Абайдың 175 жылдығына орай Гётенің "Батыс-шығыс жинағы" кітабының таныстырылымы болып өтті

Германия төрінде хакім Абайдың 175 жылдығы аясында Гётенің "Батыс-шығыс жинағы" кітабының таныстырылым-тұсаукесері болып өтті. Қос тілде жарық көрген бұл кітапты неміс тілінен қазақ тіліне тәржімалаған - ақын әрі аудармашы Төрегелді Тұяқбай. Абай мен Гётенің мерейтойларына арналған осы әдеби-музыкалық кеште қос алып ақынның өлеңдерімен қатар​ Төрегелді Тұяқбай өз өлеңдерін де қазақ-неміс тілдерінде оқып берді. Гете қазақ еліне тұңғыш рет халқымыздың ұлы ақыны Абай тәржімасы арқылы етене жақын танылса, онан бергі жерде оның талай туындылары қазақ оқырмандарының сүйіп оқитын шығармасына айналды. Бұл туралы автор Төрегелді Тұяқбай былай дейді: «Бұл күндері Гетенің Абай тәржімалаған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін әнге салып, қазақтар мен немістер қатар отырып, қосыла шырқайды. Он екі кітаптан тұратын «Батыс-Шығыс жинағы» – Гётенің шығыс әлеміне зор қызығушылығынан туған, ұзақ жылдар бойы толғатқан күрделі әрі кемел туындысы. Кітапты оқып отырғанда ақынның сан-салалы білім-ғылымның терең білгірі екеніне таңғалып, энцилопедист-ғалым екенін мойындамасқа амалың қалмайды». Сондай-ақ, автордың айтуынша Гётенің шығыстың алып жеті ақынын кеңінен зерттеген.​ Кітап 2019 жылы «Фолиант» баспасынан шықты. Неміс-қазақ тілдерінде тұңғыш рет жарық көрген бұл кітапқа И. Гётенің 1819 жылы Штутгард қаласында жарияланған бірінші басылымы негізге алынды және былтыр басылымның шыққанына 200 жыл толды. Аталмыш кітап немістің ұлы ақыны, дана ойшыл, драматург, прозаик, философ, ғалым​ Иоганн Вольфганг Гётенің туғанына 270 жыл және қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, жазба қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай шығарылған болатын.​ Кешке Қазақстанның Германиядаңы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Карипов, белгілі неміс кәсіпкері Лотар мырзалар қатысып, құттықтау сөздерін сөйледі. Сондай-ақ, қызықты өткен осы кешке Лондоннан, Парижден, Варшавадан, Лиссабоннан және Еуропаның басқа да он шақты қаласынан келген қонақтар, зиялы қауым өкілдері дән риза болып тарқасты. Кеш аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Германиядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы арнайы кітап көрмесін ұйымдастырды.