Атауларға абай болайық
2020 ж. 29 ақпан
1313
0
Алматыда «Depo Park Evolution» жастар орталығының құрылысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев мәлімдеді.
Мұның алдында әкімдік жаңа ғимараттың құрылысы 2021 жылы аяқталады деген болатын. «Депо бар. Жоба жасалған. Құрылыс компаниясы қоршауды енді қоя бастағанда құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Бұл жерде бастапқы идея бойынша жастарға арналған лофт орталық салынуы керек болатын. Бірақ, жобаға дәмхана, мейрамханалар кіре бастады. Сондықтан, оны қайта қарау қолға алынды», - деді аудан әкімі. Алматыдағы бұрынғы трамвай депосы орналасқан аумақта қала әкімдігі жастарға арналған орталық салып, бұл жерде жастар білім алып, пікір алмасып, бос уақытын өткізетін, спортпен айналысатын – «Depo Park Evolution» салынады деп жоспарланған-ды.
Енді міне былтыр ғана жалаулатқан «Жастар жылы» қарқынын жоғалтып, оның әдеттегідей кезекті науқан екенін көрсетті. Былтыр Үкімет шешіміне орай белсенділік көрсеткен жастарымыз бір жылда «қартайып» қалған секілді. Тым болмаса оларға арнап бір орталықты дұрыс тұрғызып бере алмай отырмыз. Үміт артқан ұрпақ өкілдері бостан босқа көше кезбес үшін осындай орталықтарды еліміздегі барлық қалаларда салсақ та артық емес. Оған ақша шығындаудың да қажеті жоқ. Әр қалада ҚХА-ның хан сарайындай «Достық үйлері» бар. Олар қаңырап бос тұр, соның тым болмаса жартысын жастарға неге бермеске? Екіншіден, «Depo Park Evolution» дегеннен бірдеңе түсіндіңіздер ме? Аудармасы «Депо Парк Эволюция» болса оның жастарға қандай қатысы бар, жабылған депода қандай эволюция, қандай даму болуы мүмкін? Орталықты жастарға жанастыра қазақша атасақ ауызымыз қисайып қала ма? Мысалы «лофт» деген нені білдіреді? Ол үйдің шатыры (чердак) деген ұғым екен. Осы атауды қай «данышпан» ойлап тапты? Батысқа еліктеуді қашан қоямыз, егер олар «Жастардың әжетхана орталығы» деп ағылшынша жазып қойса біз де соны қайталауымыз қажет пе? Осыған жауапты лауазымдылар кішкене ойланса болады ғой, милары жетпесе халықпен ақылдаспай ма? Орыс тілінен енді құтылдық па дегенде көшелерімізде ешкім түсініп болмайтын шетелдік жазулар қаптап кетті. Лондонда немесе Парижде қазақша жазуларды кім көріпті? Біз тәуелсіз елміз, Құдайға шүкір өзіміздің мемлекеттік, өзгелерден әлдеқайда бай тіліміз бар. Сондықтан шетелше шатпақтамай, қазақша жазып, атауларға абай болғанымыз жөн.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz