Ерлігі мен ерен еңбегі ел есінде

Екінші дүние жүзілік соғыстың қайғысы мен қасіреті, Еуропа, Азия халықтарының жүректеріне мәңгілікке жара салды десек артық айтпаған болармыз. Соңғы жылдары осы жаҺандық соғыс  тақырыбына ойысқан зерттеушілеріміз, бұрын-соңды ешжерде жазылмаған, не болмаса айтылмаған тың деректерді жарыққа шығара бастады.  Тарихымызды таразылап, ескерілмей қалған ер есімдерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу  жауапкершілігі мол, маңызды міндет. Осындай бір ерліктің иесі – Ахатаев Рахым. Бабаларының туып-өсіп, қанат жайған өлкелері Сыр бойындағы Шиелі қыстағының айналасы екен. Рахым, соғысқа Самарқан қаласынан аттаныпты. Ұрпақтарының айтуына қарағанда, Совет өкіметі орнап, одан кейін елде конфискация мен ашаршылық басталған кезде, бір рулы ел жанбағыс қамымен ұрпақтарын аман сақтап қалу үшін амалдың жоқтығынан Өзбекстанға қоныс аударған.Сондай алмағайып заманда Рахым, әкесінен 3, шешесінен 13 жасында жетім қалыпты. Артынан ерген жалғыз тұяқ Бидан атты інісі болған, жанынан тастамай, оқуға да, еңбекке де баулып өсірген екен. Қазақта айтылатын,«Басқа түссе баспақшыл» демекші, жас бала керуеншілерге көмекші болып, «түйекеш» бала атаныпты. Негізгі жұмысы өздерінің маңдай терімен өсірген күріш, бидай, тары, арпа сияқты өнімдерін түйемен Аралға тасып, ол жақтан бері қарай тұз әкеліп, жан бағыпты.Заманында тапсырмамен жазылған немесе айтылған мәліметтерден қателескен тұстары бар шығар, ал бірақ та майданға қатынасып, сол кездегі түсінік бойынша отанды қарғау, қатардағы жауынгерлердің борышы болғаны шындық. Сол соғыстан қайтпағаны, тірі оралғаны бар, бәрі де сол сұрапыл кезеңнің куәгері, тіпті, кейіпкерлері екені рас.Тарихты зерттеушілер, атаусыз қалған сардарлар мен сарбаздардың отан алдындағы ерен еңбектері мен ерліктерін өздеріне қайтарса екен деген ойдамыз. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері тарих қойнауына еніп, өшуге айналған, болмаса мүлде іздеусіз қалған тарихи тұлғалар зерттеп-зерделеніп, қайтадан ұрпақтарымен қауышуда. Бұл маңызды істі атқару аруақ алдындағы өскелең ұрпақтың міндеті дер едік. Биыл соғыстың аяқталғанына 75 жыл толып отыр. Мектеп табалдырығын аттағанда, өзінің зеректігінің арқасында барлық сабақты жақсы меңгеріп, кейін өзі оқыған мектептің директорлық қызметіне дейін көтеріліпті. Ол заманда директор деген атағы болмаса, оқушыларға сабақ та береді, мектептің қара жұмысын да өздері атқаратын болған. Осылай өмір жолын бастаған екен. Сонымен,1939 жылы азаматтық борышын өтеуге үш жылдық мерзімге әскери қыз­метке аттанады. Борышын абыроймен өтеп жүрген жігерлі жас әскерлік өмірге төселіп, оның қыр-сырын тез меңгерген-ді. Алыстағы туған жеріме аман-есен оралсам, ағайын туыс­тарыммен табысып, өзінен кейінгі інісі Биданды үлкен мамандықтың иесі болуына бар күшімді салам деген асыл арманын,1941 жылы 22 маусымда кенеттен басталған Ұлы Отан соғысы бірнеше жылға ұмыттырды. Рахым Ахатаев осы со­ғыстың басынан аяғына дейін толық қатынасқан жауынгерлердің бірі. Алғаш 698 атқыш­тар полкінде сапер-ми­нометші болса, со­ғыстың соңына дейін Бело­руссия майданында 271 атқыштар дивизиясының құрамында соғысты. Бұл кісінің ең үлкен ерлік көрсеткен жері Шығыс Пруссия майданында Кенинсбергті алудағы ерлігі. Тарихи дерек­тердің келтіруі бойынша Кенинсберг 1945 жылдың сәуір айының соңына таман ғана совет әскерлерінің қолына өтеді. Екі жақтан да үлкен шығынға ұшыраған, қырғынкезінде кеудесінің жоғары жақ тұсынан оқ тиіп, ауыр жарақат алған, соның салдарынан есту қабілеті нашарлап, әскери госпитальға түсіпті. Балаларына айтып отырады екен, оқ тимегенде Берлинге дейін барып, ту тіккендердің қатарында менде болар едім деп. Тек кана емделіп сақайып қатарға қосылғаннан кейін, 1947 жылы әскер қата­рынан босап, елге оралады. Көрсеткен ерлігі үшін көптеген марапаттарға ие болған.Соғыстан келгеннен соң, ағайын туыстарымен қауышып, бір жылдай ел ішінде болады. Бауырларының жергілікті өзбектерден бірен-саран қысым көргенін естіп, ағайындарымен ақылдаса келе,1948 жылы байырғы ата-бабасының мекеніне, дәлірек айтсақ Қазақстанның Шымкент облысы Киров ауданына (қазір Жетісай ауданы) қарасты «Октябрьдың 30 жылдығы» атындағы совхозға қоныс аударыпты. Ол уақытта бұл жаңадан құрылып жатқан шаруашылық екен. Сол жаңа ұжымның қатарға қосылып кетуіне, бір кісідей атсалысады. Бұл жаққа келгеннен соң, алғаш өрт қауіпсіздігі қызметін басқарып, одан кейін комендант болып қызмет істепті. Сол жылдары,«Киров каналын» қазу қолға алынады. Ол кезде техника деген жоқтың қасы, көптеген жұмыстар қолмен атқарылатын. Рахым Ахатаев бұл үлкен іске де өз үлесін қосады. Ауыл шаруашылығымен айналысатын ауыл үшін судың орны бөлек, аса қажет екені белгілі. 1955 жылы «Ворошилов» атындағы мектепте тарих пәнінен сабақ беріп, кейін 1956-83 жылдар аралығында Н.Крупская атындағы орта мектепте мұғалім, кітапханашы, шаруашылық меңгерушісі дегендей қызметтерді бірге алып жүрген. Соғыста алған жарақатына байланысты өмірлік мүгедектікке шығаруға апарғанда келісімін бермепті. «Соғыстан аман келіп, мүге­декпін деу жігітке жарас­пайды» – деп, тек қана жас ұлғайған шағында есту қабілеті төмендеген соң ғана келісімін берген екен. «Жақсы адам қартайса, жазылып қойған хатпен тең» – демекші, ақыл берер ауыл ақсақалдарының көш­бастаушысы, тік мінезді, от ауызды, орақ тілді, елі мен жері үшін от пен суға түсіп жүрген – тіршілікте мұндай ерекше тұлғалардың қадіріне жете бағалай алмай жататанымыз жасырын емес. Ағайын-туыс арасындағы реніш жағдайлар болса осы кісіге жүгініп, шешімін де айтып, татуластырып отырушы еді» – деп еске алады 62 жастағы баласы Айдархан. Қазақ халқының фольклорындағы жыр-дастандардың біразын жатқа айтады екен. Өмірлік жары Мариямхан әже бүгінгі танда 98 жаста – еңбек ардагері, тыл қызметкері, алтын алқа иегері. Сыр өңірінің қызы Мариямхан мен Рахым Ахатайұлы Аманкелді, Жұпаргүл, Сапаркүл, Айдархан, Асылхан, Қалампыр, Рәзия атты ұл-қыздар тәрбиелеп өсірген. Барлығы да жақсы оқыған, ел ісіне, еңбекке ерте араласқан. Өнегелі ата-анадан тараған ұрпақтары да ауыл, аудан, облыс көлемінде абыройлы азаматтар. «Адам ұрпағымен мың жасайды» – демекші, 30 немере, 37 шөбере көрген «Мен бақытты жанмын – соғыстан аман оралдым, ұрпақ сүйдім», – деп үнемі айтып жүреді екен. Аптал азамат 1998 жылы 82 жасында өмірден өтті.Ахатайұлы Рахымның шыққан тегі де осалдан емес, Қыпшақ тайпасының Шашты, оның ішінде Шегір атасынан. Бұл атадан қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалар Иманжүсіп, қоқандықтарға қарсы соғыстардың бірінде қайтыс болған Тұрғанбай датқа, оның баласы Құтпан Кенесары Қасымовтың жақтасы. Міне, осындай тарихи тұлғалардың ұрпағы болып келеді.Рахымды көзі көрген, ол кісінің шарапаты тиген, жас ұрпақты тәрбиелеуде сіңірген еңбегін ешкім де жоққа шы­ғара алмайды. Қиын-қыстау заман­дардың куәсі болған, соғыс ардагері Ахатайұлы Рахымға ауылында бір көшенің атын берсек деген ел-жұрттың аманаты бар екен. Ұсынысты жергілікті атқарушы билік пен аудандық мәслихаттың депутатары және ономостикалық коммиссия өз назарына алса екен дейміз. Өйткені, Рахыммен бірге қызметтес болған, жақсылығын көрге,азаматтығын білетіндердің біртіндеп азайып бара жат­қандығы алаңдатады. Осындай ойларын бір топ ауыл тұрғындары айтып отыр. Несі бар, ер есімі ел есінде сақталуға тиісті, жергілікті билік те оған қарсы болмас деген үміттеміз. Ұлы Жеңіс жолында ерен ерліктің үлгісін көрсеткен майдангерлерімізді тек ғана атаулы күннің аясында ғана емес, үнемі жадымызда ұстай білу – әрбіріміздің азаматтық борышымыз деп білемін.   Дүйсенбай СЫҒАЕВ, тарихшы qazaquni.kz