні мәдениет пен білімнен де ересен ауқымды. Әлгі екеуі тілдің ішінде ғана өмір сүре алады. Руханиятқа, қоғамдық дамуға қатысты мәдениет, ішкі саясат, жастар саясаты, дін деген басқармалардың бәрі өз қызметінде тілге сүйенеді, бәрі жиылып келіп тек тілден шығады. Рух та, мәдениет те, дәстүр де, дін де, тәрбие де, келісім де тілде, тілдің ішінде. Сондықтан, тіл және мәдениет немесе тіл және қоғамдық келісім сияқты болып қысқарған басқармалардың атауында бірінші тіл тұруы керек. Яғни, тілді қазық етіп, басқасын соның айналасына топтастыру керек.
Бижомарт Қапалбек,
Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры,
филология ғылымдарының кандидаты
qazaquni.kz