Мейірімділік әлемді құтқарады
2020 ж. 22 ақпан
4012
0
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен 2020 жыл Еріктілер жылы деп жарияланғаны белгілі. «Мен еліміздің әрбір өңіріне волонтер болуға ниетті азаматтардың көп екеніне сенімдімін. Үкімет оларға қолдау көрсету үшін нақты шараларды қабылдайды. Біз оған зор мән береміз. Алайда Еріктілер жылы кезекті науқан емес. Осыны халыққа түсіндіруіміз керек», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ел Президентінің қолдауымен еріктілер жылында елімізде ауқымды істер атқарылуда. Атаулы жылдың аясында еріктілер санының күн санап артып келе жатқаны көңіл қуантады. Нәтижесінде ел игілігі үшін республика көлемінде жүйелі жұмыстар атқарылып, өз нәтижесін бере бастады. Солардың бір парасына тоқталғанды жөн санадық.
ВОЛОНТЕР БОЛУ – ШЫНАЙЫ НИЕТТІҢ КӨРІНІСІ
Таяуда ғана Нұр-Сұлтан қаласында «Волонтер жылы» аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «BIRGEMIZ» республикалық волонтерлердің фронт-офисын ресми түрде іске қосып, ел еріктілерінің алдағы ісіне сәттілік тіледі. «Волонтерлік халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дәріптеуіміз қажет. Еріктілердің бойындағы қайрат, жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл, аймақ осы маңызды жұмыстан тыс қалмайтынына сенемін. Бұл – ең алдымен өркениетті елдің және зор жауапкершіліктің белгісі», – деп Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер ісінің маңыздылығына айрықша тоқталып өтті. Қазір елімізде ғана емес, дүниежүзі бойынша волонтерлік кең таралып келеді. Қазіргі таңда әлем елдерінде 1 миллиардқа жуық адам волонтерлікпен айналысса, біздің елімізде олардың саны 16 мыңды ғана құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100 мыңға дейін көтеруге болады. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызы – Еріктілер еңбегінің нәтижесі екенін ескерсек, волонтерлік қызметтің аса зор күш екенін бағамдаймыз. « Волонтер болу – жүректің ісі, яғни шынайы ниеттің көрінісі. Сендер қолға алған жұмыстардың барлығы еріктіліктің жарқын үлгісі боларына күмәнім жоқ. Мен волонтер жылы аясында ең алдымен еліміздің жастарына зор сенім артамын. Әрдайым абыройлы, әрі табысты болыңыздар», – деген Президент «Мен жастарға сенемін» деген Мағжан ақынның ізімен жастарға зор сенім білдірді.ЖАСТЫҚ ЖІГЕРДІ ІЗГІ ІСТЕРГЕ ЖҰМСАЙЫҚ
Бүгінде елімізде сол сенімнің үдесінен шығып жүрген жастар жетерлік. Солардың бірі, Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Инженерия факультетінің 3-курс студенті, «Мейірім шуағы» қайырымдылық тобының жетекшісі – Нұрдаулет Тастанов. Жақында ғана «BIRGEMIZ» республикалық волонтерлердің фронт-офисының ресми ашылуына орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен республикалық волонтерлар форумына Түркістан облысы делегациясының мүшесі ретінде қатысып қайтты. Осынау шараға қатысуына Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің және Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығы қолдау көрсетіпті. Біз талапты жас Нұрдаулет Бақытжанұлынан «Мейірім шуағы» атты қайырымдылық топты құруға нендей нәрсені түрткі болғанын сұрадық. «– Жалпы әрбіріміз адам деген атты иеленіп жүргеннен кейін айналамыздағы көмекке мұқтаж жандарға шамамыздың келгенінше қолғабыс етуіміз керек. Меніңше әрбір мұсылман баласы бір-бірінен қал сұрасып, қажет жағдайда қол ұшын берсе, онда біз өмір сүріп отырған ортада мұқтаж жандар болмайды деп ойлаймын. Әрбіріміз қолымыздан келгенінше, қайырлы іс қылуға тырыссақ, алар асуымыз да биік болмақ. 2018 жылдан бастап, өз жұмысын бастаған біздің «Мейірім шуағы» қайырымдылық тобымыздың ұстанымы – «Мейірімділік әлемді құтқарады». Ендеше, әрбіріміз мейірім нұрын төгіп, жан жылуымызды жан-жағымызға тарата білсек бүкіл әлем одан әрі нұрлана түспек. Біздің «Мейірім шуағы» тобын құрудағы мақсатымыз – замандастарымызбен бірге мұқтаж жандарға қолдау көрсету. Бұл істі әзірге шама-шарқымызға қарай атқарудамыз. Болашақта білікті маман атанып, бір кәсіптің тізгінін ұстаған шақта бұл қайырымдылық тобының аясын одан әрі кеңейте түсеміз деген жоспарымыз бар. Бүгінде студенттер қауымы әр түрлі би кештеріне, көңіл көтеру орындарына барып уақыттарын сарп еткенше, осындай сауабы мол іспен айналысса оның өзіне де өзгеге де тигізер пайдасы зор деп есептеймін», – дейді топтың негізін қалаған Нұрдаулет. Шындап келгенде, студент жастардың өзгені қолдауға ұмтылуы сүйсінерлік жағдай. Мұндағы басты мәселе – олардың кіршіксіз таза көңілі мен ниетінде. Мәселен, «Мейірім шуағының» мүшелері университет қабырғасындағы өнерлі өрендердің басын қосып, «Мейірімділік – әлемді құтқарады» атты қайырымдылық концертін өткізіпті. Шараның басты мақсаты – көпбалалы жалғызбасты ата-аналарға көмек қолын созу. Облыстық деңгейде өткізілген игі шара барысында Кентау, Түркістан қалаларынан және Отырар ауданындағы отбасыларға қолдау көрсетіпті. Осындай сауабы мол игі шараны өз күштерімен өткізіп жүрген жастардың ісі талайларды таңдандырып келе жатқанын айтуға тиіспіз. « – Біз студенттер бәріміз біріге отырып, жәрмеңке ұйымдастырамыз. Шара аясында өз қолымыздан қолөнер бұйымдарын жасап, қыздар жағы дәмді тәттілер пісіріп сатылымға шығарамыз. Одан түскен қаржыны әлбетте қайрымдылық шараларына жұмсаймыз. Арасында біздің осындай шараларды өткізетінімізден хабардар болып жүрген жаны жомарт достарымыз бен ағаларымыз өз қолдауларын көрсетіп жататынын айта кеткеніміз жөн. « – Көп түкірсе көл» демекші барлығымыз бірге бір жұдырықтай жұмылудың арқасында көптеген шараларды атқаруға мұрындық болып жүрміз. Әуелі Алланың одан соң жаны ізгі жандардың қолдауымен Сайрам ауданындағы, Арыс қаласындағы балалар үйлерінің бүлдіршіндерін барып, оларға өз өнерлерімізді көрсетіп, көңіл-күйін көтеріп, азын-аулақ сый-сияпатымызды ұсынып қайттық. Күні бүгінге дейін жасаған істеріміздің барлығын тізбектеп жария етудің қажеті жоқ шығар. Дегенмен, «Мейрім шуағы» қайырымдылық тобының жұмысымен таныстыру мақсатында істеріміздің бір парасын тілге тиек еттік», – дейді топтың тізгінін ұстаған Н.Тастанов. Нұрдаулетпен сөйлесе отырып, оның ерекше мейірімді бала екенін байқадық. Былтырғы жылдың жазғы демалысында Арыс қаласындағы балалар үйі басшыларының ұсынысымен осындағы тәрбиеленіп жатқан балалармен бірге «Тау самалы» сауықтыру кешенінде олардың жетекшісі болып, жандарында жүріпті. «Мұндағы мақсатым – мейірімге зәру бүлдіршіндерді қуантып, қастарында қамқор болып жүргім келді», – дейді ол. Сондай-ақ, игі істің басы-қасында жүрген жастар тарапы бұл тұрғыда үлкендердің ақ батасын алуды да құп көріп, Шымкент қасындағы Қарттар үйіне барып, ондағы қамкөңіл қарияларымыздың бір сәтке болса да, көңілін көтеріп, азын-аулақ сый сияпаттарын ұсыныпты. «Волонтерлік жұмысты меніңше ниеті болса, кез-келген адам атқара алады. Өзіңнің алтын уақытыңды өзге адамның шынайы қуануына жұмсай білудің өзі үлкен іс. Ерікті бола отырып, көмекке мұқтаж жандардың жүзінен бақыт нұрын көру арқылы өзіңнің жандүниеңде тыныштықтың орнағанын сезінесің», – дейді Нұрдәулет Тастанов. Кентау қаласы әкімдігінің 2019 жылғы қорытындысы бойынша әр саланың үздіктерін анықтау барысында «Кентау қаласының ең үздік жас еріктісі» номинациясын Нұрдәулет Тастанов жеңіп алды. Мұндай бағалау – жастарды жігерлендіріп, одан әрі қанаттандыра түсері анық. « – Таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Республикалық волонтеролар форуымына қатысып қайттым. Форум барысында волонтерлікке қатысты еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Алдағы уақытта волонтерлік жұмыс еліміздің әр саласы бойынша қолға алынбақ. Сондай-ақ, әрбір еріктінің жұмыс істеу өтілі заңды түрде есептелмек. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барша еріктілеріне «BIRGEMIZ» деп бірге болуға шақырды. Ендеше, республикамыздың әрбір аймағындағы еріктілер бірлесе отырып, қолымыздан келген игі істі жасап, жанымыздағыларға жанашыр болайық», – дейді жас ерікті. Мемлекет басшысының қолдауымен еріктілер жылындағы атқарылар ауқымды істер қарқынды түрде жүзеге асып келе жатқаны көңіл қуантады. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Нұрдаулет Тастан сынды мейірімді жастарымыздың қатары күн санап арта түссе, онда еліміздің ертеңі де жарқын болмақ. Гүлмира САДЫҚ qazaquni.kz