Жүректегі жара

ХХ ғасырдың 1930-1940 жылдары СССР басшылығы Қазақстанды лагерьлер еліне айналдыруға әрекет жасады. Сөйтіп ел аумағында Карлаг, Степлаг, Жезлаг лагері, т.б. лагерьлер бірінен соң бірі ашылды. Солардың бірі – халық арасында «АЛЖИР» деп аталып кеткен әйелдер лагері қазіргі Астана қаласына жақын жерде орналасқаны мәлім. Бұл жерге саяси айыптаулармен сотталған әйелдер Совет Одағының түкпір-түкпірінен әкелінді. Бұлардың дені елдің белгілі мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлерінің әйелдері, аналары, қыздары болатын. Түрмелер мен лагерьлерде жүкті әйелдер де, емшектегі балалары бар аналар да отырды. Қамауға алынып, тінту жүргізілгеннен кейін, әйелдер тергеу ісі жүргізілген және қысқаша айыптау қорытындысы шығарылған түрмелерге күзеттермен айдалды. Ары қарай іс СССР ІІХК Ерекше Кеңесінің қарауына жіберілді. Одан кейінгі қалғаны – тергеуді жүргізу мен үкім шығару ғана болды. Мұнда, тіпті, тергеуге алынған әйелдің кінәсіздігі ескерілмеді де. «Отан сатқындарының» әйелдері сотталғандардың әлеуметтік қауіптілік дәрежесіне байланысты, кем дегенде бес-сегіз жыл аралығында лагерьлерге қамауға алынды. Шынтуайтында, әйелінің емес, күйеуінің әлеуметтік қауіптілік дәрежесі есепке алынды. Егер оның күйеуін атып тастаған болса, онда оның әйелі осы бап бойынша ең жоғары мерзім – сегіз жылға сотталатын. Егер күйеуі жаза мерзімін лагерьлерде өтеген жағдайда, онда әйелі ең аз мерзімді – үш жылды алуға мүмкіндігі болды. Мұнда СССР мен республиканың жоғары лауазымды әскери, қоғамдық және саяси қайраткерлерінің әйелдері мен туған-туысқандары жазасын өтеп жатты. Мысалы, Бухариннің әйелі; қолбасшы М.Н.Тухачевскийдің әйелі, қызы, екі қарындасы; ақын Б.Окуджаваның анасы, Қазақстанның көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткерлері И.Қабыловтың, А.Кәлменовтің, А.Сырғабековтің, А.Қаспақбаевтың, Ұ.Құлымбетовтың, С.Сейфуллинның, Б.Майлинның, Ж.Шанинның, Т.Рысқұловтың, Т.Жүргеновтің, С.Асфендияровтың, С.Меңдешовтің, С.Қожановтың, Қ.Таштитовтің, Н.Манаевтың және т.б әйелдері. Емшектегі балалар лагерьде аналарының жанында болды. Алжирде шамамен төрт жүздей бала жүрді. Мұнда оларды төрт жасқа дейін ұстауға рұқсат етілді, одан кейін Балалар үйіне жөнелтілді. Сондай-ақ балалардың өлу көрсеткіші жоғары еді. Мысалы, 1943 жылы Қарағандылагерінде 226 бала өлімі тіркелген. Мұнда балалар өмірге келіп, кейіннен Балалар үйіне жөнелтіліп отырды. Алжирдегі балалар Осакаров, Долина Балалар үйіне және Қарағанды облысындағы он сегіз балабақша мен бөбекжайларда тәрбиеленді. Жазасын өтеп болғаннан кейін аналар өз балаларын қайдан іздерін білмеді. Алжир лагерінде болған тұтқын Т.Шахова өз естелігінде: «80 пайыз аман қалғандар өз балаларымен қайта қосыла алмады. Бұл біздің өміріміздің соңына дейінгі психологиялық жазылмайтын жара болып қалды және өте ауыр еді...» деп жазды. Айта берсе, ел тарихында жан сыздататын мұндай көріністер өте көп. Т.Идельбаева, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің қор сақтаушысы qazaquni.kz